Азақстандағы көлік жүйесі

Су көлігі.

Жүк поезі.

Airbus A319 ұшағы

Көлік атауы тарихы
Су көлігі көлік жүйесінің ажырамас бөлігі. Ол мұнай мен мұнай өнімдерін, ағаш және құрылыс материалдарын жаппай тасымалдауға тиімді. Су көлігінің көліктің басқа түрлерімен, ең алдымен, темір жол көлігімен “тоғысатын” өзіндік ерек-шелігі бар, яғни кемелерден вагондарға және керісінше вагондардан кемелерге тиеу мүмкіндігі зор. Бүгінгі таңда су көлігі Қазақстанда өзенжәне теңіз көліктеріне бөлінеді. Өзен көлігі кеме қатынайтынөзендерге(Жайық, Ертіс, Сырдария, Есіл, Іле, Қаратал өзендеріне Балқаш көліне); теңіз көлігі Каспий теңізі алабында қызмет көрсетеді.
Темір жол көлігі Республиканың көлік кешеніндегі маңызды қатынас құралы, көлік инфрақұрылымындағы басты буын. Қазақстанның географиялық жағдайы (теңізге тікелей шығу мүмкіндігінің жоқтығы), оның ұлан-байтақ аумақты алып жатуы, өндірістің шикізаттық құрылымы, өндіргіш күштердің орналасуы, автожол инфрақұрылымының жеткілікті дамымағандығы себепті темір жол көлігінің ел экономикасындағы рөлі айрықша маңызды. Тасымалданатын негізгі өнімдер – көмір, астық, мұнай, кентас,минералдық тыңайтқыш сияқты автомобиль көлігімен тасымалдауға тиімсіз сусымалы және сұйық жүктер.  
Автомобиль көлігі жүктерді таяу және орта қашықтыққа жедел жеткізетін тиімді көлік құралы. Ол Қазақстанда кезең-кезеңмен дамыды. Қазақстандағы халықаралық автомобиль тасымалы, негізінен, халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарында орындалады.
Әуе көлігі әуе тасымалын орындайтын көлік түрі. Басқа көлік түрлерінен айырмашылығы – жылдамдығында. Әуе көлігі Америка мен Еуропаның бірқатар елдерінде 1-дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болды. · Қазақстанға тұңғыш ұшақ 1918 ж. ұшып келді (Мәртөк – Новосергеевка бағытында). · 1924 ж. “Ю-13” ұшағымен Ташкент – Алматы, Алматы – Ташкент бағытында бірінші рет ұшу сынағы өткізілді. · 1925 ж. Бішкек – Алматы әуе жолымен алғашқы пошта тасымалы жасалды. 1929 ж. Қызылорда – Мәскеу әуе жолы ашылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірнеше әуе компаниялары (“Эйр Қазақстан”, “Эйр Астана”) құрылды. Әуе компаниялары ішкі және халықаралық жолаушылар, пошта, жүк тасымалдауды, т.б. орындайды.
Құбыр желісі көлік құралдарының бірі; сұйық, сусымалы жүктерді, мұнайды, газды құбырмен тасымалдау. Мұнда жылжымалы құрам – құбыр желілерінің өзі. Ондағы жүк қысыммен жылжиды. Әрбір 100 – 140 км қашықтықта автоматты түрде жұмыс істейтін сероп стансалары орнатылады. Құбыр желісі (мұнай құбырлары мен газ құбырлары) Қазақстанда тұңғыш рет 1970 ж. іске қосылды.

Автомобиль көлік кешені 7 дәлізге бөлінеді.

· 1-дәліз: Қорғас – Алматы – Ташкент. Өзбекстанды Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтарымен жалғастырады және шығыста ҚХР-на шығады. Батыста автожол Өзбекстан арқылы Орталық Азия елдеріне апарады. Шымкент қаласында 1-дәлізге шыққаннан кейін Қытайға, Орталық Азия елдеріне және Түркияға шығуды қамтамасыз етеді.

· 2-дәліз: Ресей Федерациясы шекарасы – Орал – Ақтөбе — Қызылорда – Шымкент. Орталық Ресейді Қазақстанның оңтүстік аймақтарымен байланыстырады.

· 3-дәліз: Ресей Федерациясы шекарасы – Петропавловск – Астана – Алматы – Қырғызстан шекарасы. Солтүстікте автожол Оралдың өнеркәсіпті аймағына шығады. Қазақстанды орталық бөлікте кесіп өтіп, Солтүстік Қазақстанның астықты аймағын, Қарағанды өнеркәсіптік аймағын республиканың батысымен өзара байланыстырады, Қытай және Пәкстан арқылы Үнді мұхитына шығады. Бағыт Қазақстанның елордасы Астана қаласына көшірілгеннен кейін ерекше мәнге ие болды.

· 4-дәліз: Ресей Федерациясы шекарасы (Омбы) – Павлодар – Семей – Майқапшағай. Батыс Сібірдің өнеркәсіптік аймақтарының, Павлодар аймағының, Шығыс Қазақстанның Қытайға шығуын қамтамасыз етеді.

· 5-дәліз: Ресей Федерациясы шекарасы (Челябі) – Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (Новосибирск). Қазақстан аумағы бойынша ұзындығы 220 км болатын маршрут – Сібір аймақтарын орталық Ресеймен жалғастыратын магистралдық автожолдың бір бөлігі.

· 6-дәліз: Ресей Федерациясы шекарасы (Қорған) – Петропавл – Есіл – Арқалық – Жезқазған – Қызылорда – Өзбекстан. Орталық Қазақстанның аймақтарын (астық өсіретін және кен өндіретін) кесіп өтеді. Солтүстік Қазақстаннан, Оралдың арғы жағынан және Батыс Сібірден Орта Азияға және Үнді мұхитына шығатын ең қысқа жол.

· 7-дәліз: Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахан) – Атырау – Бейнеу – Түрікменбашы.

Өркениетті елдердегі тәрізді Қазақстан да көлік жүйелері мен желілерін жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Оған 1998—2005 жылдар аралығында көлік инфрақұрылымы мен көлік түрлерін жетілдіруге бағыттайтын үкімет жобасы дәлел болады. Бұл жоба халықаралық көлік жүйесіне кіру мақсатын көздейді. Жылма-жыл бұл салаға 320 млн АҚШ доллары есебінде инвестиция тартылады. Қазақстандағы жолаушы және жүк тасымалының үлесі аса қарқынды өсіп отырған саласы — теміржол көлігі болып табылады.

Қорытындылау.

Наши рекомендации