Күрделі-аралас тыңайтқыштар, қасиеттері, ауылшаруашылық дақылдарына қолдану ерекшеліктері

Нитрофоскалар. Бұл тыңайтқыштарды өндіру фосфоритті азот қышқылының көмегімен ыдыратуға негізделген:

Ca3(PO4)2 · CaF2 + 8HNO3 = 4Ca(NO3)2 + 2H3PO4 + 2HF

Реакция барысында гигроскопиялығы жоғары кальций нитраты пайда болады. Бүл тұз тыңайтқыштың физикалық қасиетінің нашарлауына әсер етеді. Сондықтан реакция нәтижесінде түзілген қоспаны одан әрі өңдейді.

1. Ыстық күйінде қоспаға аммиак пен күкірт қышқылын және калий хлоридін қосады. Сонда реакция мынадай бағытта жүреді:

4Са(NO3)2+2H3PO4+8NH3+4H2SO4+12H2O=

=8NH4NO3+4CaSO4+2CaHPO4 ·H2O

NH4NO3+KCl=NH4Cl+KNO3

Пайда болған тыңайтқышты күкірт қышқылды нитрофоска дейді. Оның әрбір түйіршігінде CaHPO4··2H2O, NH4NO3, NH4Cl, KNO3, KСl, СaSO4 тұздары болады. Құрамында 13% азот, 10% фосфор және 13% калий бар.

2. Сульфатты нитрофосканы фосфориті азот қышқылымен өңдеу арқылы түзілген қоспаға күкірт қышқыл аммоний тұзын ендіру арқылы алады:

Са(NO3)2+(NH4)2SO4=NH4NO3+CaSO4

NH4NO3 + KCl = NH4Cl + KNO3

Сульфатты нитрофоска құрамында 12% азот, 12% фосфор және 12% калий бар, түйіршікті тыңайтқыш.

3. Фосфорқышқылды нитрофосканы ыстық қоспаға аммиак пен фосфор қышқылын қосып алады:

4Сa(NO3)2+5H3PO4+9NH3+8H2O= 8NH4NO3+4CaHPO4·2H2O+NH4H2PO4

NH4NO3+KCl=NH4Cl+KNO3

Құрамында 16% азот, 16% фосфор, 16% калий бар. Жалпы фосфордың 80 проценті суда жақсы ериді.

4. Карбонатты нитрофоска тыңайтқышын бастапқы қоспаға көмір қышқылын, аммиакты және калий хлоридін қосып алады.

Сa(NO3)2+2NH3+H2CO3+H3PO4+2H2O=2NH4NO3+CaHPO4·2H2O+CaCO3

NH4NO3+KCl=KNO3+NH4Cl

Құрамында 35-37% қоректік заттар (азот, фосфор, калий) бар. Негізгі тыңайтқышты күзде сүдігер жыртар алдында береді.

5. Бастапқы қоспаны - 50 С температурада мұздатады да оған фосфор қышқылын және аммиак қосады. Сонда аммоний фосфаты, кальций дифосфаты және аммоний нитраты түзіледі:

Сa(NO3)2+H3PO4+NH3 =NH4H2PO4+CaHPO4 +NH4NO3

Сонан соң оның үстіне калий хлоридін қосады:

NH4NO3+ KCl=NH4Cl+KNO3

Бұл нитрофоскада 40-50% қоректік заттар болады.

Нитрофос табиғи фосфатты азот қышқылымен немесе азот, фосфор қышқылдарының қоспасымен ыдырату арқылы өңдіреді. Құрамында 20% азот және 20% фосфор болатын, түйіршікті тыңайтқыш. Күзде, тұқыммен бірге және үстеп қоректендіру үшін қолданады.

Нитроаммофос азот және фосфор қышқылдарының қоспасын аммиакпен бейтараптау арқылы өндіреді. Құрамында 24% азот, 24% суда еритін фосфор бар, ақшыл-сұр түсті, түйіршік күйінде шығарлады.

Нитроаммофоска нитроаммофос тыңайтқышына калий хлоридін қосып алады. Құрамында 47-52% қоректік заттар болады, түйіршікті, қызғылт түсті, суда жақсы еритін тыңайтқыш.

Диаммонийфосфат негізінде алынатын тыңайтқыштарды диамонийнитрофос және диаммонийнитрафоска деп атайды.

Карбоаммофоска тыңайтқышын мочевина , фосфор қышқылы, аммиак және калий тұздарын әрекеттестіру арқылы алады. Оның құрамында 60% қоректік заттар ( 20% азот,20% фосфор,20 % калий) бар, түйіршікті тыңайтқыш.

Мочевина фосфаты тыңайтқыштын фосфор қышқылын мочевинамен әрекеттестіру арқылы өндіреді. Қүрамында 27% азот және 27% фосфор бар. Суда жақсы ериді.

Наши рекомендации