Төртінші: мәкрүһ ораза

1 -Ашура оразасында бір ғана оныншы күнді ұстау мәкрүһ танзиһан. Яғни тоғызын немесе он бірін қосып ұстаған жөн.

2 - Жұма күні арнайы ораза ұстау мәкрүһ танзиһан.

(لا تختصوا ليلة الجمعة بقيام من بين الليالي، ولا تَخُصُّوا الجمعة بصيام من بين الأيام، إلا أن يكون في صوم يصومه أحدكم)

«Жұманың түнін басқа түндерден ерекшелеп, түнгі (нәпіл) намазға арнамаңдар! Сондай-ақ басқа күндерден ерекшелеп, жұма күні арнайы ораза ұстамаңдар! Алайда біреулерің ұстап жүрген (бірнеше күндік) ораза сол күнге келіп қалса, ұстауына болады»[954].

3 - Сенбі күні арнайы ораза ұстау мәкрүһ танзиһан. Абдулла ибн Буср әпкесінен, Аллаһ тағала оларға разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا تصوموا يوم السبت إلا فيما افترض اللّه عليكم)

«Аллаһ тағала өздеріңе парыз еткен оразада болмаса, сенбі күні ораза ұстамаңдар!»[955].

4 - Өмір бақи ораза ұстау мәкрүһ танзиһан. Абдулла ибн Амру, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا صام من صام الأبد)

«Өмір бақи ораза ұстаушының оразасы жоқ!»[956].

5 -Күмәнді күні ораза ұстау мәкрүһ тахриман. Күмәнді күн дегеніміз - шағбан айының жиырма тоғызыншы күнінен кейінгі күн. Күн бұлтты болғандықтан, оның не шағбанның соңы екені, не рамазанның басы екені белгісіз.

6 -Уисал ораза. Уисал ораза дегеніміз - бүгінгі күнгі оразаны ауыз ашпай, сәресі ішпей келесі күннің оразасымен жалғастыру. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إياكم والوصال. قالوا: فإنك تواصل يا رسول اللّه. قال: إنكم لستم في ذلك مثلي. إني أبيت يطعمني ربي ويسقيني فاكلفوا من الأعمال ما تطيقون)

«Уисал жасаудан сақтаныңдар!». Сонда адамдар: «Әй, Аллаһтың елшісі! Сіз солай жалғастырасыз ғой?»-дейді. Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Бұл істе сендер мен секілді емессіңдер. Мені түнде Раббым тамақтандырып, шөлімді қандырады. Шамаларың келетін істерді атқарыңдар»-дейді[957].

7 - Жолаушы кісіге қиналып ораза ұстау мәкрүһ тахриман. Жәбир ибн Абдулла, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ليس من البر أن تصوموا في السفر)

«Сапарда ораза ұстау жақсылық емес»[958].

8 - Әйел кісіге күйеуінің рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстау мәкрүһ танзиһан. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا تصوم المرأة وبَعْلُها شاهد إلا بإذنه)

«Әйел кісіге күйеуі қасында бола тұра, оның рұқсатынсыз ораза ұстауына болмайды»[959]. Біріншіден, әйел кісі әлсіз жан саналады. Екіншіден, жүкті немесе бала емізген болуы мүмкін. Үшіншіден, үй шаруасы мен балаларына қарауы одан әжептәуір күш-жігерді талап етеді. Әйел затына осы міндеттерін толық атқаруға қажетті әл-қуатын нәпіл ораза алатын болғандықтан, күйеуінің келісімінсіз ұстауына болмайды.

9 -Сөйлемей ораза ұстау мәкрүһ танзиһан. Бұл - ислам шариғатына жат ораза. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(بينما النبي صلى اللّه عليه وسلم يخطب إذا هو برجل قائم، فسأل عنه فقالوا: أبو إسرائيل نذر أن يقوم ولا يقعد، ولا يستظل ولا يتكلم، ويصوم. فقال النبي صلى اللّه عليه وسلم: (مره فليتكلم وليستظل وليقعد وليتم صومه)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) құтпа айтып тұрғанда бір кісінің түрегеп тұрғанын көреді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оның отырмай түрегеп тұруының мәнісін сұрағанда, адамдар: «Ол - Әбу Исраил. Отырмай, түрегеп тұруға, көлеңке қолданбауға және сөйлеспей ораза ұстауға серт беріпті»-дейді. Сонда пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Оған сөйлесуін, көлеңкені қолдануын, отыруын және оразасын жалғастыруын бұйырыңдар!»-дейді»[960].

10 - Ораза айты мен Құрбан айтында ораза ұстау мәкрүһ тахриман. Әбу Саъид әл-Хұдри, былай деді:

(نهى النبي صلى اللّه عليه وسلم عن صوم يوم الفطر والنحر)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Ораза мен Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салды»[961].

11 - Ташриқ күндері ораза ұстау мәкрүһ тахриман. Нубайша Әл-Һузали, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(أيام التشريق أيام أكل وشرب)

«Ташриқ күндері - тамақ жеп, сусын ішетін күндер»[962].

Бесінші: Нәзір

Нәзір дегеніміз - Мұсылманның Аллаһ тағалаға бір істі орындауына серт беруі. Нәзірді орындаудың үкімі - парыз. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде салиқалы құлдарына берген сипаттамасында былай дейді:

﴿ يُوفُونَ بِالنَّذْرِ وَيَخَافُونَ يَوْماً كَانَ شَرُّهُ مُسْتَطِيراً ﴾

«Олар нәзірлерін орындайды және жамандығы шашырайтын күннен қорқады»[963].

Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من نذر أن يطيع اللّه فليطعه)

«Кім Аллаһқа бағынуға нәзір берсе, Оған бағынсын!..»[964].

Орындалатын нәзірдің шарттары:

1 -Намаз, ораза, қажылық секілді құлшылық болуы.

2 - Орындаушының шамасы жетуі.

Нәзірдің түрлері:

1 - Еркін нәзір. Бұл - «Раббым үшін екі рәкат намаз оқимын» немесе «Раббым үшін бір күн ораза ұстаймын» деген сертпен кез келген уақытта және кез келген жерде орындалуы парыз болған нәзір.

2 -Тәуелді нәзір.Бұл нәзір өз ішінде екіге бөлінеді:

Бірінші: Шарттың жүзеге асуына тәуелді нәзір. «Аллаһ тағала маған бала нәсіп етсе, он міскінді тамақтандырамын» немесе «Аллаһ тағала осы ісімді жеңілдетсе, бір апта ораза ұстаймын» деген сертпен берілген нәзірдің орындалуы шарттың жүзеге асуына тәуелді. Аллаһ тағаланың оған бала нәсіп етуі жүзеге асса, нәзірін орындауы уәжіп болады.

Екінші:Шартқа тәуелді болғанымен оның жүзеге асуын қаламайтын нәзір. «Пәленшемен сөйлеспеуге серт беремін. Егер онымен сөйлесіп қойсам, Аллаһ үшін бір ай ораза ұстаймын» деген сертпен берілген нәзірдің орындалуы пәленшемен сөйлесіп қоюына тәуелді. Егер сөйлесіп қойса, не нәзірін орындайды, не ант бұзу кәффәрәтін өтейді.

Наши рекомендации