Немесе мәңгілік махаббат жыры

Сөзі: А.Сапышев.

Әні: Т.Рахимов

Әзілхан:

Аралап алыс ғасырларымды,

Жайнатып білім жасыл бағымды.

Жүргенде тапқан, жүрегім менің,

Халима сені асыл жарымды.

Көзіңнен нұрлы көрдім де шуақ,

Сағынып сүйдім сезімім тулап.

Ертіс боп толқып, тебірендім терең,

Махаббат маған берді де қуат.

Халима:

Жетелеп арман мұраттарымды,

Аңсаған шақта жырақ таңымда.

Әзекем сені жүректен сүйдім.

Жанымнан нұрлы сыр ақтарылды

Құлақтан кетпей дауысың мұңды,

Ұрлады Семей таңы сырымды.

Күн сайын сені сатынып тостым,

Жүрегім өзге танысын кімді.

Қайырмасы: (дуэт, қыз-жігіт)

Мен үшін жалғыз,

Мен үшін жалғыз,

Сен туған асыл ен,

Махаббат мәңгі,

Махаббат мәңгі,

Мен саған өмірдей,

 Ғашық ем.

Әзілхан:

Бір әнді шырқап тоғысқан үнді,

Соқты да бұзды соғыс дауылы.

Өртенді жастық, от болдық лаулап,

Ерлік деп жаздық жорықта жырды.

Халима:

Көп көрдік біздер өмір қатпарын,

Қасірет, мұңды қайғы шақтарын.

Соғыстан аман жеткізді саған,

Өзіңнің жазған тірі хаттарын.

Қайырмасы: (қыз-жігіт)

31 наурыз, 2006 жыл, Семей.

Немесе мәңгілік махаббат жыры - student2.ru

ХАЛИМАҒА ХАТ

Өлеңі: Әзілхан Нұршайықов

Әуені: Ақтоты Райымқұлованікі

Дүниенің бар қызығы

Махаббатсыз толмайды екен.

Жаның сүйген жардан артық,

Ешбір байлық болмайды екен, Халима!

Шын махаббат жүректегі

Ешқашанда солмайды екен.

Қанша қызық көрсең дағы

Жардың орны толмайды екен, Халима!

Махаббат — нұр, алтын сәуле,

Жарқыраған жақұт екен.

Махаббатпен өмір сүру

Өлшеуі жоқ бақыт екен, Халима!

Халимажан, жүрегімді

Бала күннен еттің мекен.

Сеніменен өткен жылдар

Қол жетпейтін жұмақ екен, Халима!

Жалғыз қалып, жер ортада,

Не тындырам, енді не етем?

Жер жастанып жығылғанша,

Бір Өзіңді жырлап өтем, Халима!

16.02.2006 ж.

Немесе мәңгілік махаббат жыры - student2.ru

АЙРАН, ХАЛИМА АПА!

Алматы вокзалына аяқ баса салысымен, "Қалай барсам екен, кіммін деймін?" деген ой екі күн туған-туыстар арасында жүрсем де, тұрсам да ойымнан шықпай қойды. Үшінші күні нар тәуекел деп телефон соқтым. Арғы жақтан "Әлөу" деген өзімізге жақсы таныс жұмсақ дауыс естілгенде жүрегім дір ете қалып, тамағыма бір өксік келгендей болды. Басыма өзі де нәзік, даусы да нәзік, жүрек, тұла бойы, мінезі жұмсақ жаратылған адам "күндей күркіреген" Бауыржан ағамызбен қалай сөйлесіп, сөйлесіп қана қоймай, "Ақиқат пен аңыз" атты күнды тарихи дүниені өмірге әкелген Әзілхан ағамызды батыр емес деп кім айтар деген ой келді.

Өзімнің қайдан келгенімді, денсаулығы, уақыты болса жолыққым келетінін айттым. Әз-аға: "келе ғой" дегенде, "сау болыңыз, рахметті" айта сала далаға атып шығып, аула ішін ары-бері кезіп кеттім. Қасымдағы адамдар аң-таң, өре тұрған бәрі "саған не болды?" дейді ғой, баяғы. Менің әрі қобалжып, әрі қуанғаннан сөз айтуға мұршам жоқ. Қайта-қайта сағатқа қараймын. Кездесуге әлі бес сағаттай уақыт бар.

Ойыма 2001 жылы шілде айында (соңғы күндері) естіген қаралы хабар оралды. Ол Халима апамыздың Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың жан-жары, қаламдас серігі, өмір бойы жазушының құнды дүниелерді әкелуіне зор үлес қосқан, Ұлы Отан соғысының ардагерінің дүниеден өткендігі туралы еді. Көз алдыма суреті анда-санда жазушы жарының жанынан көрінетін аққұба, мейрімді жүзінен нұр төгіліп тұратын ақ шашты, жұқа өнді (ешқандай бояу, косметикасыз) талдырмаш денелі әйел елестеді. Жетпісінші жылдары "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жастанып жатып неше қайтара оқып, сол кезден бастап сүйікті жазушымызға айналған Әзілхан ағамызды енді не күйге түсті екен, сыңарынан айрылған аққудай болды-ау, сексенді алқымдаған, өзінің денсаулығы жоқ Әз-ағамызға құдай қуат бере көр деп, шын ниетімізбен тіледік. Қолдан келер еш қайран жоқ болса да, мың шақырым қашықтықта жатып барлық жерлес оқырмандар атынан қазанама жазсам ба деп те ойладым, әлде жеделхат жіберсем бе деп ойланып-толғанып жүргенде, уақыт шіркін сынаптай сырғып өте берді. Тіршіліктің күйбеңімен (сол жазда шешеміз дүние салды), бір жағынан қарапайым, мен сияқты оқырманның сөзі менсіз де артығымен жетіп-артылатын шығар деген жасқаншақ, тартыншақтықтың кесірінен, көкейдегі жұбату сөзді өзіміздің сүйікті жазушымызға айта алмадым. Сөйтіп жүргенде, басқа жаққа қоныс аударып кеттік. Бірақ, мен қалайда Алматыға барып, қайткен күнде жазушымен кездесуім керек деп, өзімнің алдыма мақсат қойдым. Сол мақсатым бүгін орындалатын сияқты. Иә, сәт, деп айтқан уақытында жүрегім атша тулап, есіктің қоңырауын бастым. Ақырын ғана ашылған есіктің арғы жағынан жазушының жылы жүзі жарқ еткенде сасқанымнан: "аға, бұл мен ғой" деппін. Қалай амандасып, төргі үйге қалай өткенімді білмей қалдым. Неге дейсіз ғой. Біріншіден, ұлы жазушының есікті өзі ашуы. Екіншіден, қолымды жұп-жұмсақ алақанымен аялай амандасқаны. Үшіншіден, мені бір ескі таныс-туысындай қарсы алып, төрге шығарғаны. Төртіншіден, мен ойлайтын атақты жазушының үйі кірсе шыққысыз керемет шығар деп, олай емес, кәдімгі көп пәтерлі қарапайым үйдің бірі, неге екенін қайдам, өзіңді баурап, жайбарақат бір күйге ендіретін сезімге тап болғандаймын. Жазушының бетіне қараған сайын жаныма бір жайдарылық, бойыма қайраттылық пен сабырлы жиғандай болдым. Артынан ойласам, ол Халима апамыз бен Әз-ағамыздың қарапайымдылығы мен дарқан көңілдерінен, тұла бойларынан өзімізге дарып, сосын оқырманын шақырғандай болатын қасиеттері екен ғой.

Өзімді таныстыра келе қолына 1992 жылы автограф жазып берген кітабын ұсындым. Өзі 70 жасқа толғанда ел жаққа барған сапарында сол кездегі "Қалбағау" совхозының директоры Мусин Дүйсенғазы бауырымыздың ұйымдастыруымен болған кездесуде жазушының әңгімесіне тәнті болғанбыз. Қасында Халима апамыз бар, сол кездесу әлі күнге есімде ғой, содан біраз әңгіме айтып еске түсірдік, өзімнің алған әсерімді айттым. Әзілхан аға риза болып қалды. О, ғажап, бағанадай емес, жазушының үйі өзімнің күнде келіп жүрген үйіме айналғандай. "Жақсыда жаттық жоқ" деген осы екен-ау деп жан-жатыма қарадым. Қабырға толған портрет-фотосуреттер, альбом, кітап деген мұқым сөрелерге симай тұр. Ортаға қойылған үлкен столдың асты-үсті толған қолжазба, папкілер, әртүрлі сувенирлерден басқасының бәріне жазушының кең залы тарлық етіп тұрғандай. Жазушының үйіндегі ең құнды байлықтар да осы заттар. Ұлы ғұлама М.Әуезовтен бастап небір жақсы мен жайсаңдардың, Елбасы Нұрағаның жанында тұрған Әз-ағамыз не деген бақытты деген ойда отырған менің көзіме бірнеше жерде әр кезеңнен түсіріліп, үлкейтілген Халима апамыздың суретін көріп көңілім босап қоя берді. Аға, дедім көз жасымды жұма отырып, ең басты шаруам сізге көңіл айту, "ештен кеш жақсы" дегендей, кешігіп барып көңіл айтқаныма кешірім өтінемін. Әйтеуір жұбату сөздерімді қазақи дәстүрмен жеткізіп айтқан болып жатырмын. Ағамыздың жүзін бір сәт мұң басқандай болды. Сол бір сәті өз әкеме ұқсап кеткендей, әрі Халима апамызды еске алып, мен де мұңая төмен қарадым. Жалпы бұл адамның кескін-келбетінде әкеме бір ұқсастық бар. (Оны "Дидарда" жарияланған "Әке туралы сөзде" айтқанмын. 03.04.1998 ж.) Ғалия келіннің қолынан ішкен шайдан кейін көңілім жадырап, жазушымен болған әр тақырыптағы қысқаша (бар жоғы бір жарым сағаттай) әңгіме менің өміріме сарқылмас қуат құйғандай болды. Көше шамдары жанып, қараңғы да түсе бастады. Қоштасып тұрып, Әз-ағамызға, бала-шағасына саулық тіледім. Жазушы ағамыз өзінің "Мәңгілік махаббат жыры" кітабын ұсынып тұрып: "Бұл қітабым Халима апаңа арналған. Биыл баспадан Нұртай Сабильянов бауырымыздың демеушілігі арқасында шықты. Әдейі келіп сәлем бергеніңе рахмет" деді. Мен қуанғанымнан кітапты кеудеме басып, жазушының бетінен сүйіп, рахмет, аға, рахмет! дей бердім.

Алматыдан шықпай жатып бастап оқыған кітапты үйге келген соң бас алмастан оқи отырып, Халима апамызды автормен бірге жоқтаумен болдым. Бұл кітапты жыламай оқу мүмкін емес. Не деген ғажап туынды дүниеге келген десеңізші! Үш бөлім, бірнеше тараулардан тұратын мұндай жан тебірентер кітапты мен бұрын оқыған жоқ шығармын. Ашаршылық жылында бар туғандарынан айрылып жетім қалған қаршадай Халима қызды кейін қазақта осындай әйел затының бар екенін білсін деп Алла Тағала тірі қалдырған шығар. Егер Халима анамыздың Ә.Нұршайықовтай жазушы жары болмаса, шүйкедей ғана ананың бойындағы осынша қасиетті білер ме едік, білмес пе едік?! Әркімнің өз ата-анасы, өз баласы өзіне ғой, бірақ, дәл Халима ападан, Әзілхан ағамыздан туған балалар не деген бақытты!

"Халима" атты бірінші бөлімдегі жиырма сөзі, екінші "Халимаға хат" бөліміндегі ақ өлең үлгісімен жазылған сағыныш саздары, "Халиманы еске алу" бөліміндегі әртүрлі хаттар, естеліктер, лебіздер, автографтар, көңіл айтулар бәрі де жеке кітапшаға лайық дүниелер. Әр бөлімін оқыған сайын бар дүниені ұмытып, ішкі сезімің Халима апамен бірге ілесіп кете береді. Осы адамның дүниеге келіп, өткенге дейін қасында болған, дәмдес, аралас, дос, туыстардың қатарында бір сәтке бірге болмағанына өкіне армандайсың. Қайран, Халима апа! Мен сіздің бір адамның басында жиналған қасиеттеріңізбен таныса отырып, егер басқа бір адам айтса сенбес едім деп ойлаймын. (Сіздің зат құмар, жылтыраққа әуес емес екеніңіз өзіңіз жиған дүниеден көрініп тұр). Әзілхан ағамыздың "Махаббат, қызық мол жылдарынан" жас кезімде қыздарға арналған сөздерін, махаббат туралы автордың ойларын көшіріп алған едім. Балаларыма арнап "Мәңгілік махаббат жырынан" да жазайын десем кітапты түгелге жуық көшіру керек сияқты. Сондықтан балаларыма қалдырар менің бойтұмар өсиетім осы кітап болар. Өйткені бұл кітап тұнып тұрған тәрбие мектебі. Онда жастарға айтар тәртіптілік, инабат-сезімділік, достық, қайырымдылық (қазіргі кезеңде жетпей жағатын) бір төбе болса, әйелдер мен ер азаматтарға айтылып, дәлелденіп отырған тұтас дүние жатыр. Қайран, Халима апа! Шүйкедей болып, он томдық кітапқа арқау болар қасиетті қалай ғана көтеріп жүрдіңіз екен. Сіздің бойыңыздағы қасиеттердің үштен бірі дарыған әйел заты өзіне шын анамын дер. Әзілхан аға бірінші сөзін "Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік" деп бастайды. Мен айтар едім 63 жыл бірге өмір сүрдіңіздер деп. Өйткені 9 жыл бір-бірілеріңізге ғашық болып қосылдыңыздар, 9 жыл бірге болмасаңыздар да жүректеріңіз, жан-тәндеріңіз "Халима, Әзілхан" деп соғумен болды.

Ешбір қиыншылықтарға (соғыс, ауру-сырқау)қарамастан, бір-бірлеріңізден көз жазған жоқсыздар.Осы махаббаттарыңыздың өзі бір жыр дастан емес пе?! Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы мен Баян, Қалқаман-Мамыр т.б. дастандарды баяғыда бала кезімізге үйге жиналып үлкендер оқытатын. XXI тасырдың оқылатын жыр дастаны осы кітап болатын шығар. Әзілхан ағамыздың бас болып тұрғызған, өзі айтқандай, "Титімдей Тәж Махалы" Халима апамыздың ұлутастан құралған Ақ Күмбезі жастардың, жалпы махаббат құдіретіне бас иген адамдардың баратын, тәуап ететін жері болар. Халима апамыз да Семей өңірінің ұлы Абай жерінен. Туған жері Жүрекадырда Халима апамызды еске түсірер ескерткіш тұрса артық емес. Біз, білмеген-көрмеген әулие-әмбиелерге сиынып жатамыз. Ал қазақтың қарапайым қызы, Әзілхан ағамызша айтқанда, Ұлы Отан соғысының жауынгері, мұғалім, сүйікті жар, асыл Апа, аяулы Әже, бізше айтсақ, адал махаббат иесі, махаббат жырынын кейіпкеріне тәуап етсек несі айып. Бұл да тәрбие, болашаққа қалдырар тағлым. Дәл бүгінгі күні мұндай прозалық поэманы жазған Әзілхан ағамыз бен бұл кітаптың жарық дүниеге шығуына себепкер болған, осымен үшінші кітабына демеушілік жасаған Нұртай Сабильянов бауырымызға мың да бір рахмет! Егер осындай меценат бауырымыз болмаса, біз оқымақ тұрғай, көре алмай қалар едік. Қалың оқырман атынан айтар алғысымыз шексіз. Өз атың айтып тұрғандай, бетіңнен нұрың кетпесін, дұшпанның сөзі өтпесін, жолың нұрланып, көңілің жарқын, өмірін ұзақ болсын, бауырым! "Әкенің ғана ұлы болма, халқыңның ұлы бол" деген осы.

Құрметті Әзілхан аға! Сіз Халима апамызға қойған құлпытасқа:

Қасиеттеп, құрметтеп,

Сенің махаббатыңды.

Ұрпаққа үлгі болсын деп,

Алашқа жайдым атыңды –

депсіз. Сіз расында апамыздың атын алашқа жайдыңыз. Орыс, ағылшын тіліне аударылар болса, еуропалықтарға да жайылары даусыз. Әз-аға, сізге Халима апамыз бірнеше өсиет айтқан екен. Оны орындадыңыз, орындалып та жатыр. Қалың оқырман болып сізге өсиет айтқымыз келеді. Сіз өлмеңіз! Сіздің әлі де айтарыңыз баршылық. Халима aпa екеуіңіздің ұлттық тәлім-тәрбие берер өмірлеріңіз драматургия саласында, көркем немесе қысқа метражды, көп сериялы фильмдерге түсіріп қоюға сұранып тұрған дүние. Оны жазатын, түсіретін адамдар да баршылық. Сіз соның басы-қасында болуыңыз керек. Тағы бір ой: "Махаббат, қызық мол жылдар", "Мәңгілік махаббат жыры" шығармаларынан әдебиет оқулықтарына (оқушылар, студенттерге) үзінділер келтіру керек. Бұл жастарға, әсіресе, семья құрып ата-аналық парызды бастан кешіретін жас отау иелеріне тәрбиесі зор туындылар. Бұл, әрине, келер күннің әңгімесі.

Қайран, Халима aпa!

Кешігіп айтылған қазанама — жоқтауымды қабыл алғайсыз. Алматыға жол түсер болса, бірінші баратын жерім сіздің ақ күмбезіңіз болмақ. Ағамыздың 14-сөзіндегі "Су сұрасам сүт, қарта сұрасам қазы, жая сұрасам жал беретін еді Халима. Жанынан жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған" деген сөзі бізге, барша әйел затына өсиет-ұлағат. Өзіңіз айтқандай, сіздің басыңызға барғанда құран білмесек, Абай бабамыздың өлеңін оқып, сіздің қасиеттеріңізді айта береміз, жырлай береміз, жырлай береміз...

Өйткені Халима апамыздың жырлайтын қасиеттері өте көп Ақ қағазға жазып жеткізу, бітіру мүмкін емес, бітпейді де. Неге екенін қайдам, күнделікті бір сәт Халима апамыздың ақ күмбезі көзіме елестеп, Әзілхан ағамыздың жыр жолдарын қайталап жүремін.

Сен менің Джакондамсың,

Мәңгілік көкейден кетпес, Халима!

Көктегі жарық жұлдызымсың,

Ұсынсам қолым жетпес, Халима!

Сен менің Джакондамсың,

құшаққа симайтұғын , Халима!

Қанша жыл өтсе де,

" Өлдіге" қимайтұғын, Халима!

Наши рекомендации