Негізгі сұрақтар. 1. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің түсінігі

1. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің түсінігі, маңызы және жүйелері.

2. Қылмысты саралаудың ғылыми негізі.

1. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі қылмыстың жеке түрлеріне қылмыстық жауаптылық негіздерін және осы қылмыстардың құрамының белгілерін, сондай-ақ оған тағайындалатын тиісті жаза түрлерін белгілейтін нормалардың жиынтығы болып табылады.

Қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінде қылмыс туралы ұғым, жаза түрлерінің тізбегі, қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың жалпы принциптері (қағидалары) сөз болса, ал Ерекше бөлімде нақты қандай қоғамға қауіпті іс-әрекеттің қауіпті қылмыс болатыны жасалған қылмысқа қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің нормаларымен белгіленген нақты бір жаза түрін тағайындау мәселелері қарастырылады.

Қылмыстық құқықтың Жалпы және Ерекше бөлімі өзара тығыз байланыста болады, осы екі бөлімнің жиынтығы Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығын құрайды.

Қылмыстық құқықтың өзін Жалпы және Ерекше бөлім деп бөлудің себебі, осы пәнді ғылыми-әдістемелік тұрғыдан терең оқытудың қажеттігінен туындап отыр. Өйткені Қылмыстық құқықтың Жалпы бөліміндегі теориялық мәселелерді Ерекше бөлімнің әрбір бабы бойынша тағы да қайталамау үшін, сондай-ақ Ерекше бөлімдегі жеке қылмыстардың құрамының белгілерін қайталап сипаттап жаттау үшін осы пән екі бөлімге бөлініп оқытылады. Негізінен алғанда Жалпы және Ерекше бөлім тұтастай бір қылмыстық құқық ғылым пәнін құрайды.

Жалпы және Ерекше бөлімнің бірлігі сот тәжірибесінде айқын көрінеді. Жалпы бөлімнің нормаларын басшылыққа алмайынша Ерекше бөлімнің нормаларын қолдану мүмкін емес, немесе Ерекше бөлім нормалары болмаса Жалпы бөлім нормаларының іске асырылуы мүмкін емес.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінде көрсетілген Қылмыстық құқықтың нақты белгілі бір бабы бойынша қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінде көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Жалпы бөлімде көрсетілген нормаларға соқпай өтуге болмайды. Мысалы, кінәнің нысандар және олардың мазмұны, қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жас мөлшері, қылмысқа қатысудың ұғымы, қылмысқа қатысу нысандары және қатысушылардың түрлері, қылмысқа даярланғандық немесе оқталғандық сияқты түсініктер тек қана Жалпы бөлімде айқындалған. Істелген қылмысқа жаза тағайындағанда да Қылмыстық кодекстің Жалпы бөліміндегі нормаларды айналып өтуге болмайды. Өйткені жазаның ұғымы мен мақсаттары, жазаның түрлері, жаза тағайындаудың жалпы негіздері қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату тек қана Жалпы бөлімде көрсетілген.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі курсының пәні дегеніміз-қылмыстың жеке түрлерін қылмыстық жауаптылық белгілеу және осы қылмыстың белгілерін, оларға тиісті жазаны анықтайтын нормалардың мазмұнын ашу болып табылады.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларының нақты мазмұнын ашудың түпкі мәні олардың әлеуметтік-саяси бағытын анықтау болып табылады. Мұндай бағыттарды анықтау үшін ең алдымен қылмыстық заң нормаларын қабылдаудың қажеттіліктері мен себептерін, қылмысқа қарсы күресте осы қабылданған заңдардың атқаратын қызметі, қылмыстық іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау, қылмыстық құбылыстың себептері мен оған жол беретін жағдайларды зерттеу қажет.

Мысалы, Қылмыстық құқықтағы банкроттық деген құрамның мазмұнын ашу үшін ең алдымен осы норманы қабылдаудың қажеттілігін, осы құрамның қоғамға қауіптілік дәрежесін, мемлекет, қоғам үшін осындай іс-әрекетті жасаудың зардабының мазмұнын ашу керек. Сонда ғана бұл қылмыс түрінің құрамына ғылыми анықтама беріледі. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын оқығанда оны формальды-тоғышарлық әдіспен пайдалануға ешқандай да жол берілмеуі керек.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын Жалпы бөлім нормаларымен байланыссыз, жеке дара, оларды әлеуметтік-саяси бағыттарынан тысқары, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайынан мүлдем сыртқары түрде зерттеу-формальды-тоғышарлық әдіс болып табылады. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімін формальды-тоғышарлықпен оқып білуге, зерттеуге үзілді-кесілді тыйым салыну керек.

Сонымен бірге Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын оқып үйренуде нигилистік көзқарастарға жол берілмеуі керек.

Нигилистік көзқарастар қылмыстың құрамының белгілерін өзінше, заңға байланыссыз талқылау немесе арнаулы қылмыстық заң нормалары жоқ болғанына қарамастан, соған ұқсас басқа заңдармен қылмыстық жауапқа тартуды көздейді. Мұндай көзқарас заңдылық принципіне мүлдем қайшы.

Сондықтан да ҚР ҚҚ Ерекше бөлімінің нормаларын оқып үйренуде осындай жат көзқарастарға мүлдем жол бермеу маңызды мәселенің бірі болып табылады.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларының мазмұнын ашу дегеніміз -жекелеген қылмыс құрамының ерекшеліктерін анықтау,яғни қылмыс құрамына заңдылық талдау жасау болып табылады. Кез келген нақты қылмыс құрамын дұрыс анықтау мүмкіндігі ең алдымен оларға тән қылмыс объектісінің, субъектісінің объективтік және субъективтік жақтарының белгілерінің ерекшеліктерін дұрыс, дәлме-дәл ашқанда ғана жүзеге асырылады.

Бұл-кез келген жекелеген қылмыс құрамына тән заңдылық

Ерекше бөлімнің жүйелері деп-қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жеке қылмыстық нормалардың топтық объектілік белгісі бойынша белгілі бір жекелеген топтарға бөлініп, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай рет-ретімен, дәйектілікпен орналасу тәртібін айтамыз.

Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жүйесін дұрыс құру қылмысты саралауға ғана емес, сонымен бірге онымен белсенді күрес жүргізуге, оның алдын алуға, әділ жаза тағайындауға толық мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімінде мынандай 16 тарау бар:

1.Жеке адамға қарсы қылмыс.

2.Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар.

3.Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар.

4.Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар.

5.Мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар.

6.Меншікке қарсы қылмыстар.

7.Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар.

8.Коммерциялық және өзге ұйымдардың қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар.

9.Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар.

10.Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар.

11.Экологиялық қылмыстар.

12.Көліктегі қылмыстар.

13.Мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар.

14.Басқару тәртібіне қарсы қылмыс.

15.Сот төрелігіне және жазалардың орындалу тәртібіне қарсы қылмыстар.

16.Әскери қылмыстар.

2. Әділсоттылықты, заңдылықты жүзеге асыруда Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің маңызы ерекше.

Қылмыстық құқықтың 19-бабының 3-тармағында көрсетілгендей қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмысқа кінәлы деп танылады.

Қылмыстық заңның осы нормасының өзі адамды қылмыстық жауапқа тарту үшін және оны қылмыс жасағаны үшін кінәлы деп табу үшін оның жасаған іс-әрекетінде белгілі бір қылмыс құрамының белгілері болуы керек екендігін және қылмыстық заңда көрсетілген қылмыс құрамының барлық белгілері бар іс-әрекетті істеу қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылатынын айқындайды (ҚК-тің 3-бабы). Осыған ұқсас нормалар ҚР қылмыстық істер жүргізу кодексінің көптеген нормаларында да бірнеше рет көрсетілген. Іс-әрекетінде қылмыстың белгілері жоқ адамдар қылмыстық жауапқа және жазаға тартылмайды.

Адамды қылмыстық жауапқа тарту оның іс-әрекетінде белгілі, нақты бір немесе бірнеше қылмыс құрамының белгілері бар болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Мысалы, кісі өлтіру, бұзақылық, тағылық, әйелді зорлау, т.б. Қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы істелген іс-әрекетті нақты бір қылмыс құрамына жатқызу және осы әрекетке Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптар бойынша құқықтық баға беруді қылмыстық құқық теориясы қылмысты саралау-деп атайды. Қылмысты дұрыс саралау құқық қолдану органы қызметкерінің қызметтік борышы, негізгі міндеті.

Қоғамға қауіпті, қылмыстық құқыққа қайшы іс-әрекеттерді Қылмыстық құқықтың Жалпы және Ерекше бөлімдеріндегі баптарға дәлме-дәл жатқызу, дұрыс саралау-заңдылық принципін бұлжытпай жүзеге асырудың шарты болып табылады. Егер нақты бір іс-әрекетті, мысалы ұрлықты, бір сот ұрлық деп, екіншісі тонау, ал үшіншісі қарақшылық деп сараласа, бұл заңдылық жөніндегі конституциялық принциптің өрескел бұзылғандығы болып саналады. Сондықтан да қылмысты дұрыс саралаудың өзі мемлекеттің жаза мәселесін қолдану саласындағы қызметінің дұрыс жүзеге асырылуының алғышарты болып табылады. Қылмысты дұрыс саралаудың нәтижесінде қылмысты іс-әрекетті жасаған кінәлі адамға жөнсіз жеңіл немесе ауыр жаза қолданылуы мүмкін.

Қылмысты дұрыс саралау қылмыстылықтың жағдайын, деңгейін, құрылысын, қозғалысын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. Істелген қылмыстың статистикалық есебін нақты белгілемейінше, ол құбылыспен тиімді күрес жүргізу мүмкін емес. Сол себепті де қылмыспен тиімді күрес жүргізу үшін оның жағдайын, сандық, сапалық көрсеткіштерін, жасаған қылмыстардың мәнін, қылмыскердің тұлғасын толық ашу керек. Бұл мәселелерді анықтамай тұрып, қылмыспен күрес жүргізу өзінің оңды нәтижелерін бермейді. Қылмысты дұрыс саралау сот төрелігін әділ жүзеге асырудың кепілі және заңдылық, әділеттілік принциптерінің іске асырылуының басты шарты болып табылады. Құқық қорғау және құқық қолдану органдары беделінің мәртебесінің биік болуы да істелген іс-әрекетке дұрыс, заңды баға беруіне де тікелей байланысты.Заңға негізделген әділ үкім сот органдарының беделін нығайтады.

Қылмысты дұрыс саралау-жеке адамдардың Қазақстан Республикасы Конституциясында, басқа да заңдарда көрсетілген құқықтарын, бостандықтарын қорғаудың кепілі болып табылады.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. ҚР қылмыстық құқығының ерекше бөлімінің түсінігін ашыңыз.

2. ҚР қылмыстық құқығының ерекше бөлімінің жүйесін анықтаңыз.

3. Қылмысты дұрыс саралаудың маңызы.

Наши рекомендации