Салауатты Өмір салты
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасында «Салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымыздың дене тәрбиесімен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткі, темекі мен алкогольді тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т.с.с. бағытталған» - делінген.
Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», деген сөзі бар. Ендеше, алдымен дүниеге келген жаңа ұрпақтың осындай жолға түспеуіне, олардың бұдан былай салауатты өмір сүруіне жағдай жасау керек.
Ұлттық тәрбие ар-ұятымызды молайтып, адамгершілік қасиетімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, парасаттылыққа, инабаттылыққа, арақ ішпеуге, бұзақылық жасамауға үйретеді.
Қазіргі уақытта 16-18 жас аралығындағы жастар темекі, ішімдік, нашақорлық тәрізді жаман қылықтармен айналысады. Бұл олардың болашағына, денсаулығына кері әсер етеді. Мұндай жағдайлар болмас үшін қазіргі кезде нашақорлық пен ішімдікке қарсы күрес жүргізу ұйымдары жұмыс жүргізеді. Болашақта бақытты болғысы келетін азаматтар өз денсаулықтары үшін денешынықтыру жаттығуларымен және спортпен жиі айналысуы керек. Сонымен қатар қазіргі ХХ-ХХІ ғасырдың ең қауіпті, зиянды ауруларының бірі СПИД-ке қарсы күрес жүргізілуі керек. Азаматтар әрқашанда бұл жаман дерттің қалай таралатынын естерінен шығармауы тиіс.
Қазақстан Республикасында дені сау, білімді, бәсекеге лайық азаматтар өмір сүрсе, болашақта мемлекеттің гүлденуіне ешкімнің күмәні жоқ.
Тапсырмалар.
1. Мәтінді оқып, мазмұнын түсіндіріңіз.
2. Мына мақалдардың мағынасын қалай түсінесіз? Өз ойыңызды жеткізіңіз.
· «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».
· «Дені саудың, жаны сау».
· «Басты байлық – денсаулық».
· «Ауру айтып келмейді».
3.Сіз салауатты өмір салтын ұстанасыз ба? «Салауатты өмір салты» дегенде ойыңызға қандай сөздер түседі? Жазыңыздар.
4. Мына сызбаны толықтырыңыз. Әр бөліміне жеке тоқталыңыз.
5. Мына көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойыңыз:
... өмір, ... жол, ... ұрпақ, ... тәрбие, .... қасиет, .... әсер, ..... ұйым, .... азамат
6. Сын есімнің шырайларына мысал келтіріңіз.
7. Мәтін бойынша хабарлы сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге айналдырыңыз.
8. Саналы азамат сөзін жіктеңіз.
9. Сан есімдерді теріп жазып, реттік, болжалдық түрге айналдырыңыз
ОРШАҒАН ОРТАНЫ ИНЖЕНЕРЛІК ҚОРҒАУ
Адамның денсаулығы мен қызметі үшін қоршаған ортаның таза болуы қажет. Бұл адамдардың жағдайын жақсартады. Қазіргі уақытта табиғат ресурстарын орынсыз пайдалану, қоршаған ортаны өндіріс қалдықтарымен ластау көптеп байқалады. Республикада экологиялық жағдайлардың нашарлауы табиғатты қорғау әрекетінің жеткілікті түрде болмауынан болып отыр. Қоршаған ортаның денсаулыққа зиян факторларын анықтау қажет. Қоршаған ортаны инженерлік қорғау мәселелерін айқындау керек.
Тапсырмалар.
1. Жаңа сөздерді оқыңыз, аударыңыз.
2. Мына сөздердің синоним сыңарларын табыңыз: орынсыз, қалдық, нашарлау, жеткілікті, айқындау.
3. Шылау сөздерді еске түсіріңіз.
4. Септеулік және жалғаулық шылауларды қатыстырып сөйлемдер құрастырыңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.
2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.
4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (2-тақырып) [қосымша14,15,17, 20]
1. «Адам және қоғам» тақырыбына әңгіме.
2. «Салауатты өмір салты» тақырыбына реферат.
3. «Қоршаған ортаны инженерлік қорғау» тақырыбына презентация.