АлаштыҢ алҒашҚы ҚҰрбанына 1 страница

Тірі жанға қылмыссыз,

Қисыны жоқ оққа ұштың.

Қара өмірден, тұрмыссыз

Періште боп көкке ұштың.

Қандай жанға қастык қып,

Кіммен баққа таластың!

Жат, жігерің жастық қып,

Қаһарманы алаштың.

Ойланып хал, шағыңды,

Таңба салдың жүрекке.

Бірақ сенің бағыңды

Таппас ешкім тілеп те:

Әрі тұңғыш, әрі тақ,

Күнәсі жоқ мейман дос!

Қонағыңды күтіп ап,

Ұлттың ұлы қош бол қош!»

Осы жай және 1931 жылы банданы қуған болып, Шәкәрімді кеңес милициясы адамдарының тау арасында атып өлтіруі - ақынның кейінгі тағдырын қаралы етіп, есіміне күйе болып жағылды. Шәкәрімнің ешқандай да бандаға қосылмағаны анық бола тұрса да, онын, елден бөлек шығып, жеке тұруы тек шығармашылық, ой жұмысына байланысты екені мағлұм бола тұрса да, дүшпандар көпе-көріне осындай қастандық әрекетке барған. Мұның бәрі белсенді, асыра сілтеу заманының салдары екені әуелден-ақ белгілі еді. Бірақ билеп-төстеу органдары бет қаратпады, істің байыбына барғызбады. Тек, 1958 жылы ғана жоғарғы прокуратура органдары ақынның ешбір айыбы жоқ екендігін мойындап, оны біржолата ақтады. Бірақ, ол да аз болып, жоғарыда айтылғандай жауыр жаба тоқылып, кешегі күнге дейін жабулы қазан жабық күйінде қала берді.

Абай заманының, оған тетелес кейінгі дәуірдің ірі ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының бай мұрасы ақырында өз халқына қайта оралды. Бір кезде әркім-ақ оқып, жаттап алып жүрген «Ләйлі-Мәжнүн» жырының иесі - атақты Шәкәрім екенін кез келген оқырман біле де бермеген. 30-жылдары С.Сейфуллиннің азғана алғы сөзімен басылып шықкан «Арабта бір бай бопты дәулеті асқан» деп басталатын бұл шағын кітапша да ұмыт болған. Сол 30-жылдары көзден ғайып болған ақын шығармалары арада 50-60-жыл еткен соң, оқырмандарына енді ғана қайта оралып отыр. Әдебиет тарихында бұл оқиғаның алатын орны үлкен-ақ.

Қазақ поэзиясының Абай қалдырған дәстүрін ілгері созып, оны көп жаңалықтармен байытқан Шәкәрім Құдайбердіұлының көркем туындылары туған әдебиетіміздің Қазан төңкерісі қарсаңындағы елеулі белесінен саналмақ. Сол тұстағы ойланыс, толғаныс, қазақ қоғамының оңы мен солын танып, жаңаша өсіп дамуға, теңдік, оқу-ағарту ісіне ұмтылып, қараңғылықтан шығуға бел байлаған жай-күйі ақын өлеңдерінен айқын көрінеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары әр кезде, әсіресе, өзінің көзі тірісінде там-тұмдап дегендей, жарық көріп тұрған. 1922-1923 жылдары «Шолпан» журналында басылған «Ләйлі-Мәжнүн» (1935 жылы С.Сейфуллин ол поэманы жеке кітапша етіп шығарды), 1924 жылы Семейде басылған «Дубровский» әңгімесі (А.С.Пушкиннен аударма), 1936 жылы «Әдебиет майданында» жарияланған «Боран» (бұл да А.С.Пушкиннен аударылған) хикаясы, белгілі поэмалары - «Қалқаман- Мамыр», «Еңлік- Кебек» және «Қазақ айнасы» деген біраз өлеңдерінің жинағы 1912 жылы Семейде «Жәрдем» («Ярдам») баспасында жарияланған.

Шәкәрімнің өз басы да, шығармашылығы да - қазақ әдебиеті тарихындағы айта қаларлықтай көрініс. Ғажайып поэзиясынан ләззат алған адам, оның ойланып, толғануы көп, уайым, қайғы басқан, жалғыздық жапасын мол тартқан жан екеніне көз жеткізер еді. Лирикалық өлендерінен бұл сыр, әсіресе, айқын сезіледі.

XX ғасырдың бас кезіндегі шым-шытырық әлеуметтік оқиғалар Шәкәрімді шар тарап ойға шомылдырған, негізінде дүниені рационалистік жолмен тануға ұмтылған, әлемдік мәдениеттен хабары мол ақын өзі өскен ортаның кем-кетігін жіті көрген. 1917 жылғы революцияларды жылы қарсы алып, бостандық туралы біраз өлеңдер жазады, бірақ кейін бұл тақырыпқа терең бармайды. Бірді-екілі өлеңін «алашқа» оның «көсемдеріне» арнайды, олар жөнінде жылы сөздер айтады; қазақ халқының тәуелсіздігі, болашағы, онын, жеке ұлттық мемлекет болуына байланысты деген ойға тоқырайды.

Мұның бәрі, сөз жоқ, сол заманның сан қилы күрделі оқиғаларына қатысты жай. Ағартушылықты, оқу, білімді, өнерді насихаттай отырып, байларды, атқамінерлерді батыл сынап, еңбекші халықтың ақысын жемеуге, оларды демеуге шақыра отырып, революция мен азамат соғысы жылдарында жан тебірентер оқиғаларға белсене араласа алмауы да сонан. 1916 жылғы қозғалыс, 1917 жылғы революция, азамат соғысы, қазақ ауылын советтендіру сияқты жер жүзін сілкінтнен ұлы өзгерістер дүбірі Шәкәрім шығармашылығында солғын естіледі. Рас, ақынның бұл кезде қартайып, алдындағы сан алуан күрес, уайым, жапа, жалғыздық жылдарынан титықтап қалған шағы еді. Алпыстан асар шағындағы өлеңдерінде ол көбіне елім, өмір туралы, жастық кетіп, кәрілік басқаны жайында көп жазады:

Жастық жалынсам және келер ме,

Мастық денеге қызу берер ме,-

Суылған тұла бой.

Маған қарама, көкілім, мұңайып,

Саған жеткізбес, кеткен ол ғайып,-

Жас өмір өткен ғой.

Бұл алпысты, түскен тісті

Тозған түсті жасымда,

Сөгуші едім, опық жедім -

Бәрі менің басымда1.

Ақынның тау арасында жеке, аскеттік өмір құруы да оның дүние дүбірлерінен аулақ болайын дегенін аңғартады. Сөйтсе де, көп әңгіме, сөзге бұл да себеп болады. Ақынның елмен, қауыммен арасы суи береді. Күнбе-күнгі тіршіліктен, халық тұрмысынан қолын үзеді. Сауытына тығылған ұлудай тас бүркеніп, тек өзінің жүрек дүрсіліне, алас ұрып, толас таппаған ойына құлағын түреді. Осы кезеңі туралы ақын өзі:

Кейбіреу безді дейді елден мені,

Есалаң айтады екен сезіп нені.

Хақихатты танитын баста ми жоқ,

Ондайлардың сау емес анық дені.

Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,

Ешкімнің кеткенім жоқ малын альш,

Елу бес жыл жинаған қазынамды,

Оңашада қорытам ойға салып,-

- дейді.

Бұған қарағанда, ақын шынында да өмір «алаңына» ермей, өзінің философиялық, ақындық ой-армандарын қорытқысы келген. Ағайын араздығы, ру таласы, ауыл ішіндегі партиягершілік сияқты жайлар да оның аулақ кетуіне себеп болған, өзі де солай дейді. Келесі бір өлеңінде осы мәселені қозғаған:

Кейбіреу безді дейді қатынынан,

Туысқан, бауыр, бала жақынынан;

Қаңғырып Толстойша өлер дейді,

Шатасып қартайған соң ақылынан.

Мен болсам Толстойдай арманым жоқ,

Шатасып ақылымнан қалғаным жоқ.

Сырымды білетұғын сендер емес,

Өлейін деп елсізге барғаным жоқ.

Таза ой ойлай алмас үйде басым,

Ойсыз сіңбес ішкен асым.

Ой жемісін теремін өлгенімше,

Өсектесін, күндесін, мейлі қасым.

Елден қара үзіп, жеке шығып кетуінің себебі бұл үзіндіде айқын айтылған. Қат-қабат ой билеп, өмірдегі өзгерістерді бағдарлап байқау үшін және өзінің ынтық ісі - өлеңі үшін тыныштық іздеген; жалғыздық күйде өзімен өзі кеңескісі келгендей.

Ақын көптеген өлеңдер, поэмалар, мысалдар, нақыл сөз, әңгімелер жазған. Қайшылық, кемшіліктері бола тұрса да, ақын өлеңдері жаңа лебімен, ақылды, сазды үнімен, ойлылығымен, сұлулығымен баурайды, тартады.

* * *

Ақын шығармашылығының жайьш, сырын, өзіндік ұғымын білу үшін, жалпы ол көркем әдебиетке қалай қарады, қандай баға берді, қалай түсінді дегенғе көңіл аударған дұрыс. Шәкәрім әдебиетке мүлде басқаша, өзгелерге қарағанда айрықша ұғыммен қараған. Әдебиетке жаңа тілек, жаңа міндет жүктеген. Әдебиетті ақын ағартушылық құрал ретінде пайдалануды көздейді, көркем сөз арқылы халықты мәдениетке, өнер-білімге тартуды ойлайды. Бұл жағынан Шәкәрім қазақ әдебиетінің Абай мен Ыбырайдан келе жатқан халықтық дәстүрін онан әрі жалғастыра түскен ақын.

Білгенімді жазушы ем,

Бекем буып белімді.

Мінін айтып қазушы ем,

Түзетпек боп елімді,-

дейді Шәкәрім. Ақынның өлендерінен қандай мақсатты жүзеге асыруды көздегенін аңғару қиын емес. Өз елінің мінін айтқанда да, оны ілгері шақырғанда да сол қауымды түзету, өрге бастыру ниетінде болғаны көрійеді. Ескіліктің, надандықтың өзі білетін кертартпа жақтарын сынау арқылы ғана елді түзетуге болады деп ойлайды. Ақынның өскен, өмір сүрген ортасын ескерсек, осыдан артықты, яғни белсенді ұранды, одан күту де қиын. Ақындық талантын қоғамдық прогреске, қауым мүддесіне арнауын үлкен жеміс деп қарауымыз қажет.

Мен жетелеп өлемін

Өрге қарай қазақты.

Өлсем де ойын бөлемін,

Сөзбен салып азапты.

Білімдінің сөзіндей,

Сөзім де мен таза-ақты.

Қазақ болса өзімдей,

Қыла алмайды мазақты,- .

дейді ақын. Қазақтың көзін ашып, көңілін оятуды ақын азаматтық борышым деп таниды, тіпті өлгеннің өзінде халыққа сөзіммен ой саламын, маза бермеймін, оны өрге қарай сүйреймін деуі - қажыр, қайрат белгісі.

Шәкәрімнің жазба әдебиеттің дәстүріне лайық бір өзгешелігі - өз тұсындағы бірсыпыра ақындарға қарағанда, өз айтқандарының бәрін бірдей ақиқат, шындық, дайын тұрған ақыл деп ұсынбауы, оқушының өз талғамына салып, керегін қабылдауды мегзеуі, әрбір мұраға байыпты сын көзімен қарай білуге шақыруы.

Кім айтса да, сынамай қойма, жаным,

Ақылыңа сынатып ойла, жаным.

Пәленше-екем айтқан сөз дұрыс қой деп,

Жүректің таразысын жойма, жаным.

Тегіс тексер сөз көрсең, сыр мен сынын,

Түзетуге именбе тапсаң шынын.

Әдеп сақта, жалғыз-ақ қате айтты деп,

Былшылдапты дей көрме тапсаң мінін.

Біле тұра кім айтар қате сөзін,

Білімдіге есептер әркім өзін.

Тұрған жері, әдеті, туған елі,

Адастырар, айтқызар байлап көзін,-

деген шумақтардағы жылы рай, сыпайы әуендер, сондай-ақ философиялық тұжырымдар мен байсалды ой-пікірлер Шәкәрімнің ақындық мәдениетін өзіне лайық биігінен танытады.

XIX ғасырдың соңғы кезі мен XX ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ әдебиетін әлеуметтік ой құралы, рухани күш дәрежесіне көтерген қазақ ақындарының алды - Шәкәрім, ол демократиялық бағьгттағы жазба әдебиеттің «тіл ұстартып өнер шашпақ, наданның көңілін қойып көзін ашпақ» дәстүрін ілгері бастырған. Әдеби ұғым-түсініктерге үлкен талғаммен қарауды - Шәкәрім қазақ тәжірибесінде алғаш қойғандардың бірі. Осы арқылы ол оқушысының эстетикалык таным-талғамын жаңаша қалыптастыруды көздеді.

Ақын өз тұсындағы қоғамдық өмірдің бірсыпыра шындығьш орынды кере білген және оған өз қатынасын танытьш отырған. Шәкәрімнің өмір сүрген тарихи кезеңінде патшалық Россиядағы жиһангерлік күштердің қанаушылық саясаты шет аймақтарда да айрықша өріс алып, еңбекші бұқараның тұрмысын бұрынғыданда ауырлата түскені мәлім. Ғасырлар бойы үстемдік етіп келген надандық пен қараңғылык қазақ қоғамында бұл өзінің кертартпалық сипатын өте-мөте айқын аңғартқан еді. Қоғамдық өмірдің осы сипатты ерекшеліктері Шәкәрім ақынның назарынан тыс қалмайды.

Япырау, бұл не деген наданшылық,

Осынша жайлар ма жаманшылық.

Есі шығып елірген бәрі де мас,

Ар қайда, акыл қайда, адамшылық,-

деп күйінеді ақын. Ел ішінде билікке таласып, партия құруды қоғам өміріндегі ауыр салмақ, зиянды құбылыс деп есептейді. Ақын ел билігіне таласып жүрген байлардың байыған жолын да, амалын да тап басып, дәл көрсетеді. «Ел зарлатып зорлықпен мал жиын ап», - деген кекесін де нысанаға дәл тиіп тұр. Партия құрып билікке таласқан пысық, атқамінерлердің түпкі, арам сырларын ақын тереңірек әшкерелей түседі.

Партияның басшысы, батырың осы,

Қайраты мол, ішкені ант, шашқан пара...

Малмен сатып алған соң ел де оныкі...

Қарсы келсек, басынды қағып тастар,

Болмасыңа амал жоқ сен де оныкі.

Қанға тойған көп итке қарсы келсең,

Жанық қалар, тақсыр-ау, сен деп білсең.

Немесе:

Байдың асын сұм менен залым жейді,

Ұрысы ұрлап, момынның малын жейді.

Немесе:

Бар жұмысы алдау мен ұрлық, пара,

Бірін арам демейді бұл бейшара.

Немесе:

Қайдағы қу алдампаз төрге шықты...

Осы күнде арамның жолдасы мол,

Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол.

Ел ішіндегі атқамінерлерге арнаған бұл сөздері сол кездің шындығын бірсыдырғы дәл, анық танытып тұр. Ақынның осы тақырыптағы өлендерінен аңғарылатын тағы бір жай - автор ел билеушілердің сұрқиялық іс-әрекеттерін сынағанда, өз тұсындағы кейбір ақындар сияқты бұрынғы «батагөй, әділ билерді», «жақсыларды» арман етпейді, ол заман өткен, өзі көріп отырған шындықтың бетін ашады, оларға деген өзінің нариза көңілін білдіреді, әділдікті, адамгершілікті аңсайды.

Билеуші тап өкілдерін сынауға арналған бірсыпыра шығармаларында басқа көп ақын көре бермейтін өмірдегі кейбір көлеңкелі жайлардың да сыры ашылады. Ақын жалпы байлар мен ел пысықтарының бір тілек, бір мақсатта екенін «Қорқақ бай» деген өлеңінде айқын аңғартады. Сырттай момын боп көрінетін байлардың да елге тізесін батыратынын, немесе сондай үстемдікке ұмтылатынын ақын орынды сипаттайды. Осы ретте ол:

Әлі жеткен кісіні о да жейді,

Қолынан іс келгенде солай жайы.

Ойласаң көп бұл елдің осындайы,

Шоқынғаны дәулеті, қой мен тайы.

Немесе: «Қулар» деген өлеңінде:

Байлардың қу білмеген сыры болмас,

Тамам қудың бірі мен бірі жалғас.

Араз болып жүрсе де пайдасы бір,

Орын дайын, бұл итің құры қалмас,-

деп жазады. Жалпы үстем тапқа тән психологияны бұлайша айыра танып, дәл суреттеу Шәкәрім поэзиясының реалистік мәнін танытады.

Ел ішінде шектен асқан парақорлық пен әділетсіздік, қараңғылық пен теңсіздік ақынды кейде ауыр жан күйзелісіне ұшыратып отырады. Жекелеген өлеңдерінде ақынның:

Елге көнсем, ақ жолдан адасамын,

Көнбей жүрсем, көп итпен таласамын.

Тек отырсам тепкілеп шыдатпайды,

Енді қайтіп бұл елмен жарасамын.

Әйтсе де, ақынның кей кездегі бұл сияқты дағдарушылығы көбіне-көп сезім күйін, түзу жол таппай сандалғанын аңғартады. Оның:

Ермегім жоқ, елімнен үмітім жоқ,

Қайтейін осындаймен көңіл бөлмей...

Ел тіліме көнбейді,

Жыладым да қамықтым.

Үмітсіздік дендеді

Зарықтым да шалықтам, - ...

Немесе, «Менің де жаралы жүрегім бар, Надандықтан қираған сүйегім бар» деуі де осыдан. Оның шығармаларындағы жан күйзелісіне байланысты туған кейбір ой-түйіндер ақынның надандық түнегіне қарсы күресте шаршау, қажу сезімдерінен туғаны анық.

Шәкәрімнің адамгершілік дегенге көзқарасы қандай? Ақынның адамгершілік деген ұғымға қатысты ой-пікірлері - ағартушылық көзқарастарымен үндес, сабақтас. Ақын адамгершілік туралы ойларының қайсысын болса да өсиет, үлгі ретінде ұсынады, жамандықтан қашып, жақсылыққа ұмтылуды уағыздайды. Абай сынаған өтірік, есек, мақтаншақты Шәкәрім де жеріне жеткізе сынайды.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рақым, ар-ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан,-

деген Шәкәрім. «Еріншек, ашу, құмарлық - жамандықтың басы осы» деп түйіндейді, автордың адам мінезіндегі жамандықтың негізгі белгілерін дұрыс сынай отырып, ұсынары не дегенге келетін болсақ, мұнда да ақынның өз принципіне берік болғанын байқаймыз. «Бояу мақтан бола ма, Ішімізді құр қылмай» дейді ақын. Демек, ол адамның сыртқы сұлулығынан көрі адамгершілік жағынан сұлу болуын басты қасиет деп таниды. Ақынның адамгершілік туралы көзқарасы «Өзіме» деген өлеңінде дәл де тұжырымды баяндала-ды.

Кейін баспай, ентелеп ілгері бас,

Соны ойла, өзге қызық істі ойлама...

Адамзат өзін өзі сынау керек,

Тазалық, әділдікті ұнау керек.

Өлсе де тура жолдан мойын бұрмай

Ақтан көрген пәлеге шыдау керек.

Шәкәрімнің бұл арада жұртшылықтьг ілгері ұмтылуға шақыруы да, адалдық үшін жанын қиюға дейін шыда деуі де озық пікірлер. Бұлар ақын шығармашылығындағы адамгершілік әділетке сену жайындағы сырын толық танытады.

Ақынның адамгершілік, дұрыстық туралы ұғымына өнер-білім, еңбек және әйел теңдігі жайындағы ой-түйіндері әбден сиьш жатыр.

Ақынның ойшыл, философ болуынан оның ғылымға артар үміті де үлкен:

Үш-ақ түрлі өмір бар - бәрі де мас,

Бір реуішті болады шал менен жас.

Ең керекті дегенің ортаншы өмір,

Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.

Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,

Өкініші қалмайды кетсе ағатың.

Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артымда адам атың.

Ұлы Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» десе, Шәкәрім адам өмірін үш кезеңге бөліп, оның сол Абай меңзеген ең қуатын, жастық шағын ғылымға арнауды насихаттайды, сол тұстағы албырт жігердің бір сағатын да бос өткізбеуге шақырады. Шәкәрім өмір сүрген кезеңдегі қазақ коғамының мәдени-экономикалық жағдайын ескерсек, ақынның сондай мешеу ортада отырып, жас адамға бірден-бір қажет өнер ретінде ғылымды ұсынуы - көрегендік.

Шәкәрім Абайдың «Шәкіртсіз - ғалым тұл» деген накылына сүйене отырып, ғылымның қоғамдық өмірге пайдалы әсер етуін тілейді. «Насихат» деген өлеңінде ол:

Қай ғылымды білсеңіз де,

Қазір оны елге жай.

Құр ішіңде кеткенінше,

Пайдалансын өзгелер,-

дейді. Ақын ғылым-білім жеке бастың мүддесіне ғана емес, ең алдымен халық игілігіне жұмсалсын деген пікірді ұсынады. Бұл тұжырым ақынның бірсыпыра шығармаларында қайталанады. Ғалым адамға арнаған сөзінде ол: «Жер сықылды пайдалы бол, Пайдалансын ел сенен», «От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз», «Жел сықылды желпі жұрттың шаршағанын, талғанын», т.б. дейді, Шәкәрім ғылымның және ғалым адамның қоғамдық өмірдегі орнын көрсетумен қатар, ғалымның ең алдымен нағыз адам болуын негізгі шарт ретінде қояды.

Еңбек, еңбек ету, қимылдау, тырбану - Шәкәрім шығармашылығында ерекше орын алады. Әдебиетіміздің Ыбырай мен Абайға дейінгі кезеңінде бұл тақырып жеткілікті өріс ала алмаған еді. Ыбырай мен Абайдан бастап казақ әдебиетінде еңбекке байланысты жанаша көзқарас туды. Ыбырай, Абай еңбекті адамдық касиеттің ең негізгі белгісі ретінде таныды, адал еңбекпен өмір сүруді насихаттады, еңбектің қоғамдық өмірдегі маңызын жоғары бағалады, Ыбырай мен Абайдан кейін бұл тақырыпта С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, тағы басқалары мол жазғаны мәлім.

Адамның адамдық қасиетін Шәкәрім еңбекке деген қатынасына қарай таныды. Еңбексіз келген байлықты немесе өзгені қор етіп, мақтан үшін жиналған байлықты, мал-дүниені Шәкәрім жиіркене айтады.

Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,

Ғибадат пен адалдық ар үшін жи.

Ақынның адал еңбекпен ар үшін тіршілік етуге үндеуі, адамдық ар мен еңбекті бір-бірімен байланысты түрде қарауы - оның өмірден әділдікті арман еткен ізгі тілегіне сай.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Аба'й айтқандай Шәкәрім:

Ерінбесең еңбекке дәулет дайын,

Жаратқан жоқ жатсын деп бір құдайым,-

дейді.

Қазақтың феодалдық коғамында байлық туралы орнап қалған ұғымға Шәкәрім үзілді-кесілді қарсы.

Анық байлық денеге біткен өнер,

Білімдінің бәрі де соған сенер.

Арам жиып мақтанған дәулет емес,

Алдымызда бір күн бар есеп берер,-

дейді ол. Еріншектікті ақын көп шығармасында-ақ әшкерелейді. Тұрмыстағы ең бір зиянды кұбылыстардың бірі ретінде көреетеді. «Еріншек» деген өлеңінде:

Еріншектік, салақтық

Салақтықтан надандық.

Бірінен бірі туады,

Жоғалар сүйтіп адамдық.

Еріншек таза жүре алмас,

Қаракет жоқ ғылым жоқ

Өз бойынан ұялмас,-

десе, «Жан мен дене әм көңіл» деген өлеңінде:

Білімсіз, әрекетсіз еріншекті,

Күнәкар да болмаспыз елі десек,-

дейді. Жалқаулық пен еріншектікке бой ұруды бұлайша өлтіре сынау - қазақ әдебиетінің тарихында Шәкәрімнен өзге ақын-жазушылардың аузынан шығуы кемде-кем. Елең-селең бос жүруден безінуге шақырады ақын:

Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ,

Қол өнерден пайда қыл үйреніп-ақ,-

Наши рекомендации