Аттестаттау комиссиялары, олардың құрамы мен өкілеттіктері

Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарты

Жалпы ережелер


1. Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарты (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 233-бабына, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2. Аталған Қағидалар «Мемлекеттік кәсіпорын басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 қарашадағы № 1353 қаулысына сәйкес аттестаттау жүзеге асырылатын мемлекеттік кәсіпорындар басшыларына таратылмайды.

3. Аттестаттау педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік талаптарына сәйкестігін, оның кәсіби құзыреттілігін бағалау негізінде анықтау мақсатында, сондай-ақ білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерін аттестаттаудан өткізу кезінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.

4. Аттестаттау міндеттері:

1) педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кадрлық құрамының жоғары сапасын қамтамасыз ету;

2) педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалардың олардың қызметіне байланысты мемлекеттік білім беру саясатымен айқындалатын міндеттерді іске асыруға жеке-кәсіби дайындығын арттыру;

3) қызметі шеңберінде педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалардың үздіксіз білім алуын ынталандыру болып табылады.

5. педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудың негізгі қағидаттары алқалылық, ашықтық, жүйелілік, айқындылық, объективтілік болып табылады.

6. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

1) педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғаларды біліктілік санаттарын (растау) беру үшін аттестаттау – қызметкердің мамандық бойынша кәсіби қызметті орындау үшін қажетті кәсіби құзыреттілігін кешенді бағалауды белгілейтін жүйелі әрекеттердің тәртібі.

2) аттестаттау комиссиясы - педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалардың біліктілік санаттарын (растау) беру рәсімін өткізетін уәкілетті алқалы орган;

3) біліктілік санаты – қызметкердің жұмысты орындау нәтижелілігін көрсететін біліктілік талаптарының деңгей;

4) біліктілік тестілеуі ( бұдан әрі - тестілеу) – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген тестілер бойынша педагогикалық қызметкерлерді мезгілінен бұрын аттестаттау кезінде кәсіби құзыреттілігін анықтау үшін өткізілетін міндетті кезеңдерінің бірі;

5) қызметтің қорытындыларын кешенді талдамалық жалпылау – педагог қызметкердің кәсіби қызметін жүйелі, бірізді және объективті зерделеу негізінде оның кәсіби құзыреттілігін бағалау бойынша іс-шаралар жиынтығы;

6) біліктілікті арттыру ұйымы – педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

7) педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалар – «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен бекітілген педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғалар лауазымдарының тізбесінде көрсетілген лауазымда істейтін тұлға;

8) деңгейлік курстар - 1, 2, 3 деңгейлік бағдарламалар бойынша жалпы білім беретін мектеп педагогтерінің біліктілігін арттыру курстары;

9) сараптау – бұл педагогтің кәсібилілік деңгейін және педагогикалық қызметінің нәтижелерін кешенді бағалау;

10) сараптамалық топ – педагог қызметкердің кәсібилілік деңгейін және біліктілік талаптарына сәйкестік дәрежесін бағалау үшін біліктілікті арттыру жүйесінің ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінен қалыптастырылған тәуелсіз алқалы орган.

Аттестаттау комиссиялары, олардың құрамы мен өкілеттіктері

7. Педагог қызметкер мен оларға теңестірілген тұлғаларды біліктілік санаттарын (растау) беру үшін аттестаттаудан өткізу үшін білім беру ұйымдарында, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінде, басқармаларында, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім беру саласындағы уәкілетті органдарында (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін), тиісті саланың уәкілетті органдарында аттестаттау комиссиялары құрылады.

8. Аттестаттау комиссиясының құрамына аттестаттау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, аттестаттау комиссиясының хатшысы және мүшелері енгізіледі. Аттестаттау комиссиясына білім беру ұйымдарының неғұрлым тәжірибелі педагог қызметкерлері, ғылыми-педагогикалық құрылымдардың, оқу-әдістемелік бірлестіктердің, біліктілікті арттыру жүйесінің, кәсіподақтардың, өндірістік құрылымдардың (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім, не алқалық басқарудың басқа нысандары үшін), кадрлық қызметтердің өкілдері, білім беруді басқару органдарының мамандары кіреді.

9. Аттестаттау комиссиясының мүшелері тақ саннан тұрады. Аттестаттау комиссиясының мүшесі болып табылатын аттестатталушы қызметкер өз кандидатурасын қарау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

10. Білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясының құрамын тиісті алқалық орган (мектептің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу орындарының педагогикалық кеңесі) анықтайды және білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.

11. Білім беруді басқару органының аттестаттау комиссиясының құрамы білім беруді басқару органы басшысының бұйрығымен бекітіледі.

12. Аттестаттау комиссиясының отырыстарын хатшы хаттамаға түсіреді. Хаттамаларда аттестаттау комиссиясының шешімдері және оның мүшелерінің дауыс беру нәтижелері тіркеледі. Аттестаттау комиссиясы отырысының хаттамасына аттестаттау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы және отырысқа қатысушы мүшелері қол қояды.

Аттестаттау комиссиясының шешімі отырысқа оның мүшелерінің кемінде 3-тен 2-сі қатысқан жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру нәтижелері қорытынды отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

13. Облыстық бағыныстағы білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды облыстардың, Астана және Алматы қалалары Білім басқармаларының аттестаттау комиссиялары өткізеді.

Республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды білім беру саласындағы уәкілетті орган жүргізеді, өз ведомствосында білім беру ұйымдары бар басқа да мемлекеттік органдарда тиісті салалардың уәкілетті органдары жүргізеді.

Білім беру ұйымдарының басшыларын және олардың орынбасарларын аттестаттауды аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің аттестаттау комиссиялары өткізеді.

14. Аттестаттау комиссиялары аттестаттау үдерісінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) аттестаттаудың барлық кезеңдерін өткізу орындары мен күнін белгілейді;

2) білім беру ұйымдарының аттестатталатын басшылары, олардың орынбасарлары, білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қызметтерінің қорытындыларын қарастырады және талдайды;

3) аттестатталушының кәсіби құзыреттілігін әңгімелесу арқылы барынша объективті және толық бағалайды;

4) әңгімелесу кезінде заңдылықты сақтайды, ізгілік, әдептілік танытады;

5) аттестаттауды ұйымдастыруды және өткізуді ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

15. Тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиялары педагог кадрларға біліктілік санаттарын беру/растау үдерісінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) білім беру ұйымының аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде екінші біліктілік санатын бекітеді. Бірінші және жоғары санатты беру/растау үшін педагогтердің материалдарын дайындайды

2) аудандық (қалалық) білім бөлімінің аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің бірінші біліктілік санатын бекітеді;

3) облыстардың, Астана және Алматы қалалары Білім басқармаларының аттестаттау комиссиясы сараптамалық топтың қорытындысы негізінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, қосымша, арнайы, түзеу білім беру ұйымдары педагогтерінің жоғары біліктілік санатын бекітеді, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары, сондай-ақ облыстық бағыныстағы білім беру ұйымдары педагогтерінің бірінші және жоғары санаттарын бекітеді.

Білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясы республикалық ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің бірінші және жоғары біліктілік санатын бекітеді.

Салалық мемлекеттік органдардың аттестаттау комиссиясы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінің бірінші және жоғары біліктілік санатын бекітеді.

Наши рекомендации