Дәріс № 6 3 курс 6 семестр

1. Тақырыбы:Штифті тістерді жасау технологиясы. Жіктелуі. Тірегі салмалар мен штифті тістерден жасалған көпіртектес протездерді дайындау технологиясы.

2. Мақсаты:Сауытты жоғалту көп жағдайда оның тіс жегісімен бұзылуында және сирек жағдайда жарақат кезінде байқалады. Сауыттарды өзекті тістер көмегімен қалпына келтіруге болады.

3. Дәріс тезисі:

Сүт және тұрақты тістер сауытының ақаулары- тіс аппаратының анағұрлым ерте және кең таралған түрі. Оның себептері тіс жегісі ( кариес), эмаль гипоплазиясы, тістердің қатты тіндерінің патологиялық желінуі, сына тәрізді ақаулар, жедел және созылмалы жарақаттар болып табылады.

Сауыт ақауының пайда болуы ауыз қуысында қызметтік, сонымен қатар морфологиялық сипаттағы белгілі бір өзгерістерді туғызады. Тенрмиялық немесе механикалық тітіркендіргіштер әсерімен пайда болған, кейде ауыру белгісімен өтетін тістің қатты тіндерінің ақаулығы барлығында науқас шайнау процесін дені сау қапталына ауыстырады, осыған байланысты тістер қатарының басқа қапталында тісті шөгінділер және оның ақыры- шеткі гингивит пайда болады. Тістің жанасу бетінде тіс жегісінің пайда болуында тісаралық жанасу пункті бұзылады, ал пайда болған аралыққа тамақ түседі. Бұл жарақат біртіндеп шеткі пародонттың барлық бетіне таралатын тісаралық бүртіктің және қызыл иек шетінің созылмалы қабынуын туғызады. Мұнан басқа, алдыңғы тістер сауытының ақауы науқастың сыртқы келбетін бұзады. Уақтылы пломбаланбаған тіс жегісінің қуысы біртіндеп кеңейе береді, бұл көп жағдайда тіс сауытының толық бұзылуына әкеліп соқтырады. Егер тіс сауыты толық бұзылған болса, оны штифті тістер деп аталатын арнайы протездер көмегімен қалпына келтіреді.

Сауыттың толық жоқтығында тісті протездеу.

Сауытты жоғалту көп жағдайда оның тіс жегісімен бұзылуында және сирек жағдайда жарақат кезінде байқалады. Сауыттарды өзекті тістер көмегімен қалпына келтіруге болады. Бұл протездердің көптеген әртүрлі құрылмалы болады, бірақ олардың әрқайсысының міндетті бөлігі тіс түбірінің каналына кіретін өзек және жасанды сауыт болып табылады. Өзекті тістермен протездеудің көрсеткіштері алдыңғы жоғарғы тістер мен бірінші премолярлар сауыттарының толық жоқтығы болады. Төменгі алдыңғы тістер өзекті тістерді протездеу үшін аз қолданылады, өйткені олардың түбір каналдары тарлау, қабырғалары жұқа және көп жағдайда өткізбейтін болады. Түбір каналдарының өткізбеуі тісті егеуге кедергі болады, ал каналдың тарлығы және тіс түбірі қабырғасының жұқалығы жасанды тіс сауытын ұстап тұруға бейім тиісті қалыңдықтағы өзекті дайындауға мүмкіндік бермейді. Өзекті тісті протездеуге кіріспестен бұрын протездеу мүмкінділігін анықтау мақсатында тіс түбіріне клиникалық және рентгендік тексерулер жүргізу қажет.

Өзекті тіске тіреу болып табылатын тіс түбірі төмендегідей талаптарға жауап беруі тиіс:

1. Тіс түбірінің каналы жақсы өткізуі тиіс және ұшына дейін пломбаланбауы қажет. Протездеуге ең қолайлы жағдай периодонт ұшында созылмалы қабыну ( гранулема, кистагранулема, гранулденген немесе бітеліп жазылған периодонтит) белгілерінің болмауы болып табылады. Дегенмен, периодонт ұшының маңында өзгерістердің және оның жайылмаған сипатта болуында, егер канал тіс ұшына дейін немесе сәл артықтау пломбаланғанда өзекті тісті бекітуге рұқсат етіледі. Тіс каналын пломбалағаннан кейін де жойылмайтын жыланкөздің болуы протездеуге болмайтын, яғни қарсы көрсеткіш болып табылады.

2. Тіс түбірі қызылиек үстінен шығып тұруы немесе онымен бір деңгейде болуы керек. Оның ұзындығы сауыт ұзындығынан кем болмауы, ал қабырғалары жеткілікті қалыңдықта болуы тиіс, ол өзекті ұстап тұруға және шайнау кезінде байқалатын қысымды көтеруі үшін қажет болып табылады. Мұны, әсіресе өзекті тиісті көпір тәрізді протез үшін тіреу ретінде қолданған жағдайда ескеру керек. Кейбір жеке жағдайларда, түбір қалдығы қызыл иек шетімен жабылған кезде, гингивоэктомия жасауға болады, мұнан кейін түбір шеті жалаңаштанады. Бұл операция алдыңғы жоғарғы тістердің өте күшті түбірінде жасалады.

3. Түбірдің шығып тұрған бөлігі тіс жегісімен зақымданбаған қатты қабырғадан тұрады.

Өзекті тіспен протездеудің қарсы көрсетпелері түбірдің қисықтығы, каналдың сапасыз пломбалануы, оның онша үлкен емес көлемі, түбірдің қызыл иек астына терең кетуі, терең тістем немесе түбірдің терең жабылуы болып табылады. Түбір ұшының резекциясынан кейін, түбір тұрақты болған жағдайда ғана жарамды болады.

Түбірді протездеуге дайындау қабыну ошағын жою, каналды кеңейту, оны цементпен пломбылау, түбір каналын өзекті кіргізуге дайындау, түбір қалдығын егеу сияқты жұмыстардан тұрады. Түбір каналын пломбылау терапиялық стоматологияға белгілі жалпы принциптер бойынша жүргізіледі. Каналды кеңейту және дайындау жұмыстары енгізілетін өзектің тереңдігіне сәйкес өткізіледі. Түбір ұшының үштен бір бөлігі жанындағы каналды кеңейтудің қажеті жоқ, әйтпесе түбірдің сынып кетуі мүмкін. Канал сағасын басында дрильбормен, кейіннен фиссуралы бормен кеңейтеді.

Түбір қалдығын төмендегідей етіп дайындайды. Түбірдің вестибулярлық шетін қызыл иек деңгейінде болатындай етіп, ал таңдай қапталы жағынан 1-1,5 мм шығып тұратындай етіп, егейді. Сауыттың аса қатты сынуында түбір қалдығына қызарған, ісінген қызыл иек жанасып жатады. Егер түбір тұрақты және жеткілікті күшті болса, жүктеме көтеру үшін гингивоэктомия жасау керек және түбір шетін жалаңаштау қажет. Бұл біршама уақытқа өзекті тіс үшін түбірді қолдануға мүмкіндік береді.

Әдетте өзекті тістерді клиникалық ерекшеліктеріне байланысты емес, олардың құрылмалы белгілеріне қарай ажыратады. Осы тәртіпті ұстана отырып, сыртқы сақиналы өзекті тісті, қосымшасы бар өзекті тісті, түбірүсті қорғанышы бар және қорғанышы жоқ өзекті тісті, стандартты өзекті тісті қарастырамыз.

Наши рекомендации