Талап қоюды қамтамасыз ету

Қамтамасыз ету термині іс жүргізу барысында азаматтық іс жүргізудің түрлі сатыларында қолданылады (дәлелдемелерді қамтамасыз ету, талап қоюды қамтамасыз ету, шешімді атқаруды қамтамасыз ету).

Бұл іс жүргізу әрекетінің аталуы оның қосымша көмек көрсету сипатында аса қажетті маңызға ие екендігін көрсетеді, онсыз қамтамасыз етілуші әрекеттің жүзеге асырылуы қиындай түседі. Сотқа талап арызын жолдай отырып, талап қоюшы сот оның өтініштерін қанағаттандырып қана қоймай, шығарылған шешім заңды күшіне енген соң орындалатындығына үміттенеді. Алайда, құқықтық дайындығы жоқ талап қоюшылардың көпшілігі шешімнің заңды күшіне енуі мен оның орындалуы бірдей мағынадағы ұғымдар еместігін әрқашан біле бермейді, ал тәжірибеде шешімнің шығуы мен орындалуының арасындағы уақыт көптеген жылдармен есептелетін жағдайлар кездеседі. Мүдделі тұлғаның сотқа талап арызымен жүгінуі және оны өндіріске соттың қабылдауы жауапкер үшін қажетсіз салдардың туындауына алып келеді. Қойылған талапқа мүліктік сипат тән болуы мүмкін, яғни даудың нысаны ретінде жеке анық заттар танылуы мүмкін, олар: автокөлік, пәтер, жер телімі, тұрмысқа қажетті заттар, бағалы қағаздар және т.б. Жауапкер тарапынан шаралар қолданылуы, яғни мүлік иеліктен шығарылуы мүмкін (мысалы сату, сыйға тарту, айырбастау жолдарымен). Осының салдарынан даулы заттардың меншік иелері ауысса, бұл жағдай болашақта шығарылған сот актісінің орындалуында кедергі болуы мүмкін.

ҚР АІЖК 158-ші бабына сәйкес, талап қоюды қамтамасыз етуге, егер мұндай шараларды қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе, істің барлық жағдайларында да жол беріледі.

Бұрынғы іс жүргізу Кодексі мен (Қазақ ССР-нің АІЖК) қолданыстағы Кодекстің арасындағы айырмашылықты айтатын болсақ, ҚР АІЖК 158-ші бабына сәйкес аралық сотта немесе төрелікте іс қарау тараптарының ісіне қатысатын адамдардың арызы бойынша соттың талап қоюды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауы мүмкін,100 яғни соттың жеке бастамасымен бұл шараларды қолдануға жол берілмейді.

ҚР АІЖК 159-шы бабында көзделген жауапкерге тиісті және онда, немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу талап қоюды қамтамасыз етудің барынша кең таралған түрі болып табылады. (Банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттық әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо101 операцияларының нысаны болып табылатын мүлікке қатысты іс жүргізу заңымен ерекше жағдайлар көзделген).

Мүлікке тыйым салудан басқа, азаматтық іс шешілгенге дейін сот келесі әрекеттерді жүзеге асыра алады:

- жауапкерге белгілі әрекеттерді жасауға тыйым салу;

- басқа адамдардың мүлікті жауапкерге беруіне немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауына тыйым салу;

- мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру;

- мемлекеттік органның, ұйымның немесе лауазымды адамның (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның қаржы нарығындағы қызметі жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданылуының тоқтата тұру және (немесе) одан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі актілерін, сондай-ақ олардың жазбаша нұсқамаларын қоспағанда) дауға салынатын актісінің қолданылуын тоқтата тұру;

- борышкер сот тәртібімен дауға салған атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру.

Қажет болған жағдайда сот ҚР АІЖК 158-ші бабында аталған мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз етуге арналған өзге де шараларды қолдануы мүмкін. Қойылған талаптардың (мүліктік немесе мүліктік емес талаптар) сипатын және олардың өзге шарттарын ескере отырып сот талап қоюды қамтамасыз етудің бір азаматтық іс бойынша бірнеше шараларын қолдануы мүмкін.

Сотпен шығарылған ұйғарымның орындалмағандығынан туындайтын жауаптылық жөнінде ҚР АІЖК 159-шы бабында әкімшілік заңнамаға сілтеме жасалған. Осы баптың 1 бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында аталған тыйым салулар бұзылған жағдайда кінәлі адамдар әкімшілік жауаптылықта тартылады. Жауапкердің (өзге тұлғалардың) сотпен жасалған тыйым салуларды орындамағаны үшін талап қоюшыға қатысты заңда кепілдіктер көзделген. Талап қоюшы сот тәртібімен осы адамдардан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды өтеуді талап етуге құқылы.

Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья жауапкерге және аралық сотта немесе төрелікте іс қарау талаптарына, іске қатысатын басқа адамдарға хабарламастан арыз сотқа түскен күні шешеді. Бұл тәртіп осы арыздардың қаралуының ерекшеліктерін көрсетеді. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарай келіп, судья ұйғарым шығарады. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен дереу орындалады.

ҚР АІЖК 162-ші бабымен талапты қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыруға жол беріледі. Бұл іс жүргізу әрекеті жасалу үшін мүдделі тұлға сотқа арыз беруі керек. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екіншісімен ауыстыру туралы арызды судья (сот) қарап шешеді; сот іске қатысушы тұлғаларға арыздың қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмей қалуы осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Талап қоюдың бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы судья ұйғарым шығарады.

Заң бойынша ақшалай соманы өндіру туралы талап қоюды қамтамасыз еткен жағдайда жауапкер сот қабылданған шаралардың орнына соттың депозиттік шотына арызда талап етілген соманы енгізуге құқылы.

ҚР АІЖК 163-ші бабына сәйкес талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою сол шараларды қолданған соттың өкілеттілігіне жатады. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот тараптардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы сұрақты қарауға кедергі болмайды.

Егер соттың шешімі бойынша мәлімделген талап қанағаттандырусыз қалдырылса, осыған дейін қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады (бұл жалпы ереже). Алайда, сот шешім шығарумен бір мезгілде, немесе оны шығарғаннан кейін талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы бөлек ұйғарым шығаруы мүмкін. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар өз күшін сот шешімі орындалғанға дейін сақтайды.

Мамандандырылған қаржылық сот талапты қамтамасыз ету шараларын жою бойынша арнайы өкілеттіктерге ие; бұл сот басқа соттар қабылдаған талапты қамтамасыз ету шараларын жоюға құқығы бар. Қаржы ұйымының қайта құрылымдау туралы істі қарайтын мамандандырылған қаржылық сот, қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған жағдайда қаржы ұйымына және (немесе) оның мүлкіне қатысты қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешім қабылдағанға дейін соттар қабылдаған талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюға міндетті.

ҚР АІЖК 164-ші бабына сәйкес жауапкер талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөнінде шығарылған ұйғарымдардың заңдылығына дау келтіріп шағымдану құқығына ие. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі барлық ұйғарымға жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.

Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы соттың ұйғарымы шағым берген адамдарға хабарланбай шығарылса, шағым беру мерзімі жауапкерге бұл ұйғарым белгілі болған күннен бастап есептеледі. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға жеке шағым берілуі бұл ұйғарымның орындалуын тоқтатпайды.

Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы немесе талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түріне ауыстыру туралы ұйғарымға жеке шағым беру немесе наразылық келтіру шығарылған ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.

Талапты қамтамасыз етуге қатысты шаралар қолдану жауапкерді ауыр материалдық және өзге де шығындарға алып келуі мүмкін. Жауапкер азаматтық айналымның заңға бағынатын адал ниетті қатысушысы ретінде соттың барлық өкімдеріне дұрыс қарап, талап қоюшының оған қатысты қойған талаптарына қарсы дәлелді аргументтер келтіре алады. Осы жауапкерді сипаттайтын мән-жайлар соттың талапты қамтамасыз етуі бойынша шешім қабылдауы барысында, сондай-ақ заңда көрсетілген шаралардың түрін таңдауы кезінде ескерілуі тиіс. Кез келген талап шынай болып, кез келген талап қоюшы заңды, немесе адал ниетті мақсатты көздемеуі мүмкін. Бұл жерде соттың міндеті – іс жүргізу шараларының заңсыз мақсатқа қолданылуына жол бермеу болып табылады.

Егер заңнамада көзделген құқықтарын арам ниетті талапкер заңсыз мақсатта сот көмегімен пайдаланып кетсе, бұл тек қана жауапкерге ғана кері әсерін тигізіп қоймай, сот немесе нақты судьяның абыройына дақ салуы мүмкін.

ҚР АІЖК 165-ші бабы талап қоюды қамтамасыз етумен келтірілген залалдарды жауапкерге өтеу мүмкіндігін көздейді. Сол талап қоюды қамтамасыз етуге жол бере отырып, талапкерден жауапкер үшін мүмкін болатын залалды келешекте өтеуді қамтамасыз ететін кепілдіктерді талап етуі мүмкін. Сот өз шешімімен қойылған талапты қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда мұндай кепілдік жауапкерге келтірілген залалды өтеудің ең нәтижелі тәсілі болады.

100Асты сызылған ереженің нормативтік мәтіні келтірілді.

101«Репо» операциясы – тараптармен келісілген бағаға шартта көрсетілген мерзім өткеннен кейін қайтара сату міндеттемесімен құнды қағазды сатып алу (сату). Өз мәні бойынша мәміле құнды қағазға тыйым салу жолымен қысқа мерзімге заем (несие алу) шарты түріне жатады.

ІІ БӨЛІМ

Наши рекомендации