Бухгалтерлік есептің әдістері

Кәсіпорындар мен ұйымдарда болып отыратын күнделікті операциялардың, үдерістердің маңызы әр түрлі. Осы үдерістермен операцияларды бухгалтерлік есептің көмегімен бақылап, тексеріп олардың дұрыс орындалғандығын немесе орындалмай жатқанын қарап, одан нәтиже шығарып отыруға болады. Осы айтылғандардың орындалуы барысында бухгалтерлік есепте әр түрлі тәсілдер қолданылады. Сол барлық қолданылатын тәсілдердің жиыны және олардың ғылыми тұрғыдан басқарылатындай бір жүйеге келтірілуі бухгалтерлік есептің әдістері болып саналынады.

Бухгалтерлік есептің әдістері келесідей түрлерден тұрады:

· құжаттау;

· түгендеу;

· шоттар;

· екі жақты жазу;

· бағалау;

· калькуляциялау;

· бухгалтерлік баланс;

· есеп беру.

1. Құжаттау – шаруашылық операцияларын құжаттардың көмегімен олар жасалған сәтте және сол жерде бастапқы тіркеу.

Құжат бухгалтерлік жазбалар үшін міндетті негіз болып саналады. Әрбір шаруашылық операциясына ол жасалған сәтте құжат жасалады, онда құжаттың атауы, операцияның мазмұны, оның жасалған күні, өлшем бірлігі, операцияның жасалуына жауапты адамдардың қойған қолдары көрсетіледі. Сөйтіп құжаттар заңдық растаушы күшке ие болады, яғни заңды түрде белгіленген дәлелді ақпараттық мәлімет болып есептеледі. Құжатта міндетті түрде көрсетілуге тиісті мәліметтерді деректеме (реквизит) деп те атайды.

2. Түгендеу – мүліктің нақты қолда барын бухгалтерлік есептің деректері бойынша заттай сәйкестігін тексерудің әдісі. Ол бухгалтерлік есеп деректерінің растығы мен кәсіпорын меншігінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатымен жүргізіледі. Негізгі құралдар, тауарлы-материалдық құндылықтар, ақша қаражаттары, аяқталмаған өндіріс, сауда кәсіпорнының тауарлары және басқа мүліктерін есептегімен (құжаттағымен) салыстырып түгенделіп отырылуы тиіс.

Түгендеу белгіленген мерзімдерде материалды-жауапты адамдар ауысқан кезде, аудиторлардың, тергеу органдарының талабы бойынша және т.б. жағдайларда жүргізіледі. Түгендеудің деректері актімен ресімделеді.

3.Бағалау – бухгалтерлік есепте материалдық құндылықтар ақшалай өлшеммен есептелінеді. Кәсіпорындағы мүліктердің (активтердің) және міндеттемелердің құнын ақшалай өлшемге айналдырып есептеу әдісін бухгалтерлік есептің бағалау әдісі деп атайды.

4.Калькуляциялау – шығындарды топтастыру мен сатып алынған материалдық құндылықтардың, әзірленген өнімдер мен атқарылған жұмыстардың өзіндік құнын анықтау әдісі. Өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау нормативтік құжаттармен реттелінеді.

5. Шоттар – Бухгалтерлік есеп шоттары дегеніміз, шаруашылық құралдары мен олардың қорлану көздерін белгілі бір ұқсастықтарына және маңызы мен көрсеткіштеріне сәйкес жинақтап топтау құралдары болып табылады. Шоттар ұйымның шаруашылық үдерістерінің, сондай-ақ активтермен олардың қорлану көздерінің түрлеріне қарай ашылады. Жалпы айтқанда ұйымның активтерімен міндеттемелеріндегі және меншікті капиталындағы әрдайым болып отыратын операцияларды бір жүйеге келтіріп топтап, ақшалай түрде есептеу үшін бухгалтерлік есепте қолданылатын әдісті шоттар деп атайды. М-ы: 1010 «Касса», 1030 «Ағымдағы есеп айырысу шоты», 3010 «Банк несиесі», 3350 «Қызметкерлермен еңбек ақы бойынша есеп айырысу»

6. Екі жақты жазу әдісі – Шаруашылық үдерістері барысында орындалатын әрбір операция негізінде кәсіпорынның қаржылары мен олардың пайда болу көздерінде екі жақты және тең өзгерістер болып отырады. Олар екі жақты жазуды керек етеді, яғни бір шоттың дебитінде, екінші шоттың кредитінде бірдей сомада көрсетілуі қажет. Ұйымдардағы мұндай күнделікті болып отыратын операцияларды, үдерістерді бір шоттың дебитіне және екінші шоттың кредитіне жазып есептеп отыру үшін қолданылатын әдіс бухгалтерлік есепте екі жақты жазу әдісі деп аталады.

М-ы: Банктен алынған несие есеп шотқа келіп түсті (Дт 1030 Кт 3010), Кассадан жұмысшыларға еңбек ақы берілді (Дт 3350 Кт 1010)

7. Бухгалтерлік баланс. Кәсіпорынның активтерімен (шаруашылық қорларымен) олардың қорлану көздерінің белгілі бір мерзімге бір жүйеге келтіріліп, ақшалай өлшем түрінде теңестіріліп екі жақты кестеде бейнеленуін бухгалтерлік баланс деп атаймыз. Оның сол жағында кәсіпорынның активтері, ал оң жағында қорлану көздері, яғни міндеттемелері мен меншікті капиталы бейнеленеді.

8. Қорытынды есеп. Ұйымның қандайда бір өткен уақыт аралығындағы, есепті кезеңдегі операцияларының, шаруашылық үдерістерінің қорытындыланып, белгілі бір есеп беретін күнге бір жүйеге келтірілуі қорытынды есеп деп аталады. Қорытынды есептің құрамына кәсіпорынның бухгалтерлік балансы, меншікті капиталының өзгерісі туралы есебі, қаржы нәтижесі туралы есебі, ақшаларының қозғалысы туралы есебі, түсініктемелік хаты және басқа да бухгалтерлік есеп стандарттарында көрсетілген ақпараттық мәліметтері кіреді.

Наши рекомендации