Он бесінші тақырып: Бұзақылықтың алдын алу және криминологиялық сипаттамасы. 7 страница

Сыртқы экономикалық қызметті заңдастыру сыртқы экономикалық қызмет субъектілері санының күрт өсуіне әкеп соқты. Мәселен өткен ғасырдың 80 - жылдары сыртқы экономикалық қызметтің субъектілері жүзге тарта болса, 2006 жылы олардың саны бірнеше рет өскені бәрімізге белгілі. Өкініштісі валюталық бақылауды жүзеге асыру тетігі уақытылы жасалғанымен, шетел валютасымен жүзеге асыру тәртібіне қатысты заңбұзушылыққа жауаптылықты белгілейтін нормативтік актілер бірден қолданысқа енгізілмей қалды. Саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында басталған және дамыған қазақстандық кәсіпорындардың сыртқы экономикалық қызметін заңдастыру үрдісі нормативтік реттеудегі бірқатар кемшіліктер мемлекеттен капиталдың қарқынды «тұрақтамауына» әкелді. Шетел банктері шоттарында қомақты сомалар жатты, олардың нақты көлемін анықтау мүмкін болмады.

Өкінішке орай бүгінгі күні экспорттаушылардың шетелдік валюта түсімінің көп бөлігінің жасырып қалуының салдарынан біздің елімізден ай сайын қыруар ақша жылыстайтыны да бәрімізге белгілі. Мәселен жыл сайын кедендік органдармен кедендік-банкілік бақылау бойынша функцияларын орындау кезінде тауарлардың және экспорттық валюталық түсімдердің түспеуі немесе толық көлемдерде түспеуі айқындалып, соның ішінде 120 күннен асып кеткен мерзім ішінде келісім міндеттемелерін бұзу фактілері де тіркелуде. Сондай-ақ, кеден органдарымен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкке жіберілген валюталық заңдылық нормаларын бұзу фактілерінің материалдары бойынша да, мемлекеттің бюджетінің кірісіне де бірнеше миллиондаған теңге айыппұлдар салынуда [209, 65б.].

Осы аталған мәселелер валюталық реттеуді жүзеге асыру кезінде қалыптасатын қатынастарды қорғау мен сақтауға бағытталған ғылыми негізделген және баламалы шараларды қабылдау қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Мемлекеттен капиталды заңсыз әкету сияқты Қазақстан экономикасының саласында қоғамдық қауіпті әрекеттің осындай жаңа түрі тиісті заңнама шешімін қабылдауды қажет ететіндігі сөзсіз. Осыны есепке ала отырып, қылмыстық-құқықтық реттеу мақсаты мемлекеттің ішкі валюталық нарқын, валюталық құқық қатынастары қатысушыларының барынша құнды және маңызды мүдделерін қорғау болып табылады.

ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2000 жылы Қазақстанда ҚР ҚК 213-бабы бойынша 38 қылмыстық іс тіркелді, оның тек 1-еуі ғана сотқа жіберілді. 2002 жылы 95 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 15-і қалпына келтіруге келмейтін, 7- қалпына келтірілетін жағдайларға байланысты тоқтатылды және оның 6-ы сотқа жіберілді. 2005 жылы 55 қылмыстық іс тіркелді, оның ішінде 24-і қалпына келтірілмейтін, 4- қалпына келтірілетін негіздер бойынша тоқтатылды, тек 3 қылмыстық іс қана аталған бап бойынша сотқа жіберілді [210].

Келтірілген статистика және соттық-тергеу тәжірибесін зерттеу кезінде алынған деректер шетелдік валютадағы қаражаттың шетелден қайтарылмауы туралы істер бойынша тиімді құқық қолдану қызметінің шамадан тыс төмен екендігін білдіреді, осындай жағдайдың бірден-бір себебі, біздің пікірімізше, ҚР ҚК 213-бабының қазіргі қолданыстағы редакциясының сәтсіздігі болып табылады.

Сонымен қатар өкінішке орай соттық тергеу практикасында аталмыш қылмысты жасағаны үшін тек қана кәсіпорын, мекеме, ұйым басшыларына (меншік нысанына қарамастан) қатысты жауаптылық көзделгеніне қарамастан сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын жеке кәсіпкерлерді де қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты келеңсіз жағдайлар кездесіп отырады. Мәселен 2004 жылы Ақтөбе қаласында жеке кәсiпкер А-ны сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыра отырып, яғни Ресей Федерациясына халықтың тұтыну тауарларын жеткiзіп, ол елде сатылған тауарлардан жалпы сомасы 100000 АҚШ долларын құрайтын валюталық түсімді Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдағы есеп шотына аудармай, оның орнына аталған сомадағы қаражатты Щвейцар банкiндегi Гросли атты адамның есеп шотына аударғаны үшін аталмыш қылмыстың субъектісі болып табылмаса да қылмыстық жауапкершілікке тартқан [211]. Бұл жерде айта кететін жайт ҚР-ның валюттық реттеу заңына сәйкес сыртқы экономикалық қызметпен заңды тұлғамен қатар, жеке тұлғанының да айналысатынын ескере отырып, тез арада қазіргі күші бар қылмыстық заңның жоғарыда көрсетілген нормасына өзгерістер енгізу қажет

Сыртқы экономикалық саясатты және Қазақстанның ішкі нарығын мемлекеттік реттеудегі маңызды құралдарының бірі кедендік шекарадан өтетін тауарлардан алымдар алу ережесін қалыптастыру тәртібі болып табылады. Ал кеден төлемдері мен алымдарын төлеу тәртібін және механизмін бұзу еліміздің мемлекеттік ақшалық қорды құрау саласындағы еліміздің экономикасына елеулі шығын келтіреді. Бұның қоғамдық қауіптілігі кінәлілердің негізсіз баюына, нарықтың сайыстық ережесінің әлсіреуіне, бюджетке келіп түсетін төлемдердің азаюына, байланысты мемлекеттің мүдделерінің бұзылуына әкеліп соқтырады.

Қазақстанның өтпелі кезеңде саяси бағытын өзгертуі халықаралық деңгейдегі ашық экономикада ішкі экономикалық байланысқа жол ашты. 90 жылдары ішкі сауда толығымен демонополизацияланды. Нәтижесінде әр түрлі формадағы кәсіпорындар мен мекемелер өздігінше ішкі экономикалық операцияларын жүзеге асырды. Бұл салада жаңа кедендік құрылым жасақталып, валюталық және экспорттық бақылау орнады. Еліміздегі ішкі сауда көлемі соңғы он жылда қол жеткізілмеген көрсеткішке ие болды.

Мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан импорттық және экспорттық операциялардан еліміздің бюджетіне көптеген алымдар төлемдер түсіп жатқанына да бәріміз куәміз.

Дегенмен, түсім көбейгенде қылмыстық істер түбірімен жойылып кетті деп үзілді-кесілді айту қиын. Бұлар әлбетте кеден саласында жасалатын қылмыстармен тығыз байланысты. Орын алған қылмыстардың режимдік жеделдетілген либерализациясын мына істерден-ақ аңғаруға болады: қолайсыз инвестициялық ахуал, Қазақстандағы және әлемдік нарықтағы құнның әр алуандығы, экономикалық қатынастағы қылмыстық істер мен жалған капиталдар, экспорттық іс пен валюталық бақылаудың тиімсіздігі т.б. Соңғы ахуал мемлекеттің құқықтық шығармашылық ісінде маңызды болып танылып келеді.

Бүгінгі күні кеден ісі саласы салыстырмалы түрде Қазақстандық құқық жүйесінің жаңа саласы болып табылады. Ол 1991 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы кеден комитетін құру туралы» жарлығынан бастау алады. Даму жылдары кеден ісінің қызметі, 1992 жылдың 14-тамызындағы қабылданған кеден туралы ережемен, өзге де Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулыларымен реттелді. 1995 жылғы 20-қаңтарда Беларусь, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында өзара саудадағы барьерлерді жою, кооперациялық өндірістік байланыстарды қалпына келтіру, әрбір мүше мемлекеттерде экономикалық реформаларды тиімді жүргізу мақсатында кедендік одақ туралы келісімге қол қоюы нәтижесінде 1995 жылы 20-шілдеде «Қазақстан Республикасы Кеден ісі туралы» заң қабылданды. Кейіннен кеден ісі саласындағы қоғамдық қатынастардың дамуы, өзгеруі нәтижесінде, оның құқықтық базасын жаңарту қажеттілігі туындап, 2003 жылы мамырда Қазақстан Республикасы Кеден кодексі қабылданды.

Бұл Қазақстан Республикасының Кеден кодексі отандық экономиканың қалыптасуына, Қазақстан Республикасының дүние жүзілік сауда ұйымына кіруіне, кеден органдарының экономикалық қауіпсіздікті сақтау қызметіне тікелей әсер етеді.

Еліміздің демократиялық қоғам жағдайында тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда мемлекеттік-құқықтық реформалар ғана емес, сонымен қатар нарықтық қарым-қатынасты ұйымдастыру, алыс - жақын шет елдерімен дипломатиялық, сауда қарым-қатынасы саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі таңда Қазақстан шетел инвестицияларын ынталандыру, экспортқа шығарылатын тауарлардың кеңеюі, әртүрлі экономикалық және кеден одақтарына кіру аясында белсенді саясат жүргізуде.

Елбасы және Үкімет мүшелері отандық тауар өндірушілердің аяғынан нық тұруына және әлемдік экономикада бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында қолайлы жағдайлар жасауда. Осы міндеттерді шешу барысында бірқатар мәселелер туындауы сөзсіз.

Осындай объективті жағдайлардың туындауына сәйкес мемлекет өз тарапынан оларды шешуге, болдырмауға, алдын алуға байланысты әртүрлі шаралар қолдануда және бұл шаралардың нәтижесі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін сыртқы әсер етуден қорғауға міндетті. Осы міндеттерді жүзеге асыру құралдарының маңыздысы ретінде кеден органдарының қызметі болмақ. Осыған орай біз кеден ісінің теориялық, құқықтық, тәжірибелік негіздерінің дамуына аса назар аударуымыз керек. Осыған байланысты кеден органы қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтере отырып, жоғары квалификациялы кадрлармен қамтамасыз ету жағдайын қарастыруымыз керек.

Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету келесі жағдайларды қалыптастырумен сипатталады:

- экономиканың тиімді қызмет етуі мен даму жағдайлары;

- экономикалық тиімді жағдайларда өндірістік ресурстарға отандық өндірушілердің қол жеткізу мүмкіндігін кепілдендіру;

- олардың өнімдерінің сыртқы нарықта кеңінен және кедергісіз таралуын қамтамасыз ету;

Осыған байланысты, бүгінгі күні кеден саласында жасалатын қылмыстармен күрестің құқықтық шараларын күшейтудің қажеттілігі туындап отыр.

Айта кететіні, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында аталған қылмыс құрамдарымен күресті құқықтық реттеуге байланысты көптеген маңызды өзгерістер енгізген нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Олар:

- Қазақстан Республикасының Кеден кодексі;

- Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі;

- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексі;

- «Контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілік жөніндегі зандарды қолдану тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты Пленумның 1997 жылғы 18-шілдедегі №3 қаулысы;

- өзге де нормативтік құқықтық актілер.

Сонымен қатар, кеден саласында жасалатын қылмыстармен күрес шараларына зейін кейбір қазақстандық қылмыстық құқық саласындағы ғалымдардың да зерттеулерінде бар.

Алайда, қазіргі таңда, кеден саласында жасалатын қылмыстармен күрес жөніндегі Үкіметтің қабылдап отырған шаралары кедендік салада жасалатын қылмыстарға қызығушылықтарын туындататын факторларды түбегейлі жойып отырған жоқ. Елімізге заңсыз жолмен әкелінетін тауарлар мен көлік құралдары азаматтарға өте қажетті, бір жағынан осындай заңға қайшы әрекеттермен айналысып отырған тұлғалар аса ірі мөлшерлерде пайда тауып отыр.

Бұл қарастырып отырған қылмыстардың құрамдарының жасалуы алдын ала жоспарланған әрекеттерден тұратындықтан тез ара ашып анықтау да қиын. Нәтижесінде кеден саласында жасалатын қылмыстардың тез арада анықталмауынан, мемлекетіміздің бюджеті қаражатты толық деңгейде ала алмай экономикалық тұрақтылыққа да қауіп төнетіні де айқын.

Егемендік алғаннан бері 15 жыл ішінде, біздің мемлекетіміз үлкен саясаттық, әлеуметтік, экономикалық жетістіктерге қол жеткізді. Дегенмен Қазақстан Республикасының экономикасының қалыпты дамуына кедергі тудырып отырған қылмыстар жылдан жылға көбейіп келеді, иә бүгінгі күні мемлекетіміздің дамуына кері әсерін тигізетін экономикалық қылмыстармен күресу құқық қорғау органдарының ең басты мақсаттарының бірі болуы керек.

4.2 Кеден қылмыстарын жасауға әкелетін себептер мен жағдайлар

Қарастырылып отырған қылмыстардан сақтандыру шараларын жүзеге асыру үшiн, қылмыстың себептерiн және оларды жасауға мүмкiндiк беретiн жағдайларды анықтаудың да маңызы бар.

Тарихқа көз жүгіртсек, қылмыстың адамзат бойынан арылмаған тірлік екенін көреміз. А. Костенконың айтуынша, жақсылық пен жамандық қатар жүрмей ешқандай өркениеттік дамымайды, яғни қылмыстық әрқашанда болады [212, 3б.].

Қылмыстық құқық және криминология ғылымында, қандай да нақты бiр қылмыстың себебi жалпы қылмыстылықтың себебiмен тығыз байланысты екендiгi танылған. Сондықтанда жалпы қылмыстылық себебiнiң негiзгi параметрлерiн анықтамай, нақты бiр қылмыс себебiнiң мәселесiн қарастыру мүмкiн емес [213, 52б.].

Қылмыстылық себебi мәселесi — криминология ғылымында негiзгi және сонымен қатар күрделi мәселелердiң бiрi. Криминологияның қатаң дәстүрi қылмыстылық және қылмыскердiң жеке басының қылмысты қылығы туралы тарихи дамып келе жатқан iлiм жиынтығын аралап түсiну болып табылады. Бұл дәстүр осы құбылыстардың мәнiне енудiң тұрақты процесiн көрсетедi және осы әлеуметтiк жат құбылысқа тиiмдi әсерiн тигiзу үшiн қылмыстылықтың заңдылығын ашуға ұмтылу мақсатында жылдан-жылға жетiлiп келедi [214, 3б.].

Бiрақ бұл мәселе әлi күнге дейiн жеткiлiктi шешiмiн тапқан жоқ. Мысалы, кейбiр авторлар, адамзат қоғамында қылмыстылықтың әлеуметтiк себептерi жоқ деп санаса, ал басқалары тап осындай себептердiң бар екендiгiн дәлелдеп бағады. Осы зерттеудiң негiзгi бағытынан және оның мәнiнен тым алыстамас үшiн, автор криминологиядағы себептiлiк теориясының мазмұнына қатысты ой, пiкiр таласына көп тоқтамайды. Дегенмен зерттеу жұмысымыздың көлемi, зерттеу тақырыбы бойынша тиiмдi тұжырымдар мен қорытындылар жасау үшiн негiз бола алатын тиiстi база құруға мүмкiндiк беретiн қандай да бiр нақты теориялық платформаға көңiл бөлiп отырады.

Қандайда бiр құбылыстың себептiлiгi туралы iлiмнiң ғылыми және тәжiрибелiк мәнiн аса бағалауға балмайды. Егер қылмыстылықты алатын болсақ, онда оны тану, бағалау сатысы мен онымен күрестi ұйымдастыру сатысының арасында мiндеттi түрде қылмыстылықтың детерминанттары мен себептiлiгiн анықтау сатысы болуы керек [215, 45б.]. Мұнсыз қылмыстылықпен күрестiң тиiмдi iс-шараларының моделiн құру мүмкiн емес.

Криминология теориясында қылмыстардың себептерiн анықтау, түсiну мәселесi елеулi түрде алдыға жылжыған. Дегенмен бұл салада кездесетiн қиыншылықтарға байланысты, әрi қарай тереңiрек оқуды зерттеудi талап етедi.

М.Д. Шаргородскийдің көзқарасынша «қылмыстылықтың» себептерi деп, онсыз пайда бола алмайтын және өмiр сүре алмайтын барлық мән-жайларды санауға болады. Бiрақ, барлық мән-жайлар бiрдей роль ойнай алмайды. Олардың бiреуi тек қылмыстық ниетке шынайы мүмкiндiк туғызса, ал басқалары бұл мүмкiндiктi шындыққа айналдырады. Сондықтан да бiрiншi жағдайды, екiншi себептi қарастыру керек. Қылмыстылықтың себептерi өзiнiң әрекеттерiмен оның өмiр сүруiне мүмкiндiк беретiн белсендi күштер болып табылады» деген пiкiр бiлдiредi [216, 30б.]. Негiзiнде, қылмыстылықтың себептерi мен жағдайларының категориялары туралы мұндай көзқарасты тиiмдi деп санауға болады, өйткенi, бұл пiкiр криминологияда кеңiнен таралған. Дегенмен криминология ғылымында аталмыш мәселе туралы бiр-бiрiнен елеулi айырмашылығы бар ондаған көзқарастар мен теориялық ұсыныстар бар.

Криминологияда себептiлiк теориясын талдауға бiрқатар еңбектер арнаған белгiлi қазақстандық зерттеушi, профессор Е.Қ. Қайыржанов: «Заңға қайшы әрекеттердi индивидтiң ерекше эмоцианалдық-психологиялық күйiмен, иррационалды сәттермен, организмнiң ерекше биохимиялық күйiмен түсiнуге болатындығын кездестiруге болады. Бiрақ қылмыстың себебiн психологиялауға талпынуды бастама ретiнде алуға болмайды, өйткенi әлеуметтiктi психологиялыққа теңестiру әдiстемелiк тұрғыдан сенiмдi емес және онтологиялық жағынан дұрыс емес. Материалдық әлем дамуының жоғары деңгейiн төменгi деңгейлердiң көмегiмен түсiндiру мүмкiн емес» дейдi [213, 53б.].

Ал, профессор В.А. Номоконовтың айтуынша, қылмыстылықтың себебi қоғам өмiрiнiң терең деңгейiнде жатуы мүмкiн, сондықтан оны танып бiлу үшiн тек криминологтармен ғана емес, сондай-ақ философтармен, саясаттанушылармен, әлеуметтанушылармен, экономистермен бiрге зерттеу жүргiзу керек. Сонымен қатар ол, елiмiздегi сондай-ақ оның аймақтарындағы қылмыстылық күрделi «көпқабатты» себептi кешендермен өндiрiледi дейдi. Оның пiкiрi бойынша, «қылмыстылықты» себептi кешенi дегенiмiз — анағұрлым терең және өткiр деформациялардың кешенi, олар қоғамдық өмiр субъектiлерiнiң экономикалық, әлеуметтiк және рухани дамуына кедергi жасайды, азаматтардың бостандығын шектейдi, әлеуметтiк әдiлетсiздiктi және азаматтардың қоғамда билiк етiп тұрған құнды-нормативтi жүйеден бөлiнiп керi кетуiн, олардың деморализациялауын тудырады» [217, 28-29бб.].

Ғалым Э.Э. Расктің пікірінше «қылмыстылықтың жайына және құрылымына мақсатты ықпал жасау үшін оның себептік тетігін нақты, анық, түгелдей білудің қажеті жоқ, қылмыстылықпен күрес мәселесін шешу үшін бізге қылмыстылық пен оны тудыратын әлеуметтік жағдай арасындағы тікелей байланыстылықты күнделікті өмір тәжірибесін білу жеткілікті» [218, 33б.].

Ал профессор Е Алаухановтың көзқарасынша себептік тетіктерді» нақты білмей тұрып криминологиялық күйреу жайында мазмұнды сөз қозғау мүмкін емес. «Қылмыстылықтың жайы мен құрылымына мақсатты ықпал жасау үшін» жәй көзге байқалатын байланыстылықты ашу жеткіліксіз [58].

Айта кететін жайт еліміздегі экономикалық қатынастардың қылмыстылықпен байланысы жайында тек соңғы кездері ғана айтыла бастады. Соның өзінде де толық емес, тиіп-қашып, экономикадағы кейбір кемшіліктерге талдама жасау түрінде [219, 50б.]. Дегенмен, көптеген ғалымдар қоғам өміріндегі кез келген проблеманың түбірі экономикалық қатынастарда жатқандығын мойындайды.

Экономикалық қылмыстық себептерін ең алдымен экономикалық қатынастардан, олардың қайшылықтарынан, шаруашылық механизімінің жинақталуынан, сонымен бірге, бөліну қатынастарының жүйесінен іздеу керек [220]. Кез келген экономикалық қатынастар, олардың қарама-қайшылығы қылмыстылықты тудырады. Экономикалық (ең алдымен тауарлар мен қызмет көрсетулер өндірісі жағынан қарағанда) қатынастар пайда болған сәттен бастап сол қоғамда бір мезетте осы саладағы қылмыстылықтың тууы да орын алады деп түсіну қажет. Қайта құрылуға дейін ұзақ уақыт бойы социализмнің экономикалық базисі қылмыстылықты тудырмайды деген пікір қалыптасты. Ал іс жүзінде нақ сол базис қылмыстылықты және оның жеке түрлерін тудырады. Қазақстанның тәуелсіздігін алуымен және нарықтық қатынастарға өтуі тұрғындардың табысының қысқартылуы, жұмыссыздықтың өсуі, кейбір жеңілдіктердің алынып тастауы сияқты экономикалық сипаттағы әртүрлі проблемаларды көтерді. Қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік саласындағы болып жатқан құбылыстыр мен өзгерістер адамдар жүріс тұрысына тікелей әсер етеді.

Мемлекеттің нарықтық экономикаға көшу барысындағы қоғамда туындайтын әлеуметтік құбылыстардан адамдар санасындағы рухани байлықтарды тұрмыстық қажеттілік билесе, олардың мүдделері мен ниеттеріндегі жүріс-тұрыс әлеуметтік-экономикалық жүйе бойынша қозғалып отыратын дәрежеге жетеді. Қазіргі таңдағы экономикалық қылмыстылықтың пайда болу мен дамуымен қатер еліміздегі ішкі және егемен Қазақстан шегінен тыс «көлеңкелі экономиканың» құрылуымен тығыз байланысты [221].

И.И. Карпецтің пікірінше, «қылмыстылық әлеуметтік сипаты бар, социализм үшін заңды құбылыс: оның себептері біздің қоғамымыздың дамуындағы қайшылықтар мен кемшіліктерде жатыр». Сондықтан қылмыстылық қоғамда бар себептерден туындайды. Қылмыстылық көбейгенде ондай іс-әрекет жасауға бұрын қатыспаған адамдар онымен айналыса бастайды, әр түрлі әлеуметтік топтағы-адамдар әскери қызметкерлер, ғалымдар, студенттер, т.б. қылмыскерлер қатарын толтырады [222, 44б.]. Яғни қоғам келбеті өзгергенде қылмыстылықтың келбеті де өзгереді. Бұл жерде айта кететін бір ерекшелік қылмыстылық, өз кезегінде, қоғамдық қатынастарға теріс ықпал жасай алады. Бұл пікірдің айқындылығын біз елімізде болған өтпелі уақыттың тұсында байқадық.

Қоғамға қарсы құбылыстардың себептерінде тек объективтік қана емес, субъективтік факторлар да, олардың өзара әрекеттестігін тудырады. Мәселен, экономикалық жағдай, негізінен, объективтік мүмкіндіктермен, қоса объективтік шекті алдын ала анықтайды, ондағы басқа факторлар (идеологиялық және әлеуметтік-мәдени) адамның тұлғасына ықпал жасайды.

Демек, экономикалық қолайсыз жағдай, қоғамның және жеке адамның санасына ұялап, қоғамға жат мінез-құлықты тудырады, бірақ ол белгілі бір әлеуметтік топ деңгейінде көрініс табады [223, 64б.]. Сондықтан да, әрбір нақты жағдайда, қоғамға жат көріністердің себептеріне жататын объективтік жағдайлар мен субъективтік факторлар арасындағы өзара байланысты ашып, оның кімге көбірек ықпал жасайтынын ескеру керек.

Наши рекомендации