Карбамин, тиокарбамин және дитиокарбамин
қышқылдарының туындылары (карбаматтар)
Карбамин қышқылы туындылары өз кезегінде алкилкарбамин қышқылының арилді эфирлері (байгон, беномил, дикрезил, севин, алкилсевин) және арилкарбамин қышқылының алкильді эфирлері (ацилат, бетанал, ИФК, хлор-ИФК) болып бөлінеді.
Тиокарбамин туындыларына – тиллам, тиобенкарб, триаллат, ялан және видат (оксамил) жатса, ал дитиокарбамин туындылары – карбатион, тетраметилтиурамдисульфид (ТМТД), цирам, цинеб секілді препараттардан тұрады. Бұл пестицидтердің барлығы да өте белсенді инсектоакарицидтер, фунгицидтер және гербицидтер ретінде ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылады. Олар қоршаған ортада тез бүлінетіндіктен кумулятивті әсер етпейді.
Байгон – суда нашар, спиртте жақсы еритін, ақ түсті, түйіршікті, белсенді инсектицид. Жануарлар үшін өте уытты. Атжалман үшін ЛД50– 82-113 мг/кг. Эмульсия немесе дымқыл тартқыш ұнтақ, 5(-ды дуст және 5-10(-ды ұсақталған ұнтақ түрінде шығарылады.
Беномил – суда және майда нашар, спиртте жақсы еритін, ақ түсті, түйіршікті фунгицид. Жануарлар үшін уыттылығы төмен, тератогенді әсері бар. Жайылымдарды өңдеу және тағы басқа да шаралар үшін 1-12 кг/га, мақталы алқаптарға 75-150 кг/га мөлшерінде қолданылады.
Дикрезил – орташа уытты, мүйізді ірі қара және тауықтарға зиянын тигізетін кенелерге қарсы қолданылатын ақ түсті, түйіршікті зат, 0,2-1(-ды сулы эмульсия түрінде қолданылады.
Севин – орташа уытты, суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы еритін, жарыққа және жоғарғы температураға төзімді, түйіршікті инсектоакарицид. Бейтарап, қышқылды және сілтілі орталарда нафтолға дейін гидролизденеді. Бұл препаратқа ұрғашы малдарға қарағанда еркек малдар өте сезімтал келеді. ЛД50 зертханалық жануарлар үшін 310-850 мг/кг; үй қояндары үшін-710; тауықтарға- 2120; қойларға-225; шошқаларға-354,5; мүйізді ірі қараға-150; жылқылар үшін-50 мг/кг. Яғни, бұл препаратқа тауықтар төзімді келсе, жылқылар өте сезімтал. Уланған кезде несеп арқылы нафтол бөлінеді.
Алкилсевин – севинге ұқсас, суда нашар еритін препарат. Кенелерге, қандалаларға және мамық құрттарға қарсы 0,05-0,2 -ды эмульсия немесе суспензия түрінде қолданылады.
Ацилат – суда нашар, органикалық еріткіштерде жақсы еритін түйіршікті зат. Жануарлар үшін уыттылығы төмен. Қант қызылшасының, бұршақ және астық тұқымдас өсімдіктердің арам шөптеріне қарсы қолданылады.
Бетанал – жануарлар үшін уыттылығы төмен, органикалық еріткіштерде жақсы еритін, түйіршікті, белсенді гербицид. Қызылша алқаптарын өңдеу үшін қолданылады (6-8 кг/га).
ИФК (изопропилазотфенилкарбамат) – спиртте және ацетонда жақсы, суда нашар еритін, түйіршікті, белсенді гербицид. Жануарлар үшін уыттылығы төмен, ағзадан аминфенол түрінде бөлініп шығады.
Видат (оксамил) - әлсіз күкіртті иісі бар, органикалық еріткіштерде және суда жақсы еритін кристалл. 10% -түйіршік күйінде шығарылады. Қызанақ, қияр алқаптары құрттарын жоятын нематоцид ретінде қолданады.
Атжалманға өлтіре әсер етеді (ЛМ50-110 мг/кг), кумулятивті әсері жоқ, топырақтан тез шайылып кетеді.
Хлор – ИФК – органикалық еріткіштерде жақсы еритін, пияз және қызыл жонышқа алқаптарын өңдеу үшін қолданылатын белсенді пестицид. Мөлшері 9-30 кг/га. Топырақта белсенділігін 3-4 айға дейін сақтайды.
Тиллам – сумен нашар әрекеттесетін, жануарлар үшін уыттылығы орташа сұйықтық.
Триаллат – жағымсыз иісі бар, суда ерімейтін, ашық-сұр түсті, түйіршікті зат. Зығыр, бидай және тары алқаптарын өңдеу үшін қолданылатын гербицид. Мөлшері 2-4 кг/га. Уыттылығы төмен. Бұл препаратқа қой, шошқа, тауық және үй қояндары өте сезімтал келеді.
Ялан - жағымсыз иісі бар, ашық-сұр түсті, суда нашар ерйтін, уыттылығы орташа сұйықтық. Күріш алқаптарын өңдеуде жиі қолданылатын гербицид. Гонадо- және эмбрио уытты әсер етеді.
Тетраметилтиурамдисульфид (ТМТД) – күңгірт-сұр түсті, суда нашар, органикалық еріткіштерде еритін, ұсақ түйіршікті зат. Астық тұқымдастардың, көкөністердің әртүрлі ауруларына қарсы қолданылатын фугицид. Жүгері, бұршақ, бидай, сәбіз, қант қызылшасы тұқымдарын дәрілеу үшін де қолданылады. Алколойдтардың уытты әсерін арттырып, қалқанша безі гормонының бөлінуін тежейді. Жануарлар үшін өте қауіпті емес. Сезімтал малдар: үй қояны ЛД50 -225 мг/кг, содан кейін ірі қара, шошқа. Кумулятивті әсер етеді.
Карбатион– орташа уытты, суда және метил спиртінде еритін зат. Гербицид, нематоцид және фунгицид ретінде жиі қолданылады. Оның метаболиті – метилизотиоционат - өте уытты.
Цирам – суда нашар еритін, иіссіз, ақ түсті кристалды, белсенді фунгицид. Уыттылығы төмен болғанымен де эмбриотоксинді, гонадотоксинді, бластомогенді және тератогенді әсер етеді.
Цинеб – суда ерімейтін, түйіршікті фунгицид. Уыттылығы әлсіз болғанымен, тітіркендіріп әсер етеді. Картоп және қызанақтың фитофторы, шие коккомикозына қарсы таптырмайтын фунгицид. Мөлшері 2-9 кг/га.
Бұл препараттармен қатар ронит, шабет (циклоат), эптам, витавакс 200, кемикар-Т, дитам-М-45, пенкоцеб, ридомил-МЦ сияқты пестицидтер өндірісте кеңінен қолданылады. Бұлардың барлығы органикалық ертіткіштерде және суда нашар, сілтілерде жақсы еритін қатты заттар. Картоп, қызанақ, қияр және пияз алқаптарын фитофтороз, макроспориоз, альтернариоз және ризоктониоз ауруларына қарсы өңдеу үшін қолданылады. Уыттылығы төмен. Тышқандар мен атжалман үшін ЛД50-1216 мг/кг. Аздап тітіркендіріп әсеретеді. Кумулятивтілігі әлсіз. Улана қалған жағдайда бүйрек, талақ, қалқанша безі және бүйрек үсті безі зақымданады.
Патогенезі. Карбаматтар эритроцидтердің осмостық резистенттілігін төмендетіп, қанның формалық элементтерін гемолизге ұшыратады. Торшаның биоқабығының функционалды жағдайын бұзып, калий мен натрий иондарының тасымалдануына кері әсерін тигізеді. Осының нәтижесінде натрий, калий және кальций иондарының дитиокарбаматтардың дисульфидтік топтарымен байланысып, қанда кальций иондары мөлшері азаяды. Яғни, кальций мен фосфордың арақатынасын өзгертеді.
Севин, триаллат секілді карбаматтар ацетилхолинэстераза ферментінің белсенділігін 40%- ға дейін бәсеңдетеді. Севин, ТМТД әсерінен иммуногенез, пируватдегидрогеназа, сукцинатдегидрогеназа және ксантиноксидаза ферменттерінің белсенділігі төмендеп, құрамында мыс бар ферменттердің, церулоплазминнің белогының белсенділігін жоғарылатып жібереді. Нәтижесінде, нуклеин қышқылы алмасуы және биосинтезі бұзылып, гипергликемия қалыптасады. Севин, ТМТД және цинеб жануарлардың өсіп-өну қызметіне уытты, кері әсерін тигізеді. Севин ұрғашы малдардың хромосомаларына уытты әсер етеді. Буаз малдардың өлі тууын, іш тастауын жиі кездестіруге болады.
Диметиламин, күкіртсутек, күкіртті көміртек, тиомочевина секілді карбаматтардың метоболиттері, өз кезегінде, иммунды-реактивті жүйені, тотығу-тотықсыздану үрдісін өзгертіп, ақзат, көмірсу және минерал алмасуды нашарлатады, гормоналды баланс (тепе-теңдік) бұзылады. Бауыр мен бүйрек қызметіне зақым келеді. Карбаматтардың ағзадан бөлінуі шошқаларда 30-күнге, басқа малдарда 4-5 күнге созылады.
Клиникалық белгілері. Удың мөлшері және улану дәрежесіне байланысты улану – жіті, жітілеу және созылмалы түрде өтеді. Севинмен ауыр түрде уланған малдар тынышсызданып, сілекей ағу, бұлшық еттердің дірілі, ентігу, тұншығу секілді белгілер көрсетеді. Тиллам, ялан сияқты тиокарбаматтардың уытты мөлшері әсерінен қозғалыс координациясы бұзылып, әртүрлі салдану белгілерін байқауға болады. Карбаматтар (карбин, тиурам, цинеб, манеб) ақзаттармен кешенді түрде байланысып, аллергия, экзема және астма (демікпе) секілді аурулар шақырады.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Бауырдың қан тамырларына қан толып, бауыр үлкейеді, майлы дистрофияланады. Аналық без өлі еттеніп, өкпе ісінеді, тамырларда тромб пайда болады. ТМТД – мен уланғанда өкпе қабынады, паренхиматозды мүшелерде өлі еттенген ошақтар, қан құйылулар, көкбауырдың атрофиясы, сүйек кемігінің аплазиясы байқалады.
Балау. Негізінен анамнестік мәліметтеріне, клиникалық белгілерге, патологиялық-анатомиялық сою және химиялық-токсикологиялық тексеру нәтижелеріне сүйенеді.
Емдеу. Кешенді түрде жүргізіледі. Ең алдымен күдікті пестицидтермен малдардың қарым-қатынасын жою. Ацетилхолинэстераза ферментінің жұмысын жақсарту үшін бұлшық етке 0,5 мг/кг мөлшерінде атропин сульфатын енгізу керек.
Оксидоредуктаза ферментінің белсенділігін арттыру үшін 3 тәулік бойы бұлшық етке 5 мг/кг тропациннен, 5 мг/кг бензогексоннан және 2 мг/кг кокарбоксилазадан тұратын уқайтарғыш (антидот) қоспасы қолданылады.
ТМТД-дан уланғанда 2 мг/кг кокарбоксилазадан, 10 мг/кг лазикстен және 20 (-ды камфораның майлы ерітіндісінен) ірі малдарға 10мл, ұсақ малдарға 1мл тұратын уқайтарғышты бұлшық етке егеді. Сонымен қатар, 0,5 %-ды лимон қышқылы ерітіндісін (ірі малдарға 1-2л, ұсақ малдарға 0,1л) ішкізеді.
Алдын алу шаралары. Карбаматтарды қолдану және тасымалдау ережелерін қатаң сақтау қажет. Уланған малдарды уақытында емдеп немесе сойған дұрыс. Үнемі қоршаған ортадағы, азық құрамындағы карбамат мөлшерін қадағалап отыру керек.