Сызба. Түрлері бойынша қаржылық бақылаудың сыныпталуы

Қ а р ж ы л ы қ б а қ ы л а у
Жалпымемлекеттік Қоғамдық
Мемлекеттік Ведомстволық Қоғамдық ұйымдардың: кәсіп-одақтардың, партиялардың,жас-тардың, бұқаралық қозғалыс-тардың, ғылыми-техникалық, мәдени-ағартушылық, спорт, шығармашылық, ардагерлердің, түрлі қорлардың бақылауы
Сыртқы   Ішкі   Ішківедомстволық
П а р л а м е н т т і к (д е п у т а т т ы қ) б а қ ы л а у    
А У Д И Т О Р Л Ы Қ Б А Қ Ы Л А У  
         

Жалпымемлекеттік қаржылық бақылау мемлекеттік және ведомстволық бақылау арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылау – бұзушылықтарды анықтау, жою және болғызбау мақсатында бақылау объектілерінің Қазақстан Республикасының бюджет және заңнамасын сақтауын тексеру және талдау жолымен жүзеге асырылатын бақылау.

Мемлекеттік қаржылық бақылау оны жүзеге асыратын органға қарай сыртқы және ішкі мемлекеттік қаржылық бақылау, бюджеттің тиісті деңгейіне қарай республикалық және жергілікті мемлекеттік басқару деңгейінде жүргізілетін бақылау болып бөлінеді.

Сыртқы бақылау – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, мәслихаттардың тексеру комиссиялары жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылау.

Сыртқы бақылауды:

1) республикалық деңгейде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті;

2) жергілікті деңгейде мәслихаттардың тексеру комиссиялары жүзеге асырады.

Ішкі бақылау – ішкі бақылау жөніндегі орталық уәкілетті орган және оны ішкі бақылау службалары жүзеге асыратын мемлекеттік қаржылық бақылау.

Мемлекеттік қаржылық бақылау ведомстволық бағынышты-лығы мен меншік нысанына қарамастан бақылаудың кез келген объектіне қолданылады. Бақылаудың бұл түрін мемлекеттік билік пен басқару органдары жүргізеді.

Мемлекеттің қаржылары жүйесінде бақылау салықтық, бюджеттік бақылау, сақтық және банктік қадағалау, кедендік бақылау және т.б. болып ажыратылады.

Мемлекеттік қаржылық бақылау объектілері − Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергілікті атқарушы органдар, бюджетке түсетін түсімдерді алуға және бақылауға жауапты мемлекеттік органдар, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер, олардың ведомстволық бағыныштағы ұйымдары, бюджеттік қаражаттарды алушылар, мемлекеттің гранттарын, активтерін, мемлекет кепілдендірген қарыздарды пайдаланатын жеке және заңи тұлғалар.

Мемлекеттік қаржылық бақылау мынадай тұрпаттарға бөлінеді:

1) сәйкестікке бақылау жасау − бақылау объекті қызметінің Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге заңнамасының талаптарына сәйкестігін бағалау;

2) қаржылық есептемені бақылау − бақылау объектінің қаржылық есептемені жасауының және табыс етуінің анықтығын, негізділігін және уақтылығын бағалау;

3) тиімділікті бақылау − сәйкестікке және қаржылық есептемені бақылау негізінде жүргізілетін бағалау, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тура және түпкі нәтижелерге қол жеткізудің мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді, байлаулы гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген қарыздарды, мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануды бағалау, сондай-ақ мемлекеттік орган және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономиканың, әлеуметтік саланың немесе жеке алғанда мемлекеттік басқару саласының (сферасының) дамуына тигізетін әсерін кешенді және объективті талдау.

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өкілеттігі шегінде бақылаудың төмендегідей түрлері жүзеге асырады:

1) кешендік бақылау − бақылау объектілерінің нақты кезеңдегі қызметін барлық мәселелер бойынша тексеру және бағалау;

2) тақырыптық бақылау − бақылау объектінің нақты кезеңдегі қызметін жекелеген мәселелер бойынша тексеру және бағалау;

3) үстеме бақылау – тексеріліп отырған мәселе шеңберінде бақылаудың негізгі объектімен өзара қатынастар мәселелері бойынша ғана жүргізілетін үшінші тұлғалардың бақылауы;

4) бірлескен бақылау – мемлекеттік қаржылық бақылау органдары басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізетін бақылауы.

Барлық өкілдікті органдар қаржылық бақылауды тиісті бюджет жобасын және оның атқарылуын сессияларда жыл сайын қарау кезінде жүзеге асырады. Өкілдікті органдардың жоспарлық-бюджеттік және салалық тұрақты комиссиялары маңызды бақылаушылық функцияларды орындайды, олар алдын-ала, сессия басталғанға дейін бюджет жобасын және оның атқарылуы туралы есепті қарайды.

Үкімет, жергілікті әкімшілік аппараты оларға ведомстволық бағыныштағы органдардың, соның ішінде қаржы-кредит органдарының да бақылаушылық қызметін бағыттап ғана қоймайды, сонымен бірге өздері де тікелей қаржылық бақылауды жүзеге асырады. Үкімет мемлекеттік бюджетті жасауды және атқаруды бақылайды, мемлекеттің қаржылық саясатын жүзеге асырады.

Өздерінің құзырларына сәйкес бақылаушылық функцияларды жергілікті жерлерде атқарушы органдар орындайды.

Ведомстволық қаржылық бақылау жеке министрліктің, ведомствоның өкілдіктері шегінде олардың жүйесіне кіретін шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық-шаруашылық қызметіне жүргізіледі. Оның негізгі міндеттеріне мыналар жатады: жоспарлы тапсырмалардың орындалуын, материалдық және қаржылық ресурстардың үнемді пайдаланылуын, меншіктің сақталымдығын, бухгалтерлік есептің дұрыс қойылуын, бақылау тексеріс жұмысының мән-жайын бақылау, қырсыздық, ысырапқорлық және нысапсыздық фактілерін бұлтартпау.

Ведомстволықбақылау шеңберінде ішкі шаруашылықтық бақылау, яғни нақтылы шаруашылық жүргізуші субъектілерде (фирмаларда, компанияларда, ұйымдар мен мекемелерде) жүзеге асырылатын бақылау жүргізіледі. Бақылау функциялары бұл жағдайда қаржылық-шаруашылық қызметтің қажетті шарты ретіндегі оның күн сайынғы үдерісімен байланысты. Бақылаудың бұл түрі өндірістің бастапқы буындарының өндірістік капиталды, қаржылық ресурстарды тиімді пайдалануға жауаптылығын арттыруға жәрдемдеседі, ысыраптарды, қаржылық тәртіптің әр түрлі бұзылуларын азайтуға бағытталған.

Рыноктық қатынастар жағдайларында ішкішаруашылықтық бақылау оның бұрынғы ұғымындағы өзінің мәнін жоғалтып барады: мемлекеттік кәсіпорындарда шаруашылық есеп ынталандырмалары және меншіктің басқа нысандарында коммерциялық ынталандырмалар оның орнын басуы тиіс. Шаруашылық есеп, коммерциялық есеп болатын әр түрлі бұзушылықтарды көбірек кепілдендіреді, өйткені іс жетістігіндегі жұмыскердің, кәсіпкердің жеке мүдделігі өзіне өзінің бақылау қажеттігін алып тастайды.

Жүргізу уақытына қарай қаржылық бақылау: алдын ала бақылау, ағымдағы және кейінгі бақылау болуы мүмкін. Бақылаудың мұндай нысандары бақылаушы органдардың көбісінің қызметіне тән.

Алдын ала қаржылық бақылау ақшалай қорларды жасау, бөлу және пайдалану жөніндегі операциялар істелінгенге дейін жүргізіледі, сондықтан оның қаржылық тәртіпті бұзуды алдын ала ескертуде зор маңызы бар. Бұл жағдайда бекітуге және орындауға жататын қаржылық қызметті жүзеге асырудың негізі болып табылатын құжаттар – бюджеттердің, қаржы жоспарлары мен қаржыландырудың дара жоспарларының жобалары, кредиттік және кассалык өтінімдер және т.б. тексеріледі.

Ағымдағы қаржылық бақылау қаржы жоспарларының атқарылу үдерісінде, шаруашылық-қаржылық операцияларды жүзеге асыру барысында тауар-материалдық құндылықтар мен ақшаны жұмсаудың нормалары мен нормативтерінің сақталуын қадағалайды, қаражаттарды жіберу шығындарының орындалуына, бұрын берілген ресурстардың пайдаланылуына сай келуін тексереді. Сөйтіп, бұл бақылау шаруашылық-қаржылық операциялардың жасалу үдерісінде жүзеге асырылады.

Кейінгі (келесі) қаржылық бақылау – қаржылық операциялар жасалғаннан кейін (бюджеттің кірісі мен шығыс бөліктерінің орындалуынан кейін, шаруашылық органдарының ақшаны пайдаланғаннан кейін және т.с.с.) жүргізілетін бақылау, ол алдын ала бақылау мен ағымдағы бақылау кезінде анықталмаған бұзушылықтарды ашуға жетелейді. Бұл жағдайда қаржылық тәртіптің жай-күйі анықталады, оны бұзушылықтар, ескерту жолдары және оларды жою шаралары айқындалады.

6.3. Аудиторлық бақылау (аудит)

Рыноктық қатынастардың қалыптасуы жағдайында қаржылық бақылауды жетілдірудің аса маңызды бағыттарының бірі аудиторлық қаржылық бақылауды дамыту болып табылады, бұл мемлекеттік емес шаруашылық органдар санының көбеюімен және тиісінше қаржы, бақылау, есеп санында қызметтің сан алуан түрлерінің өсуімен байланысты болып отыр.

Аудиторлық бақылау (аудит) – бұл кәсіпкерлік қызмет түрлерінің бірі – тәуелсіз аудиторлық ұйым мен кәсіпорын, компания, банк, сақтық компаниясы иесінің (меншіктенушінің) жасасқан келісімшарт (контракт) негізінде қаржылық-шаруашылық қызметінің жай-күйін тексеру. Оны біліктілік комиссиясы аттестаттаған «аудитор біліктілігінің берілуі» туралы куәлік алған жеке тұлға да, сондай-ақ акционерлік қоғамды, өндірістік кооператив пен мемлекеттік кәсіпорынды қоспағанда, аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық аудиторлық ұйым да жүргізе алады.

Аудиттің экономикалық мәні кәсіпорындардың, компаниялардың, фирмалардың сан алуан ұйымдық-құқықтық нысандарының іс-әрекеті кезінде меншік құқығы мен оны билеу құқығын бөлуде болады. Сондықтан фирманың жай-күйі туралы объективті ақпарат беретін тәуелсіз ұйымдар меншігінің тұрақты мониторингінің қажеті пайда болды. Операцияларды жүзеге асыру кезінде өтімділік, кредиттік, валюталық және басқа тәуекелдердің ықтималдығы жоғары болып келетін акционерлік капиталдың жұмыс істеуі кезінде, банк сферасында, сенімгерлік қорларда және рыноктық ортада құн қозғалысының басқа нысандарында өте көкейкесті қажеттік.

Аудиторлық тексерулердің нәтижелерін пайдаланушылар − шаруашылық жүргізуші субъекті қызметінің қорытындыларына мүдделі тұлғалар: мемлекеттік салық және өзге уәкілетті органдар, шаруашылық субъектінің меншіктенушілері, кредиторлар, инвесторлар және мұндай ақпарат алуға қолданыстағы заңнамаларға сәйкес құқығы бар басқа тұлғалар.

Аудиторлық бақылаудың (аудиттің) негізгі мақсаты – шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық-шаруашылық қызметінің жай-күйін тексеру, бухгалтерлік қаржылық есебінің дұрыстығын белгілеу, олардың ақпараттық жүйелерінің сенімділігін бағалау. Аудиторлық жұмыста талдамалық және сараптамалық болжам қызметіне үлкен мән беріледі, ол тапсырыс берушілерге өздерінің іскерлік саясатының тиімді стратегиясы мен тактикасын жасауға мүмкіндік береді.

Бүгінде тәуелсіз қаржылық бақылау аудиторлық институт нысанында дамып, рыноктық экономиканың ажырағысыз бөлігі болып отыр.

Қазақстан Республикасында «Аудиторлық қызмет туралы» заң жұмыс істейді, ол аудиторлық қызметті жүзеге асыру үдерісінде мемлекеттік органдар, заңи және жеке тұлғалар, аудиторлар, аудиторлық ұйымдар және кәсіпқой аудиторлық ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейді.

Аудиторлық қызмет – бұл қаржылық есептеме мен басқа ақпарат аудитін жүргізу және қызмет бейіні бойынша өзге қызметтер ұсыну жөніндегі кәсіпкерлік қызмет. Аудиторлық ұйымдар аудиттен басқа өз қызметінің бейіні бойынша қызметтерді көрсете алады.

Аудиторлық қызметтің негізгі қағидаттарына мыналар жатады: тәуелсіздік; объективтілік; кәсіби біліктілік; құпиялылық; адалдық; ұйымдардың стандарт-тарын және Әдеп кодексін* сақтау; аудиторлық қызметтің халықаралық аудиторлық практикасына сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін өзге қағидаттар.

Аудит – Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес аудиторлардың (аудиторлық фирмалардың) келісімшарт негізінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік (қаржылық) есептемесін, төлем-есеп айырысу құжаттамаларын, салық мағлұмдамаларын және басқа қаржылық міндеттемелерін ведомстводан тыс тәуелсіз тексерулерді жүзеге асыру жөніндегі кәсіпкерлік қызмет түрі.

Аудит Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін, Қазақстан Республикасында оларды ресми жариялауға Бухгалтерлердің халықаралық федерациясы жанындағы Халықаралық аудиторлық практика жөніндегі комитетінің жазбаша рұқсаты бар ұйымдар мемлекеттік тілде және орыс тілінде жа-рияланған халықаралық аудит стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Аудиттің түрлері міндетті аудит және бастамашылық аудит болып ажыратылады.

Міндетті аудит Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі. Міндетті жыл сайынғы аудитке мыналар жатады: банктер, кредиттік серіктестіктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және бағалы қағаздар рыногында қызмет істейтін ұйымдар, сақтық ұйымдары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар, шетел қатысатын кәсіпорындар, ашық халықтық қоғамдар. Аудит міндетті болып табылатын және жылдық қаржылық есептемені мерзімді баспа басылымдарында жариялайтын ұйымдар жылдық қаржылық есептемемен бірге аудиторлық есепті де жариялауға міндетті.

Бастамашылық аудит аудиттелетін субъектінің не оған қатысушының бастамасы бойынша бастамашы мен аудиторлық ұйымының арасында аудит жүргізуге жасалған келісімшартта көзделген нақтылы міндеттері, мерзімі мен көлемі ескеріле отырып жүргізіледі.

Аудит сыртқы және ішкі болуы мүмкін. Сыртқы аудит – аудиттің тәуелсіз нысаны, ішкі аудит – шаруашылық жүргізуші субъектіні бақылаудың ведомстволық немесе ішкі нысаны, кәсіпорынның, компанияның, фирманың ішкі бақылау жүйесінің ажырағысыз бөлігі. Ішкі аудит шаруашылық жүргізуші субъектінің тілегі бойынша және шартымен жасалады. Ішкі аудиттің объекті қаржылық, өндірістік, жабдықтау қызметі және қызметтің басқа түрлері болуы мүмкін. Бұған қолда барды және барлық бухгалтерлік құжаттардың дұрыс ресімделуін тексеріс, директивалар мен бұйрықтарды орындаудың әкімшілік тәртібін тексеру, тауар-материалдық құндылықтарды түгелдеуді ұйымдастыру, тауар-шаруашылық операцияларын бақылау және т.б. кіреді.

Аудит мынадай дәйекті стадиялар бойынша жүргізіледі:

1) жоспарлау (тараптардың іс-қимылын іштей жүйелеу);

2) аудитор объектісі туралы ақпарат алу және оны бағалау;

3) аудитор рәсімін жасау және бағдарламаны әзірлеу;

4) бақылау жүйелерін тексеру және оның тесттері;

5) аудит рәсімін жүргізу;

6) аудиторлық қорытындыны қалыптастыру.

Аудитор – бұл аудиторлық фирма қызметкері; компаниялардың қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйін компания басшылығымен жасасылған өзара келісімшарт негізінде және компания қызметінің қадағалаушы мемлекеттік органдардың арнаулы рұқсаты (өкілеттігі) бойынша тексеретін жеке тұлға. Аудитор аудиторлық қызметті бір аудиторлық ұйымның құрамында ғана жүзеге асырады. Ол бір аудиторлық ұйымға ғана қатысушы бола алады. Аудитордың атқарымына тек бақылау ғана емес, сонымен бірге консультация беру де кіреді.

Аудитордың міндеттері мемлекеттік бақылаудың міндеттерімен ұқсас: тексерілетін ақпараттың, жасалынған шаруашылық операциялардың қолданыстағы заңға сәйкестігін анықтау.

Аудиторлық ұйым – аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін құрылған коммерциялық ұйым. Ол жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.

Шетелдік аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті тиісті аудиторлық ұйымдарды – Қазақстан Республикасы резиденттерін құрған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.

Аккредиттелген кәсіпқой аудиторлық ұйым – аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың өзін-өзі реттейтін бірлестігі болып табылатын коммерциялық ұйым. Кәсіби ұйымның аккредиттелуі уәкілетті орган бекіткен нысандағы аккредиттеу туралы куәлікпен расталады. Аккредиттелген куәліктің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында күші бар.

Наши рекомендации