Мен қалай ашықтым, қалай сауықтым

Аштықтың ләззатын сіздің кітаптарыңызды оқи жата, емханада ашығу барысында алғаш сезініп, рахатына баттым! Алғашқы екі-үш күн қиын болды, бірақ кітап үлкен демеу. Бір бөлмеде екі адам жаттық. Қасымда ашығудың не екенін жақсы білетін, түсінетін бұрынғы Советтер Одағының күрестен неше дүркін олимпияда жүлдегері, қазірде құрметті демалыстағы татар ұлтының өкілі Ринат абзи.

Екінші жылға айналған, таңертең дене жаттығуларын жасауды әдетіме айналдырғанмын. Бірінші күні жасағаныммен екінші күні әлім кетіп, зауқым соқпай, көңіл күйім болмай дене шынықтыру жасай алмадым. Күні бойы жаттым, кешкісін кітаптағы айтылғандай «Таң» сусынының бір бөтелкесін тақыл-тақыл ішіп жаттым. Күндіз түс кезінде бал қосып, лимонмен қайнаған су ішемін.

Үйге айтып қойғанмын маған ешкім ештеңе әкелмесін, келмесін деп. Бірақ, келмей қояма, келгендері сол «Таң», айран, морковтың сөлін, лимон әкеледі.

Дәрігерім Игорь Антонович Сосновский, өз мамандығын жетік білетін көптен осы шахтерлер емханасында істейтін қаладағы, арқадағы білгір мамандардың бірі. Күнде таңертең келе бөлмемізге кіріп, халімізді сұрап, көңіл күйімізді біліп шығу әдеті. Қалай ұйықтадық, қалай дем алдық, қалай тамақтандық бәрін сұрап жағдайымызды, көңіл күйімізді білу күнделікті жұмысының негізі.

Бірінші мен жатқан күні, асхананы мақтап аспаздардың өз жұмыстарын жақсы атқаратындықтарын, өте дәмді дайындайтындықтарын, ресторандағыдай екенін мақтан етіп, асханадан тамақтануымды сұраған. Мен үндемей құтылғам. Екінші, үшінші күні де сұрап болмаған соң қасымда жатқан шыдамай, «Что же вы испытываете его, он же голодует!» – дегені.

Алып жатқан еміме қайшылығы бола ма деп дәрігеріме аштық ұстап жүргенімді айтпаған едім. Мұны естіп, білгеннен кейін Игорь Антонович қайта қуанып, үлкен қолдау көрсетіп пайдалы екенін айтып қуаттады. Кімнің әдісімен ашығып жүргенімді сұрады. Мен неше жылдай Малаховты оқып, бірақ ашығуға шешім қабылдай алмай келгенімді, ал енді өзімнің жерлесім, ағайымның кітабын оқып сөзсіз сеніп, иланып ашығуға бел буғанымды айтып өзіңізді Әсет аға, мақтан еттім!

Шынын айтсам сіздің бастан кешкен оқиғаларыңыз бен менің өмірім де ұқсас, өткен, ауруға келген жолдарымыз да бірдей екен. Өйткені заманымыз да, заманымызға сай ішіп-жеуіміз, әдетіміз де бірдей болды емес пе? Сондықтан да болуы керек мен сізді жақсы түсініп, мүлтіксіз сеніп қабылдадым.

Сонымен алғашқы үш күн өтті. Төртінші күннен бастап өзімді өте сергек, бойыма керемет бір күш – қуат құйылып тамаша сезіне бастадым. Кешкі тоғыз жарым, ондарда ұйқы басып жатып қалам, таңғы бес жарым-алтыларда ұйқым әбден қанып, тынығып ерекше қуанышты сергек сезімде оянамын.

Бұл менің басымнан кешкен соноу бала кезімнен кейінгі, көп жылдарды араға салып қайта сезінген сергектік жан рахаты еді. Қанша жыл болды түнгі үш-төртке дейін ұйықтай алмай, теледидарды ұйықтатып, не болмаса кітап оқып әбден шаршағанда – әлсіреп барып көзім ілінетін. Соның өзінде түнімен неше вагон түсіріп, шаршаған адамның кейпінде мыж-мыж болып, ұйқым қанбай быт-шытым шығып тұратынмын .

Өзімді «Үкі-Соваға» жатқызатынмын. Ал енді болса тіпті басқаша, тұяқ серіппестей қатты сәбидің тәтті ұйқысы. Таңертеңгілік бойымдағы сергектік, қайнап тұрған күш-қуат, әсіресе өзім-өзім болғалы, ұятта болса айтайын таңғы таза ауамен дем алып, таң салқынын сезіну бақытына ие болып соны басымнан өткердім!

Таңертең үш-бес шақырымға дейін жаяу парк ішінде серуендеймін. Парк сол мен жатқан ауруханадан алыс емес тиіп тұр. Жүре бергім келеді. Дене жаттығуларыма тағы да қимылдар қосып бұрынғымнан ұзағырақ жасаймын. Бесінші-алтыншы күндерден бастап, асқазанымның, ішектерімнің: өзі-өзінің қалдықтарымен, артық май, шырыш т.б. денемдегі толып тұрған қоқыр-соқырлармен қоректеніп жатқанын тыңдап, сезіп рахаттанамын.

Тағы бір айтатын жағдай – танаудағы, кеңсірігімдегі қоймалжың сұйықтардың, маңқаның ағзамнан толық шығып тазаланғандығым. Аяқ-қол буындарындағы тұздардың тарқап жеңілденгендігім. Мені көріп қызықпаған, қалай дұрыс ашығу керектігін сұрамаған адам қалмады.

Сөйтіп, Әсет аға, мен сіздің арқаңызда былтыр (2008 ж) төрт мәрте, биыл екі рет он-он күннен ашығып, әдетке салауаттық өмірді тәртібіме айналдырдым. Осы ашығу барысында салмағым тұрақты 88 (сексен сегіз) кило. Ашығуға дейін 100 (жүз) кг болатынмын. Өзімді өте ауыр сезінетінмін. Қазір Құдайға шүкір! ­Өте жеңіл, сергек сезінемін. Келесі ашығу мерзімін асыға күтіп жүремін...

5 мамыр, бейсенбі. Ашығуымның 18-ші тәулігі

Пайдалы ілімдерді үйретуші адамдардың күнәларын кешіруді әрбір зат, тіпті теңіздегі балықтар да жалынып сұрайды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)

Салмағым 89,3 кг.

Сол қолымның қан қысымы 120/80; Пулсь – 74;

Өзiмдi өте жақсы сезiнемiн. Кеше кешкi сағат 10-да ұйықтауға жатқанмын. Тұяқ серппей қатып қалыппын. Өзiмнен-өзiм көңiлденiп, ән салып өлең айтқым келедi. Көктемнің таза ауасына не жетсiн! Үйдiң iшi қоңыр салқын, ауа мол, адамның жанына жайлы әсер етедi. Көңiлiм көтерiңкi. Денсаулығым сағат сияқты бiрқалыпта.

Наши рекомендации