Адамдардың бруцеллезбен ауруына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар

1. Бруцеллез инфекциясының эпизоотиялық ошағы шегінде инфекция қоздырғышының көздері бар және жануарлар мен адамдарға жұғу мүмкіндігі бар, оның берілу тетіктері әрекет ететін аумақ болып табылады. Эпизоотиялық ошақты тексеруді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы және дәрігер-эпидемиолог жүргізеді.

2. Эпизоотиялық ошақты эпидемиологиялық тексеруді емдеу-профилактикалық ұйымынан шұғыл хабарлама (есепке алу нысаны № 58/е), сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілерде бруцеллезбен ауырған жануарлардың анықталғаны туралы ветеринариялық қызметтен, шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшыларынан, мал иелерінен мәліметтер алғаннан кейін бір тәулік ішінде бастайды.

3. Адамдардың бруцеллезбен ауыру жағдайларын эпидемиологиялық тексерудің мақсаты ветеринариялық қызмет мамандарымен бірлесе отырып, инфекция қоздырғышының көздерін, жұқтыру жолдарын табу, инфекция көздерімен байланыста болған барлық адамдарды анықтау және одан әрі осы ошақта бруцеллездің адамдарға жұғуының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу, сондай-ақ эпизоотиялық ошақта жұмыс істейтін адамдарға медициналық байқауды ертерек белгілеу болып табылады.

4. Жұқтыру жолдарын анықтау үшін меншік нысанына қарамастан шаруашылық жүргізуші субъектілерге, шикізаттарды және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарына (ет комбинаттарына, сою пункттеріне, сүт зауыттарына) егжей-тегжейлі эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру жүргізген жөн. Тексеруді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринариялық-санитариялық инспекторы осы объектіге жетекшілік ететін эпидемиологты тарта отырып және шаруашылық жүргізуші субъекті, кәсіпорын әкімшілігінің немесе мал иесінің қатысуымен жүргізеді. Ошаққа эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеріс мынадай схема бойынша жүргізіледі:
1) эпизоотиялық ошақтың пайда болған жерін анықтау (ферма, отар, мал шаруашылығы шикізатын қайта өңдейтін кәсіпорындар, шаруашылық жүргізуші субъект). Халықты диспансерлік тексерудің алдыңғы нәтижелерін және ветеринариялық зертхана деректерін пайдалана отырып, бұрын осы ошақта адамдардың немесе жануарлардың ауырған жағдайы болды ма соны анықтау қажет;
2) эпизоотиялық ошақтың шығу себептеріне және жағдайларына тікелей қатысты, адамдарға жұқтыруға және олардың ауыруына ықпал ететін инфекция қоздырғышының көздерін табу. Осы аспектілерді анықтаудың нақтылығы мен толықтығы одан әрі бруцеллезге қарсы іс-шараларды таңдау тактикасына байланысты. Ветеринариялық қызмет жануарларды бруцеллезге тексеруді ұйымдастырады және ауру жануарлар табылған кезде оларды оқшаулау, союға тапсыру және басқа да ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізу бойынша шұғыл шаралар қабылдайды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет емдеу желісі арқылы науқастарды ертерек анықтау және емдеу мақсатында жұқтыру қатеріне ұшыраған барлық адамдарды клиникалық-зертханалық тексеруді ұйымдастырады, қоздырғыштың берілу факторлары ретінде күдікті объектілерді зертханалық зерттеу үшін сынамалар алуды жүргізеді, аурудың жаңа жағдайларының алдын алу үшін санитариялық-ағарту жұмыстарын және басқа да іс-шараларды ұйымдастырады. Жануарлардың іш тастаған, өлі туған төлдерінен және сүттен қоректік (селективті) орталардың көмегімен бруцеллалардың өскіндерін бөліп алу жұқпалы бастаудың берілуіндегі олардың рөлдері дәйекті дәлел болып табылады. Сонымен қатар, осы факторлардың маңызын басқалармен (топырақ, су, сүт өнімдері, жүн, тері, қи) қатар анықтау серологиялық және басқа да әдістермен жүзеге асырылуы мүмкін;
3) алынған деректерді талдау, пайда болған эпизоотиялық ошақты жою жөнінде барабар шараларды таңдау және оның пайда болу себептері мен жүргізілген іс-шаралар туралы қорытындылар жасау. Ветеринариялық маман және эпидемиолог ошақтағы эпизоотологиялық көріністі, оның қарқындылығын (малдың жұқтыру дәрежесін), шекарасын, айналатын қоздырғыштың түрін, объектінің санитариялық-гигиеналық жағдайын, инфекция қоздырғышының берілу факторлары мен жолдарын, жұқтыру қатеріне ұшыраған адамдардың тізбесін нақты анықтауға, және пайда болған ошақты жою жөнінде барабар шараларды қабылдайды. Бруцеллездің эпизоотиялық ошағы ауру малды союға толық тапсыру жағдайында, қалған мал басына бақылау диагностикалық тексеріс кезінде теріс нәтижелер алынған жағдайда инфекция берілуінің барлық ықтимал факторларын зарарсыздандырғанда, мал тұрған жерді санациялағанда, жұқтыру қатеріне ұшыраған барлық адамдарды диспансерлік бақылаумен толық қамтығанда жойылды деп есептеледі. Эпизоотиялық ошақты жою өлшемдері бруцеллезбен ауыратын малдың болмауы және, ең бастысы, осы ошақпен байланысты адамдардың бруцеллезбен ауруының қайталанбауы болып табылады. Эпизоотиялық ошақты тексеру процесінде эпидемиолог ветеринариялық маманмен бірлесіп, адамға жұққанына немесе жұқпағанына қарамастан арнайы № 175/Е есептілік нысанды «Зооноздық ауру ошағына эпизоотиялық-эпидемиологиялық тексеру картасын» толтырады. Адам ауырған жағдайда, оған қоса «Науқас туралы мәліметтер» қосымша беті толтырылады. Ошақта бірнеше осындай жағдайлар болғанда, әрбір науқасқа қосымша бет жеке толтырылады. Картаның бөлімдері және ондағы сұрақтар ошақты эпидемиологиялық тексерудің негізгі кезеңдерінің тәртібімен орналасқан. Егер эпидемиологиялық тексеру бруцеллезбен ауыратын жануарларды анықтауға байланысты жүргізілсе, тексеріс нәтижелері актімен ресімделеді (ветеринариялық қызмет мамандарымен бірге), онда бруцеллезге қарсы іс-шаралардың орындалу нәтижелерін, жұмыс істейтін адамдарда бруцеллездің алдын алу жағдайын, инфекция көздерімен байланыста болған адамдарға медициналық тексеріп қарауды ұйымдастыруды, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды тексеруді көрсету керек. Осы шаруашылық (кәсіпорын) бойынша кейіннен орындалуын міндетті түрде тексерумен жоспар-тапсырма дайындалады.

Наши рекомендации