Екінші ішкі парыз: арафада тұру

Абдрахман ибн Яъмар ад-Дайли, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(الحج عرفة)

«Қажылық дегеніміз - Арафа»[1124].

Бұл хадистің мағынасы, Арафада тұратын уақытты кім өткізіп алса, тауап пен саъи жасап, ихрамнан шығады. Сосын келесі жылы қажылығының қазасын өтейді.

Арафаның аумағы

Негізінде, Арафаның аумағы Мушриф тауынан Ъурананың үстімен өзіне қарама-қарсы орналасқан тауларға шейін, ал одан Ъамир әулетінің бақшаларына дейін созылады. Қажылар үшін оңайластырылып, бүгінгі күні оның шекаралары белгіленіп көрсетілген. Жабал ар-Рахманың етегінде жатқан үлкен тастардың қасында жүзді құбылаға қаратып тоқтау мустахап. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى الله عليه وسلم جعل بطن ناقته القصواء إلى الصخرات وجعل منها حبل المشاة بين يديه واستقبل القبلة)

«..Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қасуа атты түйесін үлкен тастардың қасына шөктірді. Ізімен келе жатқан қажылардың сабы оның алдыңғы жағынан көрінді және өзі құбылаға қараған қалыпта тоқтады..»[1125].

Арафада тұрылатын орын

Жәбирден жеткен хадисте пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(ووقفت ههنا، وعرفة كلها موقف)

«Мен мына жерге тоқтадым. Сондай-ақ Арафаның кез-келген жерінде тоқтауға болады»[1126].

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(كل عرفة موقف، وارتفعوا عن بطن عرنة)

«Арафа, бүтіндей, - тұру орны. Алайда Батн Ъуранадан түрегеліңдер..»[1127].

Бұл хадистерден түсінетініміз, қажы кісіге Арафаның Батн Ъуранадан басқа кез келген жерінде тоқтауына болады. Сонымен қатар Арафаның ең абзал жері - Жабал ар-Рахма. Алайда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жасаған умралары мен қажылығында Арафаға тоқтағанда оның әртүрлі жерінде тоқтаған болатын. Сондықтан қажыларға бір жерге таласпай, әдеп сақтап, оның кез келген жерінде тоқтағандары жөн. Батн Ъуранада тоқтауға болмайтын себеп, ол шайтан аңғары саналады[1128].

Арафа тұрудың шарты

Арафада тұрудың жалпы шарты -Арафада тұруға шариғат тарапынан белгіленген уақыт аралығында тұру. Кім бұл уақытты Арафадан басқа жерде өткізсе, Арафада тұрудың дұрыстығы түгіл, жалпы қажылықтың дұрыстығын бұзып алады. Ханафи, мәлики және шафиғи мәзһаптарында Арафада тұру уақыты Арафа күні, яғни зүлхижжаның тоғызында тал түстен кейін басталып, құрбан шалынатын күннің таңы атуымен аяқталады. Кім осы аралықта Арафада тұруға үлгерсе, онда қажылыққа үлгерген саналады. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(فأجاز رسول الله صلى اللّه عليه وسلم حتى أتى عرفة فوجد القبة قد ضربت له بنمرة، فنزل بها، حتى إذا زاغت الشمس أمر بالقصواء فرحلت له, فأتى بطن الوادي فخطب الناس..... ثم ركب حتى أتى الموقف فجعل بطن ناقته القصواء إلى الصخرات وجعل منها حبل المشاة بين يديه واستقبل القبلة, فلم يزل واقفا حتى غربت الشمسه, وذهبت الصفرة قليلا حتى غاب القرص وأردف أسامة خلفه ودفع رسول الله صلى اللّه عليه وسلم وقد شنق للقصواء الزمام)

«..Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) (Мүздәлифадан) өтіп, Арафаға келді. Намирада өзіне тігілген шатырды көріп, сонда тоқтады. Күн тал түстен шалқайғанда Қасуа атты түйесін орнынан тұрғызып, оған мінді. Ъурана сайының ортасына келіп, адамдарға құтпа айтты.... Сосын түйесіне мініп, тұратын орынға келді. Қасуа атты түйесін үлкен тастардың қасына шөктірді. Ізімен келе жатқан қажылардың сабы оның алдыңғы жағынан көрінді және өзі құбылаға қараған қалыпта тоқтады. Содан күн батып, сарғыштығы сәл тарағанша және күн шарасы батқанша түрегеп тұрды. Усама пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) түйесіне мінгесті. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) түйесінің тізгінін тартып, Арафадан Муздалифаға қозғалды...»[1129]

Ханафи, мәлики және ханбали мәзһаптарында қажы кісі Арафада түннен де, күндізден де үлес алуы үшін, онда күн батқанша тұруы уәжіп. Өйткені Жәбирден жеткен хадисте пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Арафада күн батқанға дейін тұрды. Сондай-ақ Әли мен Усамадан жеткен хадисте пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) Арафадан күн батқанда кеткені айтылады[1130]. Егер қажы кісі Арафадан күннің батуын күтпей кететін болса, Ат-Тирмизиден жеткен сахих хадистің негізінде Арафада тұру парызын атқарған саналады. Бірақ ханафи мен ханбали мәзһаптарында күннің батуын күтпей кеткені үшін қой шалуы уәжіп.

Арафада тұрған кісінің кіші дәретсіздігі мен үлкен дәретсіздігінің бұзылуы зиян тигізбейді. Өйткені Арафада тұру үшін дәретті болу шарт емес. Қажылық кезінде Айша анамыздың, Аллаһ тағала оған разы болсын, етеккірі келгенде пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған:

(افعلي كما يفعل الحاج، غير أن لا تطوفي بالبيت حتى تطهري)

«Қажы кісі істейтін нәрселердің бәрін істей бер және тазарғаныңша Қағбаны тауап етпесең болды»-дейді[1131].

Наши рекомендации