Түрме поэзиясындағы ұлттық рух пен сенім көрінісі

Түрмеде жазылған поэзиялық шығармаларды оқып отырсаңыз, бойыңызды ерекше сезім билейді. Ол – патриоттық сезім. Тар есік, тас босағада телміреп отырса да, табандылығы мен төзімділігі аласармаған тұтқын, жаза мерзімін өтеуші ақындарымыздың шығармаларында ұлттық рух сипаты ерекше жырланады. Ұлттық рух – қамауда отырған ақынның жүрегіндегі ашу мен ызаны кернеп, тапталған, жаншылған ұлттық намысты оятуға итермелейтін күш. Тапталған ұлттық намыс деп отырғанымыз – ұлтымыздың ана тілі, ділі, төл тарихы, сан жылдардан бері келе жатқан ата дәстүрі.

Ана тілінің келешегі, атамекенінің болашағы үшін 1986 жылы алаңға шығып, өз Отанына дербестік сұрағандардың бірегейі – Қайрат Рысқұлбек. Қыршын үзілген ғұмыр иесінің түрмеде жазған ұлттық рух сипатындағы өлеңдерінің бірі – «Ана тілі». Қарап көрелік:

«Мен — қазақпын мың өліп, мың тірілген»,

Құшақ жая таныстым сан тілменен. —

«Жаман үйді қонағы билейді» деп,

Қала жаздап айрылып өз тілімнен.

Өзге тілге еліктеп ел болмайсың,

Қазағымның артық жоқ өз тілінен...

Шындығында, қазақ қазақ болғалы басынан не өткермеді? Небір зұлматты көрді. Ақыры, құдай сақтап аман қалдық. 1960 жылдардан бастап Мәскеу жарлығына сай қазақ мектептері жабылып, ана тіліміздің жолы жіңішкеленіп, ұлт болашағына балта шабылды. Қазақ елін жарты ғасырдан астам басқарып келген Д.А.Қонаевты себепсіз орнынан алып, оның орнына «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» қайдағы бір орысты әкелу – қазақ жастарының қытығына тиді. Олар – елдік, ұлттық мүдде үшін күресті. Мына өлең – соның айғағы.

Абақтыға қамалып, итжеккенге айдалып, суық Сібірді көрсе де ар-ожданын сатпай, хан бастарын имеген текті ерлердің артына қалған өлмес, өшпес мұраларының тәрбиелік мәні зор. Мысалы:

Қорқытпайды мені дар,

Тіліңді енді тарт, мұндар.

Өлімнен қорқып сатпан ар –

Қайдасың, қайрат, қайдасың?! (Ахат Шәкерімұлы)

Немесе:

Өтірік, өсек, жаланың

Құрбаны болып барамын.

Тасқа барып тірелді

Тасыған таудай талабым. (Асанбай Асқаров)

Осы екі өлең шумақтарының авторлары екі басқа кезеңнің зардабын шекті. Бірі – 1937, екіншісі – 1986. Екеуі де өр рухты, парасатты ақын. «Тасыған таудай талаптары» бар шақтарында «халық жауы» кеселі тиіп, қанаттары қайырылды. Сонда да ақын-жүрек тоқтаған емес, керісінше, азаптың ащы запыранын төгіп, нағыз қанмен жазылған поэзияның үлгісін көрсетті.

Жоқ! Мен өлмен, өлмеймін,

Арманымда сенім бар.

Түтіксем, тасқын селдеймін,

Арқамда туған елім бар! (Шахан Мусин)

Немесе:

Салынар таразыға ақ-қарамыз,

Шындықтың түгін қоймай ақтарармыз.

Қазіргі қаралаушы, жазалаушы

Жауыздар, сонда шығар масқараңыз! (Бүркіт Ысқақов)

Я болмаса:

Міржақып пен Ахмет

Нақақтан-нақақ болды шет.

Бір уақыттар болғанда

Ақталар, орнап әділет. (Файзолла Сатыбалдыұлы)

Асылы, осы өлеңдердің барлығында азаматтық үн өктем естіледі. Асқақ пафосты, кең диапозонды өлеңдердің барлығында азап шегушілер келер күннен күдері үзбейді. Әділеттің салтанат құрарына сенеді. «Өлмеймін. Өлуге хақым жоқ!» деп өз-өздеріне серт береді. Ақырында еліміз көптен күткен тәуелсіздігін алды, заман өзгерді, бәрі ақталып, туған халқына қайта оралды. Ақындардың азаматтық үні – «сенім» концепциясы еді.

«Сенім» концепциясы – үміт, жақсылық, әділдік, азаттық, еркіндік, тазалық, азаматтық деген жақсы қасиеттердің жиынтығы. Түрме поэзиясында сенімнің рөлі зор. Осы циклдың кез келген өкілінің өлеңін алсаңызда «ішкі сенім» анық көрініс береді. Мысалы, ҚХР Тарым жаза лагерінде азап шеккен Керейғазы Нұрсадықұлының «Айдалып жер түбіне кетіп барам» өлеңінде «сенім» тұтастай өлеңнің мағынасы мен мәнін ашып, патриоттық рең беріп тұр. Өлең жолдарына қарап көрелік:

Құрсау сап қол-аяққа көк темірден,

Шеріктер зіркілдейді өктем үнмен.

Жоя алмас, жоя алмайды, оралармын,

Айдалып жер түбіне кеткеніммен.

Басыңа қиындық орнап, туған-туысыңнан «тірідей» айырып, итжеккенге айдап, ұрып-соғып, тепкінің астына алып, қинаса да азаматтық ұстанымынан бастартпаған ақындардың бұл істері – көзсіз ерлік! «Ерлік» деп айрықша атап отырғанымыздың себебі: «...Бөгелмей жазып өтем, сен оқып өл! Тартамын ақыр жаза соның үшін!» (Таңжырық Жолдыұлы) осы. «Өзім өлсем де, сөзім өлмесін!» деп өмірі қыл үстінде тұрса да, о бастағы азаматтық ұстанымынан, сертінен тайынбайды.

Түрме поэзиясында күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:

Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері егінге, қыры малға толсын деп,

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Ел басына бақыт құсы қонсын деп.

Кешір, менің білместігім болса егер,

Еткен ісің еңбегіңмен өлшенер.

Туған жердің туын көкке көтерді,

Көп адамдар мен сүйенер, мен сенер.

Мен солардың бірі болып жүрген ем,

Жаман екен жауын тани білмеген.

Елім үшін жаным құрбан деп жүріп,

Қапылыста бір-ақ шықтым түрмеден, – деген А.Асқаровтың өлең жолдары осы сөзімізге дәлел бола алады.

Сөзімізді қорыта келе байыптағанымыз, түрме поэзиясындағы ұлттық рух пен сенім көрінісі – бостандыққа, теңдікке ұмтылу, халықтың мәдениеті мен бақыты үшін күресу. Бұл поэзия бөлшегінің негізгі мұраты – тәуелсіздік. «Тас түрмені жарып шыққан тарлан сөз» (Қ.Жұмаділов) ешқашан ұмытылмас, өміршең болуы заңдылық.

Түрме поэзиясындағы ұлттық рух пен сенім көрінісі - student2.ru

Наши рекомендации