XIX ғ. Іс жүргізуді ұйымдастыру және құжаттарды әзірлеу ерекшеліктері

Қазақ жеріне енгізілген империялық басқару жүйесі оны патшалы Ресейге толығымен басыбайлы тәуелді етті. Мұқият тиянақты ойластырылған және оң нәтижеге қол жеткізу үшін ұтымды ұйымдастырылған икемді басқару жүйесі ақырындап енгізілді. Алдымен үлкен аумақты басқару үшін аймақтар бойынша басқару мекемелері құрылды, сосын басқару барысында жүйе тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті тетіктер іске қосылды. Басқару жүйесі өз аппаратымен барлық саланы қамтыған жағдайда ғана мақсатына қол жеткізетіні белгілі. Осы бағытта әрекет еткен империялық басқару жүйесінің механизмі патшалы Ресейдің отарлардағы саясатын өз мақсаты мен міндеттеріне сай жүзеге асырды.

Отаршылдықты жүйелі әрі заңды жүргізу мақсатында патшалы Ресей қазақ жерінде 1794 жылы алғашқы мекеме-Ішкі істер министрлігінің Орынбор Қырғыздарының Облыстық Басқармасын құрды. Жалпы революцияға дейін ел аумағында империялық отарлық саясатты жүргізу мақсатында мекемелердің кеңейтілген жүйесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында Далалық генерал-губернатор мен әскери губернаторлар кеңселері; облыстық, уездік және болыстық басқармалар; округтік приказдар , шекара басқармалары статистикалық комитеттер, санақ комиссиялары, облыстық және округтік соттар, нотариустар, жандармдық полицейлік басқармалар, облыстық әскери штабтар құрылды. Бұл мекемелердің ұйымдастырылуының өзі 1794-1868 және 1868-1917 жылдар аралығын қамтитын үлкенекі кезеңде жүрді.

Қазақ жерінде іс жүргізудің ұйымдастырылуы мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасуымен қатар жүрді.Оның алғашқы кезеңдегі дамуы 1794 жылы Бөкей хандығы мұрағатының ашылуы және империялық алғашқы мекемелерінің ұйымдастырылуы кезеңдеріне тұспа-тұс келеді.

XYIII ғ. басында патшалы Ресейде мемлекеттің жаңа тұрпаты-абсолюттік монархия қалыптасып,ол заң шығару және атқарушы билікті қолында шоғырландырып, монарх орталық органдар арқылы басқаруды жүзеге асырды. Басқару жүйесінде жоғарға орталық орган "коллегия" деп аталды. Мемлекеттің күшеюі, басқару аппараты санының өсуі, бюрократиялық механизмінің күрделенуі мемлекеттік іс жүргізуді реттеу, оның құқықтық негіздерін күшейтуді қажет етті. Нәтижесінде басқару ісін заң жолымен реттеу механизмі жасалынып, 1720 жылы Бас регламент қабылданды. Ол басқару жүйесінде коллегиялардың міндеттерін, қызметтерін, құрылымын және жұмыс тәртібін белгіледі. Коллегиялық басқаруға дейін приказдық басқару жүйесімен дамыған патшалы Ресей басқару ісі мен мемлекеттік іс жүргізу саласында қажетті тәжірибе жинақтап үлгерді.

Приказдық және коллегиялық іс жүргізу жүйелері империяның мемлекеттік қайта құрылуына байланысты болды. Сол себепті жаңа реформаларға сәйкес іс жүргізу жүйесін де реттеу үшін жаңа заңдар қабылданып отырды. Мәселен, І Александр (1801-1825 жж.) тұсында орталық басқару жүйесі реформаланып, ол іс жүргізудің даму процесін белсенді түрде жеделдетті. Өйткені реформа сол кезеңдегі мемлекеттік аппаратты елдегі жаңа экономикалық және қоғамдық өзгерістерге бейімдеуге бағытталған еді. Мұндай жаңа қайта құрулар мемлекеттік іс жүргізуді белсендіруге тек оңтайлы жағдай туғызды. Дегенмен бұл үрдіс ұзаққа созылып, осы кездегі өтпелі кезең тоғыз жыл аралықты қамтыды. 1811 жылы 25 маусымда қабылданған "Министрліктерді ортақ құру" Заңы министрліктердің қызметтерін , құрылымын және қызмет салаларын белгілеп берді. Мемлекеттік аппараттың өзгеруімен і с жүргізу жүйесінде де қайта ұйымдастырулар орын алды. Бұған әсіресе басқару жүйесін жетілдіру барысында үлкен мән берілді. Министрліктерде жаңа құрылым- кеңсе пайда болды. Онда іс жүргізудіңбірыңғай жүйесі мен барлық "хаткерлік" жұмысы шоғырланды. Аталмыш заң ХІХ ғасыр бойы іс жүргізудің негізгі принциптерінің сақталуын қамтамасыз еткен әрі кеңестік басқару жүйесі енгізілгенге дейін өзектілігін жоймаған бірден-бір заң актісі саналады. Осыи заңға сәйкес іс жүргізу бес кезеңді қамтыды: істердің келіп түсуі; істер қозғалысы (өндірісі); істерді жөнелту; тексеріс және есеп беру. Заңда құжаттармен жқмыс істеудің барлық сатысындағы түрлі лауазымды тұлғалардың өкілеттері мен міндеттері белгіленді. Алдыңғы іс жүргізу жүйесінен ерекшелігі құжаттардың орындалуын бақылау қызметі жетілдірілді. Бұл жұмысты тексеріс түрінде орындау талап етілді. Тексерістер түрде мына критерилер бойынша жүргізілуі тиіс болды: 1) істер талаптарға сай дұрыс жасалынған ба; 2) істерге тақырыпшалар дұрыс құрастырылған ба; 3) іс жүргізуде жайбасарлық жоқ па; 4) іс жүргізуде істердің орындалуы анықтама үшін немесе қажетіне қарай тоқтап қалмай ма.

Министрлік іс жүргізуінің коллегиялық іс жүргізуінен айтарлықтай айырмашылықтары болмады. Әйтсе де құжаттар түрі көбейіп, көлемі өсті, басты іс жүргізу процестері нақтыланып реттелді, белгілі басқару әрекеттерін орындау үшін қажетті құжаттардың түрлік құрамы біртіндеп қалыптасты және құжаттардың нысандары бірізделді. Іс жүргізу жүйесі бірыңғайланып басқару қалыпты жағдайға түскен соң патшалы Ресей шет аймақтардағы отарларды басқаруды күшейтуге кірісті. Осы бағытта ұйымдастырылған мекемелер жүйесіне тоқталып өтсек, себебі Қазақстандағы мекемелер осы жүйенің үлгісінде құрылды. Ал іс жүргізудің дамуы осы мекемелердің қызметімен тығыз байланыста болды. Мемлекеттік Кеңес, Министрлер Комитеті, Сенат, Қасиетті Синод тәрізді үкіметтік мекемелер ашылды. Жоғарғы заң кеңесші органы саналатын Мемлекеттік Кеңестің іс жүргізуі оның Мемлекеттік Кеңсесінде шоғырланды. Кеңсені Мемлекеттік хатшы басқарды. Министрлер Комитеті министр құқығын иемденген министрлер мен бас басшылардан тұрды. Ұлы мәртебелі императордың Кеңсесі патшаны маңызды заң, басқару және сот мәселелері бойынша барлық үкімет мекемелерімен байланыстырып тұрды. 1826 жылы Император Кеңсесі құрамында 1-ші, 2-ші,3-ші бөлімшелер, 1828 жылы 4-ші бөлімше, 1836 жылы 5-ші, 1842 жылы 6-шы бөлімше құрылды. Әр қайсысы жеке салалық басқару істерімен айналысты. [1].

Қазақ жерінде басқаруды заңдастыруға ұмтылған патшалы Ресей аймақтар бойынша басқару ережелерін қабылдап, жүзеге асыруға белсене атсалысты. 1822 жылғы Сперанский реформасы бойынша 1822-1824 жж. Орта және Кіші жүз қазақтарын басқару ережелері іске асырылса, 1844 жылы 14 маусымда Орынбор қазақтарын басқару ережесі қабылданып [2], ол бойынша Орынбор шекаралық комиссиясы құрылды.

Комиссия құрамына төраға, оның көмекшісі, кеңесшілер, заседательдер және кеңсе штаты бекітілді. Осы ережеде төраға лауазымен қатар"іс жүргізуші" лауазымы да көрсетілген [3]. Демек басқару ісімен қатар іс жүргізуге де аса ден қойылып, оған жауапты адамдар ресми бекітілген.

1854 жылы 19 мамырда император қаулысымен мақұлданған және Сібір комитеті бекіткен "О распространении на Сибирских киргизов общих законов империи" заңының да мәні ерекше [4]. Осы уақыттан бастап Қазақстанда әкімшілік реформаларды толық іске асыру мақсатында Мемлекеттік Кеңес, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Үкімет Сенаты, Министрлер Комитеті бекіткен арнайы заңдар қолданылды. Терең мақсатты, белгілі бір мүддені көздеген империялық заңдардың да іс жүргізу тарихында өзіндік орны ерекше. Әкімшілік реформалар нәтижесінде қазақ жері генерал-губернатор басқаруына беріліп, қазақтар үшін жат жаңа басқару жүйесі енгізілді. Облыс әскери губернатордың, Облыстық басқарма вице- губернатордың , уез аға және кіші көмекшілердің, болыстар сұлтандардың және ауыл старшиналардың басқаруына берілді. Іс жүргізудің ұйымдастырылуына келсек, Генерал-губернатордың кеңсесі бөлімдерге бөлінді және әр бөлімде іс жүргізуші, іс жүргізушінің көмекшісі қызметкерлері болды. Кеңседен шығатын құжаттарға кеңсе басқарушысы, іс жүргізуші қолдарын қойып, іс жүргізушінің көмекшісі куәландырып қолымен растайтын [5]. Мәселен, Түркістан генерал-губернаторының кеңсе құрылымын төмендегі кестеден көруге болады (1-сурет) [6].

"Министрлерді ортақ құру" заңы іс жүзінде өздеріне жеке бағынышты мекемелерді басқаруда министрліктердің жауапсыздығы мен өз бетімен кетушілігі орын алды. Себебі заңда көрсетілгендей, министрліктер жыл сайын үш мекемеге есеп беріп отырды. Қаржы қызметі бойынша Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік бақылауға, негізгі қызметі бойынша Сенат пен Мемлекеттік кеңеске, қызметін жетілдіруге бағытталған іс-шаралардың түрлері бойынша тіке патшаға есеп берді. Іс жүзінде заңмен белгіленген нормалар сол күйінде жүзеге аспады. Мемлекеттік бақылауға берілген есептерге министрліктер немқұрайлы қарады. Сенатта есептер өте сирек берілді. Мемлекеттік кеңеске есеп беру 1813 жылы-ақ тоқтатылды.

Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі
1-сурет. 1999 жылғы Түркістан генерал-губернаторының кеңсе құрылымы.

Іс жүргізуші көмекшісі  
XIX ғ. Іс жүргізуді ұйымдастыру және құжаттарды әзірлеу ерекшеліктері - student2.ru
Іс жүргізуші
XIX ғ. Іс жүргізуді ұйымдастыру және құжаттарды әзірлеу ерекшеліктері - student2.ru
Кеңсе бастығы
XIX ғ. Іс жүргізуді ұйымдастыру және құжаттарды әзірлеу ерекшеліктері - student2.ru

Оның есесіне Министрлер Комитетіне есеп беру және оны қарау жиіледі.

Мемлекеттік мекемелерде орын алған осындай жағдайлар, әрине, олардың іс жүргізуне де әсер етпей қоймады. Коллегиялық іс жүргізуді министрлік іс жүргізуге алмастырылды. "Министрліктерді ортақ құру" заңы істердің келіп түсуі және қозғалысы тәртібін бекітті. Ол бойынша істерді тіркеудің белгілі нысандары, орындау мерзімі көрсетілген істердің министрлік ішіндегі қозғалысы, құжаттардың жолдануы, орындалуын тексеру және есеп беру тәрізді әрекеттер реттелді. Дегенмен мұндай шырмаланған тәртіп іс жүргізуде бюрократизмнің толықтай сіңісіп орнығуына әкелді. Тек мына бір ғана фактіден оны анық байқауға болады. Министрліктің бір департаментінде құжат қозғалысында 34 операция жүргізілген. Министрліктерді ұйымдастыруда, оның іс жүргізуінде және қызметінің принциптеріндегі бірыңғайлық орталық аппаратты күшейтті. Біртіндеп басқарудың коллегиялық әдістерін ығыстыруға мүмкіндік берді. Уақытша болса да барлық үкімет аппаратының жұмысы күшейтілді.

І Александрдың ішкі реформалары жоғарғы және орталық мемлекеттік аппаратты күшейтіп, жергілікті үкімет және сословие мекемелері орталықпен тығыз байланыста болма, І Николай тұсында (1825-1855 жж.) мемлекеттік аппаратты әскерилендіру жүрді. Декабристер көтерілісінен кейін ішкі жағдайды қатаң түрде қалыпты ұстау мақсатында жүргізілген әскери реформа нәтижесінде министрліктердің ұйымдық құрылымы өзгерді. Олардың басқару және атқару қызметтері барынша орталықтандырылды. Барлық басқару билігі Ұлы мәртебелінің Кеңсесінде шоғырланды. Мемлекетті басқарудың барлық маңызды мәселелері осы Кеңседе шешімін тауып отырды. Алайда ХІХ ғ. патшалы Ресейдегі феодалдық-крепостнойлық құрылыс пен оның құрылғысы ерекше дағдарысқа ұшырады. Мемлекеттік аппаратта, әкімшілік, полиция, цензура, сот, тіпті армияның өзі де өз қызметтерін атқара алмайтын деңгейге жетті. Осындай тоқырауға қарамастан қабылданған заңдар Қазақстан аумағында жүзеге асып жатты. Басқару жүйесінде патшалы Ресейдің барлық заңдарының толық мойындалуы Қазақстанды империяға басқару жағынан толық тәуелді етіп, саяси, әкімшілік, сот және т.б. жағынан басыбайлығын күшейтті. Демек, басқару жүйесімен тығыз байланысты іс жүргізудің де осы жағынан алғанда орыс іс жүргізуімен ортақтығы басым болды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалы Ресейде қаржы, ағарту салаларында реформалар жүргізу қолға алынды. Жүргізілген әскери реформа нәтижесінде полицейлік аппарат күшейтілді. Орталық басқарудың негізгі буыны- министрліктің құрылымы өзгертілді. Алайда мемлекеттік аппараттың қайта ұйымдастырылуы іс жүргізу процесін бекіткен ортақ заң нормаларына қатысты болмады. Бұл патшалы Ресей жүргізген реформалардың ең басты кемшілігі еді. Десе де, отарлардағы саяси тұрақсыздық бұл істе салмақты нәтижелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік те бермеді. Тек әскери отарлау күшейе түсті. Ал орын алған өзгермелі жағдайлар іс жүргізу операцияларын жеделдетуді әрі арттыруды талап етті.

Барлық мекемелерге ортақ іс жүргізу ережесі жасалмады. Жеке ұйымдар мен мекемелер іс жүргізуде өзін-өзі жетілдіру әдістемесіне көшті. Себебі ХІХ ғасыр басындағы қалыптасқан іс жүргізудің формалары мен әдістері ғылыми-техникалық прогресс пен әлеуметтік өзгерістер жағдайындағы басқару саласындағы тез өзгермелі жағдайлармен қайшылыққа тіреліп отырды. Мемлекеттің дамуы, әсіресе патшалы Ресей отарларының қалыпты дамуы іс жүргізудің өзіне барабар жүцесін талап етті. Мемлекеттің іс жүргізуді реформалаудың көптеген талпыныстары қалыптасқан тартхи жағдайларға байланысты жүзеге аспады. Бұл патшалы Ресей мен оның отарларында қалыптасқан ортақ жағдай.

ХІХ ғ.екінші жартысында өндірістік күштер мен экономикалық дамуы, капиталистік қатынастардың үдемелі түрде дамуы 60-70-жылдарғы реформалардың мемлекеттік құрылысқа буржуазиялық элементтерді енгізуге итермеледі. Мемлекеттік аппаратты қайта ұйымдастыру қолға алынды. Алайда мемлекеттік аппараттың қайта ұйымдастырылуы іс жүргізу саласын қамтыған жоқ. Іс жүзінде бұл өзін-өзі ақтамады. Себебі мекемелер жұмысы жүйелі реттелген бойда оның жұмыс әдістері мен тәсілдері де өзгеруі қажет. Мұндай жағдайда қағаз жұмысы да соған бейімделуі тиіс.

Кейінгі жылдары басқару жүйесі әскери және сот басқару жүйелерімен толықтырылып, оның басты мақсаты қазақ жерін империялық бір орталықтан басқаруға барынша бағытталды. Әр басқару саласында қабылданған заңдар жобалары өте мұқият жасалды. Бір ғана, сот ісі саласында 1903 жылғы Қылмыстық істер жинағы жобасының өзі 1885 жылы тапсырылып, 1898-1901 жылдары елу екі отырыста қаралып, 1903 жылы 10 ақпанда Мемлекеттік Кеңестің жалпы жиналысында қаралып, патшамен бекітіледі. Біртіндеп әскери реформалар өздерімен қатар іс жүргізу саласын жетілдіруді де ала жүрді. Осы бағытта алғашқы іс жүргізу саласын жетілдіруді де ала жүрді. Осы бағытта алғашқы іс жүргізу тәртібін реттейтін "Әскери ведомствода хаткерлік туралы ереже" (бұдан әрі Хаткелік ережесі -Ы.А.) әзірленеді [7]. Бұл ереже Семей Облыстық Басқармасымен бірге өзге мекемелерде де басшылыққа алынды.

Хаткерлік ережесінің бірінші - "Жалпы ережелер" бөлімінде құжаттардың жіктелуі және анықтамалық түсініктемелері толық берілген. Әскери мекемелердің бір-бірімен жазбаша түрде қатынасуы үшін құжаттардың мына түрлері белгіленген: рапорт, отношение, предписание, прошение, хаттар түрлері, жазбахаттар түрлері, Құжаттардың әр түрі әскери мекеменің жоғары тұрған және төменгі деңгейдегі құзырына қарай жасалу тәртібі бекітілді. Құжаттарды жасауда әскери адамның шенінен гөрі, оның лауазымының артықшылықтары басым болды. Өйткені бастықтың уақытша қызметін атқарушы оның барлық құқықтары мен өкілеттіктерін пайдалана алды. Төменгі бағыныстылықтағы лауазымы иесі өзінен жоғары тұрған және өзі бағынбайтын өзге де лауазымдарға рапорт береді.

Осы уақытта пайдаланылған құжаттарға қатысты ұғымдардан өзгеше. Мәселен, "құжат""қызметтік қағаз", "істің куәландырма жазбасы""резолюция" деп аталған. Құжаттарды жіктеу олардың мақсатары мен қызметіне қарай түрге және түр ішінде жүргізілген. Хаткерлік ережесінде жіктелген құжаттар түрлеріне жеке тоқтолып өтсек. Рапорт дегеніміз шені төменгі адамдардың өзі бағынатын және бағыныстылығы жоқ жоғары шендегі адамдарға мәлімдеуі. Предписание жолданатын адамның бағынатынын не бағынбайтынын білдіреді. Әр бастық өзімен бірдей немесе жоғары шендегі өз бағыныштысына предписание береді. Отношениені бастық төменгі шендегі және төменгі лауазымдағы бағынышты емес адамдарға жолдайды. Лауазымдары бірдей және бағыныстылығы жағынан лауазымдарының арақатынасы айқындалмаған адамдар бір-бірімен отношение арқылы қатынасады. Сондай-ақ дивизия бастықтары өзара және округтік, корпустық штаб бастықтарымен әрі өзге де барлық округтік басқару бөлімдері бастықтарымен отношениямен алмасады [8].

Хаткерлік ережесінде құжаттарды әзірлеу және рәсімдеу тәртібі де тәптіштеліп баяндалған. Мәселен, императорға жолданатын баяндамалар, есептер, рапорттар, өзге құжаттар қарапайым ұсақ жазуымен жазылады. Ұлы мәртебелі және өзге де атауларды әсемдеп жазуға рұқсат етілмейді. Мұндай құжаттарды машинкада басуға, баспа әдісімен жазуға да болады. Ұлы мәртебелінің рапорттары жарты парақты пішіндегі қағазға жазылады. Өзге құжаттардың барлығы бланкілерде рәсімделеді. Бланктер екі түрлі, бірінші мекеме, штаб, басқарма, әскери бөлімше бланкісі, екіншісі жеке бланк болады.

Қызметтік құжат кімнің атынан жіберілсе сол адам қолын қою тәртібі бекітілді. Куәландыру тиісті бөлімнің құзырында болды. Қол қою және куәландыру тәртібінде адамның лауазымы, атағы (мәселен, флигель-адъютант), шені, тегі көрсетіледі. Қол қоятын және куәландыратын адамның тегі міндетті түрде қолмен түсінікті етіп жазылады. Құжаттың күнін қол қойған адам көрсетеді.

Барлық құжаттардың жиектерінде құжаттың қысқаша мазмұны немесе қабылданған құжаттың нөмеріне сілтеме жасалады. Бұрыштама ілеспе құжатта жазылады. Егер ілеспе құжатта орын болмаса, онда тігілетін парақта бірізділікте көрсетіледі. Егер құжат түсіндіруді, толықтыру мен өзгерістерді қажет етпесе, бұрыштамада құжаттың қайда немесе кімге жіберілетіні көрсетіледі.

Ондай болмаған жағдайда, қосымша құжаттың мазмұны бойынша бастықтың қорытындысы қысқаша жазылады. Бұрыштаманы жазған адам лауазымын, атағын, шенін көрсетіп, қолын қояды. Қол қоюда, куәландыруда тиісті адамның лауазымы, атағы, шені, құжаттың күні, айы, жылы, бұрыштама нөмірі, бөлімшенің орналасқан жері көрсетілген штамп қолдануға рұқсат етілген. Бір мазмұндағы жиі қайталанатын құжаттар үшін мәтіннің тұрақты бөлігі бар баспа немесе литографиялық бланкілер әзірленеді. Аса маңызды қызметтік хат алмасулар үшін ашық хаттарға арналған бланкі пайдаланылған.

Қызмет құжаттарының мәтінін жазуға да бірыңғай талаптар қойылды. Әскери қызметкерлер арасындағы, сондай-ақ жеке адамдармен, азаматтық мекемелермен алмасатын қызмет хаттарының мәтіндері айқын, қысқа, дәл болғаны жөн. Аса мәртебелі, Сіздің мәртебеңізге сөздерінсіз жазылуы тиіс. Мұндай сөздер тек аса жоғары құрметті кісілерге ғана қатысты жазылады [9].

Бөлімшеде сақтауға қалатын бір мазмұндағы кіріс құжаттар және шығыс құжаттар көшірмелері бірге іске тігіліп, бір іс болып саналады. Құжаттар іске ортақ хронологиялық тәртіпте немесе әр жеке мәселе бойынша хронологиялық тәртіпте тігілді.

Құжаттарға қол қою тәртібіне келсек, Семей Облыстық басқармасы 2-ші столының І-бөлімі предписаниесінде кеңесші мен іс жүргізушінің қолдары қойылған. Қоныстандыру басқармасының губернаторға жолдаған нұсқауында - Ішкі істер министрлігінің басқарушысы қол қояды, басқарма бастығы қыстырады және іс жүргізуші куәландырады.

Құжаттардың орындалуын бақылау жоғары тұрған мекеменің нұсқауына сәйкес жүргізілді. Құжаттарды мамандар әзірлейтін. Мәселен, Семей Облыстық басқармасы 1-ші бөлімінің1900 жылғы 5 тамыздағы № 10667 предписаниесінде 2-ші бөлімнен әр айдың үшінші күніне қарай бөлімнің Билеуші Сенаттың жарлықтарын қабылдап алу және олардың қозғалысы туралы мағлұматтарды белгіленген үлгі бойынша жіберіп отырауын сұраған [10].

Мекемелердің іс жүргізуінде құжаттардың әзірленуімен бірге олардың сақталуын қамтамасыз ету жағдайлары да қарастырылған. Құжаттардың жоғалып кетпеуін және сақталуын қамтамасыз ету үшін Далалық генерал-губернатордың арнайы бұйрығымен істер жүйелі түрде кеңсеге өткізіліп отырды. Мұның өзі іс жүргізуге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, империялық саясаттың мақсаты үшін бір де бір құжаттың жоғалып кетпеуіне жағдай жасалғанын көрсетеді. Құжаттар мен істерді қабылдап болған соң кеңсе іс жүргізушісі Семей Облыстық вице-губернаторына қабылданған құжаттардың нақты саны туралы хабарлап отырды. Мәселен, іс жүргізуші Канчев 1900 жылы 24 сәуірдегі рапортында "Екінші бөлімнің 112-бөлімшесі 1-ші столы мен екінші бөлімнің 1-столы 1897 жылдан бергі құжаттарды және тізімдеме бойынша орындалмаған құжаттарды да өткізгені" туралы ақпарат береді [11].

ХІХ ғ. Қазақстанға ендірілген патшалы Ресейдің басқару институтының тетіктері іс жүргізу саласымен бірге мемлекеттік деңгейде реттеліп отырды. Мемлекеттік іс жүргізу империяныңм саясатын бір орталықтан іске асыруға мүмкіндік беретіндей жағдайда әрекет етті. Жоғарғы мекемелерге бағынған қазақ жеріндегі басқару мекемелерінің қызметі жан жақты іс жүргізу де басқару жүйесіндей белгілі мақсатты көздеуге бейімдендірілген. Заңдастырылған құжаттарды рәсімдеу, оларға қол қою және куәландыру, орындалған құжаттарды іске тігу тәртібі кеңестік дәуірге дейін сақталды.

Әдебиеттер тізімі

1. Ерошкин Н.П. Очерки истории государственных учреждений дореволюционной России. -М., 1960 - 190 б. 2. Полное собрание Законов Российской империи (бұдан әрі ПСЗРИ). Т.ХІХ.№ 17998. 3. Сонда. № 17998. 4. ПСЗРИ. Т.ХХІХ.№ 28264. 5. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты (бұдан әрі ҚР ОММ). 44-к, 1-т., 415-іс,13 п. 6. Сонда. 22529-іс, 12 п. 7.ҚР ОММ. 44-к., 1-т., 23386-іс, 10-11 пп. 8. Сонда. 10 п арты. 9. Сонда. 22542-іс, 8 п. 10. ҚР ОММ. 44-к., 1-т., 22542-іс, 3 п. 11. ҚР ОММ. 44-к., 1-т., 23386-іс, 10 п арты.

Наши рекомендации