Гидротермалды вулканогенді кен орындар
Гидротермалық жанартау тектi (вулканогендiк) кенорындар негiзiнен қатпарлы зоналардың жербетi андезит-дацит вулканизмiмен, сонымен қатар белсендiленген платформалардың сiлтiлi жəне трапп магматизмiмен байланысты. Ең көп таралғаны– вулкан таскөмейлерi мен олардың шеттерiнде орналасқан кенорындар.
Кенорындарға конустық, сақиналық, құбырлық, радиал-жарықшақтық құрылымдар тəн. Сонымен қатар жарылымдар мен эффузиялық таужыныстардың жербеттiк қабаттастықтарын бақылайтын кенорындар да белгiлi. Руда денелерi желi, құбыр жəне штокверк болып келедi, олар300–500 м тереңдiкке дейiн жылдам сыналанып кетедi. Руданың минералдық құрамы күрделi, ол пайдалы компоненттердiң əркелкi таралуымен жəне қоңды кеннен тұратын«кен бағаналары» деген денелердiң болуымен сипатталады. Руда бiтiмiнiң арасында ең көп таралғаны– метаколлоидтықтар. Таужыныстардың гидротермалық өзгерiстерi байқалады. Бұл өзгерiстер кварцталу, пропилиттену, алуниттену, каолиндену түрiнде бiлiнедi.
Сипатталып отырған кенорындар арасында мынадай негiзгi типтер бөлiнедi: магнетит, касситерит-сульфид, киноварь, алтын-күмiс, алунит, күкiрт(сомтума күкiрттi), цеолит кенорындары.
Магнетит кенорындары трапп денелерiмен байланысты жəне габбро-диабаз штоктары мен жарылыстың жанартау құбырларында орналасады. Олар карбонат жəне құмтас-тақтатас таужыныстар, скарндалған интрузиялық трапп арасында жатады. Руданың бiтiмi шомбал, секпiлдi жəне брекчия тəрiздi, кейде друзалы жəне тарақшаланған. Олар жанартау түтiкшелерi ауқымында жəне тектоникалық белдемдер бойында желi, шток пен штокверк тəрiздi белдемдер жасайды. Руданың құрамына магнетиттен басқа гематит,карбонаттар кiредi, аз мөлшерде хлорит, апатит, кварц пен сульфидтер болады. Бұл кенорындардың типтiк мысалдары– Шығыс Сiбiрдегi Коршуновск, Рудногорск, Нерюндина, Тагар.
Касситерит-сульфид кенорындары орташа құрамды дайкалармен, субвулкандық интрузиялармен ассоциацияланып, жарылымдар мен олардың жарықшақтық белдемдерінде орналасады.Сыйыстырушы таужыныстар: құмтас, сазды тақтатас, эффузивтер, эрупциялық брекчиялар. Руда денелерi желi, ұя, рудаланған брекчия,штокверк, бұрыс жатындар пiшiндi болады. Руда касситерит, галенит,сфалерит, пирит, халькопирит пен арсенопирит құрамды. Кенорындардың бұл типi Приморьеде(Джалинда, Хинган), Жапонияда(Акенобе), Боливияда (Ллалгуа, Потаси), Мексикада(Дуранго, Эль-Сантин) белгiлi
Киноварь(сынап)кенорындары қалыптасуы мен кеңiстiктегi жағдайлары бойынша қышқыл жəне орташа құрамды төрттiк вулканизмiмен байланысты. Олардың орналасуы жарылымдар, экструзивтер, брекчиялану белдемдерi тоғысымен бақыланады. Секпiлдi жəне жарықшақты руда штокверк, шашыранды секпiлдiк денелер мен жұқпалар жасап, уатылу мен брекчиялану белдемдерiндегi жарықшақтарды толтырады. Руда құрамына киноварьдан басқа антимонит, реальгар, сомтума күкiрт, пирит, марказит кiредi. Бұл кенорындар Чукоткада(Пламенное), Камчаткада(Чемпура), Амур маңында(Ланск), Закарпатьеде(Боркут), Италияда (Монте-Амиата), Алжирде(Ислаим), Жапонияда(Итомука), АҚШ-та(Мак-Дермит-Опалит), Жаңа Зеландияда(Пуи-Пуи) белгiлi
Алтын-күмiскенорындары кварцты порфир субвулкан интрузияларымен ассоциацияланып, тереңдiк жарылымдар, уатылу белдемдерi мен көне жанартауларда орналасқан. Олар көбiнесе андезит-дацит таужыныстар арасында орналасып, жанартау көмейлерiн кесiп өтетiн желiлер будасы болады. Руда құрамына кварц, халцедон, опал, пириттi карбонат, халькопирит, галенит, сфалерит, күмiс пен алтын кiредi. Бұл типке Забайкалье(Балей, Белая гора, Тасеев), АҚШ(Крипл-Крик, Комсток) пен Румыниядағы кенорындар жатады.
Сомтума күкiрт кенорындары көбiнесе стратовулкандардың немесе вулканаралық ойпаңдардың беткейлерiнде, етегiнде, кальдераларында орналасады. Руда денелерi негiзiнен кеуек пирокласт таужыныстардың тектоникалық жарылымдармен қиылысқан белдемдерiнде орналасып, əр түрлi пiшiндер(линза, шток, қабат жəне құбыр пiшiндi жатындар) жасайды. Рудалы саналатындар– күкiрт қышқыл ерiтiндiлер əсерiнен туынды кварциттерге айналған вулканогендiк таужыныстар. Олардың құрамында сомтума күкiрт сеппелерi болады. Бұл типке Камчатка(Новое, Заозерное жəне т.б.), Жапония(Мацуо, Адзума), Чили(Копиано), Перу мен Филиппин кенорындары жатады.