Депозит қоржыны және коммерциялық банктің депозиттік саясаты

Тартылған қаражаттарды тиімді басқару банктің депозиттік саясатының жасалуын көздейді. Коммерциялық банктің депозиттік саясаты салым иелерінің ақшалай қаражаттарын депозитке тарту және тартылған қаражаттарды тиімді басқарумен байланысты банктік саясатты білдіреді. Депозиттік саясат банктің қаражаттарды тартумен байланысты стратегиясы мен тактикасын қамтиды. Депозиттік саясат- банктік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде банктің депозиттік операцияларын дұрыс ұйымдастыруға бағытталған шаралардың жиынтығын білдіреді. Кең мағынасында депозиттік саясатты депозит қызметін көрсетуші мен салым иелері арасындағы қатынасты реттеу құралы ретінде қарастыруға болады. Тар мағынасында, бұл кез келген коммерциялық банктің депозиттік операцияны ұйымдастыру барысындағы банктің стратегиясы мен тактикасын сипаттайды. Коммерциялық банктердің депозиттік саясатының басты мақсаты- ҚР заңына сәйкес депозиттік операциялардың жүргізуде банктердің бар мүмкіндіктерін пайдалану және өтімділіктің қажетті деңгейіне қолдау көрсету. Банктердің депозиттік саясатының міндеттері мынадай болуға тиіс: - банктің депозиттік базасын нығайтып, депозиттік нарықтағы үлесін кеңейту; - меншікті капиталға қатысты нормативтерді сақтай отырып, банктің депозиттік портфелінің көлемін ұлғайтып, оның сапасын арттыру; - банктің активі мен пассивін басқаруға байланысты шешімдерге сәйкес және өтімділік саясатына қарай банктің ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді депозиттерінің өзара шекті қатынасын қолдау; - барлық салым иелеріне қатысты өлшемді және икемді саясат ұстану. Депозиттік саясаттың ұғымын екі тұрғыдан қарауға болады. Кең мағынада бұл салым иелерінің және өзге де кредиторлардың ақшалай қаражаттарын тартумен, сондай-ақ қаражат көздерін анықтаумен байланысты банктің қызметін сипаттайды. Ал, тар мағынада бұл банктің өтімді қаражаттарға деген қажетін қанағаттандыру мақсатында тартылған қаражаттарды іздестіру шараларын білдіреді. Депозиттік саясат банктің стратегиясына сәйкес жасалуы тиіс. Сондықтан банк өзінің депозиттік саясатын жасау барысында өзінің әлеуетті клиенттерін, яғни жеке салымшыларды немесе салымшылар ретінде заңды тұлғаларды дұрыс таңдай білуі қажет. Банктік ортадағы күшті бәсекелестік жағдайында банктер агрессивтік- депозиттік саясат жүргізуді таңдайды. Сонымен қатар, клиенттерді тартуда банктердің тиімді пайыз саясатын қолданғаны дұрыс. Ол үшін банк депозиттік саясат шегінде өзінің тактикасын жасауы қажет. Депозиттік операцияларды жүргізуде банктер мынадай принциптерді басшылыққа алады: - депозиттік базаны қалыптастыру барысында заңдық және нормативтік талаптардың орындалуын сақтау; - депозиттік операциялар банктің пайда табуына ықпал етуге тиіс; - тартылған депозиттік ресурстар банктің өтімділігін қамтамасыз етуге тиіс; - депозиттік ресурстардың субъектілері, түрлері және мерзімдері бойынша дифференциалдануын қадағалауы қажет. Банктің депозиттік саясаты депозиттік операцияларға байланысты туындайтын тәуекелдерді басқаруға аса мән береді. Депозиттік саясаттың міндеті: банк балансының өтімділігін сақтау; ең төменгі шығынды ресурстар тарту; барынша ұзақ мерзімге қажетті мөлшерде депозит тартуды қамтамасыз ету; алдағы уақыттарда банкте тұрақты ресурстардың шоғырлануын қамтамасыз ету. Депозиттік саясат туралы ереженің құрылымы мынадай баптарды қамтуға тиіс: - жалпы ереже; - депозиттік саясатттың мақсаты мен міндеттері; - банктің құрылымдық бөлімшелерінің өзара әрекеті; - банк ресурсының құрылымы; - ақшалай қаражатты тарту мерзімі және депозиттік келісімшартты бекіту тәртібі; - депозиттік келісімшартты жасауға және банкте шот ашуға қажетті құжат-тардың тізімі; - депозиттік және жинақ сертификаттарын сатумен байланысты операцияларды рәсімдеу тәртібі және оған қажетті құжаттар; - банктік және банктік емес ұйымдардың қаражаттарын тарту және рәсімдеу тәртібі; - ҚР Ұлттық банкінің белгілеген міндетті резерв нормалары негізінде резервтік шотқа қаражат аудару тәртібі; - құжаттарды сақтау тәртібі. Клиенттердің құрамына және банк қызметінің бағытына байланысты депозиттік саясаттың өзге де бөлімдері болуы мүмкін. Депозиттік саясаттың қалыптасуы мен іске асырылуына ықпал ететін факторларды екі тұрғыдан бөліп қарауға болады. Бірінші, клиенттің тұрғысынан: жинақтау шартына байланысты анықталатын экономикалық қатынастар субъектілерінің мүдделерінің әр түрлілігі, жағрафиялық жағдайы, ұлттық дәстүрлер, әлеуметтік топтың ерекшеліктері, соның ішінде жасы, олардың рухани, саяси, әлеуметтік мүдделері, отбасы жағдайы, білім деңгей, мамандығы, табысының деңгейі, зейнетақымен қамсыздануы, салымдарды сақтандыру жүйесінің дамуы және т.б. жатады. Ал банктің тұрғысынан алсақ, ондай факторларға мыналар жатады: бәсекелестік деңгейі, банктік қызмет түрлерінің даму қарқыны, “бәрі клиенттер үшін” деген саясат, банктік қызметтердің сапасы, тәуекелдің диверсификациялану, банк қызметкерлерінің біліктілік деңгейі, қаражатты тарту технологиясының жағдайы, банктік операциялардың қазіргі техникалармен қамтамасыз етілуі және т.б.

Наши рекомендации