Тістердің электрқозғыштығын анықтау
Сурет-2. Аппарат ЭндоЭст-01.сайт- http://www.lantana1.narod.ru/ |
Әдісті орындау тәсілі: ұсынылған аппараттарда екі жұмысшы электрод бар: олар белсенді (активный) және енжар (пассивный) деп аталады. Енжар электродты металл цилиндр немесе қорғасын пластина (аумағы 10х10 см) түрінде сым арқылы аппараттың оң полюсіне (+) қосып, резеңке тартпаның көмегімен тексерілетін адамның білегіне бекітеді немесе қолына ұстатады. Қорғасын пластина мен білектің арасына аумағы электрод аумағынан біраз үлкен сумен ылғалдандырылған мақта кесегі немесе қабатталған шүберек қойылады. Белсенді электродтың бір ұшы аппараттың теріс полюсіне (-) қосылады, екінші ұшына (жіңішке инеге ұқсас және иілген) жұқа мақта білік орап және оны сулап (кіреукенің электр өткізгіштігін жоғарылату үшін), тістің сезімтал аймағына (алдыңғы тістердің тістеу қырларының ортасы, кіші азу тістердің ұрт жақ төмпешіктері, үлкен азу тістердің алдыңғы ұрт төмпешіктері) қояды. Оның алдында тіс сауытын жақсылап құрғатып алады.
Аппараттағы арнаулы қосқыштың көмегімен тұйық тізбеге электр тоғын жіберіп, микроамперметрдің көмегімен тісте белгілі бір жауап байқалғанша (жеңіл шаншу сезімі) тоқ күшін баяу өсіре береді. Оң жауап алғаннан кейін тоқ күшін біртіндеп бәсеңдетіп барып, әсер етуді тоқтатады және қажет болса, әрекетті қайталайды. Соңғы кезде біздің клиникада қолданыс тапқан ЭОТ-01-Аверон портативті аппаратының өзіндік ерекшелігі бар:1)батарея көзінен энергия алады; 2) енжар электродының ұшы имектеніп иілген, тексеру жүргізілетін адамның төменгі ерніне ілінеді. Қалыпты жағдайда тіс ұлпасы 2-6 мкА ток күшіне жауап береді. Тіс электрқозғыштығының 20-40 мкА төмендеуі ұлпада қабыну үрдісі дамығанын, ал 60 мкА-ге төмендеуі сауыт ұлпасының, 100 мкА-ге төмендеуі түбір ұлпасының өліеттенуін көрсетеді. Қалыпты периодонт 100-120 мкА шамасындағы электр тогы күшіне сезімтал. Периодонтта күрделі морфологиялық өзгерістер дамыған кезде тістің электрқозғыштығы 160 мкА-ден жоғары болады. Ескере кететін жағдай, қызметі төмендеген тістер (қарама қарсы тістердің болмауы, тіс доғасынан сырт орналасқан), сауыты қажалуға ұшыраған, ұлпасы петрификаттанған тістер ұлпасының электрқозғыштығы төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар жасы ұлғайған адамдарда екіншілік дентин белсенді құрылған жағдайда сауыт қуысы жартылай немесе толық бітеліп, сауыт ұлпасы атрофиялануы нәтижесінде тістердің электрқозғыштығы төмендейді. Бұған дәйек: 60-70 жаста тістердің ЭҚ-40-50 мкА болса, 81-90 жаста ЭҚ-50-55 мкА тең болады.
Өзіміздің дәрігерлік тәжірибеде кездескен жағдайлардан мәлімет келтіруге болады. Жастары 38 және 32-дегі екі ер адамның 16,17 тістерінің электр қозғыштығы анықтаған кезде көрсеткіштері 20 мка және 32 мка болды. Панорамалық рентген суреттерде екі адамның да аталған тістерінде сауыт қуысы қабырғаларымен байланысқан (пристеночный) және еркін жатқан (свободно лежащий) дентиклдер анықталды. Бұдан басқа да дәйектерді көптеп келтіруге болады.
3.8.Рентгендік тексеру әдісі (рентгенологическое исследование)
Бұл әдіс стоматология саласында кең қолданыс тапты. Көптеген рентгендік тексеру әдістерінің терапиялық стоматологияда жиі қолданылатыны – рентгенографиялық немесе ағзалардың рентген суреттерін алу әдісі.
1-сурет. Рентгенаппаратпен жұмыс істеу |
Өте жоғары дәрежеде минералданғандықтан рентген суретте (негативте) тіс кіреукесі өте тығыз және біркелкі ақ көлеңке береді, дентин мен цемент тығыздығы одан аздау, солғындау ақ көлеңке береді. Периодонт тіні рентген сәулелерін өткізетін болғандықтан қара көлеңке береді. Сондықтан осы көлеңке арқылы периодонт орналасқан саңылаудың (периодонт саңылауы – периодонтальная щель) диаметрі 0,2-0,25 мм біркелкі жіңішке қара көлеңке пішінді жобасын анықтауға болады. Периодонт саңылауының бір қабырғасын түбір цементі, екінші қабырғасын түбір ұяшығының компакты сүйек қабаты құрайды.
Тіс ұлпасы рентген сәулелелерін өткізетіндіктен қара көлеңке береді, сол арқылы ұлпа орналасқан тіс қуысының жобасын анықтауға болады.
Рентген суретті түсіру арқылы тістің қатты тіндерінің жағдайын анықтауға (жасырын тісжегі қуыстарын, шықпай қалған тістерді, тістердің қиындап шығуын) болады, түбірлердің қалыптасу деңгейін, әр түрлі сынықтарын, түбір өзектерінің өтетіндігін, онда бөгде заттардың бар-жоғын, өзектің пломбылану дәрежесін, периодонттың жағдайын, тістераралық қалқан сүйектердің деңгейін, пломбылардың (бітектердің) дұрыс қойылуын, жасанды сауыттардың дұрыс дайындалуын және киілуін, жақ сүйектеріндегі жаңа құрылымдарды анықтауға мүмкіндік туады.
Рентген сурет арқылы түбір өзегінің ұзындығын анықтауға болады. Ол үшін өзекке болжамды ұындыққа түбір инесін шектеуішімен енгізіп, тістің рентген суретін жасайды. Түбір өзегінің ұзындығын төмендегі формула бойынша анықтайды:
К = i x K1 / i 1
мұндағы: К-өзектің анықталатын ұзындығы
2-cурет.Цифрлық ортопантомограф. |
К1 - өзектің рентген суреттегі ұзындығы;
і1 – иненің рентген суреттегі ұзындығы.
Рентгенографиялық әдіс бірнеше түрге бөлінеді: нысаналы немесе жанаспалы рентгенография, панорамалы рентгенография, ортопантомография, томография.