Экономикалық реттеу теорияларындағы қаржы

Қаржылық реттеу теориялары экономикалық теориялық тұжырымда-малардың, ғылыми мектептер ағымдарының құрамында дамыды. Тұтас алғанда

теориялық түсініктерді не олардың хронологиясы бойынша, не экономикалық және қаржылық қызметте мемлекеттің қатысу дәрежесі бойынша, яғни тиісті үдерістерге оның араласуында қарастыруға болады.

Реттеу тәсімдері (сызбалары) – тоталитарлық жүйелердегі әкімшіл-әміршілден демократиялық құрамалардағы либералдыққа дейін – қоғамның, мемлекеттің, экономиканың жай-күйі мен міндеттеріне қарай әдістерді, нысандарды ұсына отырып, биліктердің, саясатшылардың іс-әрекеттерін түсіндірді, ақтады, негіздеді, бағыттады.

Экономика үздіксіз өзгеріп отыратын және дамушы материя болып табылатындықтан, қаржылық-экономикалық реттеудің барлық елдер мен құрылымдар үшін бірыңғай, мәңгі- бақи берілген, қолайлы моделі болуы мүмкін емес. Реттеу теорияларының, олардың түрлендірілуінің сан алуандығы, нақтылы пайдалану үшін жекелеген постулаттарды нақтылау қажеттігі осымен айқындалады.

Төменде алдынғы бөлімде баяндалған кейнстік теорияға қосымша ретінде ең белгілі теориялар қаралып отыр.

«Неоклассикалық синтез» тұжырымдамасында фискализмнің кейнстік идеялары ақшалай-кредит саясат арқылы экономиканы реттеуді қарастыратын неоклассиктердің тұжырымдамасымен біріктірілді. Бұл теория жақтаушыларының (П.Самуэльсонның, Дж. Хикстің) пікірлері бойынша сұранымды реттеу мемлекеттің шығыстары немесе салықтары саласындағы өзгерістердің негізінде ғана емес, сондай-ақ пайыздың есептік мөлшерлемесінің шамасымен айла-шарғы жасаумен және ашық рынокта тиісті операцияларды жүргізумен де жүзеге асырылуы тиіс.

Ұлттық табыс өсуін зерделеудің кейнстік тәсілдемесін бағалардың, жалақының, пайданың қозғалысын талдап және толықтырып, «неоклассикалық синтез» зерттеудің макроэкономикалық әдістерін микроэкономикалық әдістермен біріктіреді. Мемлекеттік монополиялық реттеудің жаңа теориясында ұлттық өнімді бөлу мәселелеріне, бұдан және халыққа трансферттік жәрдемақылар жүйесін әзірлеуге және оның әлеуметтік функцияларымен байланысты мемлекет шығыстарының өсуіне айрықша көңіл бөлінген.

П. Самуэльсон «мемлекет шығыстарының таза теориясының» авторы болып табылады, бұл теория XІX-XX ғ. басында маржианалистік мектептің өкілдері жасаған «мемлекеттік қызметтер» тұжырымдамасын дамыту теориясы деп саналады. Ол айналымға «қоғамдық тауар» терминін кіргізді. «Мемлекеттік қызметтер» теориясы экономиканың мемлекеттік және жекеше секторлары арасында қоғамның қаржылық ресурстарын бөлу туралы мәселе қойды. Мемлекет пайдасыз немесе жекеше сектор үшін пайдалығы төмен экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды қаржыландыруы тиіс. «Қоғамдық тауарлар» саласындағы қаржылық саясаттың міндеті олардың ұсынымын реттеу болып табылады, ал араласудың негізгі мақсаты – мемлекет шығыстарының оңтайлылығына жету.

Мемлекет араласуындағы оңтайлылыққа жету болса тек қоғамдық әл-ауқат дәрежесі туралы және қоғамның әрбір мүшесінің артықшылық сферасы туралы үкімет ақпаратының болуы кезінде ғана мүмкін. Мұндай сипаттағы ақпарат мемлекет шығыстарының көлемі мен құрамын анықтау үшін қолайлы болары екі талай.

Негізгі ерекшеліктерінде П. Самуэльсон әзірленген «Мемлекет шығыстарының таза теориясын» Р.Масгрейв дамытты. Ол «саяси шешімдер қабылдаудың үдерісі» абтракттік моделін толықтырды және мемлекеттің шығыстарын салықтық механизммен үйлестірді. «Шығыс-салықтық мезанизм қоғамдық қажеттіліктер үшін белгілі бір ресурстар бөлуге және осы уақытта бұл қызметтердің құнын өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандырылуын қажет ететін жеке-дара тұлғаларға жүктеуге керек». Сондықтан қоғамдық тауарлармен қамтамасыз ету бюджет арқылы жүзеге асырылуы тиіс* деген пікірді айтты. Масгрейвтің пікірінше қоғамдық тауарларға қоғамның барлық мүшелері бірдей мүдделі, шындығында бұл – қарама-қайшылық, өйткені, мысалы, әскери шығыстардың көбеюіне тек аса ірі монополиттер мүдделі. Р.Масгрейвтің теориясына сәйкес, салық төлеушілер өз еркімен өзіне ауыртпалық салады. Р.Масгрейв фискалдық шаралармен және жұмыспен толық қамтылуға жету үшін үкімет жүзеге асыруы тиіс шаралар арасындағы, сонымен, бірге жұмыспен толық қамтылуға жетудегі автоматты және дискредициялық шаралар арасындағы айырмашылықты анықтады.

* Galbraith J. Th New Industrial State. - Boston, 1967, p. 227.

Неолибералдық бағыт «аралас экономика» мен «жалпыға ортақ береке мемлекетінің» тұжырымдамаларын біріктірді, бұл тұжырымдамалардың өкілдері тиімді капиталистік өндіріс қағидаттарын табыстарды бөлудегі әділдікпен ұштастырды. Олар шаруашылықтың негізгі салалары жекеше секторға жататын болса, ал мемлекеттік меншікте экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдар шоғырланғанда «аралас» тұрпат экономикасы ең тиімді экономика болуы тиіс деп санады. Бұдан басқа ұлттық табысты бөлуде мемлекеттік қаржылар үлкен рөл атқаруы тиіс, олар «табыстардағы теңестіруге» мүмкіндік туғызуы тиіс.

Неолиберализм (Дж. Гэлбрейт) қоғамның жиынтық сұранымына мемлекет ықпалының қажеттігі туралы кейнстік идеяны мойындайды, мемлекеттің араласуын индустриялдық жүйенің етене талабы ретінде қарастырады. Бұл теория өндіргіш күштердің дамуы шаруашылықта жоспарлық негізді енгізуді талап етеді деген қорытындыға жақындап келеді. Сұранымды реттеуде салық жүйесіне маңызды рөл беріледі, салықтар «циклдік саясатқа қарсы» құрал болып табылады. «Бұл реттеу тек салықтар жиынтық қоғамдық өнімнің едәуір бөлігін құрағанда ғана елеулі болады»*.

Салықтардың өсуін Дж. Гэлбрейт сұранымды реттеу құралы ретінде шығыстарды қаржыландыру қажеттігімен байланыстырады. Ол экономикалық өсімнің қарқындарын көп жағынан айқындайтын классиктердің «адами капиталға жұмсалымдар» туралы тұжырымдамасын дамытты. Неокейнсшілерден айырмашылығы, ол бюджет тапшылығының қас дұшпаны, өйткені бұл оның «балансталатын экономика» идеясымен үйлеспейді. Ол инфляцияға да қарсы, өйткені ол кедейлікті асқындырады. Дж. Гэлбрейт әскери шығыстарды сақтауды жақтайды, өйткені олар салықтық табыстардың бір бөлігін жеп қояды. Ол капиталистер кірістерінің жоғары деңгейін салық жеңілдіктерін жою және салық заңдарындағы салық іліктерін жою арқылы қысқарту керек деп санайды.

Егер кейнсшілер нәтижелі сұранымды экономикалық тепе-теңдікке жетудің басты құралы деп санаса, неоконсерваторлар ұсынымды санайды, егер кейнсшілер мемлекет қаржысының сферасын кеңейтуді, жақтаса, неоконсерваторлар оны қысқартуды жақтайды, егер, кейнсшілердің пікірінше мемлекет шығыстарын қарыздар шығарымымен қаржыландыруға болады десе, неоконсерваторлар мемлекеттік бюджеттің кірістері мен шығыстарын баланстау міндетін қояды. «Ұсыным экономикасының» теориясы экономикалық өсімнің бастапқы басталған жері ретінде адамдардың мінез-қылығын қарастырады. Кейнстер айтқан «нәтижелі сұраным» емес, ақырыда өндіріс дамуын өзінің қажеттіліктерімен және ынтасымен адам айқындайды. Неоконсерваторлар мемлекетке және оның қаржы жүйесіне шаруашылықтың құрылымдық қайта құру және ғылыми-техникалық прогресті ынталандыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктейді. Мемлекеттік реттеу әдістемелерінде неоконсерваторлар ақшалай-кредиттік айла-шарғыға, яғни айналыстағы ақша массасының өсу қарқындарын реттеуге бағытталған монетарлық (ақшалай) саясатқа басымдық береді.

Монетаризм (америка экономисі М.Фридмен) ақша айналысын экономикалық үдерістерді реттеудің басты құралы деп мойындайды. Бұл ретте рыноктар-бәсекелесті болады және макроэкономикалық тұрақтылықтың жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді деп болжанады. Экономиканың жұмыс істеуіне мемлекеттің араласуын азайту жөнінде курс жүргізіледі. Ақша экономикалық үдерістерді жанама реттеудің шешуші факторы ретінде қаралады. Айырбастың теңдеуіне салынған қағидат пайдаланылады:

М х V = Р х Q

Теңдеудің сол жақ бөлігінде сатып алушылардың өндірілген игіліктердің көлемін сатып алуға жұмсалатын шығыстардың жалпы саны, ал оң жағындағы бөлігінде бұл көлем сатушыларының түсім-ақшасы көрсетілген.

Монетаризм ақша жылдамдығы тұрақты дегенге сүйенеді (тұрақты экономика үшін бұл тұтас алғанда шындыққа сәйкес келеді). Онда өндіріс көлемін өзгерту қарқыны айналыстағы ақша санының өзгеру қарқынымен тура келеді және егер мемлекет өндіріс көлемін көбейткісі келсе, ол бұған ақша массасын тиісті мөлшерге көбейтумен жетеді.

Егер міндет инфляцияны жеңіп шығуда (бағалар деңгейін төмендетуде), болса онда бұған P=M x V : Q тәуелділігіне сәйкес ақша массасының қажетті мөлшеріне азайту жолымен қол жетеді, егер өндіріс көлемі тұрақты болса, онда бағаларды төмендету қарқыны ақша ұсынымын азайтуға түгелдей байланысты болады.

Монетаристердің тұрақтандыру бағдарламалары мыналарды кіріктіреді:

1) бюджет тапшылығын қысқарту (мемлекеттік инвестицияларды, әлеуметтік шығыстарды, субсидияларды секвестрлеу, мемлекеттік сектордың

қызметтеріне бағаларды арттыру, салықтарды көбейту);

2) тұтыну сұранымын қусыруға бағытталған жалақының өсуін шектеу;

3) шектеулі кредиттік-ақшалай саясат, ақшалай эмиссияға және Орталық банктегі мемлекеттік қарыздарға лимиттер енгізу, банктік пайыз мөлшерлемесін көбейту;

4) бағаға және экспорттық-импорттық операцияға бақылауды әлсірету,

экономиканың экспорттық секторына ресурстардың қайта құйылымын көтермелеу;

5) төлем балансын сауықтыру үшін ұлттық ақша бірлігін девальвациялау*;

Бірақ бұл үшін мына шарттарды орындау қажет:

1) ақша массасына бағалардың жоғары икемділігі;

2)әлемдік бағалардың қозғалысына ішкі бағалардың жеткілікті икемділігі;

3) бағалардың қозғалысына тауарларды өндірудің (ұсынудың) жоғары икемділігі;

4) экономикалық ресурстардың едәуір өзара алмасушылығы (ұсынымның өзгергіштігімен байланысты).

* Musgrave R.A. Fiscal sistem. – Jale Universit Press, 1969, p10

Монетаризм теориясының жақтаушылары кейнсшілердің фискалдық теориясы капиталистік экономиканың, әсіресе ақша айналысының жайкүйін нашарлатып жіберді деп санайды. Айналыстағы ақша массасы бұл көрсеткіш өзгерісінің атам заманғы үрдісіне сәйкес жыл сайын 3-5%- ға өсуі тиіс, сондықтан ақшалай саясаттағы автоматизм экономиканың өзін-өзі реттеуіне мүмкіндік туғызады. М.Фридмен ақшалай саясат іскерлік белсенділіктің қысқа уақытта құлдырауынан сақтап қала алмайды, ал оның баяу құлдырауы тіпті пайдалы, өйткені олар рентабелділігі төмен, бәсекеге жарамайтын шаруашылықтарды жоюға жеткізеді деп пайымдайды. М.Фридмен кейнсшілдер ұсынған «дәл күйге келтіру» қаржылық саясатын сынайды. Бұл саясат конъюнктуралық жағдайларға тәуелді болады және циклдің әрбір фазасында өзгеріп отырады. Алайда үкіметтің іс-шаралары үнемі кешіктіріледі және мысалы, дағдарыстық фазаға есептелген олар өрлеу фазасында немесе, керісінше, жүзеге асырылады. Ал бұл дағдарыстардың әлеуметтік-экономикалық салдарларын әрдайым күшейтіп отырды, ұлттық табыс көлеміндегі және жұмыспен қамтылудың ауытқуын, экономиканың «өзін-өзі реттеуін», «өзін-өзі күйге келтіруін» қиындатты.

Неконсерваторлардың «аз мемлекет және көп рынок» ұраны мемлекеттің араласуын тұқыртуды емес, бірақ мемлекет пен рынок арасында жаңа шекараларды белгілеуді білдіреді.

Неоконсерватизм теоретиктері шаруашылықтың капиталистік жүйесін шамадан тыс мемлекет шығындарынан өнімсіз сипаттағы босатуды ұсынады. Практикада мемлекет шығыстарын қысқарту қағидаты әлеуметтік баптар есебінен жүргізіледі, әскери шығыстар болса әжептәуір айтарлықтай болып қалуда.

Мемлекеттік зейнетақылар мен жәрдемақылар қоғамға ірітіп-шірітетін әрекет етендіктен неоконсерваторлар әлеуметтік шығыстардың жалпы деңгейін қысқарту қажет деп санайды. Неоконсерваторлар «тапшы қаржыландырудың» кейнстік тұжырымдамасын сынай отырып, «сауықты қаржылар» қағидатын ұсынады. Олар мемлекеттік бюджеттің тапшылығын мемлекеттік борыштар мен инфляция өсуінің факторы ретінде қарастырады және бюджеттегі тепе-теңсіздіктер инвестицияға жекеше кәсіпкерлердің жинақақшаларын қысқартады, ал ақшалай капиталға сұранымның артуы несиелік пайыздың өсуін туғызады деп санайды.

Стагфляцияны* жеңу үшін ұсыным экономикасының жақтаушылары ұсынған шаралар жарамды. Тұжырымдаманың мәнісі – өндіріс шығындарын

төмендету жөніндегі қаржылық және ақшалай саясат шараларының кешені есебінен ұсынымға нысаналы ықпал ету, бұл рынок субъектілерінің инфляциялық болжамдарын төмендетуге жеткізеді. Ұсынымды ынталандыру

жөніндегі шаралар мыналарды кіріктіреді:

* Девальвация – ақшалай реформа әдістерінің бірі, заңнамалық тәртіппен елдің ақшалай өлшемінің құрамындағы ресми алтынды азайту немесе басқа елдердің валюталарына қатынасы бойынша оның бағамын төмендету арқылы жүзеге асырылады; бір нәрсенің құндылығының, маңызының жоғалуы, құнсыздану.

* Стагфляция – инфляциялық үрдістердің бір мезгілде дамуы кезінде тоқыраумен сипатталатын ел экономикасының жай-күйі.

1) өндіріс шығындарына қосылатын салықтарды қысқарту;

2) еңбекке ақы төлеуге жұмсалатын шығындарды тежеу (еңбек өнімділігінің өсу қарқынын оған ақы төлеудің өсу қарқынынан озық жүруі);

3) өндіріс ауқымын арттыру жөніндегі ұйымдық-техникалық сипаттағы шаралар (жабдықтың тиелімін, оның жұмысының ауысымдылығын арттыру, бос тұрып қалуларды азайту, өндірістің ырғақтылығына жету);

4) өндірісті техникалық жағынан жетілдіру жөніндегі инновациялық бағдарламаларды енгізу.

Өндірістің өсуі тепе-теңдік сызбасындағы (20.2сызба) ұсыным сызығын оңға және төменге ауыстырады, бұл ұлттық өндіріс көлемінің көбеюін, бағалардың деңгейі мен инфляцияның төмендеуін білдіреді. Бұл бағытта заңдылыққа сәйкес Филлипс ауытқымасы бойынша анықталғандай тұрақтандыруға және инфляцияны төмендетуге жұмыссыздықтың өсуі есебінен жетуге болмайды.

«Ұсыным экономикасының» жаңа постулаттарының бірі экономикалық үдерістерге мемлекеттің араласуын азайту және жекеше бастама мен кәсіпкерлікті ынталандыру болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік қаржыларға айрықша рөл беріледі, атап айтқанда, салықтарды қысқарту, мемлекет шығыстарын қысқарту, айналыстағы ақша санын азайту қарастырылады. Осы мақсатпен айналыстағы ақшаның белгілі бір өсімін белгілеу қажет, ол ұлттық табыстың, жұмыспен қамтылудың, бағалардың және төлем балансы сальдосының орташа өсуіне сай болуы тиіс. Бұл монетаристік мектеп ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады. Ұсыным сұранымды басып озуы тиіс. Жаңа салықтық теорияның авторлары (Р.Хол, Г.Талок, И.Броузон, М.Ротбот, Л.Лаффер) екі «көңіл қанағаттанатынң түйінді тұжырымдады:

1) салық салуға жатпайтын қызмет сфераларына жекелеген индивидтің еңбек сіңіруге ұмтылысын көбейтеді.

2) салық ауыртпалығы жинақақшалардың мөлшерлерін азайтады.

Сөйтіп, «ұсыным экономикасы» теориясының қорытындылары экономикалық өрлеуді реттеудің басты амалдарының бірі салықтарды азайту болып табылатындығын паш етіп көрсетті.

«Ұсыным экономикасының» теориясы мәселені шешуді – экономикаға мемлекеттің араласуын азайтуды, инфляцияны бәсеңдетуді және салықтар мен мемлекет шығыстарын бірдей қысқарту жолымен экономикалық өсімнің қарқындарын көбейтуді ұйғарады.

Институционализм – қоғам мен экономика дамуын әлеуметтік-психологиялық тұрғылардан түсіндіретін экономикалық ғылымдағы жетекші бағыттардың бірі.

Институционализмнің пайда болуы, ең алдымен, Т.Вебленнің жұмыстарымен байланысы, ол жұмыстарында «институттар» ұғымын ұсынды, олардың шығуын зерттеді, институттардың даму жолдары мен нысандарын талдады. Институционализм экономиканы оның барлық негізгі құрылымдары тұрақты барлық әлеуметтік өзгерістерге ұшыраған тепе-теңсіз жүйе ретінде қарайды. Бұл теория бойынша экономикалық дамудың сипаты мен бағытын рынок өздігінен айқындамайды, қайта үстемдік құрып отырған экономикалық институттардың бүкіл жүйесі айқындайды.

Әлеуметтік бағдарламалар, индикативтік жоспарлау және мемлекеттік араласудың басқа нысандары қоғамдық дамудың қажетті элементтері ретінде қаралады. Институционализмнің көптеген идеялары бірқатар жетекші капиталистік елдердің экономикалық саясатына негіз ретінді алынды.

Институционалдық зерттелімдер Дж. Гэлбрейттің. Г.Мюрдалдың және басқа ғалымдардың жұмыстарында 1960-1970жж. жалғастырылды. Олар экономикалық жүйелердің жұмыс істеуіне және қазіргі әлеуметтік-экономикалық проблемаларға терең талдау жүргізді. Талдаудың бастапқы нүктесі ретінде экономикалық жүйенің кейпін анықтайтын ұйымдық және әлеуметтік-мәдени нысандар таңдалынды.

Қарастырылып отырған бағыттың жақтаушылары оны әдеттегідей емес және өте қысқа мерзімді жай-күй ретінде қарастыра отырып, неоклассикалық теорияның аса маңызды постулатын – экономиканың тепе-теңдігіне ұмтылуын теріске шығарады. Жүйені тепе-теңдікке жақындауға мүмкіндік туғызатын факторлардың әсері жүйеде өзгерістер дамудың шексіз үдерісінің жай-күйін тудыратын анағұрлым қуатты сыртқы және ішкі күштермен жабылып бітеді. Сондай басты эндогендік механизм – жиынтықты себептілік.

Институционалдық-эволюциялық талдаудың ерекшеліктері экономикалық өзгерістердің оңтайлы нәтижелерді қамтамасыз етуінің ішкі үрдістерінің болмайтынын көрсетеді, сондықтан мемлекеттік араласу оң әсер етуі мүмкін.

Неоинституционализм классикалық емес теорияның жалғасы және дамуы ретінде 1950-1960 жылдарда пайда болды. Неоинституционализм институттар зерттелімінде өзара тиімді айырбасты жасау және пайдалану көзқарасы тұрғысынан – ұтымды таңдау моделінің негізінде институттардың қалыптасу үдерісін талдай отырып, ресурстарды орналастыру тиімділігімен және экономикалық дамумен байланысты аспектілерге ерекше көңіл аударады. Неоинституционализм әлеуметтік және саяси үдерістерді адамның экономикалық қылығының өзінше түсінілуі ретінде қарастырады. Адамдар арасындағы кез-келген қатынастар бұл жерде өзара тиімді айырбастың өзін қарамай, көлеңкесі қарастырылады, ал мұндай тәсілді контракттық (келісімшарттық) парадигма деп атайды. Институционалдық теорияның бұл бағытын талдау сферасы өте кең. Оған адамның дара қылығы, институттар мен ұйымдар, контракттар, меншік құқығы, қоғамдағы мемлекеттің рөлі және басқалар кіреді.

Қазақстанда шаруашылық жүргізу мен басқарудың қағидатты жаңа жүйесіне көшу экономикадағы институционалдық ортаға мемлекеттің белсенді ықпалын ұйғарады. Қазақстанда болып жатқан институционалдық қайта құрулар формалды және формалды емес институттардың «келісімсіздігімен» сипатталады.

Қазақстанда реформалар жылдары рынок пен мемлекет арасында өзара іс-әрекеттің және функцияларды шектеудің тиімді механизмдері пайда болмады. Мемлекетік билік қоғамның үстінде тұрмай немесе одан тыс болмай қоғамға қызмет етуі тиіс. Реформалардың нәтижелері институттардың, адаммен мемлекеттің қалай өзара іс-әрекет етуіне байланысы болады. Сонымен бірге мемлекеттік билікті нығайтудың қазіргі жағдайларында оның органдары ұйымдар үшін неғұрлым қолайлы институционалдық ортаны құруға нақты жәрдемдесуге мүмкіндік алады.

Қазақстанда рыноктық реформаның тиімділігін қамтамасыз ету үшін трансакциялық шығындар жиынтық шығындарды азайту үдерісіне ие болатын және қысқартуға жеткізетін реформаны қалыпты институционалдық шеңберлерге енгізу керек. «Мемлекеттік реттеуді көбірек – мемлекеттік реттеуді азырақ» баламасын «реттеудің шығындары – пайдалары» тәсілдемесінің негізінде экономикалық жазықтыққа аударған орынды. Бұл тәсілдеме реттеу бағдарламаларының шығындарын да, сондай-ақ осы бағдарламалардан болатын әлуеттік пайдаларды да безбендеуді ұйғарады. Институционалдық тәсілдемеге сәйкес мемлекет – бұл ерекше ұйым, оның, рыноктық ортада жұмыс істейтін көптеген ұйымдар сияқты ұйымдардың мөлшерлерін және демек, олардың шекарасын айқындайтын басқарудың трансакциялық шығындары туралы пайымдалуы әділеттілік.

Мемлекеттік реттеудің тиімділігі шаруашылық жүргізу субъектілерінің шығындарын азайтуға оның көмектесуіне байланысты болуы тиіс. Мемлекеттік реттеу экономикалық агенттер үшін күшті институционалдық шеңберлер жасауы және оларға әлемдік рынокқа сәйкес тең бәсекелестік жағдайлар жасауы тиіс. Фирмалардың, сондай-ақ басқа экономикалық субъектілердің ұтымды болжалдарды есепке алуы Қазақстан Республикасының экономикасын мемлекеттік реттеудің міндетті элемені болуы тиіс.

Орнықты даму теориясы. Рыноктың экономиканы және қаржыларды басқаруға дәстүрлі теориялық тәсілдемесін зерттеу қазіргі күрделі әлеуметтік-экономикалық үдерістерді оңайлатылған баян етуде, оңайлатылған моделдерді, соның ішінде, қаржылық механизмде де пайдалануда көрініп білінетін екі негізгі бағыт (неолибералдық және кейнстік) белгілі бір шектеулілікпен сипатталады. ХХ ғасырдың аяғында халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың үдерістері макро және микроэкономикалыққа рыноктық үдерістерді бөлудің дәстүрлі сызбасынан ажыратылатын дамудың өзінің заңдылықтары бар экономиканың ғаламдық деңгейін қалыптастыруға жеткізді. Ұлттық экономикалардың күрделенуі өңірлердің, ұлттық экономика салалары мен сфераларының өндірістік қатынастарының жиынтығы ретіндегі мезодеңгей бөлінуінің объективтік үдерісіне жеткізді. «Сұраным-ұсынымның», валюталардың жүзбелі бағамдарының, бақыланатын инфляцияның, бюджет және төлем балансы тапшылықтарының және өзгедей ұқсастардың моделдері оперативтік және тактикалық мақсаттарды шешу кезінде жарамды болады. Аталған моделдерді іске асыру циклдік, құрылымдық, жүйелік, қаржылық, валюталық дағдарыс арқылы өте-мөте қайшылықты түрде өтеді. Нәтижесінде экономикалық өсім қарқындары біршама төмен болады және ҒТП-нің жетістіктерін кешенді пайдаланудың, басқаруды ұйымдастыру деңгейінің әлуетін бейнелеп көрсетпейді. Оның үстіне дәстүрлі доктриналар экономиканың және батыс теориялық нұсқамаларының моделдері белсенді (бірақ оның үстіне дәйексіз және былыққан) анықталған ТМД елдерінің социумдары оң нәтижелерге жеткізбеді.

Сондықтан ХХ ғасырдың аяғында жаңа теория – орнықты даму теориясы қалыптасты, онда қазіргі кездегі жағдайлар тұрғысынан ғаламдық экономикалық және қаржылық үдерістер түсіндіріледі, күрделі шаруашылық жүйелердің тұрақты эволюциялық дамуы жөнінде ұсыныстар жасалынады.

Орнықты даму теориясында тұрақты жұмыс істейтін жүйелерді – төменгі шаруашылық жүргізуші субъектіден ұлттық экономика мен бірнеше елдің экономикалық одағына дейінгі жүйелерді дағдарысты құбылысқа алып келетін себептер айшықталады.

Бір жағынан, дағдарыстық құбылыстардың терең себептерін және екінші жағынан, өндірістің құлдырауына қарсы іс-әрекет ету механизмдерін анықтау тұрақты дағдарыссыз дамудың негізгі қағидаттарын айырып, ажыратады, оларды қолдану келеңсіз факторлардың әсерін айтарлықтай төмендетуге және тіпті экономикалық жағдайдың жалпы дүниежүзілік нашарлау кездерінде де экономикалық өсуді қолдап отыруға мүмкіндік береді.

Бұл қағидаттар, қысқаша, мыналарға жатады:

1. Кез келген ауқымдағы күрделі экономикалық жүйелердің өздігінен дамуының мәнін қамтып көрсететін эволюциялық қағидаты. Бұл осы теориядағы өзекті қағидат.

2. Экономикалық мүдделерді үйлестіру қағидаты қалыптасқан тепе-теңдікті тұрақсыздандыратын сан алуан факторлардың үздіксіз өзара іс-әрекетінің күрделі жағдайларында өзара іс-әрекет ететін тараптар мүдделерінің балансын сақтауды қажет етеді.

3. Эволюциялық қағидатының логикалық дамуы мен оны нақтылау ретіндегі әртараптандыру қағидаты «Әртараптандыру» термині кең мағынада экономикалық жүйенің құрамды бөліктерінің әр алуан түрлерінің, тұрпаттарының жиынтығы, құрылымдық нысандардың әр түрлілігі, функциялық әртараптандыру ретінде пайдаланылады.

4.Экономикалық жүйедегі оның дамуына қарай иерархиялық саралау қағидаты. Мезодеңгейді бөліп көрсетуді ұйғарады.

Наши рекомендации