Дәріс. Мемлекеттік баж. Кедендік төлемдер.

Жоспар:

Мемлекеттік баж.

Консулдық алым мемлекеттік баждың бір түрі ретінде.

Кедендік төлемдер, олардың түрлері.

Негізгі ұғымдар:Мемлекеттік баж, консулдық алым, кедендік төлем.

1. Мемлекеттiк баж – уәкiлетті мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар iс-әрекеттер жасағаны үшiн және (немесе) құжаттарды бергенi үшiн алынатын мiндеттi төлем.

Заңдық мәнi бар iс-әрекеттер жасау және (немесе) құжаттар беру жөнiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға өтiнiш жасайтын жеке және заңды тұлғалар мемлекеттiк баж төлеушілер болып табылады.

Баж алу объектiлерi

1) сотқа берiлетiн талап арыздардан, ерекше талаппен іс жүргізу арыздарынан, ерекше жүргiзiлетiн iстер бойынша арыздардан (шағымдардан), сот бұйрығын шығару туралы арыздардан, атқару парағының телнұсқасын беру туралы арыздардан, аралық (төрелік) соттардың және шетел соттарының шешiмдерiн мәжбүрлеп орындату жөніндегі атқару парақтарын беру туралы арыздардан, сот актілерінің, атқару парақтарының және өзге де материалдардың көшiрмелерiн қайтадан беру туралы арыздардардан:

2) нотариаттық iс-әрекеттер жасағаны үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттар көшiрмелерiн (телнұсқаларын) бергенi үшiн;

3) азаматтық хал актiлерiн тiркегенi үшiн, сондай-ақ азаматтарға азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы анықтамалар мен қайтадан куәлiктер бергені және азаматтық хал актiлерi жазбаларын өзгертуге, толықтыруға және қалпына келтiруге байланысты куәлiктер бергенi үшiн;

4) шетелге тұрақты тұруға баруға және Қазақстан Республикасына басқа мемлекеттерден адамдарды шақыруға құқық беретiн құжаттарды ресiмдегенi үшiн, сондай-ақ осы құжаттарға өзгерiстер енгiзгенi үшiн;

5) шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың паспорттарына немесе оларды ауыстыратын құжаттарына Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына Қазақстан Республикасының аумағында виза бергенi үшiн;

6) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшін;

7) тұрғылықты жерiн тiркегенi үшiн;

8) аңшы куәлігін бергенi және оны жыл сайын тіркегені үшiн;

9) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар мен бекiре балықтардың түрлерiн, сондай-ақ олардың бөлiктерi мен дериваттарын әкелуге және әкетуге рұқсат бергенi үшiн;

10) жеке басты куәландыратын құжаттарды бергені үшін;

11) қаруды және оның оқтарын сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға, Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат бергенi үшiн;

12) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, ату қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi қоса алғанда 4,5 миллиметрге дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;

13) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың апостиль қойғаны үшiн;

14) жүргiзушi куәлiгiн, тракторшы-машинистiң куәлiгiн, механикалық көлiк құралдары мен тіркемелерінің техникалық байқаудан өткені туралы куәліктерді, механикалық көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi, мемлекеттiк тіркеу нөмiрі белгiлерiн бергенi үшiн;

15) зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi органның заңдық мәнi бар iс-әрекеттердi жасағаны үшiн мемлекеттiк баж алынады.

Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк баждың тiркелген проценттік ставкалары тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерi негiзге алына отырып есептеледi.

2. Консулдық алым – Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi консулдық iс-әрекеттер жасағаны және заңдық маңызы бар құжаттарды бергенi үшiн шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан, резидент емес шетелдiк заңды тұлғалардан, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларынан алынатын төлем.

Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және резидент емес шетелдiк заңды тұлғалар, Салық Кодексінде көзделген консулдықiс-әрекеттер өздерінің мүдделерi үшiн жасалатын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары консулдық алым төлеушiлер болып табылады.

Консулдық алым мынадай консулдық iс-әрекеттер жасағаны үшін алынады:

1) Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресiмдеу;

2) Қазақстан Республикасының визаларын беру;

3) Қазақстан Республикасына қайта оралу куәлігін беру;

4) шетелде болу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының өтiнiштерiн ресiмдеу;

5) шетелге тұрақты тұруға келетін Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетелдіктерге ұл бала асырап алуға (қыз бала асырап алуға) берілген балаларды - Қазақстан Республикасының азаматтарын консулдық есепке қою;

6) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi жөнiндегi құжаттарды ресiмдеу;

7) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;

8) құжаттарды талап ету;

9) құжаттарды заңдастыру, сондай-ақ апостильдеу үшін құжаттарды қабылдау және одан әрі өткізу;

10) нотариаттық iс-әрекеттер жасау;

11) консулдық мекемеде өсиет қағазын, құжаттар салынған пакетті (өсиеттен басқа), ақшаны, бағалы қағаздарды және басқа да құндылықтарды (мұрагерліктен басқа) сақтау;

12) көпшілік сауда-саттықта тауарлар немесе өзге де мүлік сату;

13) алты айға дейінгі мерзімге мүлікті немесе ақша сомаларын тиесілігі бойынша беру үшін депозитке қабылдау;

14) заңды тұлғалардың мекен-жайына дипломатиялық почта арқылы құжаттар жіберу;

15) кемені шетелден сатып алған жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеріп жүзу құқығына куәлік беру, Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты декларациялар мен басқа да құжаттар толтыру және куәландыру;

16) заңдық мәні бар өзге де құжаттар (анықтамалар) беру.

Консулдық алымдар ставкаларының ең төменгi және барынша жоғары базалық мөлшерлерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Кедендік төлемдер.

Кедендік баж – Қазақстан Республикасының кеден органдары тауарды Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелген кезде немесе тауарды аталған аумақтан әкеткен кезде алатын және осындай әкелу немесе әкетудің ажырамас шарты болып табылатын кедендік төлемнің түрі.

Кеден ісін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының кеден органдары Қазақстан Республикасының кеден кодексінде белгіленген кеден төлемдерін алады.

Кеден төлемдері бойынша төлеушілер, есептеулердің, төлеудің, қайтарып берудің және кеден төлемдерін өндіріп алудың тәртібі, сондай-ақ жеңілдіктер Қазақстан Республикасының кеден заңдарымен анықталады.

Қазақстан Республикасында мынадай кедендік төлемдер қолданылады:

1) кедендік баж;

2) кедендік алымдар;

3) алымдар;

4) алдын ала шешім үшін төлемақы.

Төлеушілер, кедендік төлемдерді есептеу, төлеу, қайтару және өндіріп алу тәртібі, сондай-ақ кедендік төлемдер бойынша жеңілдіктерКеден Кодексте айқындалады.

Кеден органдары демпингке қарсы, қорғау және өтемдік баждарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда алады.

Төлеушілер, салықтарды есептеу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.

Жеке тұлғалар тауарларды оңайлатылған тәртіппен өткізу кезінде кедендік төлемдер және салықтар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жиынтық кедендік төлем түрінде төленуі мүмкін.

Акцизделетiн тауарлардың жекелеген түрлерiн Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына еркiн айналыс үшiн шығарған кезде кеден бажы мен акциз Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жиынтық төлем түрiнде төленуi мүмкiн.

Кедендік төлемдердiң ставкалары мынадай түрлерге:

1) салық салынатын тауарлардың кедендік құнына процентпен есептелетiн - адвалорлық;

2) салық салынатын тауарлардың бірлігі үшiн белгiленген мөлшерде есептелетiн - ерекшелiкті;

3) кедендік төлемдер ставкаларының аталған екi түрiн де ұштастыратын - құрамдас болып бөлiнедi.

Кедендік баждар тауарларды кедендік режимдерде декларациялау кезінде төленеді, бұларға орналастыру жағдайы Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне сәйкес кедендік баждар төлеуді белгілейді.

Кедендік баждардың ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді және олар ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң күшіне енеді.

Кедендік алымдарға:

1) кедендік ресімдеу үшін кедендік алым;

2) кедендік ілесіп алып жүру үшін кедендік алым;

3) тауарларды сақтау үшін кедендік алым жатады.

Көрсетілген іс-әрекеттерді орындағаны үшін кеден органдары шығындарының құны кеден алымдарының мөлшерін айқындау үшін негіз болып табылады.

Тауарлар мен көлік құралдарын негізгі кедендік ресімдеу кезінде кедендік ресімдеу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алынады.

Кеден органдары тауарларды кедендік ілесіп алып жүру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде кедендік алым алады.

Бірнеше көлік құралын кедендік ілесіп алып жүру кезінде кедендік алымның сомасы ілесіп алып жүруге қатысушылардың санына барабар бөлінеді.

Тауарларды сақтау үшін кедендік алым. Иелері кеден органдары болып табылатын кеден қоймалары мен уақытша сақтау қоймаларында тауарларды сақтау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде кедендік алымдар алынады.

Кеден органдары алатын алымдарға:

1) лицензия бергені үшін алым жатады, белгіленген алымдардың мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

Лицензия бергені үшін алым:

1) кеден қоймасын құрғаны;

2) уақытша сақтау қоймасын құрғаны;

3) кедендік тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асырғаны;

4) кеден брокері ретінде қызметті жүзеге асырғаны үшін алынады.

Алдын ала шешім үшін төлемақы. Тауардың жіктемесіне, шығарылған елін және кедендік құнын айқындау әдіснамасына қатысты алдын ала шешім қабылдағаны үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде алдын ала шешім үшін төлемақы алынады.

Наши рекомендации