Зілхан нұршайықов

16.1.1994 ж. Аурухана.

Халима!

Қалың қалай?

Біз аманбыз. Сабина кеше екі рет Ташкенттен телефон соғып, Сенін халіңді сұрады. Жаннат та Ақтаудан телефон соққан.

Қаладағы Әбілфайыз, Орақтар халіңді сұрап жатыр. Кеше естіген болатын.

Жанарды қазір Жаннұр барып алып келеді. Кеше кешке өзі телефон соққан барамын деп.

Жаннұр түнде менімен бірге болды.

Мен кеше, Сені реанимацияға көшіргеннен кейін, реанимация бөлімінін меңгерушісі Мүбарактың үйіне телефон соққанмын. Визиткасын кеше алдым деп едім ғой. Ол: аға, абыржымаңыз, қазір реанимация бөліміне телефон соғып, апайды қадағалап бағындар деп айтамын деген. Айтқан шығар.

Мен түнде көп ұйықтай алмадым. 3 сағат қана. Одан кейін ұйқым келмеді. Сені ойладым.

Ұйқым келмеген соң өзімді-өзім алдандырайын деп, төсектен тұрып, машинкамен автографтарды көшірдім. Содан кейін сағат 6-да дәрі іштім. Содан соң жатып қалып едім. Жаңа ояндым. Екінші дәрімді іше салып, Саған осы хатты жазып отырмын.

Сен аурумен айқасуға мықты едің ғой. Осы жолы да жеңіп шықшы. Бәріміз соған тілектеспіз.

Ай-на-лайын!

Ай-на-лайын!

Ай-на-лайын!

Кеше Мүбаракқа тапсырғанмын. Айшаға да айтқанмын.

Қазір Мүбарактар келсе, тағы да тапсырып кетемін.

Терезеңе қарап, жүзіңді көріп, үйге қайтамын.

Қолыңды қысып, бетіңнен сүйдім.

Сенің Әзілханың.

14.07.2001 ж.

Хал қалай? Кеше жазған хатыңды алғаннан бері біздің жанымыз жадырап қалды. "Мен тәуір сияқтымын" деген үш сөзің біздің төбемізді көкке жеткізді. Тәуір болшы, айналайын! Жазыншы, жаным!

Біздің біле алмай жатқанымыз мына жағдайлар: 1) Қан толық тиылды ма? 2) Ac ішіп жатырсың ба? He ішесің? Қанға глюкоза қосып жатқанымен, асқазанға да алжау керек шығар? 3) Гемоглобинің қалай? Бұрын да аздау сияқты еді, қазір мүлде құлдырап кеткен жоқ па? 4) Температура, давление дұрыс па? 5) Тағы да хирургияға көшіреміз деп жатқан жоқ па? Гүлзада: "Менің рұқсатымсыз ешқайда көшірмейсіңдер. Өздерің ғана емдейсіңдер!" деп айтқанмын!"деген. Ол нұсқау орындалатын сияқты ма?

Міне, біз осы жайларды ойлап, мазасызданудамыз.

Балалардың, бәріміздің халіміз жақсы. Балалардың мені бағып-күтуінде мін жоқ: тамақ тоқ, киім таза, қабақ ашық. Тек уайымымыз Сен ғана.

Кеше Есенберлин Қозыкөрпешті көре алмай қалдым деп едім ғой. Мен Саған хат жазып отырғанда үйге кірмей кетіп қалыпты. Әкесінің кітабының алғашқы данасын қуана жүгіріп маған алып келгенде, оны құттықтап, бетінен сүймегеніме өкініп қалдым. Кешке қайырлы болсын айтайын деп, үйіне телефон соғып едім, үйлерінде болмады.

Содан соң шешесіне телефон соғып, құттықтау айттым. Разы боп қалды. Кешке таман Қозыкөрпеш шешесіне де кітап апарып берген екен. Кітап кеше кешке қарай шығып, қолдарына тиіпті. Шешесіне ол кітаптың орысшасын Президентке жібергенімді, оған өзімнің Ілекең туралы тілек хатымды қосқанымды айттым. Әлі жауап жоқ дедім.

– Жауап болмайды ғой. Айналасында жүргендер жауап бердірер ме? Қазір газет Ілекене қарсы болған адамды қайта-қайта мақтап жатыр ғой. Ол тегін емес шығар, — деді ол кісі.

Біздің жақтың қысқа хабары осы, мама. Халимушаң тәттінің тәттісі болып барады. Менің машинкама құмар: өзінше клавиштерді түртіп, жазу жазған болады: Әжесіне хат жазып отыр! дейміз біз.

"Қалың мал" жайындағы біздің шешім дұрыс па?

Зілхан.

Мама

Жаңа бөлімге телефон соғып, Сенің халіңді сұрап едік. Түнде тағы да қан кетті, плазма құйдық деп дәрігер жауап берді. Кеше хатыңды алғанда мейрам күндері балалардың қолына ұстататын шар сияқтанып, көңіліміз компиып қалып еді. Мына хабарды естігеннен кейін сол шар "пырс!" етіп жарылып кеткендей күйге түстік.

Қазір қалайсың, қалқам?

Бәріміз құшақтап, бетіңнен сүйдік.

Шаман, келмесе, хат жазып әуре болма. Артынан, әл жинағанда жазарсың.

Айтпақшы, Алмуша Астанадан жаңа ғана келді. Жаннұр мен Ғалия алдынан шығып, алып келді. Динаның халі жақсы, бар қайғысы әжесінің сырқаты дейді. Әжем тез тәуір болса екен деп жылап қалса керек.

Әзілхан.

25.07.2001.

P.S. Айтпақшы, Мама, алдыңғы күні мынадай бір қызық болды. Мен таңертең төсектен тұра салып, дәрімді іштім де, тез ауруханаға баруға қамдандым. Жаннұр ұйықтап жатқан, оятпадым. Дыбысымды білдірмей, тез киініп үйден шықтым. Емханадан аса бергенде ақсаңдап келе жатқанымды аңғардым. Не болды деп, аяғыма қарасам, екі аяғыма екі түрлі бәтіңке киіп шығыппын: сол аяғымда өкшесі биік қара бәтіңке, оң аяғымда тоқыма /плетенка/ қоңыр бәтінке. Тоқыма бәтеңкенің өкшесі жоқ, тайпақ қой. Ақсаңдап келе жатқаным сондықтан екен. Баяғыда Мұқаңның екі аяғына бір аяқтың бәтіңкесін киіп, қызметке барғаны ойыма түсіп, күлдім. Ауруханаға жетіп қалған соң, қайтадан үйге қайтпадым. Сол күйімде Сергей Тимофеевичтен Сенің халіңді біліп, үйге қайттым. Мені ішке кіргізбеді. Осындай қызық болды. Сен күлсін деп айтып жатырмын.

Зілхан.

Ымбатты Халима!

Халің қалай, жаным!

Біз бәріміз, бүкіл жора-жолдас, туыс, достар болып, Сенің тілеуіңді тілеп отырмыз. Ағайын-азаматтар үсті-үстіне телефон соғып, Сенің халіңді сұрайды. Алматыдан ғана емес, алыс облыстардан телефон соғып жатқандар да жеткілікті. Бір ғана кешегі күннің өзінде, 25-шілде күні, 17 адам телефон соқты. Бәрін де қағазға түртіп отырмын /менің "түрткіш" екенімді өзің білесің ғой/. Кеше Тараздан /Жамбыл облысы/ Уәтай Ілімқожаев досымыз телефон соғып, Саған сәлем айтты. Павлодардан кішкене күнінде Семей балалар үйінде бірге өскен жетім жолдасың Хантай Елубаева жылап тұрып, жайынды сұрады. "Мен барайын ба?" деді. Қазір жағдай ауыр, жер алыс, күн ыстық қой. Өзін де сырқатсың, келіп қайтесің дедім оған. "Халимадан жаным артық па?" деді ол. Кеше, Ұлы Отан соғысы кезінде, Халима қайта-қайта военкоматқа арыз жазып, майданға жіберуді өтініп, ақыры онжылдықты бітіре сала әскерге аттанғанда, Халимадан қалмаймын деп, соғысқа аттанғанның бірі Сен болатынсың. Өлімге қол ұстасып, бірге аттану деген сол болады. Одан артық достық болмайды. Сенің сол достығың әлі жалғасып келеді. Келіп әуре болма, Хантайжан! дедім мен. "Қайтейін, амал не, Катя-Халимамның амандығына тілектеспін" деп жылап тұрып ол трубканы жапты. Сол сияқты Шымкенттен Нұржан телефон соқты. Атыраудан Серік күніне 2-3 рет телефон соғады. Астанадан шырылдап Дина немереміз телефон соғып, "Айналайын әжемнің халі қалай?" деп сұрайды. Семейден Мұқан мен Хантай күнара телефон соғады. Энергетикадан Зейнеп пен Сейдахмет кеше халіңді сұрады. Зейнеп жылап тұр: "Тәтетайым-ай менің жан жетпес!" дейді. Алматыдан Әбілфайыз бен Зәра Ыдырысовтар, Орақ пен Мұзай Смағұловтар қайта-қайта телефон соғып мазалануда. Кеше дәрігерлерден Мұхтар Айтқазин, Гүлзада Мүкеевна Көшімбаева, Мәрияш келінің /Мәнә бауырың екеуі/ телефон соғып, тілектестік айтты. Сәнә Сені сұрағанда көзінің жасын тия алмайды. Туған бауыр деген осы ғой! Ал, тумаған бауырың Тұрсынбек Кәкішев хабарласқан жоқ. Сенің реанимацияда жатқаныңды оған айтқанмын. Ол: "Біз ертең қыдырып, он күнге Шымкентке кетіп барамыз" деген. Ол он күн де өтті. Үйіне қайтып келген де шығар. Қайтып келмесе де 13 күн ішінде Шымкенттен бір рет телефон соғып, апасының халін білуіне болатын еді. Ол үшін Алматы мен Шымкент арасында телефон байланыс жоққа ұқсайды. "Сәкеннің әйелі Гүлбарамнан кейінгі, екінші апам Халима!" деп бір кезде аузын толтырып айтып еді. Өзгерген шығар. Заман өзгерді ғой. Мейлі, Өзің аман болшы. Аман болсаң басқа бауырларың да жетіп жатыр. Менің курстас досым Қайсар Қасымбеков те күнара телефон соғып тұрады. Майя екеуінің атынан қайта-қайта сәлем айтып, тілектестік білдіреді. Қайсар: "Ауруханаға барғанында көлеңкең боп қасында жүрейін" деп те тілек білдірді. Суық бас полковник Қалисар Қабдуллинов та кеше телефон соғып, халіңді сұрады, сәлем айтты. Мәлике қайын-сіңлің бір рет Саған барып, кіре алмай кеткен. Кеше ол да телефон соқты. Оның құдағиы — Дәулеттің шешесі Гүлхан бәйбіше де телефон соғып, тілектестік білдірген. Камал мен Бақыт жиендерің де үйге келіп кеткен.

Мінеки, біздің хабар осындай. Телефон соққандардың бәріне Сенің ризалық сәлеміңді айтып жатырмын. Бәрі де біздің сәлемімізді Халимаға ұмытпай айт деп өтінеді. Айтпақшы, көршілерден Сағынғали Сейітов ағамыз телефон соғып, өзіңе шын жүректен тілектестік білдіріп тұрады.

Ал кешегі Өзін ойлап тапқан дәрігерлерге құрмет көрсету рәсімі өте жақсы өтті. Сен оларға: "Мен сияқты сексенге жетіп, бақытты өмір сүріңдер. сексеннен де асыңдар. Сендердің мені бағып-күткендеріңе шексіз ризамын. Сол ризалығымның белгісі ретінде бәріңе бір-бір конверт ұсынамын. Мұны Халима апаның өз қолынан тапсырған тәбәрігі деп қабыл алыңдар, қалқаларым!" деген сөзің әсерлі де әдемі болды. Олар саған зор ықылас, ілтипат білдірді.

Артынан бұл оқиғаны телефон соққан Әбілфайыз, Орақ, Мақыш үшеуіне айтып едім. Олар: бұл бұрын қазақ арасында болмаған адамгершілік ілтипаты екен. Бұл ұлттық дәстүрге кіруге лайық шаруа екен! десіп, Саған шексіз разылық білдірді. Әбілфайыз бауырың: "Айналайын, апатайым-ай, басың қандай алтын еді!" деп жылап та жіберді.

Мінеки, ол оқиғаның қорытындысы осындай болды. Біздің бұл акцияны дәрігерлер де, медбикелер де, күтушілер де ешқашан ұмытпайтын шығар деп ойлаймын. Жеке дәрігерлерге құрмет көрсеткен адамдар болғанымен, бүкіл коллективке мұндай сый-сияпат жасаған тек біздің Халима ғана болар!

Ал, алдыңғы күні Мақыш досымыз Жанар мен Сабинаны қасына ертіп жүріп, дүкендер аралап, Саған керек жабдықтардың бәрін жеткілікті етіп сатып алған. Ол: "Халимаға осынша көп те, көрікті де "жасау" жинағанымызға қуаныштымын. Халима жазылып шықса, бұл жасау иесінің амандығына тілектес болып та жата береді. Мұның өзі мұсылман дініндегі жақсы ырым" депті. Ол кісі үш мәрте қажы ғой.

Әзірге айтарым осы, Халима.

Аман бол, айналайын.

Өзіңнің, тек қана Өзіңнің Әзілханың.

26.07.2001.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

ХАЛИМАҒА ХАТ

(Сағыныш саздары)

ХАЛИМАҒА

Қасиеттеп, құрметтеп

Сенің махаббатыңды,

Ұрпаққа үлгі болсын деп

Алашқа жайдым атыңды.

Ұлы италъян ақыны Франческо Петрарка өз кітабын "Мадонна Лаураның өмірімен өлімі туралы" деп атап, сонет түрінде жазған. Ал менің "Халимаға хатым " ақ өлең үлгісімен өрнектелді. Екеуі де сүйікті әйел туралы жыр. Әрине мен өзімді Петрарка талантымен теңестіре алмаймын. Жүз есе, тіпті мың есе төмен болармын. Бірақ, Халиманың Лаурадан бір елі де темен емес екеніне бәс тіге аламын.

Сағыну

Жарлық жетсе Тағдырдан

Шыбын жанды қиярсың!?

Таудай болып жүрсең де,

Тар табытқа сиярсың!

Дүниені тірлікте,

Дүбірлетіп жиярсың.

Соның бәрі қалса да,

Жарды қалай қиярсың?

Мен өлем деп жүр едім

О Дүниеге жиналып.

Менен бұрын өмірден,

Жарым өтті қиналып.

Өлмей қалдым мен әрең,

Болғаннан соң жан бөлек.

Күнде еңіреп, жылаймын,

Көздің жасын себелеп.

Өлер едім мен қазір,

Егер оған қосылсам.

Қолтықтасып, күлісіп,

Бұрынғыдай соң құрсам!

Ол күн енді бізге жоқ,

Өтіп кетті зымырап.

Жер астында жатамыз,

Сүйегіміз саудырап.

Архив іздеп, ай жүріп,

Қала, дала кезбейміз.

Көрде қатар жатсақ та,

Онымызды сезбейміз.

Ажал жетпей сен өлме!

Деген оның тілегі.

Айтқан өлер сәтінде,

Айқасып ақ білегі:

Балаларға бас-көз бол,

Құр асығып нетесің?

Ажал келген сәтінде,

Мені қуып жетесің.

Бірақ, енді біздерге,

Кездесу жоқ, көру жоқ.

Тату өмір сүргенге,

Жаным риза, көңіл тоқ!..

Осылай деп жан жарым,

Өтіп кетті Өмірден.

Бірақ, мәңгі кетпейді,

Көкіректен, көңілден!

13.09.2001.

Өзіңді ойлап күрсінемін, күйемін,

Сағат сайын рухына бас иемін.

Сағынғанда суретіңді құшақтап,

Қағаз-беттен қайта-қайта сүйемін.

Қалай Сенен айырылдым деп құсамын.

Тағат таппай тауға қарай ұшамын.

Құлпытақтай бетін жылап сипалап,

Құшақ жайып қабіріңді құшамын.

Екі-үш күнде, сәулем, Саған келемін.

Келген сайын басыңа гүл егемін.

Қасымдағы балаларға байқатпай,

Көздің жасын теріс қарап, төгемін.

Сен едің ғой менің шәрбат-суатым.

Бар мінімді біліміңмен жуатын.

Жаз өтті де, қабіріңді қар жапты,

Тоңасың-ау, тоңасың-ау, тоңасың-ау, қуатым!

Қарапайым қалпында бек сақтадың.

Сырға, жүзік, не білезік тақпадым.

Балаларды адал етіп өсіріп

AHA деген ардақты атты ақтадың.

Мені қандай мәпелеуші ең, бағушы ең!

Пәле, жала — бәрінен де қағушы ең!

Ауырғанда палатада көз ілмей,

Су ішкізіп, дертке дәрі жағушы ең!

Қол ұстасып, қасымда ылғи жүруші ең.

Әзіл, қалжың, мысқыл айтып күлуші ең.

Телефонда алыс, жақын достардың,

Хал-хабарын үзбей сұрап, білуші ең!

Егіз қозы сияқты едік момақан.

Бізден зиян көрмеп еді ешбір жан.

Сыңарымнан, серігімнен айырып,

Мені жалғыз зарлаттың-ау, жасаған!

* * *

Білімді едің Сен менен

Білдірмеуші едің оныңды.

Ақылың артық, өнегең,

Өнерің еді толымды.

Брест, Мәскеу, Псковтың

Архивында отырдық.

Қатар жазып екеуміз

Он бес дәптер толтырдық.

Мен ауырып жатқанда,

Палатаны күзеттің.

Қолжазба оқып, ой қосып,

Сан гранка2 түзеттің3.

Достарымды қадірлеп,

Жақынымды жинадың.

Байытып менің жанымды,

Басыма бақыт сыйладың.

Жан шығар соңғы сәтінде

Құшақтап мені қимадың.

Өмір бойы қуантып,

Өліміңмен қинадың.

«Өлді» деуге өзіңді

Аузым, сірә, бармайды.

Есіме алсам — егілем:

Көзімнен жас парлайды.

Өтеріңді өмірден

Сездірместен өтіпсің.

Қасымнан сырғып, ақырын,

Ішіме кіріп кетіпсің.

Ойым, миым, көңілім,

Қанымда қалған екенсің!

Ақырын-ақырын алыстап,

Жанымда қалған екенсің!

Алыс, жақын — бәріне,

Сыйлы болып өттің Сен.

Өсуіне ұлтыңның

Үлес қосып кеттің Сен!

Үнсіз жүріп Сен маған,

Шексіз байлық жинапсың.

Немере, бала, шөбере

Деген қазына силапсың!

Әлпештеп Сен өсірген,

Солар менің тірегім!

Кеудесінде солардың

Соғып тұр Сенің жүрегің!

«Бірге өлейік» дейтұғын,

Уәдеміз бар еді.

Қол ұстасып кетуге

Менің көңілім нар еді.

Өзің жойып ол сертті:

«Өлмей тірі қал!» дедің.

«Балаларға бас-көз боп,

Назарыңды сал!» дедің.

Өсиетіңді орындап,

Өлмей тірі отырмын.

Сенсіз өмір — қараңғы,

Көзім бүтін, соқырмын!

Сені, сәулем, сағынып,

«Уһілеймін!» Жылаймын.

Тағдырыма бағынып,

Жылаймын да, шыдаймын.

Бірі ерте, бірі кеш

Өтпек бәрі жұбайдың.

Мәңгі тірі тұрмақ жоқ,

Заңы солай Құдайдың!

23.12.2001.

Көшеде, дүкен, базарда

Көрген сайын бізді ұдай:

«Қыз Жібек апам, аман ба?»

Деуші еді бауырың Тұманбай.

Әлдебіреу кеткендей,

Бар денемді пышақтап.

Егілемін күн сайын.

Суретіңді құшақтап.

* * *

Екеу едік егіз қозы сияқты,

Екеу едік аққудай қос қияқты.

Жалғыз қалдым егізінен айырылып,

Маңыраған сыңар қозы сияқты.

Қол ұстасып жүруші едік жұп жазбай.

Көңіліміз мөлдір еді мұнтаздай.

Сыйлаушы едік үлкен, кіші бәрін де,

Ешбір жанға кінә қойып, мін қазбай!

Еңіреймін өзіңді ойлап егіліп,

Көздің жасы моншақ-моншақ төгіліп.

Ауық-ауық тарылады тынысым

Қос қабырғам кеткендей боп сөгіліп!

29.12.2001.

Наши рекомендации