Нисап толмаған немесе артқан жағдайдағы зекет үкімі

85 граммға (20 динарға) толмаған алтыннан және 595 граммға (200 дирхамға) толмаған күмістен мүлде зекет берілмейді. Өйткені бұл екі көрсеткіш зекетті парыз ететін шариғат белгілеген нисап. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Сенде 200 дирхам болса және оған бір жыл айналса, одан бес дирхам төленеді. Сөйтіп, сенде 20 динар болмайынша, бұдан басқа нәрсе төлеуің саған жүктелмейді. Ал қашан сенде 20 динар пайда болса және оған бір жыл айналса, одан жарты динар төленеді»[1022].

Алтын мен күмістің көлемі шариғат белгілеген нисап көрсеткішінен асқан жағдайда имам Әбу Ханифаның көзқарасында нисап үстіндегі сан 40 дирхамға толмайынша, одан ешнәрсе берілмейді. Нисаптың үсті 40 дирхамға толса, сол 40 дирхамнан 1 дирхам беріледі. Әл-Хасан әл-Басриден жеткен хабарда Омардың Әбу Муса әл-Ашъариға, Аллаһ тағала оларға разы болсын, жазған хатында былай делінген:

(فما زاد على المائتين ففي كل أربعين درهماً درهم)

«200 дирхамнан асқан әрбір 40 дирхамнан 1 дирхам беріледі»[1023].

Осы дәлелге негізделген имам Әбу Ханифаның көзқарасында күмістің нисабы 200 дирхамнан (595г) асқанда әрбір 40 дирхамнан 1 дирхам зекет беріледі. Нисап үсті 200 дирхамға толғанша осылай беріледі.

Мысал: 280 дирхамнан зекет былай беріледі: 200 + 40 + 40 =5+1+1=7 дирхам зекет беріледі. Мұның жеңіл жолы былай: 280 дирхамнан 2,5℅-і беріледі. Бұл - 7 дирхам.

Алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың зекеті

Мәлики, шафиғи және ханбали мәзһаптарында алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар саудалық мақсатпен ұсталса ғана олардан зекет беріледі. Ал ханафи мәзһабінда мейлі сауда, мейлі әшекей үшін ұсталса да зекеті беріледі. Өйткені алтын мен күміс жаратылысынан сауда көзіне айналған және әрдайым өсіп тұратын мал-мүлік.

Бір күні Аллаһтың елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір әйел келеді. Қасында қызы болады және оның қолында үлкен екі алтын білезік бар екен. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) одан:

(أتعطين زكاة هذا؟ قالت: لا. قال: أيسرك أن يسوركم اللّه بهما يوم القيامة سوارين من نار؟ قال: فخلعتهما فألقتهما إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم وقالت: هما للّه عز وجل ولرسوله)

«Мыналардың зекетін бересің бе?»-деп сұрайды. Қыз: «Жоқ»-деп жауап береді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам):«Қиямет күні Аллаһ Тағала ол екеуінің орнына саған оттан жасалған екі білезікті тағуын қалайсың ба?»-дейді.Қыз екі білезігін шешіп пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) қарай тастайды да: «Бұл екеуі Аллаһ тағалаға және Оның елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам)»-дейді[1024].

Інжулер мен бағалы тастардан зекет төлене ме?

Әшекей үшін ұсталған інжулер мен бағалы тастардан, тіпті олар тым бағалы болса да, зекет төленбейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(ليس في حجر زكاة إلا ما كان لتجارة من جوهر ولا ياقوت ولا لؤلؤ ولا غيره إلا الذهب والفضة)

«Алтын мен күмістен басқа бағалы тастарға гауһар болсын, жақұт болсын, інжу болсын, одан басқасы болсын, мүлде зекет төленбейді. Тек сауда үшін ұсталса ғана төленеді»[1025].

Арыздағы малдың зекеті

Имам Әбу Ханифаның көзқарасында қарыз үш түрде қарастырылады:

1.Үлкен қарыз. Бұған қарызға сатылған саудалық тауар жатады. Мұндай қарыздан қолға қайтып келген ақшаның көлемі нисаптың бестен бірін құраса, яғни 200 дирхамның 40 дирхамын (119гр күмісті) құраса, жылдық айналымы ескеріле отырып, 1 дирхам (2,975гр күміс) зекет береді.

2.Орташа қарыз. Саудалық мақсаттан тыс қарызға сатылған үй, жиһаз секілді тіршілік қажеттіліктерінің бірі. Жыл айналымы сатылған күннен басталады. Бір жыл айналуымен қолына қайтқан қарыз көлемі нисапқа толса ғана зекет төленуі парыз. Нисапқа толмаса, ешнәрсе төленбейді.

3.Жеңіл қарыз. Бұған мирас, маһр секілді нәрселер жатады. Мұндай нәрселердің көлемі нисапты толық құраса, иесінің қолына нақты түсуімен және оған бір жыл айналуымен беріледі. Көлемі нисапты құрамаса, одан зекет төленбейді.

Ақша зекеті

Ақша нисабы және одан төленетін зекеттің мөлшері алтын мен күмістегідей 2,5℅ төленеді. Егер мұсылманның иелігінде 85г алтынның құнына тең ақша болса, оның 2,5℅-ін төлейді. Мысалы: 1гр алтын 1500 теңге болса, 85г алтын 127500 теңге болады. Оның 2,5℅-і 3187,5 теңге болады.

Айырбас бағамы

Зекет берілетін күні ақшаның нисап мөлшері алтынның немесе күмістің сол күнгі жергілікті айырбас бағамымен өлшенеді. Өйткені айырбас бағамы әлем бойынша әрдайым өзгеріп отыруда.

Нды қағаздар

Акциялар мен вексельдер секілді құнды қағаздардан зекет төленеді.

Акциядегеніміз - белгілі бір тұлғаның акционерлік қоғамның капиталына ақша қосқанын айғақтайтын құнды қағаз. Сондай-ақ акциялар дегеніміз - сауда жолымен айналуға бейім, құндары бірдей және бір-бірінен бөлінбейтін құжаттар. Оларды әртүрлі құнға ие етіп шығаруға болмайды. Бірдей құн дегеніміз - шыққан акцияда заң тарапынан белгіленген атаулы құн. Акцияның атаулы құны оның саудалық құнынан да, шынайы құнынан да өзгеше болады. Саудалық құндегеніміз - акцияның нарықтағы немесе биржадағы құны. Бұл құн ұсыныс пен сұранысқа қатысты, сондай-ақ нарық жағдайы мен бірлестіктің атағына байланысты өзгеріп отырады.Шынайы құндегеніміз - бірлестік тараған кездегі акцияның мүліктік құны. Сөйтіп, акция дегеніміз - акционерлік қоғам шығаратын құнды қағаз. Ол қағаз акционерлерге сол акционерлік бірлестіктің ісін жүргізуге және одан дивиденд алуға құқық береді. Сондай-ақ бірлестік тараған жағдайда олар мүліктен үлес алу құқығына да ие. Дивиденд ақшамен не құнды қағазбен беріледі.

Вексельдегеніміз - алған қарыз ақшаны белгілі мерзімде төлеуге берілетін міндеттеме қағаз. Вексельдің акцияға ұқсас жері - екеуінің де атаулы құны бар және екеуі де саудалық жолмен айналуға бейім. Акция мен вексель арасындағы негізгі өзгешелік, акция - акционерлік бірлестіктегі дивиденд, анығырақ айтқанда, акцияның иесі бірлестіктегі серіктес. Ал вексель болса, ол қожайыны тарапынан бірлестікке берілген қарыз.

Акцияның қожайыны акционерлік бірлестік пайда тапқанда ғана пайда көреді. Ал вексельдің қожайыны бірлестік пайда тапса да, таппаса да жыл сайын тұрақты пайда көреді.

Түйін: Шариғат бойынша акциямен істесуге болады. Өйткені акционерлер бірлестіктің серіктестері және олар бірлестік пайда тапса ғана пайда көреді. Ал вексельмен істесуге шариғат тиым салады. Өйткені вексель қожайындары бірлестік пайда тапсын, таппасын, бәрібір, жыл сайын өсімқорлық жолмен тұрақты пайда көреді. Акция мен вексель секілді құнды қағаздар зекеті сауда тауарлының зекеті секілді төленеді. Жыл аяғында жалпы құннан 2,5℅ зекет беріледі. Вексельдің зекеті тек негізгі капиталынан ғана беріледі. Ал үстіндегі пайда арам болғандықтан, одан зекет берілмейді.

Наши рекомендации