Абай – өз заманының жыршысы

Абайдың өмір сүрген заманы[өңдеу]

Әрбір ұлы ақын - ез заманының перзенті, өз дәуірінің жыршысы, өз халқының өмірлік мүдделерінің жоқшысы. Абайдың өмір сүрген заманы орыс патшалығының қазақ даласын отарлау жөніндегі саясатының әбден асқынып, межелі жеріне жеткен кез болатын. Біржарым ғасыр бойы жүйелі түрде жүргізілген бұл саясат Абайдың ел өміріне араласа бастаған шағында қазақ қауымының барлық билігін тікелей патша әкімшілігінің өз қолына алуымен тынған-ды. Қазақ елін басқарудың әуелі хандық, одан кейін аға сұлтандық тәртібі жойылып, ел билігінің жергілікті жерден мезіреті ретінде сайланып қойылатын болыс, би, ауылнайлар арқылы патша әкімшілігінің кеңсесіне көшірілуі ел ішіне неше қилы бүліншілікті ала келді. Әр түрлі айла-шарғымен билік басына жеткен атқамінерлер халық арасына іріткі салып, алалық туғызды, зорлық-зомбылықты күшейтті. Осыдан келіп, парақорлық, арызқойлық сияқты бұрын болмаған келеңсіз жайттар етек алды. Ел іші жікке бөлініп, партияшылдыққа бой ұрды. Бұрын маң далада бұйығы өмір сүрген момын ауылдарды ұрлық-қарлық, алдау-арбау, барымта-сырымта сияқты қуғын-сүргін әрекеттер жайлады. Отаршыл әкімшіліктің «бөліп ал да билей бер» дейтін аты шулы зымияндық саясатының салдарынан тарихи тығырыққа тірелген халқының мүшкіл халін көзбен көріп, саңылаусыз болашағын санамен ұғып, іштей қан жылаған ақын өз шығармаларында заманының қатал шындығын ашына суреттеді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек...», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...», «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап...», «Байлар жүр баққан малын қорғалатып...» сияқты өлеңдерде ақын отаршылдық ойранның ел ішін аздырып, тоздырып бара жатқанын ауыр қасірет сезімімен бейнеледі. «Болыс болдым мінекей...», «Мәз болады болысың...», «Уағалайкүмүссәләм...» деп басталатын т. б. шығармаларында Абай баққұмар бақай қулықпен биліктің бір шетіне қол жеткізгеннен кейін, қарауындағы халықты әділдікпен басқарып, елді жемісті тіршілік өрісіне қарай ілгері бастаудың орнына, өзінің мансапқорлық мүддесінен аса алмай, өзінен жоғары әкімдер мен ел жу аңдарының алдыңда құрдай жорғалап, оның есесіне қарапайым халыққа тізесін батыра түскен болыс, билерді т. б. атқамінерлерді ащы әжуамен шенейді. Абайды әсіресе қынжылтып, қатты алаңдатқан нәрсе әкімдердің жаңағыдай айдап салғанына елігіп, елдіктен кете бастаған, үнемі пәле қуып, жамандық іздеген, ата дәстүрінен ауытқып, адамгершілік ар-ұяттан безген ауыл адамдарының бойындағы келеңсіздік мінез-құлықтар еді. «Көңлім қайтты достан да, дұшпаннан да...», «Адасқанның алды - жөн, арты - соқпақ...», «Сабырсыз, арсыз, еріншек...», «Бөтен елде бар болса...» атты туындыларда ақын ел арасын жайлап кеткен мансапқорлық, сатқындық, басараздық, опасыздық, дүниеқоңыздық, жалқаулық, тіленшектік сияқты теріс мінездердің жеке адам басындағы дерттен қоғамдық қырсыққа айналып бара жатқанына қайғырып, ел-жұртты солардан сақтандырады. «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық...», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат...» сияқты өлеңдерде Абай ауыл жастарын үнемі қызық қуалаған мағынасыз думаншылдықтан, мәнсіз даурықпадан арылып, тіршілік қамымен шұғылдануға, өзара бірлік пен татулыққа шақырды.

Бірлікке, білімге шақыру[өңдеу]

Сөйтіп, ақынның гуманистік көзқарасыезінің алғашқы қалыптасу кезеңінде халқын сүйген, оның болашағын ойлап қам жеген, оның ілгері басуына кедергі келтіретін кесір-кесапаттарға қарсы күрескен қайраткер азаматтың әрекеттері түрінде көрінді. Бұл тұста Абай өз халқының жанашыр жоқшысы, оның басыңдағы ауыр халін көріп мүсіркеген жанкүйер жақыны. Абай халқының қараңғы қапасқа қамалып, елдік болмысынан айрылу қатеріне душар болып тұрғанын ескертумен ғана шектелген жоқ. Ол елдің ілгері басатын аяғын кейін кетіріп отырған кертартпа күштерді әшкерелеумен бірге, сол тығырықтан шығар жолды ежелден бергі елдігін сақтап қалудың қалыптасқан тарихи жағдайдағы бірден-бір тиімді де ықтимал бағытын да көрсетіп берді. Абай туған халқын әлеуметтік бірлікке, қарекетшіл еңбекке, өнер-білімге үндеді. Бодандықтың жоғарыда айтылған апатты зардаптарымен бірге іргелі елдер қатарындағы орыс халқының тілін, ғылымы мен өнерін игеру арқылы дүниежүзілік өркениетке иек артуға да жол ашылған болатын. Ақын осы мүмкіндікті барынша мол пайдалануға шақырды: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек». Осы тұстағы «зарарынан қашық болуға» деген сөзде ерекше мән бар. Біріншіден, отаршылдың тілін біліп, ғылым-білімін меңгерген адам онымен иық теңестірерлік деңгейге көтеріледі де, бұратаналық жәбір-жапаға оңайлықпен көне қоймайтын болады. Екіншіден, ішіне кіріп, еркін араласқан жағдайда, оның тұрмыс-салтындағы, ұлттық психологиясындағы ерекшеліктерді айыра біліп, жақсысынан үйренуге, жаманынан жиренуге мүмкіндік алады. Ақын «Жасымда ғылым бар деп ескермедім...», «Ғылым таппай баптанба...», «Интернатта оқып жүр...», «Біреуден біреу артылса...», «Білімдіден шыққан сөз...» сияқты бірқатар туындыларында халықты, әсіресе жастарды ғылым-білімге шақырды. Ондағы мақсат тек қана хат танып, арыз жазуды, тілмаштықты үйренуде немесе әкімшілік қызметінің бір пұшпағына ілініп, «төре» атануда емес, ғылым-білімді меңгеру арқылы дүниенің сырын білуде, алған біліміңді халықтың игілігіне жаратып, соған қызмет етуде, оны ілгері қарай сүйреуде екенін ұғындырды. Ол үшін ең алдымен надандыққа қарсы күресіп, халықты қараңғылық шебінен алып шығу керек екенін жар сала жария етті. Ақынның ағартушылық қызметін мейлінше өрістеткен тұсы, туған халқын дүниелік ғылым-білімді, өнерді, техниканы меңгеру арқылы дамудың даңғыл жолына түсуге шақырған жалыңды сөздері оның гуманистік көзқарасын белгілі бір жүйеге түсіп, жоғары азаматтық деңгейге көтерілгенін аңғартады. Абай өнер-білімді қауымның ілгері қарай дамуының ғана басты шарты деп ұғынған жоқ. Сонымен бірге адамның жеке басының мінез-құлқын тәрбиелеудің, ақыл-парасатын жетілдірудің, сөйтіп, оның бойына ізгі қасиеттер дарытудың ең жемісті жолы деп білді. Ақынның айтуынша, адамның шын мәнінде жақсы атанып, адамгершіліктің биік деңгейіне көтерілуі үшін оған үш нәрсе: зерделі ақыл, қажырлы қайрат және мейірбан жүрек керек. Және осы үш қасиет бір адамның бойынан түгел көрінуі шарт. Олардың бірінсіз бірі жеке алғанда ойлағандай нәтиже бере алмайды. Осылай дей келіп, Абай адамға қажетті үш қасиеттің өзін білімге жүгінтеді. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек...» - дейді де, ақын ақырғы тұжырымды пікірін: «Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек...» - деп түйеді.

Наши рекомендации