Бағалы қағаздар нарығы, оның экономикадағы рөлі

Бағалы қағаздар нарығын олардың шығуы мен бағалы қағаздар нарығына қатысушылар арасындағы экономикалық қатынастардың жиынтығы ретінде анықтауға болады. Бұл тұрғыдан алғанда ол кез келген басқа тауар нарығының анықтамасынан ерекшеленбейді. Зерттелетін нарық нысанын жеке салыстырғанда ғана айыр­машылық пайда болады. Бағалы қағаздар нарығының номенкла­турасы қандай да бір жеке тауар нарығына емес, тұтас тауар нарығына сәйкес келеді әрі кез келген елдің қаржы нарығының құрамдық бөлігі болып табылады. Бағалы қағаздар нарығының негізін тауар нарығы, ақша және ақшалай капитал құрайды.

Бұл нарық түрлерінің жіктелімі бағалы қағаз түрлерінің жіктеліміне ұқсайды және былайша ажыратылады:- халықаралық және ұлттық бағалы қағаздар нарығы;- ұлттық және аймақтық (аумақтық) нарықтар;- нақты бағалы қағаз түрлерінің нарықтары (акция, обли­гация және т.б.);- мемлекеттік және корпорациялық (мемлекеттік емес) бағалы қағаздар нарығы;- бастапқы және туынды бағалы қағаздар нарығы.

Бағалы қағаздар нарығының функциясын шартты түрде екі топқа бөлуге болады: жалпы нарықтық және өзіндік ерекшелігі бар функция. Функцияның бірінші тобына мыналарды жатқы­зуға болады:- коммерциялық – осы нарықтағы операциялардан пайда табу функциясы;- мақсатты – нарықтық бағаны қалыптастыратын процесті, олардың ұдайы қозғалысын және т.б. қамтамасыз етеді.- ақпараттық – яғни, нарық өз қатысушыларына сауда нысандары мен оның қатысушылары туралы нарықтық ақпараттарды жеткізеді;- реттеуші, ондағы нарық сауда және оған қатысудың ере­жесін, қатысушылардың арасындағы дау-таласты шешу­дің тәртібін жасайтын болса, артықшылықтарды, бақы­лау органын немесе басқару органын және т.б. белгілейді.

Өзіндік ерекшелігі бар бағалы қағаздар нарығының функ­циясына мыналарды жатқызуға болады:- қайта бөліну;- баға және қаржы тәуекелдіктерін сақтандыратын функция.

Қайта бөліну функциясы қосалқы үш функцияға бөлінеді:- нарық қызметінің салаларына ақша қаражаттарын қайта бөлу;- ең алдымен халықтың жинақ ақшаларын өнімсіз форма­дан өнімді формаға ауыстыру;- инфляциялық емес негізде, яғни айналысқа қосымша ақ­шалай қаражатты шығармай, мемлекеттік бюджет тап­шылығын қаржыландыру.

Ал, баға және қаржы тәуекелдіктерін сақтандырушы функ­цияға немесе хеджирлеуге келетін болсақ, ол туынды бағалы қағаздар фьючерлік және опциондық келісім-шарттар пайда болғаннан кейін қолданысқа ене бастады.

Бағалы қағаздар нарығындағы сауда тәсілдерінің ұстанымы тұрғысынан мыналарды бөліп көрсету қажет:- алғашқы және қайталамалы;- ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған;- биржалық және биржадан тыс;- дәстүрлі және компьютерлендірілген;- кассалық және мерзімді нарықтар.

Бағалы қағаздар нарығы сауда-саттық және өсімқорлық операцияларының іс-тәжірибесімен байланысты пайда болды. Олар алғашқы бағалы қағаздар – вексельдер мен коносамент­тер­дің пайда болуына себепкер болды. Ал, олар одан әрі мем­лекеттің эмиссиялық қызметі мен акционерлік қоғамдардың пайда болуымен байланысты дамыды. Капиталдың бағалы қағаз­дарға кең ауқымды инвестициялануы XІX ғасырдың ортасында басталды. Бұл уақыт аралағында бағалы қағаздардың нарығы айтарлықтай дамыған болатын. Оның қатысушы топтары да анықталып үлгерді. Оның алғашқы қатысушылары – банк иелері мен жеке трейдерлер ретінде алға шыққан жеке тұлғалар, содан кейінгісі заңды тұлғалар. Бүгінгі таңда бір мезгілде эмитент және трейдер болып табылатын бағалы қағаздар нарығының қатысушыларын бірнеше негізгі топқа бөлуге болады.

1. Жоғары имиджі бар мемлекет, муниципалиттер, аса ірі ұлттық және халықаралық компаниялар. Олардың бағалы қағаз­дарды шығаруы және оны жүзеге асыруы көп қиындық тудырмайды: оларды әрдайым үлкен мөлшерде қабылдай беруге болады. Бұл мемлекеттік және муниципалдық бағалы қағаздар жоғары табысты әрдайым қамтамасыз ете бермейді, алайда олардың сенімділік деңгейі жоғары. Сол себепті де халықтың кейбір бөлігі (зейнеткерлер, жалғыз бастылар, асыраушысынан айрылған немесе қамқоршысы жоқ отбасылар және т.б.) қатерге бастарын тікпей-ақ, өз қаражаттарын осындай қағаздарға салуды жөн көреді.

2. Бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыратын қаржылық институттары (коммерциялық және инвестициялық банктер, сақтандыру қоғамдары, зейнетақы қорлары және т.б.). Олардың көбісі әр түрлі инвесторлардың (заңды және жеке тұлғалардың) қаражатын біріктіреді және олардың қаражатын табыс түсіретін бағалы қағаздарға салудың мүмкіндіктерін іздес­тіреді. Олар акцияның бақылау пакеттерін иеленуге ұмтылады немесе тәуекелдіктен қашып, өз капиталдарын экономиканың әр түрлі салаларына орналастырады.

3. Жеке инвесторлар – жеке тұлғалар, оның ішінде вен­чурлық бизнестегі шағын кәсіпорындардың иелері.

4. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары. Олар қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілуі олардың бағалы қағаздармен операцияларды жүргізуін оңайлатады. Бір немесе бірнеше қызмет түрлерімен айналысу құқығына тиісті лицензия алуы үшін қаржы нарығының кәсіби қатысушыларына бірқатар талаптар қойылады:- заңды тұлғалар штатына тиісті қызметпен айналысу құқығына біліктілік куәлігі бар мамандар қажет болған жағ­дайда қойылатын біліктілік талабы. Бұл талап қалыптасқан әлемдік іс-тәжірибеден алынып отыр. Нарықтық экономикасы дамыған барлық елдерде арнайы білімі бар тұлғалар ғана қаржы нарығында клиенттермен жұмыс істеуге жіберілді;- бағалы қағаздар нарығының кез келген кәсіби қаты­сушысы заңға сәйкес ұйымдастырушылық-құқықтық формада акционерлік қоғамға тіркелетін жағдайда оның ұйымдастыру­шылық-құқықтық формасына қойылатын талап;- қаржылық талап – бұл кәсіби қатысушының өзіндік капиталының жеткілікті болу деңгейі. Таза өзіндік капитал – бұл кәсіпорынның міндеттемелерінен тыс активтері. Жарғылық капитал – заңды тұлғаның құрылтайшыларды немесе акционер­лерді қатыстыру арқылы істі ұйымдастыру үшін салым ақша ре­тінде тартатын қаражаты. Өкілетті органдар жарғылық капи­талдың емес, өзіндік капиталдың жеткілікті болу деңгейін белгілейді.

Кәсіби қатысушыға өз қаражатын сеніп тапсырған инвестор өз активінің барлық қатерден сақталатынына сенімді болады. Инвесторды кәсіби қатысушының мәселелері толғандыр­майды. Сондықтан да соңғысының өзіндік капиталы инвес­тормен есеп айырысуына жеткілікті болуы қажет, содан кейін ғана өз уәдесінде тұрмаған контрагенттермен, банктермен және т.б. байланысты туындаған проблемаларын өзі шешеді.

Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына мына­лар жатады:

1. Сауда алаңы:- биржалық. Бүгінгі таңда Қазақстанда өз қызметін 1997 жы­лы бастаған қор биржасы (KASE) ғана әрекет етеді; - биржадан тыс.

2. Сауда агенттері:- брокерлер – бұл клиент атынан және клиент есебінен операцияларды жүзеге асыратын делдалдар;- дилерлер – бұлар операцияны өз атынан және өз есебінен жүргізетін делдалдар.

Қазақстанда брокерлік-дилерлік қызметтің жалпы лицен­зиясы қандай да бір мәмілені өз атынан және өз есебінен орын­дай алатын адамды өз күшімен (дербес) тапқан делдалдарға ғана беріледі. Оған қоса, әлемдік тәжірибеде заңды тұл­ғалар да, жеке тұлғалар да брокер және диллер бола алады, ал, Қазақ­станда брокерлік-дилерлік қызметпен тек заңды тұлғалар ғана айналыса алады.

3. Қор нарығының инфрақұрылымына кіретін ұйымдар. Оған мыналар жатады:

1) депозитарий – клирингтің, номинал ұстаушының, төлем агенттігінің және т.б. функциясын жүзеге асыратын қаржы нарығының кәсіби қатысушысы. Қазақстанда 1997 жылдың 16 мамыр айында құрылтай шешімімен құрылған әрі 1997 жылдың 18 шілдесіндегі N12301-1910-АО номерімен Алма­ты қаласының Әділет басқармасында заңды тұлға ретінде тіркелген “Бағалы қағаздардың орталық депозитарий” атты акционерлік қоғам бар. Қоғам ҚР “Акционерлік қоғам туралы” заңына сәйкес 1999 жылдың 28 қазанында және 2002 жылдың
9 сәуірінде қайта тіркелді. Коммерциялық емес ұйымдар орта­лық депозитарий болып табылады және олар мынадай негізгі функцияларды орындайды:- номинал ұстаушыны жүзеге асыру;- эмиссиялық бағалы қағаздар мен басқа да қаржылық құралдар бойынша құқықтарды ескеру және мәмілелерді тіркеу;- номинал ұстаушыға қаржылық құралдар мен мәмілелер бойын­ша және оның табыс төлемі бойынша төлем агенттігінің функциясы;- қаржылық құралдар мен мәмілелер бойынша клиринг;- ҚР заңдарына қайшы келмейтін кеңес беру, ақпараттық және басқа да қызмет түрлері;

2) тіркеушілер. ҚР заңдарына сәйкес құрылған әрбір акционерлік қоғам бағалы қағаздар эмиссиясы мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап, бір ай ішінде бағалы қағаздар ұстаушыларының тізілімін енгізуді және сақтауды қамтамасыз етуі керек.

Бағалы қағаз ұстаушыларының мүліктік құқығын және мүдделерін қорғау мақсатында бағалы қағаздар ұстаушыларының тізімін дербес жүргізетін, бағалы қағаздармен, сондай-ақ АҚ-мен мәмілелер­ді тіркейтін бағалы қағаздар нарығының қатысушылары (тір­кеушілер мен номинал ұстаушылары) бағалы қағаздар құқығының бірінші тұлғадан екіншісіне өтуіне байланысты мәмілелерді орындаудың фактілерін бекітуге міндетті.

Номиналды ұстаушылар клиенттердің бағалы қағаздарымен болатын мәмілелерді және олардың ауырт­пашылық түсірген фактілерін тіркеу бойынша функция­ларды орындайды. Олардың иелік ету құқығын растайды, клиенттерде бағалы қағаздардың болуын және олармен мәміле жасаудың мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, төлем агенттігінің функция­сын орындайды, клиенттерді бағалы қағаздардың номинал ұстаушыларына берілгені жөніндегі ақпаратпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, номинал ұстаушыларымен жасасқан келісім-шартқа сәйкес басқа да функцияларды орындайды. Номинал ұстаушыларыдың қызметі ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігі берген лицензияның негізінде жүзеге асы­рылады.

Бағалы қағаздармен байланысты меншік иелерінің құқығын жүзеге асыру үшін тіркеушілердің талап етуі бойынша номинал ұстаушылары тіркелген бағалы қағаз иелерінің тізімін нақты бір күнде беруге міндетті. Номинал ұстаушыларға аталмыш ақпаратты ашу құқығын бермеген бағалы қағаз иелері кірмейді.

Тіркеушінің функциялық міндеттемесі мыналарда:- бағалы қағаз иелерінің тізімін жүргізу арқылы меншік құқығын тіркеу және аталмыш тіркеуді растайтын жазбаша немесе электрондық құжаттарды ресімдеу;- бағалы қағаз иелерінің тізілімін енгізу және сақтау;- тізілімінен тізімді беру жолымен бағалы қағаз иелерінің құқығын растау;- бағалы қағаз­дардың меншік құқығының өзгеру фактісін тізілімдегі тиісті жазуды өзгерту жолымен тіркеу;- дауыс құқығын және бағалы қағаздар меншік құқығының ауыртпашылық тудырған фактісін тіркеу;- эмиссияланған бағалы қағаздардың мөлшерін және оның тіркелген мөлшерге сәйкес келуін бақылау;- құжаттамалық формада шығарылған бағалы қағаздардың сертификаттарын сақтау, беру және өтеу;- корпорациялық әрекеттерді тіркеуді жүзеге асыру;- тіркеуші эмитентке оны жалпы жиналысқа дайындау, сондай-ақ дивиденттік есеп айырысу бойынша кеңес беру қызметін көрсетуге құқылы.

Тіркеуші заңмен белгіленген жағдайларды ескермегенде тізімді немесе оның бөлігін жүргізу бойынша өз өкілеттілігін басқа тұлғаға жүктей алмайды. Оның тізімін өзі жүргізсе де эмитенттерге тиесілі бағалы қағаздардың меншік құқығын тіркеушінің сатып алуға құқығы болмайды;

3) клирингтік ұйымдар – қаржылық құралдармен мәміле­лерді орындауға қатысатын тараптардың талаптары мен міндеттемелерін өзара есепке жатқызатын қаржы нарығының кәсіби қатысушылары;

4) кастодиандар – клиенттердің қаржылық құралдары мен ақшасын сақтайтын, әрі олардың есебін жүргізетін, оларды сақтау міндеттемесін өз мойындарына алумен қаржы құралдары мен ақшаға байланысты олардың құқығын растайтын қаржы нарығының кәсіби қатысушылары. ҚР-да кастодиандық қызмет­пен және сейфтік операциялармен айналысуға лицензиясы бар банктер ғана кастодиан бола алады;

5) бағалы қағаздар портфелін басқарушы – клиент есебінен және оның мүддесі тұрғысынан азаматтық құқықтың объек­тілерін басқару жөніндегі қызметті өз атынан жүзеге асыратын қаржы нарығының кәсіби қатысушылары. Олардың негізгі функциялары:- ақшаны қаржылық құралдарға инвестициялау;- қаржылық құралдармен орындалатын мәмілелердің есе­бін жүргізу;- өздеріне жүктелген қаржылық құралдарды пайдалану, әрі оған иелік ету.Бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметтің қандай да бір басқа түрлерімен қатар қолданылмайтын айырықша түрле­ріне мыналар жатады:- бағалы қағаз иелерінің тізімін жүргізу;- депозиттік қызмет – тек клирингтік қызметпен ғана қа­тар қолданыла алады;- инвестициялық қордың бағалы қағаздар портфелін бас­қару;- қор биржалары;- биржадан тыс нарықтың баға белгілеу жүйесі;

Айрықша қызмет түрлерін есепке алмағанда, кез келген басқа қызмет түрлерімен кастодиандық қызмет қатар қолданыла алады, ал, бағалы қағаздар портфелін басқару брокерлік, дилерлік және касто­диандық қызмет түрлерімен қатар қолданыла алады.

Бағалы қағаздар нарығындағы кез келген қызметтің міндетті шартына заңды тұлғалар үшін мемлекеттік лицензияны алуы жатса, жеке тұлғалар үшін – ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды қадағалау жөніндегі Агенттіктің біліктілік куәлігі қажет.

2004 жылы Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті 50-ден аса компания жүзеге асырды. Олардың 38-і бұл құқыққа 1996 жылдың басында ие болды. Кәсіби қатысушылардың құрамында екінші деңгейлі 23 акционерлік банк кіреді

Наши рекомендации