Бап. Субъектілер персоналына қойылатын талаптар

1. Тамақ өнімдерін өндіру (дайындау), айналымы және кәдеге жарату процестеріне (сатыларына) қатысатын субъектілер персоналы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден, сондай-ақ гигиеналық оқудан өтуге міндетті.

2. Алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтпеген, сондай-ақ әртүрлі аурудың көздері болып табылатын жұқпалы аурулармен ауырған субъектілер персоналын зертханалық зерттеулердің теріс нәтижелері алынғанға дейін тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналымы және кәдеге жарату процестеріне (сатыларына) жіберуге тыйым салынады.

Бап. Тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау) және айналымы процестерінде (сатыларында) пайдаланылатын машиналар мен жабдықтарға, материалдар мен бұйымдарға және тамақ өнімдерімен байланысты материалдар мен бұйымдарға қойылатын талаптар

1. Тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау) және айналымы процестерінде (сатыларында) пайдаланылатын машиналар мен жабдықтар, материалдар мен бұйымдар:

1) Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға;

2) мақсаты бойынша ғана пайдаланылуға тиіс.
Тамақ өнімдерімен байланысты материалдар мен бұйымдарға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган берген, қауіпсіздігін куәландыратын құжат қоса тіркелуге тиіс.

2. Тамақ өнімдерімен байланысты тасымал сыйымдылықтарының (цистерналар, танкерлер және басқалары), құбырлардың, сорғылардың, шлангілердің, машиналардың, көлік құралдарының, жабдықтардың және аппаратуралардың барлық бөліктері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолдануға рұқсат етілген материалдардан дайындалуға тиіс.

3. Тамақ өнімдерімен байланысты материалдар мен бұйымдардың қауіпсіздігін куәландыратын құжатта:

1) химиялық, биологиялық және физикалық сипаттамаларын;

2) қолданылуын, пайдаланылу тәсілін;

3) шығу тегін және өндіріс әдісін;

4) беру, буып-түю әдістерін және сақтау шарттарын;

5) пайдалану алдындағы дайындығын;

6) қабылдау өлшемдерін қоса алғанда, қатерлерді сәйкестендіру және бағалау үшін қажетті деректер болуға тиіс.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Бап. Тамақ өнімдерін қадағалауға қойылатын талаптар

1. Тамақ өнімдерін қадағалау оларды әзірлеудің (жасаудың), өндірудің (дайындаудың), айналымының, кәдеге жаратудың және жоюдың барлық процестерінде (сатыларында) қамтамасыз етілуге тиіс.

2. Тамақ өнімдерін қадағалау:

1) сәйкестендіру;

2) деректер жинау және жазу;

3) субъектілер арасындағы өзара іс-қимылдар туралы ақпарат;

4) деректер алмасу жолымен қамтамасыз етіледі.

3. Субъектілер тамақ өнімдерін әзірлеу (жасау), өндіру (дайындау), айналымы, кәдеге жарату және жою кезінде технологиялық паспорттар жасау арқылы тамақ өнімдерін қадағалауды қамтамасыз етеді, құжаттамада қажетті технологиялық және бақылау операцияларының жүргізілгені туралы белгі соғылып, анықталған ақаулар және оларды жою жөнінде қолданылған шаралар көрсетіледі.
Субъектілер тиісті таңбалаулар мен қолдарын қоя отырып, осы құжаттарды ресімдейді.
Тамақ өнімдерін қадағалау жөніндегі деректердің жазбасы олардың жарамдылық мерзімі біткен сәттен бастап бір жыл бойы сақталады.

4. Өткізілуге тиісті тамақ өнімдері одан әрі қадағалану үшін сәйкестендірілуге және таңбалануға тиіс.

Бап. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін өндірістік бақылауға қойылатын талаптар

1. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін өндірістік бақылау Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес субъектілер әзірлеген тәртіппен жүргізіледі.

2. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін өндірістік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған және (немесе) аккредиттелген зертханалар (орталықтар) жүзеге асырады.

Наши рекомендации