Тақырып 8. Мемлекеттік аудиттің заңнамалық базасы
Дәріс мақсаты:Мемлекеттік аудиттің заңнамалық базасы жайлы түсінік беру.
Дәріс сұрақтары:
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесі
2. Мемлекеттік аудиттің заңнамалық базасы
Дәріс тезисі:
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесін келесілер құрайды:
1) мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылауды жоғары органы болып табылатын, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша Есеп комитеті;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиялары;
3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ішкі аудитінің қызметін, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқару органдарын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтері;
5) көзделген штат саны шеңберінде бірінші басшының қалауы бойынша құрылатын орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарының ішкі аудит қызметтері . Мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарының жүйесінің бұл моделі 2 суретте көрсетілген.
Мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметі заңды тұлға болып табылмайды.
Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау бойынша Есеп комитеті және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиялары сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдары болып табылады және мемлекеттік аудит объектілерінің қызметіне тәуелсіз сыртқы бағалау жүргізеді.
Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдардың ішкі аудит қызметтері, сонымен қатар көзделген штат саны шеңберінде бірінші басшының қалауы бойынша құрылатын орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарының ішкі аудит қызметтері ішкі мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдары болып табылады.
Бұл органдардың компетенциялары заңда мемлекеттік аудит типтері бойынша қарастырылған, яғни ол қаржылық есептілік аудиті, тиімділік жіне сәйкестік аудитін қамтиды.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының координациялық рөлі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары органы ретінде Есеп комитетінің есебінен бекітілген.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңына сәйкес:
1. Барлық негізгі методологиялық аспектілерді Есеп Комитеті жасап шығарады.
2. Есеп комитеті барлық мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит стандарттарын сақтауына бақылау жасайды.
3. Есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық есептеріне талдау негізінде, олардың сапасын жоғарылату мақсатында мемлекеттік аудиттің барлық органдарының қызметіне бағалау жүргізеді.
4. Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелері барлық мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен танылады, бірақ олар соттық ретте заңсыз танылған немесе Есеп комитетінің сәйкес емес стандарттарымен тагылған жағдайларды қоспағанда.
5. Есеп комитеті шешімі барлық мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына міндетті болып табылатын, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары Координациялық кеңесінің жұмысшы органы болады.
6. Есеп комитеті мемлекеттік аудиторларды сертификаттау бойынша Ұлттық комиссияның жұмысшы органы болып табылады[10].
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының Координациялық кеңесін құру жөніндегі 2016 жылдың ақпан айының соңында болған бірінші отырысы еліміздегі мемлекеттік аудит жүйесінің әрі қарайғы дамуына және тәжірбиеде сыртқы және ішкі аудит органдары арасында өзара байланыс механизмдерін енгізуге, жалпы әдістемелік тәсілдер шығаруға, мемлекеттік аудит өткізудің тәжірбиелік аспектілерін талқылауға, сонымен қатар мемлекеттік аудит органдар жүйесінің әрі қарайғы дамуы бойынша біріңғай келісілген шешімдер қабылдауға жаңа импульс берді.
Есеп комитеті жоғарыда аталғандардан басқа, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңына сәйкес қосымша жаңа өкілеттіктерге ие болды:
· мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, өзге де мемлекеттік органдармен, мемлекеттік аудит объектілерімен ақпарат алмасу, сондай-ақ электрондық мемлекеттік аудит жүргізу мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорды дамытуды, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
· мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесіне кіретін ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның, ішкі аудит қызметтерінің тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіру;
· орталық мемлекеттік органдармен өзара байланыса тексеру комиссиялары атынан олардың мүдделерін ұсыну;
· Қазақстан Республикасының Президентінің Әкімшілігімен келісіп тексеру комиссиясы төрағаларын бекітуге ұсыну;
· аудиторлық қызмет туралы заңнамаға және бюджеттік құралдарды пайдалану мәселелері бойынша Заңға сәйкес жүргізілген аудит нәтижелеріне бақылауды жүзеге асыру (бюджеттік құралдарды пайдалану мәселелері бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит).
· шығыстардың негізгі бағыттары бойынша республикалық бюджет жобасына 2017 жылдан бастап алдын ала бағалаудың жүргізілуі (алдын ала бағалаудың негізгі мақсаты бюджеттік қорлардың тиімсіз пайдаланылуын ескерту);
· 2019 жылдан бастап республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің аудитін жүргізу.
«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР заңына сәйкес Есеп комитеті тиімділік аудитін 14 бағытта жүзеге асырады.
Республикалық бюджет қорларының жоспарлану мен қолданылуының тиімділік аудиті кірістер, шығыстар, бюджет тапшылығы мен қаржыландырылу көздері, сонымен қатар, салықтық және кедендік әкімшіліктің тиімділігі бойынша жүргізіледі.
Есеп комитеті мемлекеттік активтердің қолданылуы мен квазимемлекеттік сектор активтерінің басқарылуының тиімділік аудитін жүзеге асырады.
Сондай-ақ, заңда тиімділік аудитін жекелеген мәселелер мен тақырыптар бойынша жүргізу қарастырылған. Атап айтқанда, бағаның қалыптасуы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерінің экономикаға ықпалы, сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен ақпараттық технологиялар салалары.
Ревизиялық комиссия тиімділік аудитін мемлекеттік активтердің жоспарлануы мен қолданылуын, мәселелі және тақырыптық тиімділік аудитінқоса алғанда, 12 бағыт бойынша жүргізеді.
Экономика дамуының бұл сатысында елдің қаржылық ресурстарын басқару мен қолдану саласында жаңа міндеттер туындайды. Ол қаржылық жүйенің, атап айтқанда, салық және бюджет жүйесінің барлық элементтерінің қызметтеріне жаңаша көзқарасты талап етеді. Осыған орай, мемлекеттік аудит бағытына ықпал ететін бюджетке саясатқа жаңа шешімдер жасалады.
Қазақстанның экономикалық дамуы маңызды мемлекеттік қызметтер мен бағдарламаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қаржылық шығындардың мақсаттылығын бағалауды талап етеді. Республикалық бюджет қорларын жұмсаудың жоғары деңгейдегі тиімділігіне қол жеткізу мемлекеттік аудит объектісін алдын ала зерттеу жүргізу, сондай-ақ, ҚР Президентімен анықталған тәртіпте шығыстардың негізгі бағыттарының қалыптасу сатысында републикалық бюджетке алдын ала бағалау жүргізу арықлы мүмкін болады.
Бюджет ресурстарының тиімді жұмсалуы бюджеттік шығындардың экономикалық нәтижелеріне, бюджетті жоспарлау мен қолдану тиімділігін анықтауға көмектеседі. Бұл әрбір бюджеттік бағдарлама үшін бағалау критерилерін жасауды талап етеді.
Бүгінде қаржылық активтерді иелену бойынша бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштерін анықтау елеулі қиындық тудыруда. Бұл қиындық Бюджет кодексінде ұлттық компаниялардың, холдингтердің, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталының бюджеттік қорлардың есебінен толықтыру, өсіру шараларының, бюджетті орындау бойынша нормативті құқықтық актілерде оларды пайдалану механизмдерінің қарастырылмауымен байланысты.
Қазіргі таңда қаржылық активтерді иелену бойынша бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау үшін квазимемлекеттік сектор объектілерінің жарғылық капиталының қалыптасуы мен өсу параметрлері, ұйымның бос қаржысын екінші деңгейлі банк депозиттерінде және қаржылық құралдарда орналастырудың талаптары мен нормалары қолданылады.
Профессор А.Зейнельгабдинаның пікірінше, бұл көрсеткіштер ұлттық компаниялардың, холдингтердің, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын толықтыруға бағытталған бюджеттік қорлардың тиімді қолданылуын толық баға алмайды.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілер активтерінің қолданылуы мен басқарылу, сондай-ақ, мемлекеттік және кепілдік міндеттемелердің қалыптасуы, басқарылу тиімділігін бағалау критерилерін анықтау үшін әдістеме жасау талап етіледі. Сонымен қатар, тиімділік аудитінің мәселелі сұрақтары бойынша, атап айтқанда, бағаның қалыптасуы, салық саясаты, қоршаған ортаны қорғау, т.б. туралы зерттеу жұмыстарының жүргізілуі қажетті. Олардың нәтижелерімен республика бойынша арнайы аудитті жүргізудің нормативті-әдістемелік материалдары құрылады.
2016 жылдан бастап Есеп комитеті толық көлемде 9 бағыт бойынша сәйкестілік аудитін жүргізеді. Сонымен қатар, республикалық бюджет қоры мен ұлттық ресурстарын, ең алдымен, мемлекеттік қаржы ресурстарын қолданудың сәйкестілік аудиті жүзеге асырылады. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңға сәйкес сәйкестілік аудитін жүргізуде мемлекеттік шұғыл бюджеттің орындалуы, ҚР Ұлттық қорының қалыптасуы мен қолданылуы, ҚР Ұлттық банк активтерінің пайдаланылуы сияқты жаңа бағыттары қарастырылған.
Осыған байланысты аталған бағыттар бойынша арнайы стандарттар жасалады.
Ревизиялық комиссиялар сәйкестілік аудитін 5 бағытта жүргізеді, атап айтқанда, жергілікті бюджет қорларының қолданылуы, жергілікті бюджет түсімдерінің толықтылығы мен уақтында жүргізілуі, мемлекеттік аудитті жүргізу объектілерінің бухгалтерлік есебі пен қаржылық есептілігінің сенімді әрі дұрыс болуы.
ҚР мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары арасындағы қызметтерінің бөлінуі 4 суретте көрсетілген.
Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары республикалық және жергілікті бюджеттің консолодацияланған қаржылық есептілігінің, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктері мен мемлекеттік мекемелер қаржылық есептілігінің аудитін жүргізеді.
Өз кезегінде, ішкі аудит бойынша уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктері мен мемлекеттік мекемелер қаржылық есептілігінің аудитін, сонымен қатар кейбір бағыттар бойынша сәйкестік аудитін, яғни республикалық және жергілікті бюджеттің қолданылуы, Қазақстан Республикасының мемлекеттңк сатып алулар туралы заңнамасының сақталуы, мемлекеттік займдарды пайдалану, ұсыну процедуралары мен шарттарының сақталуы бойынша аудитті жыл сайын жүргізеді.
Осылайша, мемлекеттік аудиттің типтері бойынша негізгі бағыттарын анықтау республикадағы мемлекеттік аудит органдарының уәкілетін шектеуге мүмкіндік береді және осының арқасында мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүргізу бойынша мәселелердің екі рет қайталануының алдын алады.
Қолданылған әдебитеттер:
1. Абленов Д.О. Қаржылық бақылау және басқарушылық аудит: теориясы, әдіснамасы, тәжірибесі: оқу құралы/ Д.О. Абленов. –Алматы: Экономика, 2007.
2.Зейнельгабдин А.Б.Финансовая система Казахстана: становление и развитие. Монография- Астана: Изд.КазУЭФиМТ, 2008
3.Оксикбаев О.Н. Независимый финансовый контроль в Казахстане: становление, институциональное укрепление и перспективы развития. Астана, 2006
4. Бейсенова Л.З. Основы финансового контроля. Учебное пособие для студентов и магистрантов – Астана «Центр Элит»,2010