Бесінші мәселе: Біреудің орнына жаслатын қажылықтың шарттары

Бұл мәселе уәкіл етуші (өз орнына жіберуші) мен уәкілмен (оның орнына жасаушымен) байланысты.

1 -Уәкіл кісі ихрамға кіргенде уәкіл етуші үшін ниет етеді. Ең абзалы, «Пәленшенің орнына қажылық жасауға ниет еттім. Осы ниетіммен Аллаһ тағала үшін ихрамға кірдім және пәленше үшін ләббайка жасаймын»-деп тілмен ниет ету.

2 -Уәкіл етушінің қажылықты өзі жасауына қаражаты болғанымен денсаулығы тұрғысынан нақты шамасыз болуы. Немесе марқұм кісі болуы шарт.

3 -Уәкіл етушінің қайратсыздығы мен ауруы созылмалы болуы. Егер уақытша болса, мүлде оның орнына қажылық жасауға болмайды.

4 -Уәкіл етушіге қажылықтың парыз болуы.

5 -Уәкілдің сапары мен жол азығына қажетті қаражаттың түгелін немесе көп бөлігін уәкіл етуші өзі көтереді. Ал басқа біреудің қаражатына жіберсе, қажылық парызы оның мойнынан түспейді.

6 -Уәкіл ихрамға өзіне уәкіл етуші тапсырған миқатта кіруі қажет. Марқұм кісі орнына қажылық жасалуын өсиет етіп, өсиетінде қаражаты мен миқатты белгілеп кетсе, уәкіл белгіленген жерден ихрамға кіреді. Егер белгілемесе, уәкіл ихрамға өзіне жөн көрінген миқатта кіреді.

7 -Уәкіл етушінің рұқсаты. Уәкіл етушінің рұқсатынсыз ешкім оның орнына қажылық жасауына болмайды. Тек қана мұрагер мұра тастаушы марқұмның орнына оның рұқсатынсыз қажылық жасай алады.

8 -Уәкіл етуші орнына жіберетін уәкілді ақы үшін жалдауына болмайды. Сондай-ақ уәкіл де өз еңбегіне ақы сұрамауы қажет. Уәкіл етушіні қажылық парызын өзі атқаруынан тоқтатқан нәрсе - денсаулығының немесе қайратының болмауы. Олай болса, уәкіл оның орнын денсаулығы мен қайраты тұрғысынан ғана айырбастайды. Және Аллаһ тағаланың разылығы үшін айырбастайды. Дегенмен, ханафи мәзһабінің кейінгі ғұламаларының көзқарасында уәкілге ақы беруге болады. Өйткені ол бұл парызды атқаруы үшін өз жұмыстарын тоқтатады, өз отбасының қажеттіліктерін тастайды. Сол себептен уәкіл сапардан оралғанша отбасының қажеттіліктерін көтеру үшін, уәкіл етушіден ақы алуы адал болады. Олардың дәлелі, алдыңғы бетте айтылғандай, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) мына хадисіне негізделеді: «Ақы алуларыңа ең лайықты нәрсе - Аллаһтың кітабы»[1245].

9 - Уәкілдің қажылық жасауға лайықты сипаттарының болуы. Яғни, ақыл-есі дұрыс және балиғатқа толған мұсылман болуы.

10 - Уәкіл етуші қажылыққа көлікпен аттануы. Ханафи, шафиғи және ханбали мәзһаптарында қажылыққа көлікпен аттану уәжіп.

11 -Уәкіл кісі қажылыққа уәкіл етушінің отанынан аттануы қажет. Марқұмның орнына жасалатын қажылыққа аттанушы уәкіл де, алдымен, өз отанынан оның отанына келуі қажет, әрине, егер марқұм тастаған мұраның үштен бірі бұл сапардың қаражатын көтере алса. Қаражат тек қажылық сапарына ғана жететіндей көлемде болса, уәкіл өз отанынан аттанады.

12 -Марқұм өсиетінде бір кісіні арнайы уәкіл етіп таңдаса, қажылықты сол кісінің жасауы шарт. Егер өсиетте: «Не өзің, не басқа біреуді жібер»-делінсе, онда уәкіл басқа біреуді жіберуіне болады.

13 -Уәкілдің қажылықты дұрыс атқаруы және бұзып алмауы. Егер уәкіл қажылықты бұзып алса, қажылық уәкіл етушінің мойнынан түспейді.

14 - Уәкіл етуші қажылықтың қай түрін бұйырса, уәкіл дәл соны атқаруы қажет. Егер уәкіл қажылықтың басқа түрін жасап қойса, қажылық уәкіл етушінің мойнынан түспейді.

15 -Уәкіл ихрамға бір қажылықты атқару үшін кіруі шарт. Уәкіл ихрамға кіруімен уәкіл етуші үшін бір қажылықты және өзі үшін бір қажылықты атаса, қажылық дұрыс болмайды. Қажылықты тек уәкіл етуші үшін атауы қажет.

Екінші тарау: Умра

Бірінші бөлім: Умраға кіріспе

Умраның анықтамасы

Араб тілінде умра "العمرة" деп айтылады. "العمرة" сөзінің тілдік мағынасы - бір жерге барып шығу. "العمرة" сөзінің шариғаттағы мағынасы: Құлшылық жасау үшін Қағбаға барып қайту. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ وَأَتِمُّواْ الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلّهِ ﴾

Бұл аяттың қазақша мағынасы: «Аллаһ үшін қажылық пен умраны толық атқарыңдар!..»[1246].

Умраның үкімі

Ханафи мен мәлики мәзһаптарында ғұмырда бір мәрте жасалуы бекітілген сүннет. Ал бірнеше мәрте қайталануы, шамасы келген мұсылманға мустахап. Өйткені екі умра араларында болған кіші күнәні өшіреді. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(العمرة إلى العمرة كفارة لما بينهما)

«Умра мен умра өз араларындағыны (яғни күнәні) жуып кетеді»[1247].

Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن أعربيا جائ إلى رسول الله صلى الله عليه وسلم فقال: يا رسول الله, أخبرني عن العمرة, أواجبة هي؟ فقال: لا, وأن تعتمرخير لك)

Бір көшпелі арап Аллаһтың елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Әй, Аллаһтың елшісі, умра жайында айтып берші, оның үкімі парыз ба?»-деп сұрайды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) «Жоқ! Алайда умра жасауың өзіңе жақсы»-дейді[1248].

Мағлұмат:Шафиғи мен ханбали мәзһабінда қажылық секілді умраның да ғұмырда бір мәрте жасалуы парыз. Олардың мұндай көзқарасы Аллаһ тағаланың: «Қажылық пен умраны толық атқарыңдар!»[1249]-деген сөзіне негізделеді. Сондай-ақ Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әй, Аллаһтың елшісі, әйел кісілерге жиһад жасаулары парыз ба?»-деп сұрағанда ол: «Әрине, соғыссыз жиһад жасаулары парыз. Ол: қажылық пен умра»-деп жауап береді[1250].

Умраның уақыты

Умраның үлкен қажылықтан өзгешелігі, оны жылдың кез келген айында: қажылық айларында және басқа айларда жасауға болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) ғұмырында төрт умра жасаған. Айша анамыздың айтуынша, алғашқы үшеуін зүлқаъда айында, ал соңғысын қажылықпен бірге зүлхижжа айында жасаған болатын[1251].

Сондай-ақ рамазан айында жасалатын умра сауабы тұрғысынан қажылықпен теңеледі. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(عمرة في رمضان تعدل حجة)

«Рамазан айында жасалатын умра - қажылыққа тең»[1252].

Арафа күні, құрбан шалынатын күні және ташриқ күндері умра жасау мәкрүһ тахриман.

Умраның миқаты

Меккеге умраны атқару үшін келген кісі миқаттан Меккеге ихрамсыз асуына болмайды. Егер бұлай істесе, қатесін жуу үшін миқатқа қайта оралуы уәжіп. Қайта оралмаса, орнына қой шалуы уәжіп. Ихрамға миқатқа жетпей кіруге болады. Бұл, тіпті абзал көрінеді.

Бірінші: Меккеліктердің миқаты. Меккедегі адамдардың умраға шығатын миқаты - Мекенің өзі. Алайда олар үшін ең абзалы, ханафи мен ханбали мәзһаптарының көзқарасында умра ихрамына Айша мешітіне жақын орналасқан «Танъим» деген орыннан кірулері. Өйткені пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Әбу Бәкірдің баласы Абдрахманға Айша анамызды «Танъим»-нан умра жасатуын бұйырған болатын[1253]. Танъимнан кейін абзалы - Жиърана. Жиъранадан кейін Худайбия абзал саналады.

Екінші:«Әһлул-хилл» үкіміндегілердің миқаты. Бұлар - үйлері Мекке сыртында орналасқан бес миқаттың қасындағы тұрғындар. Ханафи мәзһабінда бұлардың қажылық пен умраға шығатын миқаттары - тұрғылықты жерлерінің шеңбері немесе соңы мен Меккенің арасындағы жер.

Үшінші:«Әһлул-афақ» үкіміндегілердің миқаты. Бұлар - үйлері миқаттардың арғы бетінде орналасқан әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар. Бұл миқаттарды Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) солардың үстімен басқа елдерден қажылық пен умра жасау үшін өтетін әркімге белгіледі. Бұл миқаттардың саны бесеу. Олар: Зул-хулайфа, Әл-Жухфа, Қарн ал-маназил, Яламлам және Зәту Ъирқ. Бұл бес миқат Мекке тұрғындарынан басқалар үшін белгіленген және Меккенің түрлі тарапында орналасқан. Әлемнің түрлі тарапынан қажылық пен умраны қалаушы әрбір мұсылманға бұл миқаттардан мүлде ихрамсыз асуына болмайды.

Умраның шарттары

Умраның сыртқы парызы - ихрам. Ішкі парызы - тауаф. Тауафтың төрт айналымы ішкі парызды мойыннан түсіреді.

Наши рекомендации