Жаңа жылдық тілек

Сәләматсыз ба, Әз аға!-

Аман ба, қарағым? Қай баласың?-

"Қас-қағым сәт" газетінен едім.-

Жөн. Құлағым сенде.-

Бұйымтайымды неден бастарымды білмей қиналым тұрмын, аға.-

Ұқтым. Өткен жыл жаман болмады ғой. Тек менің жеке басыма келсем жағдайымды білесің. Пәлен жыл бірге өмір сүрген құдай қосқан қосағымнан айырылып қалдым. Ауыр қайғы еңсемді езіп, қабырғамды қайыстырып кетті. Не істерсің өмір солай. "Мәңгілік махаббат жыры" атты ғұмырнамалық толғауымды өзің қалап сұрап алып, газетінде жариялай бастағаныңа дән ризамын. Қалай, жұрт оқып жатыр ма? Пікір қалай?-

Сізді оқымағанда кімді оқиды, Әз аға? Тебіреніп телефон соққандар көп. Әз ағал ары таза, жаны мөлдір, махаббатқа адал, жарға адал, өмірлік серік нағыз қазақ әйелінің асыл бейнесін сомдап соққан деседі жамағат. Өзім анық білетінім, толғауыңызды компьютерден теріп шыққан баланың көзіне жас тамшылап отырғанын көрдім, соның куәсі болдым, аға.-

Ендеше сол балаға менің атымнан көл-көсір алғысымды жеткізші Аман болсын, айналайын!-

Әз аға, мына жаңа жылда ел-жұртыңызға не дейсіз, нендей тілек айтасыз?-

Менің қайғыма ортақтасып, Қазақстанның әр түкпіріндегі лебіз білдірген баршаға деген ықыласымды баспасөз бетінде білдіргем. Тағы да соны қайталаймын. Халім жаман емес. Алданышым — немерелерім бар емес пе! Жазу-сызудан да қала қойған жоқпын. Барлық отбасылар аман болсын! Еліміз аман болсын! Жеріміз аман болсын! Cay бола ғой, айналайын!-

Жылы ілтипатыңызға рахмет! Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!-

("Қас-қағым сәт " газеті, 6 қаңтар, 2002 ж.)

Құрметті Әз аға!

Күні кеше еліміз тәуелсіздігінің он жылдығын дүркіретіп тойлап өттік. Еншімізге тиген жаңа ғасырдың жаңа жылын қуанышпен, ізгі тілектермен қарсы алдық. Қазақстанның да келесі айына аман-сау қадам бастық. Міне, осы бір уақыт аралығында өзіңізбен тағы да хабарласып қоюды жөн деп білдік.

Ал, сондағы айтқымыз келгені сіздің ұшқыр қаламыңыздан Туған "Мәңгілік махаббат жырын" жариялау барысында редакциямызға көптеген хаттар келіп түсті, телефон арқылы хабарласқан адамдар да бар. Мәселен, Қарағанды облысынан қалай жыл бойы мектеп директоры болып қызмет істеген, қазір құрметті енбек демалысындағы Райза Жотабаева туындыңызды көзіне жас алып отырып оқығанын айтып, шығарманың қалған бөліктері тезірек жарияланса екен деген тілегін білдірді. Сондай-ақ газетіміздің тұрақты оқырманы Нұрмұхамед Базарбаев болса, газетті тек Әз ағаңның осы шығармасы үшін ғана іздеп жүріп оқу керек деген ойын ортаға салды. Демек, сіздің тағы да бір туындыңыз жұртшылық жүрегіне жол тапқаны ешқандай күмән туғызбайды.

Әз аға! Сіз өзіңіздің сүйікті жарыңыз Халимамен соңғы қоштасу сәттерінде "егер сенің артыңнан кететін болсам, асылып та өлмеймін, атылып та өлмеймін, тек дәрімен ғана жан сақтап жүрмін ғой, егер дәрі ішпей қойсам өлгенім емес пе" деген едіңіз.

Жоқ, қадірлі аға, сіз дәріңізді іше беріңіз. Сіз алтын жеңгеміз, Халима апаның отын жағып, түтінін түтетіп кеткен отбасыңыз үшін аяулы аналарының орнын жоғалтпауға тырысып, құрақ ұшып күтіп отырған бала-шағаңыз үшін керексіз, шығармаңызды іздеп, сусап оқитын оқырман үшін керексіз, бүкіл қазақ халқы үшін керексіз.

Сіз сонау сұрапыл соғыс жылдарының жалының кешіп, одан кейінгі толып жатқан қиындықтарды да басынан өткерген, мойымаған, мойымайтын аға ұрпақтың өкілісіз ғой, сондықтан қазіргі шақта қайғыға беріле бермей, айнымас серігіңіз қаламыңызды қолыңыздан түсірмей жаңа туындылар жазып жатқаныңызға бек сенімдіміз. "Мәңгілік махаббат жырынан" кейін тағы да бір дүниеңізді газетімізге ұсынсаңыз дән риза болар едік.

Әз аға! Сізден газетіміздің келесі нөміріне қазіргі хал жағдайыңыз, тындырып жатқан жоспарыңыз туралы ой пікіріңізді жазып беруіңізді өтінеміз.

Сәлеммен, "ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ" журналистері.

("Қас-қағым сәт", №2(7), ақпан, 2002жыл)

"Қас-қағым сәт" газетінің журналистеріне жауап хат

Қымбатты қаламгер бауырлар!

"Қас-қағым сәт" газетінің биылғы №2(7) санында маған хат жолдаған екенсіздер. Онда газеттеріңізге "Мәңгілік махаббат жырынан" кейін тағы да бір дүниеңізде ұсынарсыз деген өтініш айтыпсыздар. Және қазір не істеп жатқаныңызды біздің оқырмандарға айтып берсеңіз деген тілек білдіріпсіздер.

Алдымен менің "Мәңгілік махаббат жыры" деген өз әйелім Халима жайындағы жан сырымды газеттеріңізге жариялап жатқан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын. Менің бұл еңбегіме байланысты Сіздерге хат жазып, телефон соғып, ықылас білдіріп жатқан оқырмандарыңызға, солардың ішінде Қарағанды облысынан хат жіберген Райза Жотабаеваға, тұрақты оқырмандарыңыз Нұрмұхамбет Базарбаевқа және басқаларға, сонымен бірге редакция ұжымының менің денсаулығыма амандық, шығармашылық жұмысымның жалғаса беруіне тілектестік білдірген жылы лебізіне тебірене ризашылық жолдаймын.

Енді не істеп жатырсыз деген ұрпақтарыңызға жауап берейін. Алдыңғы жылы Нұртай Сабильянов деген кәсіпкер оқырманым келіп, өзінің бір миллион теңгеге жуық ақшасын жұмсап, менің "Қаламгер және оның достары" деген эпистолярлық романым мен "Өмір өрнектері" деген әдеби күнделіктерімнің бірінші кітабын жарыққа шығарып берген.

Қазір сол "Өмір өрнектерінің" екінші, үшінші кітаптарының қолжазбасын өңдеп, компьютерге бастырып жатырмын. Соларды тергізіп, дискетке жаздырып, кітап етіп бастыруға әзір етіп қоймақпын. Бұдан басқа 5-6 кітаптың қолжазбалары баспаға әзір тұр.

Бірақ оларды шығарып беретін демеуші жоқ. Күндердің күнінде немере, шөберелерімнің бірі қаражат тауып, жарыққа шығарар деп үміттенемін.

Қазір "Мәңгілік махаббат жырын" жеке кітапша етіп шығаруға әзірлеу демін. Биылғы жылдың ортасында жан жарым Халиманың қайтыс болғанына жыл толды.

Абай мен Шәкәрімнің басына күмбез орнатқан архитектор, әрі ақын Сайын Назарбекұлы деген қазақтың жаны жайсаң асыл азаматы Халима жеңгесінің басына Қозы Көрпеш Баян сұлу мазарыңдай етіп, Ақтаудың ақ тасынан биік күмбез орнатуға уәде беріп отыр. Сол күмбезбен қарайлас жарыққа шығартып, жарымның жылында бұл кітапшаны жұртқа таратсам деп тырысу дамын. Одан кейін Халима екеуміздің бірге өткізген 54 жыл өміріміз туралы жеке роман жазуға кіріспекпін. Ол романды "Халима" немесе "Біз және біздің замандастарымыз" деп атасам деймін. Мұнда махаббат, достық, қоғам, заман деген төрт тақырып түгел қамтуға тиіс.

Сіздің газетке не ұсынуға болады?

Соңғы кезде әйелдер жайында әр жерде сөйлеген сөздерім бар. Алдымен соларды ұсынғым келеді. Одан кейін әдеби күнделіктерімнің кейбір үзінділерін беріп тұруыма болады. Әзірше айтарым осы.

Зор құрметпен,

Ағаларыңыз Ә. Нұршайықов.

11.02.2002 ж.

("Қас-қағым сәт " газеті, №3(8), наурыз, 2002 ж.)

Наши рекомендации