Сыртқы (халықаралық) кредит
Өзінің шығындарын жабуға мемлекет шетелдік кредиттерді де тартады. Сыртқы экономикалық байланыстардың қарқындап өсуі халықаралық мемлекеттік кредиттің тез дамуына жеткізіп, соның негізінде сыртқы берешектердің шапшаң өсуіне себепкер болып отыр. Мемлекеттер өзіне қажет қаржылық ресурстарды жұмылдыру үшін ұлттық шекарадан тысқары жерлердегі бос ақша көздерін барған сайын белсенді пайдалануда. Компаниялар, банктер, сондай-ақ әр түрлі елдердің мемлекеттік органдары кредиттік мәмілелердің қатысушылары болып отыр.
Сыртқы (халықаралық) кредит – бұл бірқатар елдер мемлекеттерінің, банктерінің, сондай-ақ басқа заңи және жеке тұлғаларының басқа елдердің мемлекеттеріне, банктеріне және өзге де заңи және жеке тұлғаларына берілетін қарыздары.
Сыртқы экономикалық байланыстардың дамуына байланысты халықара-лық кредит сферасында мына валюта-кредит ұйымдары барған сайын маңызды орын алып отыр: Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Халықаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ) (Дүниежүзілік банк) және оның ұйымдары – Дамудың халықарылық ассоциациясы (ДХА), Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Европа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі және басқалары. Халықаралық валюта қоры валюта бағамдарын реттеу нормаларын белгілеу және оларды сақтауға бақылау жасау, қатысушы-елдер арасында валюталық шектеулерді жою, оларға төлем баланыстарын реттеу үшін қаражаттар беру арқылы халықаралық сауда мен валюталық ынтымақтастыққа жәрдемдеседі. Дүниежүзілік банк пен оның ұйымдары елдердің экономикалық дамуын оларға техникалық көмек көрсету мен елдердің экономикалық әлуетін іске асыруға қабілетті жобаларды қаржыландыру арқылы қолдап отырады.
* Өнімдердің қанағаттандырылуы басталатын ең төменгі дисконтталған баға.
Халықаралық мемлекеттік кредит – халықаралық экономикалық қатынастар сферасында елдердің материалдық ресурстарының қозғалысы, мемлекет әлемдік қаржы рыногында борышкер немесе кредитор ретінде болатын қатынастардың жиынтығы. Бұл қатынастар сыртқы мемлекеттік қарыздар нысанын қабылдайды және ішкі қарыздар секілді олар да қайтарымдылық, мерзімділік және ақылық жағдайында беріледі. Алынған сыртқы қарыздар-дың сомасы есептелген пайыздармен бірге елдің мемлекеттік борышына қосылады. Мемлекеттік сыртқы қарыздар ақшалай және тауар нысанында беріледі. Кредит субъектілері мемлекеттік уәкілетті органдар арқылы елдер болып саналады.
Өзінің мәні жағынан халықаралық мемлекеттік кредит ұлғаймалы ұдайы өн-дірісті қамтамасыз ету құралдарының бірі болып табылады, бірқатар жағдайда дамушы елдерге экономикалық көмек көрсетудің құралы болып саналады.
Халықаралық кредиттің қажеттігі экономикалық заңдардың бүкіл жиынты-ғымен айқындалады.
Халықаралық кредиттің дамуы мына факторларға байланысты болады:
1) еңбектің халықаралық бөлінісінің тереңдеуі және экономикалық бірігу;
2) өндірістің мамандандырылуы, қауымдасуы;
3) елдердің табиғат ресурстарымен және жұмыс күшімен әр түрлі қамтамасыз етілуі;
4) жеке елдердің экономикалық дамуының біркелкі еместігін жеңіп шығудың қажеттігі;
5) дамушы елдерге экономикалық көмек көрсетудің қажеттігі;
6) дамушы елдердің дамыған елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастығы.
Халықаралық кредитке берілетін мемлекеттің кредиттік ресурстары:
1) қорланым қорларына жататын мемлекеттік бюджеттердің қаражаттары-нан; 2) ұжымдық несие қорларынан (ұлттық және халықаралық банктердің меншікті және тартылынды (тартылған) қаражаттары); 3) мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаттарынан(коммерциялық кредиттер бергенде) тұрады.
Халықаралық кредит ақшалай нысандағы ұлттық валюталарда және еркін айырбасталымды валюталарда беріледі.
Халықаралық кредиттің функциясы мемлекеттердің сыртқы экономикалық қызметі үдерісінде мерзімділік, ақылық және қайтарымдылық жағдайында олардың тауар және ақшалай ресурстарды қайта бөлу болып табылады.
Халықаралық кредитті пайдалану экономиканың дамуын тездетуге, экономикалық дамудың деңгейлерін теңестіруге, сыртқы сауданың өсуіне, экономикалық интеграцияны тездетуге жәрдемдеседі.
Халықаралық мемлекеттік кредитте тараптар арасындағы уағдаластық әдетте кредиттік желілер – кредитордың (донордың) қарыз алушыға (реципиентке) келісілген лимит шектерінде шарт- тасылған мерзім ішінде кредиттер беру міндеттемелері ретінде ресімделеді. Ашық кредиттік желілер шектерінде жекелеген кредиттік келісімдер жасасылады, мұның негізінде несиелер сериялармен – транштармен беріледі. Кредиттік желілер нысанын пайдалану несие капиталдарының әлемдік рыногында конъюнктураның өзгеруі кезінде қарыз алушы үшін де, сондай-ақ кредитор үшін де кредиттік қатынастарда орнықтылық пен сенімділікке жетуге жағдай жасайды.
Халықаралық кредиттің негізгі нысаны сыртқы қарыздар болып табылады. Бұл қарыздар кезінде қарызгерге қарыз берушінің ақшалай қаражаттардың шарттасылған сомасын (не осы сомаға тауарлар немесе қызметтер) мерзімге беру орны болады, мерзім біткеннен кейін қарызгер кредиторға пайыздарымен (кейде оларсыз) алынған соманы қайтаруға міндеттенеді. Қарыздық қаражаттар сыртқы сауда мәмілелерін жүзеге асыру немесе экспорт пен импортқа жәрдемдесу – сыртқы сауданы несиелендіру үшін пайдаланылады. Сыртқы сауданы несиелендіру кезінде кредиттерді беру, пайдалану және өтеу елдердің тиісті бағдарламалары мен бюджеттерінде қарастырылады, мұның өзі оларға өздерінің міндеттемелерін толық әрі бөгетсіз орындауына мүмкіндік береді.
Халықаралық кредит нысандарында экономикалық дамуды қолдау мақсатымен шетел мемлекеттері мен көпжақты ұйымдар (ХҚДБ, ЕҚДБ, АДБ) беретін дамуға ресми көмек ерекшеленеді. Рыноктық шарттарда берілетін қарыздардан айырмашылығы көмек беру мақсаттарының коммерциялық емес сипаты болады, яғни көпжақты валюта-кредит ұйымдары өздерінің пайдасын барынша көбейтуге ұмтылмайды, керісінше, құрылымдық жаңғыртуды және экономикалық өсуді қамтамасыз ететін сфераларды қаржыландырады. Мысалы, Халықаралық валюта қорының кредиттері Қазақстанға макроэкономикалық тұрақтандырудың және құрылымдық реформалардың бағдарламаларына, теңгенің бағамын қолдауға беріледі, мұның өзі басқа халықаралық ұйымдар қарыздарының елге түсу шарттарының бірі болып табылады.
Халықаралық экономикалық қатынастар практикасында сондай-ақ экспорттық немесе «байлаулы кредиттер» нысаны қолданылады. Мұндай кредиттерді беру қарыз алушы-елге нақтылы тауарларды сатып алуға берілетін кредит олардың жеткізілімімен «байланады». Әдетте байлаулы кредиттер жеңілдік жағдайларда беріледі, мұның өзі өз еліндегі сұранымы жеткіліксіз тауарларды басқа елдердің рыноктарында қозғаудың қажеттігінен туады.
Экспорттық кредиттерді пайдаланудың елдің сауда балансына ықпал жасайтын зардабы болады. Қосымша қаржыландырудың есебінен импорт өседі, ал бұл сауда балансының тапшылы- ғын тудырады немесе көбейтуі мүмкін. Бұдан басқа, экспорттық кредиттер реципиент-елдегі экономикалық өсуге ықпал жасайды, өйткені, біріншіден, тиісті қаражаттарды өндірістік сфераға салуға мүмкін болар еді және болашақта ағымдағы қажеттіліктерді мезеттік қанағаттандырудың орнына табыс әкелер еді, екіншіден, импортталатын тауарлар неғұрлым сапалы және арзан тауарлар ретінде отандық тауарларды ығыстырады немесе оларды өндіру- ді жаншиды.
Қазіргі жағдайларда жабдықты, материалдарды, азық-түлікті сатып алу кезінде дамыған елдерде сыртқы сауда ұйымдары мен сыртқы экономикалық банк контракттар мен келісімдер, соның ішінде өтемдік келісімдер негізінде бұл елдердің банктері мен фирмаларынан алатын банктік және коммерциялық кредиттерді пайдаланады. Өтемдік келісімдер – бұл сыртқы сауда келісімде- рінің түрі, бұл келісімдер кезінде тауарды сатып алушы оның құнын басқа тауарлар жеткізілімімен төлейді. Өтемдік келісімдер, әдеттегідей, шетел банктерінен ұзақ мерзімді кредиттер алуды қарастырады, бұл кредиттердің есебінен шетелдік фирмаларға белгілі бір объектіні салу үшін олардан сатып алынатын тауарлар төленеді. Жеткізілім құнын өтеу салынған объектілер өнімінің экспорты есебінен берілген кредиттің сомасын пайыздарды қоса толық жабатын көлемде жүргізіледі.
Мемлекеттік сыртқы қарыздардың мақсаттары республика- лық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру және төлем балан- сын қолдау болып табылады. Үкіметтің сыртқы қарыздар бойынша алған қаражаттары республикалық бюджетке есепке алынады және бюджеттің атқарылуы ретінде пайдаланылады, ал Ұлттық банктің алған қарыздары ақшалай-кредиттік саясатты жүзеге асыру мақсаттарына пайдаланылады. Бұл қаражаттар мақсатты арналымына қарай тікелей өтеусіз пайдалануға бағытталуы немесе ішкі (түпкілікті) қарыз алушыға қайтарылатын негізде берілуі мүмкін. Өтеусіз пайдалану бюджеттік жұмсау (қаржы бөлу) немесе Ұлттық банктің қаражаттарды пайдалануы арқылы жүзеге асады. Ішкі (түпкілікті) қарыз алушылар үшін қаражаттарды кредиттік келісімшарттар бойынша қарыз берушілер болып табыла- тын Үкімет немесе Ұлттық банк береді. Қарыздық қаражаттарды мақсатты пайдалануға бақылау жасауды заңнама мен кредиттік келісімшартқа сәйкес қарыз беруші жүзеге асырады, ал келісілген шарттар сақталмаған кезде тиісті санкциялар қолданылады.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы шетелдерден едәуір кредиттер алды. Сондықтан валюталық қаражаттарды ұтымды, үнемді жұмсаудың маңызы арта түсуде. Олар бірінші кезекте тұтынуға арналған тауарларды шығаратын кәсіпорындарды құру және жаңғырту және басым өндірістерді, яғни экономиканы сауықтыру үшін белгіленген құрылымдық саясатты ескере отырып дамыту үшін пайдаланылуы тиіс.
Кредиттің өтеу қабілетін бағалау үшін рейтинг агенттіктері елдің несие рейтингін әзірлейді, бұл ретте мына аспектілерге назар аударылады:
1.Демократиялық саяси жүйені жасаудағы прогресс; мұны демократиялық саяси институттардың тиімділігі, шешімдер қабылдау үдерісінің ашықтығы, экономикалық реформаларды жүргізуге саяси жолды ұстаушылық және оларды практикалық жүзеге асыруға қабілеттілік деп түсінеді.
1 Қаржылық тұрақтылыққа және экономикалық өсуге жетудегі жетістіктер. Олар өзіне мыналарды кіріктіреді: фискалдық және монетарлық саясаттың тиімділігі, ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталымдығы кезінде инфляцияның төменгі деңгейін ұстап тұру.
2 Рыноктық экономикаға көшудегі прогресс: экономикадағы жеке меншік сектордың рөлі (мемлекеттік секторды жекешелендірудің дәрежесі, жеке меншік компаниялардың жетістіктері, кәсіпорындардың құрылымын өзгерту, корпорациялық басқарудың тиімділігі, қоғамның салық салуға қатысындағы өзгерістер және төлем тәртібі, экономикалық қызметті ырықтандыру (баға белгілеудің еркіндігі, жаңа отандық және шетелдік компаниялар үшін рыноктардың ашықтығы, сыртқы сауда мен инвестициялық қызметтегі ашықтық), қаржы секторының ахуалы (банк секторының дамуы және оны реттеу, қаржы делдалдығының дамуы, қор рыногының және банктік емес қаржы мекемелерінің дамуы), рыноктык институттардың дамулығы (тиімді инфрақұрылым мен заңнаманың болуы).
3 Сауда ағындарын қайта бағдарлау. Экспорт пен импорттың өсу серпіні мен құрылымы, халықаралық экономикалық сауда ұйымдарына қатысу, қаржыландырудың көзі ретіндегі шетелдік тура инвестициялардың рөлі, менеджменттің деңгейі, технологияларды беру арқылы бағаланады.
17.4. Мемлекеттік борыш
Мемлекеттік кредит қызметінің нәтижесінде мемлекеттік борыш түзіледі. Мемлекеттік борыш – бұл алынған (игерілген) және өтелмеген мемлекеттік қарыздардың, белгілі бір күнге, сондай-ақ борыштық міндеттемелердің белгілі бір күнге сомасы (олар бойынша есептелген пайыздарды қоса). Мемлекеттік борыш ұлғаймалы ұдайы өндірісті және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін ақшалай ресурстарды тарту нысандарының бірі ретінде мемлекеттік қарыздарды пайдаланудан туады. Мемлекеттік борышты мемлекет мемлекеттік бюджеттің қаражаттары есебінен өтейді. Орналастыру рыногына, қарыз валютасына және басқа сипаттамаларына қарай мемлекеттік борыш ішкі және сыртқы мемлекеттік борыш болып бөлінеді. Ішкі мемлекеттік борыш – Үкіметтің, Ұлттық банктің және жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы ішкі мемлекеттік қарыздары мен басқа борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлігі. Сыртқы мемлекеттік борыш – Үкімет пен Ұлттық банктің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы сыртқы мемлекеттік қарыздары мен басқа борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борышының құрамдас бөлігі. Сондай-ақ күрделі және ағымдағы мемлекеттік борыш болып бөлінеді.
Сондай-ақ қатар күрделі және ағымдағы мемлекеттік борыштарды ажыратады.
Күрделі мемлекеттік борыш деп мемлекеттің шығарылған және өтелмеген борышқорлық міндеттемелерінің бүкіл сомасын (бұл міндеттемелер бойынша есептелген пайыздарды қоса) айтады. Ағымдағы борыш– бұл мемлекеттің барлық борышқорлық міндеттемелері бойынша кредиторларға табыс төлеу және мерзімі келген міндеттемелерді өтеу жөніндегі шығыстар.
Мемлекет кепілдендірген борыш – Қазақстан Республикасы- ның мемлекеттік кепілдіктері* бар белгілі бір күнге алынған жә- не өтелмеген мемлекеттік қарыздардың сомасы.
* Қазақстан Республикасының мемлекеттік (үкіметтік, егемендік) кепілдігі – Қазақ-стан Республикасының қарыз алушы-резиденті одан тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда берешекті толық немесе ішінара өтеуге Үкіметтің қарыз берушінің алдындағы міндеттемесі.