Орта ғасырлық Еуропадағы эстетикалық көзқарастар

Орта ғасыр дәуірі мың жылға таяу уақытты, біздің жыл санауымыз бойынша V ғасырдан XIV ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Орта ғасыр эстетикасын Батыс Еуропа ғалымдары үш аймаққа бөліп қарастырады. Олар: Византия, Батыс Еуропа және Шығыс Еуропалық аймақтар.

Бүгінде әлемді табындырып отырған Батыс Еуропа мәдениетінің гүлдене бастауы біздің жыл санауымыздың ІV-Ү ғасырларына сәйкес келеді. Халықтардың ұлы қоныс аударуымен байланысты Рим империясы құлап, оның орнына батыс пен шығыс халықтарының араласуынан жаңа мәдениет, соның негізінде жаңа көркемдік таным пайда болды.

Рим империясы құлағанға дейін-ақ бұрын оның құрамында болған халықтар роман мәдениетін, соның ішінде тілі мен дінін де қабылдап алған болатын. Әрине, роман тілін қабылдаған халықтар оны тек тұрмыстық деңгейдегі ауызекі тілде ғана пайдаланды, солай бола тұрса да оның ықпалы күшті болды, кейін жергілікті ерекшеліктермен араласқан әртүрлі роман тектес тілдер қалыптасты. Мұндай ерекшеліктер олардың әдебиеттерінде де сақталып қалды.

Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде Рим империясының көптеген бөлігін варварлар жаулап алды. Әсіресе оның батыс бөлігін Германдық варварлар түгелге жуық басып алып, өз биліктерін орнатты. Бірақ кейін келе мәдениеті төмен дамыған бұл халықтардың өздері романданып, Рим мәдениетін сіңіріп алып, өз тілдері мен мәдениеттерінен айырылып қалды. Мұндай жағдай Испанияға, Францияға және Англияға да тән.

Батыс Еуропадағы орта ғасырлық әдебиеттің тууы мен дамуы үш фактордың өзара байланысына негізделген: 1) халық шығармашылығының дәстүрлеріне; 2) антикалық дәуір әдебиетімен байланыстарына; 3) христиан дінінің әсеріне.

Халықтардың ұлы қоныс аударуына дейін де орта ғасырда Батыс Еуропадағы билеуші күшке айналған варвар халықтардың ежелден келе жатқан дәстүрлі поэзиясы болғанын қазіргі ғылым дәлелдеп отыр. Ол поэзияның көне үлгілері туралы антикалық және орта ғасырлық латын тарихшыларының еңбектерінен ғана аздаған ақпараттар алуға болады.

Батыс Еуропалық халықтар әдебиетінің ең көне үлгілері еңбекке қатысты туған жырлар болып саналады. Онда атқарылатын істің ырғағына қарай өлеңдер айтылған. Ол өлең-жырлардың көбісі ұжымдық орындауға негізделген. Осы еңбек жырларынан келіп дәстүрге, салтқа қатысты өлең жырлар туындаған. Алғашқы қауымдық құрылысқа тән бұл ұжымдық поэзияның бір түрі каленьдарлық (жыл мезгілдеріне байланысты) ойын-сауық жырлары болып табылады. Онда табиғаттың өзгерістері (көктемнің келуі, қардың еруі, көктің шығуы т.б.) ерекше аталып өтетін болған.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі хор синкретизмі теориясын әдебиеттануда алғаш зерттеген ғалым А.Н. Веселовский. Ол мұндай тұжырымға тарихы-фольклорлық және этнографиялық материалдарды салыстыра зерттеу арқылы қол жеткізген болатын. Бұл теорияға сәйкес барлық жанр – лирика, эпос, драма элементтері бір бірімен араласа отырып, біртұтас күйде пайда болған. Оның тұрақты ұйымдастырушы негізі ырғақ деген тұжырымға келген. Сөз ол кезеңде қосалқы рөл атқарған. Алғашқы қауымдық құрылыстағы хор және салт өлеңдері рулық патриархалдық дәуірге тән құбылыс. Алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырап, еңбек және мүлік бөлінісінің пайда болуымен синкреттік өнер әр алуан жеке жанрларға жіктеле бастаған.

Еуропа халықтарының христиан дінін қабылдауы алғашында үстірт сипатта, тек қана сол діннің догмаларын орындауды ғана талап етумен шектелсе, бірте-бірте бұқара халықтың санасына тереңдей еніп, жалпы халықтық сипатқа ие бола бастады. Мұның соңы діннің үлкен саяси идеологиялық күшке айналуына әкеліп соқты.

Ерте орта ғасырда көптеген жылдар бойы католик шіркеуі теократия идеясын насихаттаумен болды. Оның мәнісі шіркеу мемлекеттік билікті жеке-дара қолына алуға тырысуынан пайда болған еді. Бұл идеяның негізін қалаған «шіркеудің әкесі» болып саналатын Августин Блаженный болатын. Аталған идея Еуропаның көптеген мемлекеттерінде жүзеге асырылды. Билік жеке монархтардың қолында болғанымен әртүрлі құйтырқы саясат арқылы шіркеу оларға барынша ықпал етіп отырды. Соның ішінде барлық білім саласы шіркеудің қарамағында болды.

Шіркеу қызметкерлері аскеттік доктринамен халықтың санасын улады. Олар халықты мына өмірде кім көп қиындық көріп, азап шексе о дүниеде соншалықты рақатқа батады деп сендірді.

Бірақ осындай діни ой-пікірлерге қарсы адам өмірінің шынайы мәні мен мазмұнын баяндайтын еңбектер де астыртын жарық көріп жатты. Орта ғасырлық Еуропа әдебиетінің дамуына католик шіркеуі орасан зор әсер етті. Сол кезде туған діни гимндер, діни өлеңдер, әулиелер туралы аңыздар, библиядан алынған үзінді әңгімелер сияқты әдеби жанрлардың барлығы да шіркеудің тікелей араласуынан туған болатын.

Германдықтар Рим империясын алғаш жаулап алған кезде антикалық дәуірдің барлық мәдени, әдеби ескерткіштерін қиратып, өртеумен айналысты. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ өзінің жаңа мәдениетін жасау үшін қираудан аман қалған материалдарды жинап қалпына келтіре бастады. Латын тілін мемлекеттік тіл ретінде енгізіп, Остгот королі Теодорик Великий сияқтылар министрлерінің өзін сауатты римдіктерден тағайындады.

Батыс Еропадағы орта ғасыр әдебиетін дәуірлеу олардың қоғамдық даму кезеңдерімен сәйкес келеді. Сондықтан орта ғасыр әдебиетін феодалдық қатынастардың қалыптасу кезеңіндегі әдебиет және дамыған феодолизм дәуіріндегі әдебиет деп екіге бөліп қарастырамыз. Бұның бірінші кезеңі X ғасырға дейінгі кезеңді қамтиды. Әдеби дамуда ертерек көзге түскен ел Франция болды. Өйткені сол кезеңнің өзінде онда феодализм толығымен жеңіске жеткен болатын.

Батыс Еуропада XIII ғасырдың өзінде халықтық жырлар мен діни ой-пікірлердің негізінде үш әдеби ағым пайда болды. Олар: халық әдебиеті үлгілері, клерикалық әдебиет және феодалдық рыцарьлық әдебиет. Бұларды бір-бірінен бөлек деп ойлаудың өзі артық болар, керісінше олар бір-бірімен тығыз байланыста болды.

Рим империясы VІ ғасырда батыс және шығыс болып екіге бөлініп кеткені тарихтан белгілі. Шығыс Рим батыс Рим құлаған соң да баяғы империяның сарқыншағы ретінде өмір сүрді. Ол бұрынғы Рим империясында қалыптасқан көркем шығармашылықтарды дамыта отырып, жаңа эстетикалық бағыттардың пайда болуына да жол ашты.

Византия мәдениеті дамуының алғашқы кезеңі христиандық мәдениеттегі көркем бейнелеуге қатысты пайда болған екі түрлі көзқарастың қайшылықты тартысымен ерекшеленеді.

Ол иконға қарсы күресушілер және иконды пір тұтып жақтаушылар арасындағы түсініспеушіліктен туындаған болатын. Иконға қарсы күресушілер «Құдай ол рух, оны ешкім көрген емес» дей келіп библиядан мынадай мысал келтіреді: «өзіңе кумир (еліктейтін, табынатын адам) жасама, жоғарыда аспандағының және төменде жердегінің, жерден төмен судағының бейнесін салуға болмайды» – деген дәлелді көлденең тартты. Кезінде Византия императоры Константин бесінші де аталған көзқарасты қолдап нағыз иконға қарсы күресушілердің бірі болған.

Иконға қарсы күресушілердің дәурені Византияда жүз жылға таяу уақыт жүріп тұрды. Ақырында 787 жылы Вселенский сабор иконды жақтаушылардың көзқарастарын талқылап мынадай қорытындыға келді: «кез-келген оқиға жазу арқылы баян етіледі, дәл сол сияқты оқиғаны бояу арқылы да айтып беруге болады». Егер кітапты аз ғана топ оқитын болса, салынған суретті жалпы көпшілік кез келген уақытта көре алады. Яки бояумен салынған сурет ақиқат шындықты кез келген уақытта жалпы көпшілікке баян етіп, насихаттауға қолайлы деп тапты.

Сол VІІІ ғасырдың өзінде Византияда Христостың бояумен салынған көптеген суреттері болған. Догматиктер егер Христос жерге адам кейпінде келсе оның бейнесі де адам сияқты болу керек деп шешсе, психологиялық жағынан оның образы көрерменді қиналысты күйімен аяушылыққа тәрбиелеуі тиіс деген қорытындыға келді. Оның шеге қағылған аяқ-қолдарынан аққан қанға көзден жасың сорғаламай қарау мүмкін болмайтындай етіп бейнелеу керек деген түсінік орын алды. Бірақ Вселенский саборының бұл шешімін суретшілер толық басшылыққа алды деп айта алмаймыз. Фрескалар мен мозайкаларда, икондарда көбінесе автордың жеке көркемдік танымы басымдыққа ие болып жатты.

Орта ғасырдағы Византия өнерінің канондық сипаты белгілі бір шарттылықтарға бағынуымен, белгілі бір өлшемдерді ұстануымен ерекшеленеді.

ІХ ғасырда ақсүйектік Византия өнері қарқынды дамыды. Мысалы, соңғы зерттеулер аскеттік эстетикасымен қатар антикизирлік дәстүрдің, антикизирлік эстетиканың қатар өмір сүргенін дәлелдейді.

Ақсүйектік көркемдік танымның басты ерекшелігі әсемдіктің геодонистік сипатын ашу, өнерді сезіммен қабылдауға басымдық беру болды. Византиялықтар өздері христиан дінінде бола тұрып, Х-ХІІ ғасырларға дейін пұтқа табынушы жазушылар мен ақындардың шығармаларын оқып келді, пұтқа табынған қаламгерлердің туындыларын өңін айналдырып өз шығармаларына пайдаланды. Сондай жолды ұстанған қаламгерлердің бірі – Михайл Пселл (ХІ ғ.) болды. Шіркеу мен діншілдердің дене сұлулығын суреттеуден аулақ болуға шақырған насихат, үгіттерге қарамастан сол тұстағы Византиялық романдарда адам денесінің сұлулығы барынша толық бейнеленді, оны адам көңіл-күйімен астастыра суреттеу белең алғаны аңғарылады.

Иконографикада Византиялық дінбасылар образдың белгілі бір схемада (үлгіде) болуын, көп өзгермеуін қатты қадағалады. Автор өз қиялының жетегіне еріп құдай бейнесін өзгертпеуі тиіс еді. Бірақ аталған шектеулер керісінше автордың қиялында іштейгі қарсылықтарға ұшырады, олар өз ойларын драмалық сипатта әр алуан өзгерістер арқылы дамытты. Ерте ортағасырлық епископ Аврелий Августин (354-430) өзінің діни салада жазған еңбектерінде эстетика мәселесін де жоғарыда біз айтқан сипатта қарастырады. Ол діни хорда орындалатын әндердің музыкалық сипатына ерекше мән беріп, олардың жай айтылуынан гөрі ырғақпен айтылуы адамды баурап алатынын мойындады. Бұған қарағанда епископ музыканы терең түсінетін сезімтал, жаны нәзік адам болғанға ұқсайды.

ХІ-ХІІІ ғасырларда театр жанрының әр алуан түрлері қарқынды дамыды. Негізінен ол көне өсиет пен жаңа өсиеттің сюжеттеріне құрылған діни мистерияға байланысты туындаған еді. ХІІІ ғасырда Францияда әулие адамдардың бойындағы тұрмыстық, пенделік қасиеттерге негізделген жаңа театр жанры «микраль» пайда болды. «Моралите» жанрында жазылған пьесаларда қарапайым шаруалардың өмірі суреттеледі, байлардың сараңдығы, монахтардың күнәһарлығы, билердің (судьялардың) әділетсіздіктері әшкереленеді. Алғашқы әдеби драма Францияда ХІ ғасырда пайда болды. Ол «Күйеу жігіт пен ақылды, ақымақ бойжеткендер» деп аталады. Ол көпшілік қауым үшін шіркеулерде пасха кезінде қойылатын.

Кейінгі орта ғасырда Батыс Еуропа әдебиетінің көркем шығармашылығында шынайы өмірге мән беру, өмірдің ақиқат болмысын суреттеу кең қанат жая бастағанын байқаймыз. Табиғатқа, ондағы аңдар мен құстардың қарапайым әрекеттерін бейнелеу дәстүрі барлық өнер саласында көріне бастайды. Реалды өмірді суреттеу, жердегі қарапайым оқиғаларды шығармаларының тақырыптарына арқау ету ХІV ғасырдағы көркемдік сананың өзіндік ерекшелігінің бірі болып саналады. Бұрын естуге негізделген мәдениет сол кезеңнен бастап көруге негізделген мәдениетке ауысты. Сонымен орта ғасырлық Батыс Еуропа теологиясы арнайы эстетикалық трактаттарды өмірге әкеле алмады, олардың эстетикалық көзқарастары әр алуан ғылым жүйелерінде шашырап жүрді.

Мәселен, Ульрих Страсбурский өзінің «Игіліктің құны туралы» шығармасында адам денесінің сұлулығы туралы жазса, Фома Аквинский сезіммен бағаланатын әсемдіктің мақсатты қанағаттандыратын қажеттілікпен ешқандай байланысы жоқ деген тұжырым жасады.

Наши рекомендации