АҚыш аймаҒамбетов

(1893–1942)

Ақын Аймағамбетов Ақыш 1893 жылы Торғай уезі Шұбалаң болысында дүниеге келген.

1916 жылғы бар қазақ даласын қамтыған ұлт-азаттық көтерілістің қатысушыларының бірі. Торғай өңірінде кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі уақытта жаппай ұйымдастыру жұмысына белсене араласқан. Дегенмен «1930 жылғы байлардың Қарақұмдағы қарулы көтерілісіне қатысты» деп танылып, 1941 жылы тұтқындалып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Осы жылы «КСРО-ның қазіргі құрылысына қас пиғылдағы кісі, 1918–1919 жылдарда алашордашыл қаскүнемдермен бірге қызыл партизандарға қарсы күрес жүргізді, ел арасында фашистік Германияны мадақтайтын сыбыстар таратты» деген жалған айып тағылған ақын ОГПУ үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді.

АМАЛДЫ БҰЗҒАН ҚАҺАРМАН

Қолға алдым хат жазбаққа қаламымды,

Жастықта кім ойлайды шамалыны.

Бұрынғы өткен күнді еске салып,

Білдірмек болдым мақсат хабарымды.

Бір кезде жердің бетін тұман алып,

Тас кескен қия басып табанымды.

Жарқырап нұрын шашып күн туғанда,

Сөйлейін бастан өткен заманымды.

Қырғын ғып, жауыз патша соғыс ашып,

Аямай еңбекшінің қанын шашып.

Қаптаған қайтара алмай елдің бетін,

Айбары аждаһадай жалын шашып.

Байлардың мақсаты үшін болған соғыс,

Хабарлы патша әскері қазақ-орыс.

Жаяу солдат кедейлер қол астында

Ат қорадан тимейді бұған қоныс.

– Қазақтан әскер алу болды талап:

19–31 мен түгел санап.

Патшаға қарсы болмай беріңдер – деп

Халыққа үйен жарлық келді тарап.

Бас қосып ел ерлері ақылдасты,

Беруді байлар, болыс мақұлдасты.

Патшаның қаламыз деп қарғысына,

Беруге адам жинап жақындасты.

Торғайға қараушы еді он үш болыс,

Ежелден мекен еткен ата қоныс.

Он сегіз мың межесі үй саны бар,

Қалада айдап тұрад ноғай, орыс.

Екі ата: Арғын, Қыпшақ қазақтары,

Қарайды бір Торғайға санақтары.

Болысқа әскер беру қиын емес,

Кезекті табылған соң тамақтары.

Он тоғыз бен отыз бір сұрағаны,

Зарланып кемпір шалдың жылағаны.

Сендерсіз бізге дүние не керек? – деп

Қан аққан көздің жасын бұлағаны.

Отырды Аманкелді қаулап жанып,

Түрленіп құбылады ойға қалып.

Қосақтап малша жасты бермейміз деп,

Орнынан түре келді айқай салып.

Шу етті сол арада жас пен кәрі,

Сөзіне құлақ салды жұрттың бәрі:

– Батырым Аманкелді басташы,– деп

Сондағы жұрттың осы ед айтқан зары.

Сонда Аманкелді былай депті:

Қабырғаң қайыспасын қамыққанда,

Ел қадірін білерсің тарыққанда.

Ерлік деген – білекте, жүректе де

Айласыздар алдырар жаныққанда.

Тар жерде тайғақ кешу кездесіппіз

«Тәуекелге!» бел байлар зарыққанда.

Он тоғыз бен отыз бір ер соңыма,

Бір Алла жол көрсетсін құныққанда.

Сонда ел ақсақалдары:

Батырға бата берді қолын жайып,

Ел ауырын көтерер ерге лайық.

– Жетсін! – деп мақсатына ойына алған

Ел тілегін білдіріп бір ғажайып.

Бата алып, атқа мінді ел шетіне

Тоқталып жүрмек еді ол несіне.

Қару ап, сарбаз жиып, қосын тігіп,

Шыққалы дайындалды жау бетіне.

Арғын, Қыпшақ арасын аралады,

Жауының аз-көбіне қарамады.

Аққұмнан Тоймағамбет қарсы шығып,

Батырдың серігіне жарамады.

Қорқақтар жалтақтаған жан-жағына,

Ашық қарсы батырға бара алмады.

Жігіттің қол жинады тазасынан,

Екі ата Арғын, Қыпшақ баласынан.

Күні үшін жұрттың көбі жөн десе де,

Күңкіл сөз арылмады арасынан.

Аманкелді сенді Омар, Әкімбекке,

Басшылық етеді деп тағы көпке.

Арғынды екеуіне тапсырады,

Абайлап көзің сал деп төңірекке.

Оспанды хан ғып сайлап кетті қазақ,

Пікірі сезіледі ептеп бұзақ.

Қатарға ермегендер шығып қалды,

Қам қылып қосын тікті басқа халық.

Қаланың зәресі ұшты шабады деп,

Шыбын жан қайткен күнде қалады деп.

Торғайды әскер келіп қорғамаса,

Хабар берді бізге ойран салады деп.

Сонымен бөлінді әскер Торғай жаққа,

Келмесе қырып-жойып ынтымаққа.

Екі жүздей жауынгер қаруланған,

Таңдаулы мінген өңкей арғымаққа.

Солдаттар көп ұзамай келді жуық,

Форма киген, қарулы түсі суық.

Қолайлы қысылтаң жер болса-дағы,

Көп ұзамай біздерді шықты қуып.

Соғыстық Татыр көлдің жағасында,

Жота, қыр, Сарысудың сағасында.

Қалаға солдат кірді басып өтті,

«Күш атасын танымас», тағасын да...

АРАП ӘМІРҰЛЫ

(1897–1938)

Жетісу өңірінің тумасы, ақын әрі әнші Арап Әмірұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер көп емес. Оның өмір жолы жайында «Жетісу» энциклопедиясында: «1896 жылы Алакөл ауданы, Жайпақ ауылында дүниеге келген. 1938 жылы дүниеден өткен. Ақын, әнші, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Найман руының Тоқпақ атасынан шыққан. Өлең жазуға жас кезінен құштар болған. Сәмет төремен айтысқа түскен. Әсет Найманбайұлымен хат жазысып тұрған. 1935–1937 жылдары Қазақ музыкалық драма театрында артист болған. Түркияда, Қытайда шыққан күйтабақтары бар», – делінген.

Ал, ақын А.Кендірбекұлының еңбегінде: «Ақын, әнші Арап Әмірұлы 1897 (кейбір мәліметтерде 1896) жылы Алакөл ауданы, Жайпақ ауылында дүниеге келген», – дейді.

1920 жылдан ауылда Кеңес құрылысына белсене ат салысады. Көркемөнерпаздар үйірмесін құрады. Өзінің ақындығымен, өнерпаздығымен танылған оны 1936 жылы Мәскеу қаласында өткізілген қазақ өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысуға шақырады.

Өлең жазуға жас кезінен құштар болған. Әсіресе, колхоздастыру кезіндегі асыра сілтеуді аяусыз сынаған. 1937 жылды:

Біреуге біреу сенбейміз,

Сол үшін жақын келмейміз.

Кездесер болсақ екі адам,

Анығын айтып бермейміз.

Құпия мұндай тапсырып,

Аққа қара жапсырып.

Жаны үшін жақынын

Ұстатар бір күн қапы ұрып, –

деп жырлаған.

Колхоздың аты – «Құрамыс» ,

Жалғыз құлақ суы бар,

Қисаңдата бұрамыз.

Жаздыгүні шілде болғанда,

Халықты қойдай қырамыз, –

деген өлең жолдары арқылы 1932 жылғы ашаршылықты суреттеген.

Сәмет төремен айтысқа түскен. Әсет Найманбайұлымен хат жазысып тұрған. 1935–1937 жылдары Қазақ музыкалық драма театрында артист болған. Түркияда, Қытайда шыққан күйтабақтары бар деседі. Ақынның 4 ұлы, 1 қызы болған. Ұрпақтары Алакөл ауданында тұрады.

1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып атылып кетті.

аҚыш аймаҒамбетов - student2.ru

Наши рекомендации