Постмодернизмнің пайда болуы туралы екі түрлі көзқарас

Қазіргі эстетикалық ой жүйесінде постмодернизм әдісі кеңінен талданып, сөз болып жүр. Әрине оны әдіске жатқызамыз ба, жоқ па ол әлі күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми әдебиеттерде постмодернизм бірде идеология, кейде өнердегі ағым, енді бірде өнердегі әдіс, кейде тіпті дәуір, кезең ретінде де қарастырылып жүр.

Философилық сөздікте «постмодернизм жаңа тарихи жағдайларға байланысты өзінің алдындағы модернизм идеологиясын реттеуде, түзеуге бағытталған ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған көркемдік және мәдени идеология» деген анықтама берілген. Мұның мәнісі, екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі модернистік бағытты әлеуметтік, саяси және эстетикалық жағынан тоталитаризм мен билікшіл топтың сойылын соғады деп айыптады.

Постмодернизм деген сөздің шыңу тегі латынша host – соңғы, кейінгі және французша modem – жаңа, қазіргі, үлгілі деген сөздердің бірігуімен пайда болған.

Ең алғаш рет «постмодернизм» деген термин 1914 жылы Р.Панвицтің «Еуропа мәдениетіндегі дағдарыс» деген еңбегінде қолданылған. одан жиырма жыл өткен соң 1934 жылы Ф.де Онис өзінің «Испан және латынамерикалық поэзия антологиясы» деген кітабында модернизмді теріске шығарушы ұғым ретінде пайдаланған.

1917 жылы әлемге аты танымал тарихшы және философ Арнольд Тойнби «постмодернизм дін мен мәдениетке батыстың үстемдігінің аяқталғанын тұспалдайды» деп мәдениеттану тарапынан өзіндік баға берген болатын.

Ал 1971 жылы әдебиеттануға «постмодернизм терминін алғаш енгізген америка ғалымы» Ихаб Хассан болды. Негізгі постмодернизмнің пайда болған жері де Америка болып саналады. Ол алғаш рет постмодернизмнің өнердегі жалпы сипатына шолу жасап, талдап, жіктеп көрсетті.

1979 жылы жарық көрген француз ғалымы Ж.Ф. Лиотардың «Постмодернистік ахуал» деген еңбегінде постмодернизмнің пайда болуы мен негізгі белгілерінің алғышарттары жан –жақты қарастырылды.

Постмодернизмнің пайда болуы туралы екі көзқарас бар. Біріншілері ХХ ғасырдың екінші жартысында мәдениет пен өркениеттің құлдырауына байланысты дүниеге келген тарихи құбылыс деп есептесе, екіншілері – транстарихи құбылыс, яки әрбір мәдени дағдарыс кезеңдеріне қайталанып отыратын жағдай деп түсіндіреді. Белгілі жазушы Умберто Эко өзінің бір еңбегінде әр дәуірдің өз постмодернизмі бар деп жазған болатын. Кез келген дәуір кезі келгенде бәрібір дағдарысқа ұшырайды.өткен етектен тартып, күш көрсетіп, қанша жердег бопсаласа да тарихи авангард одан құтылғысы келеді, образсыздыққа шейін жеткізеді. Бірақ бәрінің де шегі бар. Шегінде жеткенде аангардтың да одан әрі барар жері, жер асуы қалмайды. сонда оны постмодернизм ауыстырады. Егер өткеннің бәрін қиратып жою мүмкін болмаса, онда қайта таразылап, қарастыру керек болды. Кшқайда жалтақтамай, ирониямен елеп,екшеу керек.

Әрине қазіргі мәдениет пен өнердегі Умбертонның орны да беделі де ерекше, бірақ ТМД елдері әдебиеттануында постмодернизмді тарихи құбылыс ретінде қабылдау басымдылыққа ие болып отыр.

Сонымен, постмодернизм модернизмге балама идеология іздеуден туды деуге болады. Бұл, негізінен, өнерде жаңа образдар, жаңа материалдар мен құралдар іздеуден көрінеді.

ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары айқын байқалған құбылыстарға минимализм мен концептуалды өнердің дамуын жатқызамыз. Ал 70 –ші жылдары өнердегі әлеуметтік бағыттың ерекше белең алып дами бастағанын байқаған болсақ, 70-ші жылдардың ортасына қарай өнердегі феминизм мен этникалық шағын халықтар және әлеуметтік топтардың белсенділігнің күшейгенін аңғарамыз. 80 –ші жылдардан бастап арт – процеске жаңа технологияның дамуы айтарлықтай ықпал ете бастады. Аудио, видео және интернет жүйесі суреткерлердің өрісін кеңейтті, жаңа техникалық құралдарды пайдалану олардың мүмкіндіктерін арттырды.

Постмодернизм өнерге эклектиканы, тарихи дәйектермен бұқараралық мәдениет элементтерін қосу арқылы модернизмді жұмсартуды өзінің міндеті санайды. Ой модернистік талаптардың түпнұсқаға жақындығын сынайды, постмодернистер өнерде табиғаттан тыс жаңа бір нәрсені жасау мүмкін емес дегенді үзінділер келтіру, интертекстуалдық және аппроприия арқылы жеткізу ұсынады.

Наши рекомендации