Ижмали және тафсили иман 1 страница

Ижмали иман – исламның сенім негіздеріне қысқаша және жинақтап сену деген сөз. Бұл иманның ең мәндісі де қысқашасы болып табылады. Оған «калима таухид» пен «калима шахадат» жатады.

Калима таухид: «لآ اِلهَ إلا الله محمدٌ رسولُ اللهِ» (Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшсі».

Калима шахадат: «اَشهدُ اَنْ لآ اِلَهَ اِلا اللهُ وَ اَشْهَدُ ان مُحَمدًا عَبْدُهُ وَ رَسولُهُ» (Мен Алладан басқа құдайдың жоқ екендігіне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін).

Ислам дініне аяқ басуда алғашқы баспалдақ және ислам сенім негіздерінің берік іргесі – осы. Алланың жалғыз ғана құдай екендігіне, ардақты Пайғамбардың оның елшісі екендігіне шын жүрекпен сенген адам өзге иман негіздерін және Пайғамбарымыздың алып келген барлық құндылықтарға тобымен қабылдау деген сөз. Себебі, өзге иман негіздері ардақты Пайғамбарымыз арқылы бізге баян етілген және олардың барлығына шәк шүбәсіз сену қажеттілігі ескертілген. Таухид және шахадат сөздеріне шын көңілмен сеніп, оны тілімен жариялаған адам ардақты Пайғамбардың хабарлаған және бізге жеткізген сенімдердің барлығына бірден иман келтіргеніне, иман негіздеріне жекелеп тоқталмағандығына байланысты бұл иманға «ижмали» (тобымен) деп аталады.

Тафсили иман.Сенім негіздерінің әрбіріне айқын және кең түрде, жеке-жеке тоқталып сену «тафсили иман» деп аталады. Тафсили иман – иманның ең ауқымды түрі. Осыған байланысты ол үш деңгейде зерделенеді:

Бірінші деңгей – Аллаға, ардақты Мұхаммедтің Алланың пайғамдары екендігіне және ахирет күніне сену. Тафсили иманның бірінші деңгейі ижмали иманға қарағанда анығырақ және кеңдеу болып табылады. Себебі, онда Аллаға, оның пайғамбарына иман келтірумен қатар ахиретке иман келтіру де бар.

Екінші деңгей – Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ахирет күніне, өлгеннен соң қайта тірілуге, жаннат пен жаханнамның, сауап пен азабтың бар екендігіне, қаза мен қадарға жекелеп сену. Ардақты Пайғамбарымыз да иманға осылай сипаттама жасаған (Бухари иман 1; Әбу Даууд Суннат 15; Тирмизи, Иман; ибн Мажа Муқаддима 9).

Әһли сунна каламшыларына қарағанда бір сенімнің ислам сенім негізі болуы үшін Құран Кәрім мен мутауатир хадистерде орын алған болуы тиіс. Машхур және ахад риуаяттар нақты мәлімет бере алмайтындықтан дәлел ретінде қабылданбайды.

Үшінші деңгей – ардақты Пайғамбардың Алладан алған және бізге тауатир жолымен жеткен барлық хабарлар мен үкімдерге, басқаша айтар болсақ, аяттар мен мутауатир хадистермен қуаттандырылған барлық итиқади, амали және ахлақи үкімдерге жеке-жеке сену деген сөз. Мысалы, намаз, ораза, зекет, қажылық т.б. парыздарды, халал мен харам нәрселерді біліп, олардың парыз, халал және харам екендігіне жүрекпен тасдиқ ету тафсили иманның үшінші және ең кең деңгейі болып табылады. Тауатир жолымен қуаттандырылмаған, машхур және ахад хадиспен нығайтылған үкімді жоққа шығарған адам имандылық шеңберінен шықпайды.

Тақлиди және тахқиқи иман. Ата-анадан, ұстаздан немесе ортасындағы адамдардан үйреніп, көріп, иман келтіру «тақлиди иман» деп аталады. Жумхурға (көпшілікке) қарағанда иманның мұндай түрі жайыз. Бірақ, адам иманын ақли және нақли дәлелдермен қуаттандыруға талпынбағандығына жауапты деп есептеледі. Халықтың көпшілігінің иманы – осындай. Тақлиди иман атеистік, ерестік идеялардың жетегінде кетуі, немесе діни сенімге күмәнмен қарауы мүмкін. Сондықтан, иманды діни және ақли дәлелдермен қуаттандыру қажет. Әлгі дәлелдер алға тартылған күмәндерге қарсы имандағы берік қамалды күшейтеді. Дәлелдермен қуаттандырылған иман «тахқиқи иман» деп аталады.

Иманның артуы және кемуі. Амалды иманның бір бөлігі және рүкіндерінің бірі деп санаған харижия, мутазила, зейдия және салафия мазхабтарына қарағанда иман сандық және сапалық жағынан арта да, кеми де алады. Жасалған жақсы әрекеттермен иман артады және күнәларымен кемиді. Құран Кәрімде орын алған кейбір аяттарда иманның арти, кеми алатынына тоқталған.

«فَاَمَّا الَّذينَ اٰمَنُوا فَزَادَتْهُمْ ايمَانًا» (Ал мүміндер туралы айтсақ, (әрбір түскен сүре) үнемі олардың иманын арттырды.) (Тәубе 9/124).

Әһли сунна каламшыларының иманның артуы мен кемуі туралы көзқарастарын екі тұрғыдан қарастыруға болады:

1. Иман негіздері (муманун биһ) тұрғысынан иман артпайды да кемімейді. Бір адам иман негіздері ішінде Аллаға, кітаптарына, пайғамбарларына, ахирет күніне сене отырып, мысалы періштелерге сенбесе, иман кетірген болып есептелмейді. Иман негіздерінің бірін ғана қабылдау иманның кемуін емес, оның діннен шығуын қамтамасыз етеді. Сенім негіздеріне иман келтіру тұрғысынан ғалым мен надан, пайғамбар мен қатардағы мүмін, ер мен әйел арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Иманның сенім негіздері (сандық/камият) тұрғысынан артуы тек аср саадат заманында ғана мүмкін.

2. Иман сапалық жағынан (кайфиат) артуы да, кемуі де мүмкін. Кейбір адамның иманы қуатты, ал енді бірінікі әлсіз, келесісінікі кемел, басқасынікі нұқсанды болуы мүмкін. Жоғарыда баяндалғаны сияқты аяттардың шынайы мәні осыны нұсқайды.

Иман мен ислам қатынасы.«Ислам» араб тілінен аударылғанда «бой ұсыну», «бағыну», «бір нәрсеге берілу» деген мағынаға сәйкес келеді. Ал діни термин ретінде ислам – Аллаға бағыну, Пайғамбарымыз ардақты Мұхаммедтің баян еткендерінің барлығын қабылдағанын білдіру деген сөз.

Құран Кәрімде иман мен ислам кейде бір мағынада қолданылған, енді бірде екеуі екі бөлек мәнде қарастырылған. Ислам – ауқымды ұғым және бағыну (таслимиат) деген сөз. Бағыну (таслимиат) үш түрлі болып келеді: оның бастапқысы жүрекпен болады, ол «қати сенім» деп те аталады. Екінші түрі сөзбен болады, ол «иқрар» деп аталады. Ал соңғысы дене мүшелерімен жүзеге асырылады, ал ол «ғибадат» деп аталады. Осы үш түрмен жүзеге асырылатын исламның ең жоғарғы сападағысы – жүрек арқылы болғаны. Міне, исламның үш түрінің бірі болып табылатын жүректің бой ұсынуы иман деп аталады. Матуридилер осы түсінік аясында иман мен исламды бір деп санаған. Иман мен исламның бір мағына беретінін дәлелдейтін аяттар мыналар:

«وَقَالَ مُوسٰى يَا قَوْمِ اِنْ كُنْتُمْ اٰمَنْتُمْ بِاللّٰهِ فَعَلَيْهِ تَوَكَّلُوۤا اِنْ كُنْتُمْ مُسْلِمينَ» (Ей, қауымым! – деді Мұса. – Егер сендер Аллаға иман келтірсеңдер (оған ықыласпен) бой ұсынған мұсылман болсаңдар, тек оған ғана сүйеніңдер) (Юнус 10/84).

«اِنْ تُسْمِعُ اِلا مَنْ يُؤْمِنُ بِاٰيَاتِنَا فَهُمْ مُسْلِمُونَ» (сен аятымызға иман келтіретіндерден басқасына (сөз) тыңдата алмайсын. Міне мұсылман солар) (Намл 27/81).

Ардақты Пайғамбарымыз да хадистерінде «ислам бес нәрсенің үстіне орналастырылды. (Осы бес нәрсе): Алладан басқа құдай жоқ. Мұхаммед оның елшісі деп айту, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару, рамазан оразасын ұстау», (Бухари, Иман 1,3; Муслим Иман 5; Тирмизи Иман 3; Насаи иман 13) - деп айтқан, калима таухидті исламның ішіне қосқан. Егер иман мен ислам бір мағынада қолданылса, яғни, ислам үкімдерді жүректің қабылдауы, исламды дін ретінде мойындауы мағынасында қарастырылса, онда әрбір мүмін муслим, әрбір муслим мүмін болары айқын.

Ашарилер мен Матуриди ғұламалары ішінде Әбу-л-Муин ан-Насафидің (ө. 1115 ж.) пікірі бойынша иман мен ислам – екі басқа дүние. Осы көзқарас бойынша әрбір мүмін муслим бола алады, бірақ, әрбір муслим мүмін бола алмайды. Себебі, ислам – жүректің бағынуы, бой ұсынуы емес, тіл мен дене мүшелерінің бой ұсынуы, белгілі амалдардың жүзеге асуы деген сөз. Осы тұрғыдан алынса, ислам кең, ал иман одан тар мағына болып табылады. Мысалы, мұнафық тілімен мұсылман екендігін жариялайды, ғибадаттарды орындаған болып көрінеді, бірақ жүрегімен сенбейді. Мұнафық жан дүниесімен сенбегенімен бұл өмірде мұсылман сияқты көрінеді. Құран Кәрімде иман мен ислам бөлек-бөлек дүние екендігін көрсететін аятта былай делінеді: «قَالَتِ الاَعْرَابُ اٰمَنّاَ قُلْ لَمْ تُؤْمِنُوا وَلٰكِنْ قُولُوۤا اَسْلَمْنَا وَلَمَّا يَدْخُلِ الايمَانُ في قُلُوبِكُمْ» (бадауилер: «иман келтірдік», - деседі. Сен оларға былай де: «иман келтірдік дегенше, мұсылман болдық (бой ұсындық) деңдер. Иман сендердің жүректеріне әлі кірген жоқ.) (Хужурат 49/14).

Пайғамбарымыз да Жибрил хадисі ретінде танылған бір хадисінде иманның, исламның және ихсанның үш түрлі мағына беретінін айтқан: «Әбу Хурайра былай деп түсіндіреді: «Алланың елшісі бір күні адамдармен бірге тұрған кезде бір адам (бұл адамның Жабраил періште екендігі хадистің соңында ардақты Пайғамбарымыз тарапынан баяндалған) Пайғамбарға жақындап:

- Иман дегеніміз не? – деп сұрады. Алланың елшісі де:

- Иман Аллаға, періштелеріне, Аллаға қайта қауышуға, пайғамбарларына, өлгеннен соң қайта тірілуге сену, - деп жауап берді. Одан соң әлгі адам:

- Ислам дегеніміз не? – деп сұрады. Пайғамбар да:

- Аллаға ғибадат жасауың, оған ортақ қоспауың, намаз оқуың, парыз болып табылатын зекетіңді беруің, рамазан айында оразаңды ұстауың және Қағбаға қажылық жасауың, - деді.

- Ихсан дегеніміз не? – деп тағы сұрады ол. Ардақты Пайғамбар да:

- Аллаға оны көріп тұрғандай құлшылық жасауың. Өйткені сен оны көре алмасаң да ол сені көріп тұр» деп жауап берді». (Бухари Иман 37; Муслим Иман; Әбу Даууд Суннат 15).

Осы хадисте иманның жүректің сенуі мен қабылдауы, исламның іштегі сенімге сай белгілі амалдарды орындау екендігін баяндап отыр.

Иманның сахих (дұрыс) болу шарттары.Иманның дұрыс болуы және ахиреттегі мәңгілік бақытқа жетуі үшін мына шарттардың болуы тиіс:

1. Иман үмітсіздікте болмауы тиіс. Мұсылман емес бір адам соңғы демінде тап болатын азабын көреді және одан соң иман келтіруге тырысса, оның иманы дұрыс болмайды. Осы тақырыппен байланысты Құранның бір аятында:

«فَلَمَّا رَاَوْا بَاْسَنَا قَالُوۤا اٰمَنَّا بِاللهِ وَحْدَهُ وَكَفَرْنَا بِمَا كُنَّا بِه مُشْرِكينَ ﴿84﴾ فَلَمْ يَكُ يَنْفَعُهُمْ ايمَانُهُمْ لَمَّا رَاَوْا بَاْسَنَا سُنَّتَ اللهِ الَّتي قَدْ خَلَتْ في عِبَادِه وَخَسِرَ هُنَالِكَ الْكَافِرُونَ» (Біздің қаһарымызға ұшырағанда, олар: «Біз Аллаға иман келтірдік, бұрын тәңір ретінде табынған бұттардан бас тарттық», - десті. Азаппен бетпе-бет келгенде айтқан имандарының оларға пайдасы тимейді. Бұл Алланың пенделеріне көрсеткен жолы еді. Кәпірлер мұндайда зиян тартып шыға келеді.) Мүмін 40/84-85), - деп үмітсіздік кездегі иманның қабылданбайтынын ескерткен. Өйткені имандағы маңызды мәселе – ғайыпқа сену. Азапты көргенде ғайыпқа иманның мәні жоғалады.

2. Мүмін құдайды жоққа шығаруға немесе дінді терістеуге жол ашатын әрекеттердің бірін істемеу қажет. Мысалы, Алла Тағалаға және барлық пайғамбарларға иман келтіре отырып, ардақты Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығына сенбейтін немесе парыз екендігі анық бір үкімді (намаздың, оразаның парыз екендігін, шарап ішудің харам екендігін) өз қалауымен жоққа шығарған, пұтқа, крестке табынған адам мүмін деп есептелмейді.

4. Исламдық үкімдердің барлығын тұтастай қабылдап, олардың орындалуынан тартынбауы, тоңмойындық жасамауы тиіс. Мысалы, бір адам намаз, ораза сияқты ғибадаттардың бірін ұнатпаса, әлгі ғибадаттарды мазақ, келеке етсе немесе Алланың бұйрығы болғандықтан бас тартса, Алланың тиым салғанын біле тұра жоққа шығару мағынасымен харамды істесе ол иманынан айрылады.

5. Мүмін Алланың рақымдылығынан үмітін кеспеуі азабынан аман қалуға сенімді болмауы тиіс: қорқыныш пен үміт арасында болуы міндетті (хауф уа ража). Мүміннің «қалай болғанда да иманым бар, сондықтан, міндетті түрде жаннатқа кіремін» деген оймен Алланың азабынан аман қалуға сенімді болуы немесе көп күнә істедім, мен жаханнамға міндетті түрде түсемін» деп Алланың мейрімінен үмітін үзуі иманынан айрылып қалуға себеп болуы мүмкін.

Куфр, ширк, иртидад және нифақ

Куфр –араб тілінен аударғанда «жабу», «бүркеу» деген мағынаға сәйкес келеді. Ал діни термин ретінде «куфр» - ардақты Пайғамбардың Алладан алып келген және бізге тауатир жолмен жеткен діни негіздердің бірін немесе бірнешесін жоққа шығару деген сөз. Иманға мазмұндық тұрғыда анықтама жасағандардың пікірлері осы мәнде болып табылады.

Ақиқат сенімді бүркемелеген және иман келтірмеген деген мағынаны білдіретін «кафир» сөзінің көпше түрі - «куффар» немесе «кафара». Ал әйел тегінде «кафира» сөзі қолданылады. «Икфар» мен «такфир» сөздері де адамның күпірлікке тап болғанын және кәпір болғанын білдіреді. Бір адам кәпір күйінде дүниеде өтсе, жаханнамда мәңгілік азапқа душар болады. Бұл турасында Құран Кәрімде мынандай бірнеше аяттардың бірін келтіре кетсек:

«اِنَّ الَّذينَ كَفَرُوا وَمَاتُوا وَهُمْ كُفَّارٌ اُولٰۤئِكَ عَلَيْهِمْ لَعْنَةُ اللهِ وَالْمَلٰۤئِكَةِ وَالنَّاسِ اَجْمَعينَ ﴿161﴾ خَالِدينَ فيهَا لا يُخَفَّفُ عَنْهُمُ الْعَذَابُ وَلا هُمْ يُنْظَرُونَ» (Күпірлік келтіргендер және сол күйінде өлгендер – кәпірлер. Алланың да, періштелердің де, адамдардың да – барлығының қарғысына солар ұшырайды. Тозақта олар мәңгілікке қалады, олардың мойнынан жаза жеңілдетілмейді, бұйрылған үкім кешіктірілмейді.) (Бақара 2/161-162).

Мұсылман теологтары қалыптасу себебі, түрі және орны жағынан күпірлікті төрт топқа бөлген:

а) Куфр инкари – Алланы, ардақты Пайғамбарды және оның Алладан алып келген діни негіздерді адамның жүрегімен қабылдамауы, тілімен де жоққа шығаруы деген сөз. Бұл топтағы кәпірлер туралы Құранда мынандай аят орын алады:

«اِنَّ الَّذينَ كَفَرُوا سَوَاۤءٌ عَلَيْهِمْ ءَاَنْذَرْتَهُمْ اَمْ لَمْ تُنْذِرْهُمْ لا يُؤْمِنُونَ» (Күпірлік жасағандар, қорқыт, қорқытпа, бәрібір, иман келтірмейді) (Бақара 2/6).

ә) Куфр жухуд – адамның жүрегімен Алланың құдай екендігін біле отырып, тілімен осы сенімін мойындамауы, сенім негіздерін қабылдаудан бас тартуы. Шайтан және атақты мүшірік Умаййа бин ас-Салттың күпірлігі осындай күпірлік түріне жатады. Алла Тағала осы топтағылар жайлы: «فَلَمَّا جَاۤءَهُمْ مَا عَرَفُوا كَفَرُوا بِه» (Міне, білген әлгі нәрсені (Құран) өздеріне келген кезде, оны жоққа шығарды.) (Бақара 2/89), - деген.

б) Куфр инади – адамның жүрегімен Алланы және ақиқатты біліп, тілімен де кейде жариялағанымен қызғаныштық, адасушылық, мансап, атақ-даңқ, шен-шекпен, рушылдық, ұлтшылдық сияқты себептермен исламды дін ретінде мойындамауы деген сөз. Ардақты Пайғамбардың немере ағасы Әбу Талибтің күпірлігі осы типке жатады.

Куфр Нифақ – адамның сенуі қажет діни негіздерге тілімен жариялағанымен (сенгенімен) жүрегімен иман келтірмеуі. Мұнафықтардың күпірлігі осыған жатады.

Ширк. Сөздікте «серік қосу» мағынасын білдіретін «ширк» - діни терминде Алланың құдайлық дәрежесінде, сипаттары мен әрекеттерінде теңі мен серігі болғандығын мойындау, онымен тең келетін бір болмыстың бар екендігін қуаттау деген сөз. Ширк пен куфр – бір-біріне жақын ұғымдар. Олардың арасындағы айырмашылық күпір кең, ал ширк тар мағынада қолданылады. Оның себебі, ширк Аллаға ортақ қосудан туындаса, куфр күпірлік болып есептелетін қандай да бір сенімдерді қабылдау деген сөз. Мысалы, мажусиліктегі тәрізді екі құдайды мойындау әрі күпірлікке, әрі ширкке жатады. Ал ахирет күніне сенбеу ширкке емес, күпірлікке жатады.

Аллаға серік қосу – күнәлардың ең үлкені. Ширк пен куфрдың Алла тарапынан кешірілмейтіндігі, Аллаға серік қосудың ең үлкен зұлымдық және әділетсіздік екендігі Құранда баяндалады: «اِنَّ اللهَ لا يَغْفِرُ اَنْ يُشْرَكَ بِه وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذٰلِكَ لِمَنْ يَشَاۤءُ» (Алланың кешірмейтін күнәсі - өзіне серік қосу. Одан басқа күәларды егер қаласа кешіреді.) (Ниса 4/48)

«اِنَّ اللهَ لاَ يَغْفِرُ اَنْ يُشْرَكَ بِه وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذٰلِكَ لِمَنْ يَشَاۤءُ وَمَنْ يُشْرِكْ بِاللهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلالاً بَعيدًا» (Алла өзіне басқа теңеуді кешірмейді. Одан басқа күнәсі болса, ықыласы ауған адамын кешіреді. Кімде кім Аллаға серік қосса, барып тұрған азғын болғаны) Ниса 4/116).

Ғұламалардың пікірі бойынша ширктің бес түрі бар:

а) Ширк истиқлал – екі түрлі тәуелсіз құдайға сенгендердің ширкі. Мажусилер мен санауилердің (дуалист) ширктігі осы топқа жатады.

ә) Ширк табиз – Алла Тағаланың бір екендігін мойындағанымен оның құдайлардан тұратынына сену. Бұған христиан дініндегі үштік сенім жатады.

б) Ширк тақриб - әлемнің жаратушысы бір құдай екендігіне сенгенімен Аллаға жақындау мақсатында оған жетуге арашашы болсын деп Алладан басқа мүсіндерге, пұттарға табынғандардың ширкі. Жахилия дәуірі арабтарының ширктігі осы топқа жатады.

в) Ширк тақлид – жахилия дәуірі арабтары бұрынғы арабтардың сеніміне еліктеп пұттарға құдай ретінде табынуы.

г) Ширк асбаб - әлемдегі алуан түрлі заңдылықтың Алланың жаратуымен емес, нәрселердің өзіне тән қасиеттерімен пайда болғандығына және дамығандығына сенетіндердің ширкі. Натуралист және материалист философтардың ширктігі осы топқа жатады.

Наши рекомендации