XI. Төртуыл-Қожамбеттің тойы
Осы жолы Тоян нағашымыз біздің үйде біраз қонақтады. Әңгімешіл, сөз бастарының алдында, мұрты жыбырлап, жымиып алып бізге ойда жоқ сұрақ қоятын. Көп жағдайда ол сұрағы алдағы айтар әңгімесіне қатысы болмайтын.
Бүгін малды ерте Әбіл өргізіп кетті. Ересектен үйде Мырза екеуіміз. Әкей шаруалармен ойға кеткен. Таңғы шәй аяқталған кезде ақсақал «мал жаққа бармайсыңдар ма» деді. Қайтарда отын өңгеріп келерміз деді. Мырза екеуіміз де атқа қондық.
Жайлаудың өрісі алыс емес, әңгімелесе отырып теріскейден малдың алдын шығарып келе жатқан Әбілге келдік. Нағашымыз аттан түсіп, малдасын құрып жайғасты. Біз де аттан түстік. Қария қалтасынан шақшасын алып, насыбайды алақанына толтыра салып, кезек-кезек екі танауына алақанын жақындатып құшырланып иіскеп алды да, рахаттана елітіп біраз отырды. Бізді селк еткізіп бір түшкіріп алып, маған жалт қарап «Әй осы Брежнев пен Подгорныйдың қайсысының қызметі үлкен» деді. Басталды дегендей екі ұл жымың ете түсті. «Подгорныйдың» дедім мен. «Иә» - деді. «Брежнев 17 миллион коммунистердің, ал Подгорный 185 миллион халқы бар мемлекеттік басшысы» деп қомданып бір көтеріліп қойды да әңгіме бастады.
«1929 жылы шілденің аяғында мына жазықта бір керемет той болып еді. Мен уақытты дәп айтып отырғаным, 1930 жылы байлардың мал-мүлкін тәркілеу басталды. сол жылы төртуылдың жайлауы иен қалды. Тап күресі деген сөз бізге де жеткен. Қазақ азаматтарының арасында, осы өңірде алғашқылардың легінде тап күресінің туын ұстағандардың бірі менмін. Бұрын үстемдік жасап келгендер, бізбен санаса бастаған. Жаңағы айтқан 1929 жылы ек і ру елдің көзі ашық атқа мінерлері келер жыл үлкен өзгерістің боларын сезген. Осыған байланысты соңғы рет бас қосып үлкен жиын, той өткізбек болған. Бұл той туралы хабар бір ай бұрын таратылды. Төртуыл мен Қожамбет ауылдары балуандарын баптады, сәйгүліктерін жаратты. Той күні Ақжайлаудан біз де келдік. Аталарың бәйгеге қосам деп жабулап торысын жетелеп келді. Тойға жиналған біршама адамбыз. Бірде желіп, бірде аяңдап, әңгіменің қызығымен жүрісіміз мандып кетті. Аттар ауыздығын шайнап қызынып алған. Байқағаным жетектегі бәйге торы ғана селт етпейді. Сәкең де оңашаланып тобырдың жел жағын ала кейінірек келе жатыр. Кәтішті өрлей бергенде бөгеле берген маған «Тоян сендер жүре беріңдер мен асықпай жетермін» деп тізгінін тежей берді. Мына жазық қаптаған халық. Ұйымастырушы жігіттердің біраз тер төккені көрініп тұр. Әр ру, әр ата өз үйлерін тіккен, өздері сойыс шығарған. Қазір ойлап отырсам атышулы, «Сағынайдың асы» да осындай болмаған шығар. Төртуыл Қожамбеттің барлық шонжарлары осында, Саржомарт, Қаратайдан, көршілес Қытайдан келгендерде көп деп жатты. Оқалы шапандарының етектерін желбіретіп, күміс кемер белбеулерін жарқыратып, жорғаларын тайпалтып, нөкерлерін шұбыртып алдымыздан өткен сайын «Сендердің күндерің таяу» - деп тісімді шықырлатып қоям.
Бәйге аттары бір күн бұрын кетті. Ұмытпасам, Шүмектің аузынан жіберіледі деп жатты. Өрге қарай 25-30 шақырым бар шығар. Сол күні еру болдық. Таң атысымен тойдың көрігі қыза бастады. Аударыспақ, теңге алу, балалар күресі, жасөспірімдер сайысы, сиыр түсі мезетте ортаға бас балуандар шығады деп жар салды. Төртуыл жағы ортаға Сәкеңді шығарды. Мен наразы болдым. Төртуылдың шонжарлының емес, кедей-батрақтың сойылын соқ деп. Қожамбеттер жағы көп ойланып қалды. Күреске дайындаған бас балуандары науқастанып қалған деп, басқа біреуді шығарып еді, Сәкеңе көп қарсылық ете алмады. Тойдың бас палуаны, жеңімпазы деп аталарыңды таныды. Жасасын кедей деп айқайлап жібердім.
Төртуыл-Қожамбеттің тойы туралы атамның аузынан талай естіген едім. Әңгімені көбіне бәйге торының төңірегінде өрбітетін.
Атам айтады:
Күреске көп қиналғам жоқ. Қарсы жақ ұмытпасам Қозыбайдың Қасені деген аты шығып жүрген азаматты дайындаған екен, науқастанып қалыпты. Орнына тағы бір Қасенді шығарды. Тегін білмеймін, кейін сол адам Маңқан сайының аузында көп жыл ақ балшық жағып отырды. Жасқанып шықты, ұтымды қимыл көрсете алмады. Төртуыл жағы шулап кетті. Ал менің бар ойым ат бәйгесінде еді. Түс ауа аттар көрінді деген айғай шықты. Мен де тор жорғаның жолына жабыстым. Сөйткенше болған жоқ жарықтық менің тор атым жалғыз қара боп мәреден өте берді. Көтермелеген жігіттер де ілесе алмай қалды. Мен тор жорғамды зырлатып барып атшабар баланың қолынан тізгінді алып жетектеп кеттім. Байқағаным жәңе ғана 25-30 шақырым шауып келген өзге аттар сияқты бүйірін солқылдатып дем алмайды, жайбарақат ауыздығын шылдыр-шылдыр еткізіп бірер шұлғып маған еріп, жүріп кетті.
Анадай жерде мәреден өткен аттарға қарап екі-үш салт атты тұрған, солардың бірі бөлініп шығып маған жақындады. Үлкен кісі екен, тізгінді тежеп сәлем бердім. Ақсақал маған қатарласа бере «атыңа қанық болып жатырмыз. Ал тұлпарың анық шашасына шаң жұқтырмас қылқұйрық екен. Жаңа мәреден өткенде анда-санда пыр еткен дыбысты естідің бе. Осылай, қолтығының астында қосымша тыныс жолы бар жылқы ғана тыныстайды. Өзің де көріп тұрсың ғой, өзге аттар әлі солығын баса алмай жүр, сенің торың жайбарақат. Бабы да келіскен екен жануардың. Қабырғасы 13-тен шығар. Қазақ ондай жылқыны қанаты бар дейді. Айырылып қалма» деп атының басын кейін бұрды.
Сол күні-ақ бәйге торыға қолқа салып келгендер болды. Мен үзілді-кесілді жоқ дедім.
Нағашым әңгімені былай жалғастырды. Мәреден Сары ағаңның торысы жалғыз қара болып өтті. Бұл күні Сәкеңні асығының алшасынан түсіп, абырой-бағының дәуірлеген күні болды. Әңгіменің үлкені енді басталды.Изеттің Ысқағы бастаған Қожамбеттің шонжарлары: Төртуылдың жетім баласын асырап жеткізіп, атқа қондырған біз «қай елдің жерін жерлесең, сол елдің сойылын соқ» деген бар, екі жеңіс те біздікі десе Төртуыл жағы өз лажын айтып текетіресті. Ақыры күресте Төртуыл, бәйгеде Қожамбет жеңді деп мәмлеге келді. Жастық, албырттық қой, сөзге мен де килігіп, «екі жақ та емес, қара табан кедей жеңді» - деп кеуделедім. Мені ортадан итеріп шығарып жіберді. Есік алдына шығып «жеңіс кедейдікі» деп айғайладым. Мен байқамай қалыппын, артымнан бір жандайшап дойырын ала ұмтылыпты. «Түсір қолыңды» - деп зірк ете түскен Сәкеңнің даусы шықты. Ананың қолын түсірмеске шарасы бар ма. «Бері кел» деді маған Сары ағаң. Қасына келген соң «Тоян саған не болған, қойсайшы» деді. Мен бәрібір өз ойымнан қайтқам жоқ. Жеңіс шынында да қара табан кедейдікі еді.
Бағанадан бері үнсіз тыңдап отырған Мырзахмет «нағашы сіз большевиктен гөрі анархистке ұқсайсыз» деп бізді бір күлдіріп алды.
Өз әңгімесін атам былай сабақтайтын. Той әлі жалғасуда. Түс ауа қыз қуу басталды. Сол мезетте Ысқақ болыстың бәйбішесі Мақпал жеңеше «қайным бәйге торының бір терін маған қи, мына жерде Төртуылдың кей азаматтарының арқасы қышып, менен қамшы дәметіп тұрғанға ұқсайды» деді. Мен амалсыздан көндім. Ерге отырғызып, айылын тартып жатып «жеңеше ұзатыңқырап алып кетіңіз, ұшқыр ат болса тор аттан бұрын сіздің қолдағы қамшыға обал болар» дедім. «Алаңдама қайным» деп, торыны шыркөбелек айналдырып ортаға шықты. Расында ұзатып әкеткен болуы керек, біраздан соң қарсыласының шапанының етегін қолға орап, қамшының астына алып ортадан өтті. Сөйтіп тор ат сол күні бір емес екі рет шапты.
Қара күзде бәйге торыдан айырылдым. Сол жылы ұрлық қатты болды. Жылқыларды түнде далаға жібермейтінбіз. Апаң мен Кәмен апайларың қораның есігін басып күзетіп отырып, артқы қабырғасын бұзып малды шығарып алып кеткенін білмей қалыпты.
Жануардың бітісі бөлек еді. Басында қырым ет жоқ, кеудесі кең, сан еттері бөлек-бөлек ойнап, тұрғанда шынтағы қолтығына тимей тұратын.
Апаңның аяғы ауыр. Көктемде Теректіге келіп, күзде Қытай астық. Сол жерде қытайдың дарыңы тор жорғаны тартып алды. Текке алған жоқ әрине. Дүниеге Құмарғали келді. Біраз тынышталғандай болдым. Сонда көңіл күпті еді.
Сенсеңдер бәйге торы мен торы жорға әлі күні түсіме кіреді. Жылқы жануар қасиетті мал ғой» деп өзі куә болған, сайысқа түсіп олжа салған Төртуыл-Қожамбеттің той туралы әңгімесін аяқтаған болатын.
XII. Торжорға.
Атам атқұмар болған екен. Ер жетіп, етек-жеңін жиған кезден бастап жақсы ат ұстап баптап бәйгеде бағын сынауға құмар болыпты. Жылқы баласы сөз болса еңсесі көтеріліп, желпініп қалатын. Бәйге торы, сары байтал, үйірін қасқырға бермей арпалысқан қаракөк айғыр туралы есте қалғандарын сан мәрте тыңдағанбыз. Әсіресе тор жорғасы туралы хикаяны мақтанышпен бастап, өкінішпен аяқтайтын.
«Төртуыл Қожамбеттің тойы өткен жылы қара күзде, «аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей бәйге торы қолды болды деп бастайтын атам тор жорға туралы әңгімесін.
Сегіз жасқа жаңа толған еді. Ұры түскен күні Ақжайлауда қырбақ қар жауған, із шекара асып кетіпті. Қуып шыққан төрт-бес жігіт сол арадан кері қайттық. Ол кезде мен жалдамалы жұмысты қойып, өз шаруаммен айналысып жүрген кез. Тайынша-торпағымен 30 шақты мүйізді ірі қара, 20-ның үстінде жылқы малы біткен. Сол 20 жылқының 14-і ұрылардың жетегінде кетті. Мініс аттан тек жорға ғана қалды. Жалпы бәйге торыны мініс ат ретінде көп пайдаланбаушы едім. Оның есесіне торы жорға тақымыма жаққан жылқы еді жануар. Оны осыдан 7 жыл бұрын көшіп келе жатқан орыстардан бұзаулы сиыр беріп айырбастап алғанмын. Жабағы кезінде бітімі бөлек көрінген маған. Жетектеп жүріп өсірдім. Дөнен шығарда ер салдым. Бұрын байқап жүретінмін, жорға болып шықты. Қазақта жорғаны екі түрге: қой жорға, шапқын жорға деп бөледі. Менің торым шапқын жорға, екпіні қатты еді. Бас білдірген соң жорғасын жетілдіру үшін сауырына екі қап арпа теңдеп, алды-артын кеңірек жұптап тұсап Ақжайлаудың жазығында жетектейтінмін. Дәлірек айтқанда апам марқұм жетекке алып мен салт атпен артынан айдаушы едім. Сол торы шаппайтын жорға болды. Өзі де кесек мал еді жануар. Басы кішкене, мойны ұзын, кеудесі кең, бауыры мен сан еттері бөлек-бөлек болып тұратын. Мен сол атты ерекше күтімге алатынмын.Шабрасын биіктетіп, кеуде тұсына дейін көтеріп, ақ сұлыны жуып беруші едім. Жемді менің алақанымнан жеуге машықтанып алды. Екі қолымды алдыға созып, алақанымды жайып, құррау-құррау десем жетіп келетін. Тор жорғаны мініп, Ақжайлаудың көшесіне шыққанда қызықпайтын жан болмайтын. Топты көрсе ауыздығын қарш-қарш шайнап, көзі жайнап кететін. Қандай қинап келсең де, ертеңінде көзі кіртиіп, түгі бүгіліп тұрмаушы еді. Тұқымы да қазақи малға ұқсамайтын, әлде будан ба екен. Мен сол тор жорғадай сүйегі асыл малды одан кейін көргенім жоқ.
Көктемде Теректіге көшіп келдік, күзге қарай Қытайға өттік. Бұл 1930 жыл еді. Бергі бетте байлардың мал-мұлкін тәркілеу қолға алынды. «Ақтабан шұбырынды» үдере көшу басталды. Әлді бай ауылдары ерте көктемде шекара асты. Ертеңгі күн не боларын білмеген кедей-кепшік те көшке ілескен. Жаңа үкімет алғашында үнсіз отырған. Артынан көшті шауып халықты қанға бөктірді. Мына Үшбұлақтың ағысындағы қалың қорым соның айғағы. «Ақ найман қырылған» деп ел аузында қалған қанды қасап сол жерде болған. Біз еш қиындықсыз өттік. Келіп орналасқан соң бір ай шамасы өткенде, қытайдың шеріктері (әскері) келіп тор жорғаны алып кетті. Қолдан келер дәрмен жоқ, бармақты тістеп қала бердім. Содан бір апта өткенде «жорғаңды алып кет» деген хабар алдым. Асығыс жетсем менен басқа тағы да 11 адам келіпті. Он бірінің жорғаларын қайтарып, тек менің торымды алып қалды. Себебі, осы жақтан ауып барған ауылдардан таңдамалы деген 12 жорға жинап жарыстырғанда тор жорға алды болып келген екен. Сол он екінің ішінде Ысқақ болыстың әйгілі қара жорғасы да болыпты. Маған тор жорғаның өтеуіне 5 жылқы, 25 қой, 2 қоржын басыпұл берді. Келіспеске шара жоқ. Біраз күннен соң Құмарғали дүниеге келді. Мен қуанышымда сыртқа шығармай үйренген адаммын. Апам марқұмның қуанышында шек жоқ. Көктемде үйге қонып, сәуегейлік айтып кеткен жүргіншінің сөзіне имандай сенді жарықтық. Мен де ішімнен тәубә дедім, бір кезде жаным кейіп жаратқанды жазғырғаным үшін кешірім сұрадым Алладан. Тор жорға сонда да ойымнан шықпады. Әсіресе қытайдың ұлығы нөкерлерімен анда-санда тор жорғамен біздің ауылды жанай өтетін, ішім удай ашитын. Ар жақтан бері өтуіме сол тор жорға себеп болды балалар. Мықырайған қытайды тор жорғамның жалында көргім келмеді. Көктемде қайта бері өттім. Бұл да Алланың мені дұрыс жолға салғаны шығар. Осы жақта өсіп-өндік. Аталарың бақытты адам тегінде»- деп үнсіз отырып қалды. Тағы да қос арғымағы туралы қиялға ілесіп кетті ме екен. Аз-кем уақыттан соң «Тор жорғамды алты жыл өткен соң қайта көрдім. Жануар мені таныды. Ол кезде заң қатайып тұрған шақ. Ар жақтан 200 жылқы арасында тор жорға бар өтіп келіп, жаңа үкімет ауру таратады деп Маңқан сайының ішінде атқызып тастаған.»
1968 жылы күзде осы тор жорға туралы әңгіменің жалғасын Сүлейменов Түсіпбек деген ақсақалдың аузынан естідім. Мен мектеп бітірген жылы ауылда қалып қара жұмыс істедім. Қыркүйек айында малшы қыстауларын жөндейді деп бірнеше топ құрды. Солардың біріне мені де қосты. Арамызда үлкеніміз де, жетекшіміз де сол кезде жасы алпысты алқымдап қалған ауылдасымыз Түсіпбек ақсақал болатын. Асықпайтын, сөзге сараң, жұмысқа тиянақты адам еді. Үлкен арбаға қос ат жегетін, арбаның алдыңғы жағында көлденең тақтай бар, ол Түсекеңнің құрметті орны, тізгін де сол кісінің қолында.
Бірде кешке жұмыстан қайтарда қатарласып ақсақалдың қасына отырдым. Ол кісі аттарын жақсы ұстайтын. Қысы-жазы мойындарынан қамыт түспейтін қос қоңыр ат әбден қалыптасып қатып алған, қоңды. Мен тыныш отырмай «Түсеке, аттарыңыз мықты екен» дедім. Ол маған бір қарап алып біраз ойланып отырды да, «Сен нағыз мықты жылқы көрген жоқсың ғой, мен көрдім» деді. «Иә» деп бетіне қарадым, Түсекең әрі жалғастырса екен деп. Марқұм аттарын тежеп, аяңға салып, төмендегі жайды баяндаған еді.
1936 жылдың жаз ортасында, бала жігітпін, жаныма менен бір-екі жас үлкен тағы біреуді қосып жылқы бағасыңдар деді. Уақытын айтып отырғаным, сол жылы алғашқы сайлау болған, содан есімде қалыпты. Бағатын жылқымыз ар жақтан өтіп келген 200 бас. Біз мал басына келсек әскерилер толып жүр екен. «Алдағы Маңқан сайының ішінен ары-бері шығармайсыңдар. Кейін не істейтіндеріңізді өзіміз айтамыз» деді. Сол әскерилердің ішіндегі біреуі, тегі басшылары болуы керек, бізді жылқыны аралатып көрсетіп, шеттеп жылқыға кірмей тұрған тор аттың қасына таяғанда «Мынаған тисуші болмаңдар, қалғандарын қалауларыңша пайдаланыңдар. Бірақ малдың маңына ешкім жолаушы болмасын» деп қатаң ескертті. Осы сөзбен біздің тор атқа деген қызығушылығымызды оятып кетті.
Енді біздің күні-ұзын аңдайтынымыз сол ат. Ең алдымен байқағанымыз оның жорғалығы болды, шаппайтын. Балалық қой тор жорғаны шаптырамыз деп не істемедік. Алдымыздағы 200-дің арасында не бір сәйгүліктер бар. Арасында Қазы төренің бурылы деген атақты бәйге де болыпты. Ол кезде шау тартып, аяғына қан түскен жүдеу мал екен. Оны артынан білдік. Солардың ішінен таңдап отырып ұстап, таң асырып жаратып, тор жорғаны шаптырамыз деп, баспалап кеп тап беруші едік. Алғашында тыпырлап қалатындай көрінгенмен, қамшы салар жерге келгенде суырылып жүре беруші еді. Бір рет те сауырына қамшы салдырмады немесе жорғасынан жаңылғанын көрмедік. Жануар көп жылқының ортасына кірмейтін. Анда-санда қара бүргеннің басын шалып қойып, дөңестеу жерде қаздиып тұратын. Қарсы жақта жүріп, табынның екінші шетін тор жорғаға қарап шамалайтынбыз. Біраз күннен соң торжорғаны шаптырамыз деген әурені қойдық. Сондай күндердің бірінде қатарымыздағы жіңішке сайдан салаң етіп бір атты шыға келді. Астындағы құйрық жалы төгілген қаракөк аты да ірі, өзі де ерекше денелі адам екені көрініп тұр. Жақындағанда екеуіміз жамырай сәлем бердік. Сәлемімізді алып, бізге қатарласа бере тоқтады. Жанымдағы серігім таныған сыңай білдірген соң мен де жайланып сала бердім. Келген адам жан-жағына қарап алды да «Балалар жасқанбай-ақ қойыңдар, сендерге зияным тие қоймас, менің бір ақ бұйымтайым бар, ол тор жорғаны көру ғана» деді. Сол кезде тосып тұрғандай алдағы дөңеске тор жорға шыға келді. Үлкен кісі де жалт қарады. Атынан секіріп түсіп, тізгінді бізге ұстата сала, тор жорғаға қарай беттеді. Біраз жүрген соң, екі қолын біріктіріп, алдыға созып «құррау-құррау» деп жақындай берді. Міне, ғажап бізді жанына оқ бойы жақындатпайтын жануар бір-екі шұлғып алып қарсы жүрді. Бізде үн жоқ. Есік пен төрдей жерге таяп келіп екеуі де тұра қалды. Аз-кем уақыттан соң тор жорға бір-екі басып келіп тұмсығын ана кісінің алақанына төседі, осылайша екеуі біраз тұрды. Сәлден кейін үлкен кісі торының кекілінен сипады, маңдайында бармақтай төбелі бар екен. Құлағының түбін қасыды. Мойнынан құшақтағанда жорға иегін ана кісінің иығына салғандай көрінді. Жанымдағы жігіт «қарашы екеуі жылап тұр» деп құлағыма сыбырлады.
Үлкен кісі үстіндегі желбегей жеңіл шапанын шешіп тастап, жерден бір уыс шөп жұлып алып, екі бүктеп аттың шоқтығынан бастап жаясына дейін сүртіп шықты. Бізді мүлде ұмытып кеткендей. Жорғаның екі алдыңғы аяғын кезек-кезек көтеріп тұяқтарын ұзақ тексерді, аузын ашып азуын қарады. Бір уақытта бәрі дұрыс дегендей торының мойнынан қағып, жайымен шапанын кие бастады. Бұрылып келіп атының тізгінін алып ерге қонды. Менің қасымдағы серігіме қарап «сол екен» деді де кетуге ыңғайланды. Тор ат сол бағанағы орнында әлі тұрған. Ана кісі атын тебініп жүре берді. «Еріп кетпесін» деді жанымдағы жігіт. Мен даусымды шығарып сойылыммен жасқадым. Жануар тікесінен тік шапшып тұрып бір кісінеді де шұғыл бұрылып манағы дөңеске шықты. Ол кезде бейтаныс жүргінші де көзден таса болған еді. «Бұл кім» дедім қасымдағы жігітке, ол «Танымадың ба, Сарбас балуан ғой» деді.
Сол күннен бастап тор жорғаның мінезі күрт өзгерді. Бұрын біз табынның қай жағына шықсақ та ол қарсы жақты жағалайтын. Енді үнемі балуан ата кеткен жіңішке сайдың аузын сағалайтын болды. «Мына пәле қашайын деп жүр, айырылып қалсақ бізді атып тастайды» деп серігім зәремді ұшырды. Біз ұйқы-күлкіден айырылдық. Бұрын жылқы кейде таңертең-кешке бер жақта Таскөпірге дейін, ар жақта Кіші ойдың аузына дейін шығып жүретін. Енді сайдан шығармайтын болдық. Мал өтеді-ау деген тұстарға ағаш құлатып екі жақты да бекіттік. Әскерилер келіп-кетіп жүрді. Сондай келістің бірінде араларындағы қазақ жауынгері «тор жорғаның ар жақтағы иесі қытайдың дарыңы, бұл атты «дарыңның тор жорғасы» дейді екен» деді бізге.
Жылқы баққанымызға 2 айдай уақыт болды. Бір күні ішінде командирлері бар 6-7 әскер келді. Біз жылқыны өзіміз ағаш құлатып бекіткен тұйыққа әкелдік. Бір мезетте командирлерінің бұйрығымен солдаттар оқ жаудыра бастады. Мұндай қатігездікті көрмеген мен, екі көзімді тарс жұмып алдым. Бір кезде «кетті, кетті» деген дауыстар шықты орысшалаған. Көзімді ашсам, мал өтпесін деп өзіміз құлатқан ағаштардың үстінен бір ат қалықтай ұшып баратқандай көрінді. Тор жорға екен. Алдында серіктерінің аттарына ие болып тағы бір солдат тұрған. Ол да бейберекет мылтығын ата бастады. Тура өте алмасын сезген болуы керек жануар, жалт бұрылды да алдындағы сандықтай қара тастан қарғыған күйі терең сайға жоқ болды. Тірі қалуы мүмкін емес екенін бәріміз де түсіндік. Сонда да солдаттардың бірі сайға түсіп, өліпті деп қайта шықты. «Оқ тимепті» деді бізге қарап. Сол жануарлардың не жазығы бар екенін күні бүгін білмеймін» деп Түсекең әңгімесін аяқтаған болатын. Ауылға таяп қалғанбыз.
Мен кейін тор жорға туралы Түсіпбек ақсақалдан естіген әңгімені марқұм әкейге айтып берген болатынмын. Ол кісі біраз ойланып отырды да «Көрдің бе балам, мал екеш мал да қиянатқа шыдамай тосын мінез көрсеткен. Ал біз адамдардың бір-біріне жасаған қиянатын, қысастығын күнде көріп жүріп ондай мінез таныта алмаймыз. Түсінгенге тор жорғаның жардан секіруі – тектіліктің белгісі. Бүгінгі адамдарға осындай мінез жетіспейді» деген еді.
Бұл тұс әкейді үлкен мемлекеттік марапатқа ұсынып, көре алмаған біреулердің жоғарыға арыз айдап жатқан кезі болатын. Марқұм әкеміз сөзге шебер, өткір тілді, кемшілікке төзбейтін, биліктің орашолақ іс-қимылын аяусыз сынға алатын, шамасы келгенше әділдікті жақтаған, басшылардың азаматтарды алалап қарауына жаны қас адам еді. Сол үшін қатар жүрген, әсіресе орта деңгейдегі басшыларға, олардың жандайшаптарына жақпай қалатын. Осы мінез кейінгілерге де дарыған ба деп ойлаймын. «Басқа пәле тілден» дегендей біздің де тілімізден тартып жүретін кезіміз болып тұрады.
XIII. Қазыкен қарияның әңгімесі (бауырым Әбілдің баяндауында).
Теректіде Қазыкен деген қария болды. Әңгімешіл, ашық жарқын адам еді. Біздің әкемізбен аралас-құралас болып, көші-қонға қол қабыс жасап жүретін. Бір жылы жайлауға қой айдасты. Түс әлетінде отарды Бас Теректіге құлдилатып ыстық қайтқанша су басында аялдаймыз деп шештік. Сәйгел қуып кетеді деп үлкен сиырларды байлап, аттардың ерін алып су басындағы ағаштардың көленкесіне жайғастырдық. Қазыкен ата ас қамына кірісті. Біз Мырзахмет екеуіміз суға түсіп мәз-мәйрам болып қалдық. Екеуіміз де мектеп оқушылары болатынбыз.
Ата тамақтануға шақырды. Шәй ішіп жайланғансоң Қазыкен ата әңгіме бастады.
Мен аталарың Сарбас балуанмен жақсы таныс болғанмын. Бұл әңгімені бастап отырғаным, тура осы Бас Теректінің бойында Сәкеңнің ересен қаруына қайран қалғаным бар еді. Бала жігітпін. Ол кезде мына шекара дегенді онша мойындай бермейтінбіз. Ар жаққа өтуде еш қиындық болмайтын. Сол жылдардың бірінде арғы бетте біраз тұрып қалдым. Аяқ астынан қытай мен дүнген қырғыны басталды, елге кету керек деген шешімге келдім. Бірақ жалғыз жүру қауіпке айналған болатын. Сондай күндердің бірінде Сарбас балуан елеге өткелі жатыр деген хабар алдым. Сырттай білетінмін, ол кісіге ілессем өлмейтіншығармын деп іздеп келдім. Қоныстанған мекені Ақшидің маңайы екен. Елді ашаршылық жайлаған, халық қиналған кез болатын. Сәкең бір-екі дүнгенді таяққа жығып, шешесі енді олар сені тірі қоймайды, аңдып жүріп түбіңе жетеді деп көшуге мәжбүр еткен екен. Мен салт басты сабау қамшымын. Аталарың үй мүлкін ыңыршақ ерттеп қоңыр төбел өгізге артып таң алаң-елеңде жолға шықтық. Екінші күні сағат 10-11 шамасында дәл осы суға келіп тоқтадық. Көңіл-күй көтеріңкі, аман-есен шекара астық . Біраз демалып алған соң жолға шығамыз деп шештік. Қоңыр төбел өгіздің жүгін женілдетіп, белін босатпақ болып, басжібін қолға ала бергенде оқралап тұра қашқаны. Теңдеген жүгіміз қалды шашылып. Қуып жүріп жандәрмен дегенде ұстадық. Оның сүзеген мал екенің Сәкең де білмеген екен. Көшем деген соң сол жақтағы ағайындар күшкөлігі ретінде берген көрінеді. Жетектеп келе жатқанда алдымыздан шыққан апаларыңды мүйізімен іліп алып есікпен- төрдей жерге лақтырып жібергені. Мен байқамаппын Сәкеңің қолында бір метрге жетер-жетпес қаданың сынығыма, қазықпа жүр екен, әлгімен өгізді бастан қағып жіберіп серең еткізді. Өліп бара жатқан соң бауыздауға тұра келді. Екі жақтап сойып алдық. Әнәпия жеңгеміз жүре алмай қалды. Күнде кешкіріп қалған болатын. Әлгі жерде өгіздің етінде,сол өгізге теңделген жүктіде Сәкең өзінің арқасына артып, үстіне бәйбішесін отырғызып Теректіге бет алдық. Менің ала қапқа салған біраз киім-кешегім бар. Сол азғана жүкті бір есе оң иығыма, бір есе сол иығыма салып Сәкеңің артынан әрең ілесіп келемін. Ал ол кісі Теректіге жеткенше бір демалмады.Тағы бір таңқалғаным жаңағы арқасына артқан жүгінің ішінде әбзәлімен сәнді ертоқымның болғаны. Жүкті артып жатып атыңыз жоқ, мынау не керек дегенімде «Атыңнан айырылсаң да, ертоқымыңнан айырылма деген сөз бар. Немене өмір бақи жаяу өтпекшімісің » деген еді. Сойған өгіздің үлкендігі сендердің ана көк ала бұқаларындай болды ғой деймін. Еттің салмағы 150-160 килі болған шығар.
Кейін көрген сайын «Қалай Қазыкен, әлі жаяусыңба» дейтін еді. Менде жақсы жылқы ұстауға әуес болдым. Тіпті Хрущевтың заманында жалғыз атты тартып алғанда да ертоқымымды жоғалтқан жоқпын. Адам азғана ғұмырында талай өзгерістерді көреді, оның жаманы да жақсысы да бар дегендей. Бірақ азамат ертеңгі келер жақсылықтан күдер үзбеуге тиіс. Сарбас балуанның айтқан мақалы соны меңзейді емеспе, деп қария әңгімесін тәмәмдаған болатын.