Көп түрік енші алып тарасқанда

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» (Мағжан Ж.)

Мағжанның «Пайғамбар», «Тұранның бір бағында», «Түркістан» деген өлеңдерінде Тұран, Алаш елінің бір кездері «Суы- күміс, жібек- қыры» бар кең далада тұлпарларға мініп, алты құлаш ақ найзаны белге байлап, алдаспанды қолға нық ұстап Сарыарқада сауық-сайран құрған күндерін жырлайды. Әә»Пайғамбар» өлеңінде:

«Ерте күнде отты Күннен Гун туған,

Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам,

Жүзімді де, қысық қара көзімді,

Туа сала мен жалынмен жуғам,

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен- Күнұлы, көзімде Күн нұры бар,

Мен келемін, мен келемін, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар!»

«Ғаскер» өлеңінде Жүсіпбек А.:

«Арғы атам Ер түрік,

Біз қазақ еліміз!

Самал тау, шалқар көл,

Сарыарқа жеріміз,

Сай-сайлап, мал айдап,

Ерке өскен Арқаның Еркесі серіміз».

«Алаштың» басты мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің қазіргі жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді» деген болатын Елбасы.

Алаш қайраткерлерінің түп қазық идеясы – қазақ мемлекеті. Ол үшін ата-баба қанын төгіп қорғаған, сақтап қалған, мыңжылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпау, сатпау, жерден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз; мемлекеттік басқару дәстүрлерді сақтай отырып, алдыңғы қатарлы Еуропа, Америка, Жапония үлгісіндегі қағидаттарға негізделген демократиялық сайлаушылар арқылы жасалған жүйелермен жүру керек; бұл ретте ешкімнің нәсіліне, жынысына, дәулетіне байланысты шектеу жоқ; шикізат емес, ұқсатып жасаған, пайда әкелетін өнім шығару мемлекет әрекетінің ең бірінші шарты; қазақ тілін дамыту, оқулықтар, сөздіктер жасау, мектептер, университеттер ашу; өз ақшасын шығару, әскер құрып, елді – мемлекетті қорғау керек.

Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Алаш» сол кездегі еуропалық үлгідегі ұлттық демократиялық партия болған. Партияның басты құжаты саналатын бағдарламасының өзі сол тұстағы батыстағы кез келген партияның бағдарламасынан кем болмаған», - дейді.

«Түбінде еліміз егемендігін алады. Өз алдына дербес мемлекет болады. Мемлекеттілігімізді алған кезде ең бірінші болып Қараөткелде университет саламыз» деп мақсат еткен болатын алаш арыстары.

ХХ ғасыр басындағы озық ойлы қазақ зиялыларының бұл асыл армандары ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен 1997 жылдың 10 желтоқсанынан республика астанасы болып бұрынғы Ақмола қаласының жаңа астана болып жариялануымен және 1996 жылғы мамыр айындағы Президент Жарлығымен еуразиялық үлгідегі ұлттық университеттің құрылуымен толық жүзеге асты дер едік.

Бүгінгі күні қазақтың ұлан-ғайыр даласының дәл төсінде бой көтерген Астана қаласы еліміздің ұлы мұраттары мен игі бастамаларының ұйытқысына айналса, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық деңгейлі заманауи жоғары оқу орны болып саналады.

Ұлттық білім ордасын Еуразияның бел ортасында орналасқан Қараөткелде ашуды жоспарлаған алаш зиялылары білім және ғылым саласы турасында «Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының «Ғылым-білім үйрету» деп аталынатын ІХ бөлімінде оқу орындарында білім алу жалпы халыққа қол жетімді, әрі тегін болуын, бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту, ұлттық орта мектептер мен университет ашу қажеттігін көрсете келе, одан әрі: «оқу жолы өз алды автономия түрінде болуы; хүкмет оқу ісінде кіріспеу; мұғалімдер-профессорлар өз ара сайлаумен қойылуы» деген оқу-білім мәселесіне қатысты белгілеген басты бағыттар қазіргі күнгі әлемдік білім беру деңгейіне сәйкес келетін негізгі талаптар екендігіне көз жеткіземіз. Ендеше, біздің ұлттық зиялыларымыз осыдан 90 жыл бұрын озық тәжірбиелі шетелдік білім беру жүйесін таңдаған. Өйткені, Алаш идеологиясының түпкі мәнісі «Жұртта білім болса, байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы. Егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші» дегенге сайып келді.

«Алаш» ұстанымы - халық ұстанымы, ұлт ұстанымы. Қазақ қанша өмір сүрсе «Алаш» сонымен бірге өмір сүретін болады. «Алаш» идеясы - халықтың құндылықтарын сақтау, оны ұрпаққа жеткізу идеясы. Ал біз үшін ең үлкен құндылығымыз ол біздің атамекеніміз - қазақ жері, оның асты-үсті байлығы. «Алаш» идеясы сол қазақтың асты-үсті байлығын ұрпаққа жеткізу үшін жасалған идея. «Алаш» зиялылары ондаған жыл бойы осы мақсат үшін күресті. «Алаш» зиялылары қазақ халқының өз мемлекет тәуелсіздігін алу үшін тер төкті. «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Мемлекеттігі жоқ халық - жетім халық» деген қанатты сөзі содан қалса керек-ті. Мемлекеттігі жоқ халық, қорқақ халық, жалтақ халық деген сөз. «Алаш» зиялылары мемлекет үшін, ұлт үшін күресті.

Қазақтың сан ғасырлық күрделі тарихында Алаш қозғалысының орны ерекше екендігін түйсіне отырып, ұлт-азаттық ұлы қозғалысқа айналған осы оқиғаның маңызы мен мәнін таразылау – қазіргі тәуелсіздік мұраттарымен байланысты екендігі белгілі. Осы орайда біз бұл мәселеде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады» деген ұлағатты сөздерін басшылыққа алуымыз қажет.

Дәріс 4.

Наши рекомендации