Рбір бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет

«Отбасын жасайтын және нығайтатын күш- махаббат: әке мен шешенің, әке мен балалардың, шеше мен балалардың өзара сенімді, адал, шын берілген махаббаты. Алайда махаббат басқа бір жақтан, сырттан келетін шабыт немесе таң шапағы емес. Махаббат дегеніміз- орасан зор еңбек» деген Сухомлинский сөзі қазіргі таңдағы отбасыларына, ата- аналарға айтылған үлкен өнеге, өсиет деп білемін.

Ақпан айында маған 7 «А» дарын сыныбына сынып жетекшісі боласыз дегенде, мені ойландырған басты мәселе тезірек әр баламен, олардың ата- аналарымен тереңірек танысып, балалардың қабілетін, дарынын, неге икемі бар, нені жақсы көретінін білу еді. Алғашқы зерттеуімді анкета жүргізуден бастадым. Ол «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп аталды. Оқушылар өздері жайлы бар ойларын жазды. Тіпті жаза алмағандар болды.

§ Анар- ұялшақпын, бірақ мақсат қойсам, соған жетуге тырысамын, тез ренжитінім бар...

§ Есейхан- көңілдімін, оқуға тиянақтымын...

§ Әйгерім- білгірмін, досшыл, оптимистпін... Кейде еріншектігім, ашуланшақтығым бар...

§ Еламан- ақкөңілмін, күлегешпін, кейде мінезім қаталдау...

§ Бейбарыс – қамқоршымын, оқуға тиянақтымын...

§ Рустам- ешқашан айтқанымнан қайтпаймын, шыдамды, сабырлы, болсам деймін, кейде өзімді ұстай алмаймын...

§ Ғайни- тез кешіремін, достасу үшін маған 1-2 ай қажет, тез ренжігішпін...

§ Алмаз- жалпы, мен өзімді сипаттай алмаймын, сабақ оқу – ол менің басты міндетім...

§ Олжас- ашық, мейірімді, эмоцияға берілгіш, түсінігім мол...

§ Еңлік- ақкөңілмін, жақсылықты ұмытпаймын, өкпемді тез ұмытамын...

§ Алпамыс - ақкөңілмін, өз ренішінімді білдірмеймін, күлкішіл, өз достарымды сатпаймын...

§ Сәуле– жайдарымын, досқа адалмын, дұрыс жол табуда көп ойланамын...

§ Ақнұр - ақкөңілмін, тез ренжіп, жылап қалатыным бар, өз мақсатымнан айнымаймын...

§ Назгүл – көп сөйлегенді ұнатпаймын, қайтпас қайсармын, әдемімін, ақылдымын, көркем шығарманы жақсы көремін...

§ Еркеғали- бар арманым атақты жазушы болу, қазір өлең жазып жүрмін, соған қарағанда мақсатыма тез жетемін деп ойлаймын...

8 оқушы өзім жайлы айтуға қиналам, ата- анам білер деп жазды.

Осыдан кейін, тағы да көптеген анкеталар алынды, ол оқушылардың қай пәнді сүйетіні, келешекте қандай мамандықты таңдайтыны, қай пәннен ғылыми жобаға, олимпиадаға қатысатыны т.б. мәліметтер еді. Әр оқушыны терең зерттеп, жақын білгеннен кейін барып, ата- аналармен кездесуді ұйғардым.

Осыдан кейін ата- аналармен бірлескен танымдық «Әрбір бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет!» атты ата- аналар жиналысын өткіздім. Мақсатым ата-аналарды өз баласының ерекше қасиеттерімен таныстыру, бірге тәрбиелеуге шақыру еді.

Топқа сезімдер бойынша бөлгеннен кейін, бірден «Интервью» -ден бастадым.

1. Есімі.

2. Өзін сипаттайтын 2 сын есім.

3. Жақсы көретін 2 заты.

4. Неден қорқады?

5. Қол жеткізген табыстары

Осыдан кейін сұрақтар қойдым:

«Жұлдыз» сөзін естігенде сіздерге қандай ойлар келді?

«Бала » сөзімен қандай қатысы бар?

Ата- аналарға мәтін тараттым:

Ертеде бір патша білімді етіп «тәрбиеле» деп ұлын ұстазға береді. Бір күні ұстаз:

- «Тақсыр, білім алды, балаңыз зерек екен» - дейді. Патша ұстазға рахметін айтып, баласының білімін сынайды. Арнайы тапсырма беріп, өзінің тәжінің астына тығылған заттың не екенін сұрайды. Қолына қағаз, қалам алған баласы есептеп, ол заттың дөңгелек, ортасының сары екенін айтады.

- Аты не? - дейді патша.

- Шамасы, күн болар, - дейді бала.

- Түсін түстегеніңмен, атын дұрыс айтпадың, ол - жұмыртқа еді, - дейді патша баласының біліміне көңілі толмай.

Сонда ұстаз:

- Тақсыр, балаңыз алған білімінің арқасында жасырған заттың пішіні мен түсін тапты. Әйтсе де, тәждің астына күннің сыймайтынына қабілет жеткенімен, сезімталдығы жетпеді. Мен шәкіртіме білім үйреткеніммен, сезімталдығын бере алмадым. Білім – бізден, парасат – сізден.

«Білім – бізден, парасат – сізден» деген сөздің мағынасы неде деп ойлайсыздар?

Осыдан кейін «Жұлдыздарға саяхат» жасалынды, яғни балардың жетістіктері айтылды, жыл бойғы іс- шараларға қатысқан кезеңдерін бейнелейтін суреттері көрсетілді. Сыныптағы 24 оқушының 10 қызы ұлдарға арнап газет шығарды, жетістіктерін, жақсы жақтарын көрсетуге тырысты. Ал ақын ұлдарымыз Еркеғали бастаған 14 ұл қыздардың да бар жақсы қасиеттерін өлеңмен сипаттады. Өлеңдерін оқып бердім. Ата- аналар өз балалары жайлы керемет мақтауларды естіп, риза боп отырғанын байқадым.

( слайд 1)

Жиналыс соңында ата- аналар үлкен ризашылықпен, көтеріңкі көңіл күймен, шабытпен, болашақтағы балаларының өміріне деген үлкен сеніммен аттанды. Өз балаларын бүгін жақынырақ танығанын, баламен дос болу үшін үлкен еңбек керек екенін түсінді.

Ата- аналарға ой толғаныс жасаттым.

  • Бүгінгі ата-аналар жиналысынан кейін қандай ой түйіндедіңіз?
  • Келешекке қандай жоспарыңыз бар?
  • Тәжірибеңізде нені өзгертер едіңіз?
  • Не болжамдарыңыз бар?

Осындай ата- аналармен біріге отырып жасалған көптеген іс- шаралардан кейін сыныпта қандай өзгерістер болды:

v Сыныптың білім сапасы күрт өзгерді, І тоқсанда 63 пайыз болса, жылдық білім сапасы- 94 пайыз көрсеткішті көрсетті. Оқу үздігі -9, оқу екпіндісі-13 оқушы.

v Сынып барлық іс- шараларға қатысатын болды;

v Барлық өткізген тәрбие сағаттарымызға балалар түгел ат салысатын болды.

v Ақындық қасиеттері, зерттеу қабілеттері қалыптасты;

v Не нәрсеге болса да сыни көзбен қарай бастады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Әдептану», Алматы, «Мектеп» баспасы, 2002 жыл.
  2. Жүсіп Баласағұн «Құтадғұ білік»

Наши рекомендации