МҰныҢ Қадірін кім білген

Топырақтан жаралып

Адамзаттан таралып

Ғақыл инсаф иесі

Пәни инсаннан саналып

Хақ мұсылман қауымнан

Болғанның қадірін кім білсін?

Рамазан шариф айында

Өз үйінде жайында

Ораза ұстап, оқып тарауық

Шарғы-шариф жолында

Отырғанның қадірін

Ойласаң сірә кім білген?

Отыз күн тамам бітіріп

Нәпсінің кірін кетіріп

Уағыз тыңдап құтпа оқып

Мешітке барып отырып

Жамағат болып ғайт оқып

Қайтқанның қадірін кім білген?

Екі ай он күн өткенде

Құрбан айы жеткенде

Барша мүмин жиналып

Мейрамдап дінін күткенде.

Құрбан шалып ғайт оқып

Тәкпір ташрик сол күнде

Айтқанның қадірін кім білген?

Шақырысып барысып,

Ағайын-туған қауышып

Қырға шығып кәрі-жас

Жүйрік жорға жарысып

Екі жақ боп отырып

Күресіп палуан алысып,

Дода тартып дуылдап

Көк бөріге шабысып

Кешкі құрым болғанда

Кейінгі қалған ауылға

Қуаныш симай қойынға

Қайтқанның қадірін кім білсін?

Ағайын-туған қарындас

Замандас, қатар, құрбылас

Енді ойласақ еске алып

Шығады көзден ыссы жас

Еркін жүрген кезіңде

Ел қадірін кім білген?

Айдын шалқар көлі бар

Жағалап қонған елі бар.

Орман ағаш, ну тоғай

Асқар тау, биік белі бар.

Көшіп жайлап жүргенде

Жер қадірін кім білген?

Мал иесі бай болып

Төрт түлікке сай болып

Қатын-бала қасында

Қайғысыз жаның жай болып

От басында отырып

Оның да қадірін кім білген?

Саламаттық – денсаулық

Еркін пұрсат, шын саулық

Ақ шымылдық, құс мамық

Сүйіп алған ақ жаулық

Түгел тұрған күніңде

Соның қадірін кім білген?

Өтерін жалған еске алып

Тұтынып жүйрік беске алып

Замандас, қатар-құрбымен

Шыңға шығып шалықтап

Ит жүгіртіп, құс салып

Сайран етіп сахарада

Жүргеннің қадірін кім білген?

Ана ауыл мен мына ауыл

Аулақ қонған малды ауыл

Тамыр-таныс, құдаңда

Қадірлес көрші сан ауыл

Амандасып аралап

Жүргеннің қадірін кім білген?

Ажал, тағдыр жолымен

Имам ислам нұрымен

Басқа – жастық, аузына –

Сусын болып шынымен,

Ақ жуып, айқын арулап

Ағайын-туған қолымен

Ортасында отанның

Қайтқанның қадірін кім білген?

Нәсіп етіп Алласы

Көрсе мұны пәндасы

Жайылып келіп қоршалап

Ағайын-туған һаммасы

Пәруна болып айналып

Қатын-бала қалмасы

Мақұлдасып, қолдасып

Ақиреттік жолдасы.

Басына келіп отырып

Мешіттің имам молласы

Жан тәсілім шағыңда

Қалимахи шахадат

Айтқанның қадірін кім білген?

Кедейдің арын арлаған

Білім біл деп зарлаған,

Халық үшін анық қайғырып

Көзінің жасы парлаған

Етегі толып еңіреген

Ер қадірін кім білген?

Бәрін айт та бірін айт

Сөздің тұрған жерін айт.

Ерте тұрып, ыңыранып

Тахарат құман қолға алып

Маң-маң басып керіліп

Басуға аяқ ерініп

Желбегей шапан жамылып

Етек-жеңі малынып

Аққала, албар, маяның

Сыртына барып қағынып

Еркіндеп қажет өтеудің

Сірә қадірін кім білген?

Жауап:

Мұның қадірін біз білген

Бұған да жауап берелік

Білгенге тоқтап ерелік

Анық сөзді азамат

Айқындап ашып көрелік

Риясыз рас сөз

Бұның да қадірін біз білген.

Мұныңда қадірін біз білген

Мектеп көріп, тез білген

Біз білудің мәнісі

Ақ түрмеде отырып

Мұқтаждықтың әр түрін

Атқарып бастан көз көрген

Құлыпты үй, тас есік

Есікте бар бір тесік.

Қылыш мылтық асынып

Күзетші тұрса көз тесіп

Тұтқын болып түрмеде

Кім көрсе мұны сол білген.

Бар пұрсаттан айрылып

Жасыған жездей майрылып

Біз оқ тиген қоңыр қаз

Қанатымыз қайрылып

Өткен күнді еске алып

Соның үшін сөз берген.

АБИ ҚҰТТЫБАЙҰЛЫ

(1888–1939)

Ақын Қаби Құттыбайұлы 1888 жылы Қараторғай болысының Сартал ауылында дүниеге келген.

Ұзақ жылдар бойы өзі туған Сартал ауылының кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. Әліби Жангелдин, Кенжеғұл Бүркітов сияқты революционерлерге еріп кеңес партия мектебінде оқыған.

1938 жылы өмірден өткен.

АБИДЫҢ ӘНІ

Атым Қаби отыз екі жасымда,

Шыққан едім ай, жұлдыздың басында.

Қапияда қасірет боп кездесті

Он екі жігіт жолдасым бар қасымда.

Ақмешіттің төрелері өңшең қу,

Қолдарына ұстағаны қызыл ту.

Айран ішпей қымыз әкел деуші едім

Ақ орнына табылмай тұр қара су.

мҰныҢ Қадірін кім білген - student2.ru

Наши рекомендации