Ауру-сырқаусыз және проблемасыз өмір сүру

2007 жылы сәуір айында науқастанып ауруханаға түстім. Алғашқы үш күнде қатты қиналдым. Тіпті дұға жасауға да шамам келмей қалды. Сонда: «О, Әке! Мен өмірімді толық Өзіңе бағыштағанымды білесің. Менің өмірім - Сенің қолыңда. Егер де алам десең аманатыңды қуанышпен Өзіңе тапсыруға дайынмын. Өйткені ол жақтағы өмірді Маған көрсеткенсің. Киелі Жазбада: «Себебі Мәсіх – менің өмірім, ал өлім мен үшін ұтыспен тең» деп жазылған ғой (Філ 1:21). Сол сияқты мен ұтысқа толық қол жеткізгім келеді. Мен саған шексіз ризамын, Әке!» – дедім.

Төртінші күні тыныштала бастадым, дұға етуге шамам келіп: «О, Әке, бұл ауруды менің қандай күнәм үшін жібердің? Қандай да болмасын біліп-білмей жасаған күнәларым үшін қатты өкініп, Өзіңнен кешірім сұраймын» - деп дұға еттім. Сонда Киелі Рух: «Малды Менен жоғары қойып қойдың» - деді. Бұл шындық еді. Себебі мал төлдеген кезде жұбайымыз екеуміз жайлауда болып, үш ай бойы малшыларға көмектескен болатынбыз.

Таңертең ерте тұрып, малмен айналысып кететіндіктен Киелі Кітап оқуға, дұға етуге аз уақыт жұмсап жүрдік. Осы қателігімді біліп: «Киелі Рух, енді маған не істеуді бұйырасың?» – деп сұрадым.

Киелі Кітапта: «Саул: - Сен кімсің, Ием - деп сұрады. Ол:

1 Мен сен қудалап жүрген Исамын! - деді.

2 Маған не істеуді бұйырасың? – деді Саул» деп жазылған. Елш. істері 9:5.

Исаның Паулдан басқа бірде – бір шәкірті бұл сөздерді айтпапты.

«Бірде Галилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балықшы болып күнелтетін олар көлге ау салып жатты. Иса оларға: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін» - деді. Екеуі дереу ауларын тастап, Оған еріп шәкірттері болды».

Мат. 4:18,20.

«Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінің қасында отырған Матай есімді салықшыны көріп оған: «Соңымнан ер!» - деді. Матай орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді». Мат. 9:9.

Осы аяттардан Исаның Пауылдан басқа шәкірттерінің бәрі «Соңымнан ер!» десе, үндемей еріп жүре беріпті. Бірақ бастарына қиыншылық түскенде бәрі Исаны тастап, қашып кетті. «Сол сәтте шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді» . Марқа 14:50.

Ал елші Пауыл басына қаншама қиыншылық түссе де ешқандай мойымады. Себебі: «Маған не істеуді бұйырасың?» – деген сұрақ арқылы өзін Исаға толық бағыштағанын білдіріп, «Не істеуді бұйырасың?» Сен үшін бәріне дайынмын» дегенді білдіріп тұр. «Маған не істеуді бұйырасың?» - деген сұрақ бізді Исаға барынша жақындатады екен. Мұны сөзбен, ауызбен ғана емес, шын жүректен айту керек.

2007 жылы сәуір айында қатты науқастанып ауруханаға түстім. Алғақы үш күн аса қатты қиналдым. Тіпті Құдайға мінажат етуге де шамам келмеді. Төртінші күні денсаулығым жақсара бастады.

Сонда мінажат етіп жатып: «Киелі Рух, енді маған не істеуді бұйырасың» деп сұрағанымда Ол: «Көп адамдар саған ұқсап аурудан қиналып азаптануда. Соларға сауықтыру жайында уағыз айт!» деді. Мен сауықтыру жайында бұрын уағыз айтып көрмегенмін. Сондықтан Інжілді оқып, онда сауығу жайлы не айтылатынын зерттей бастадым. Сауықтыру жайында негізінен төрт Інжіл мен Елшілердің істері кітаптарында айтылады екен.

1978 жылы Алматыда ДДБ-ның (Дүние жүзілік денсаулық сақтау бірлестігі) конгресі өткен. Сол конгреске 198 мемлекеттен өкілдер қатысады. Қатысушылар медицина ғылымдарының доктарлары, академиктер, профессорлар болды. Сол ғалымдардың айтуынша, бүкіл дүние жүзінде медициналық энциклопедияға кірген аурулардың саны он мың екен. Содан бері міне, отыз жыл өтті. Соңғы отыз жыл ғылым мен техниканың аса дамыған кезеңі болды. Әртүрлі жаңа дәрі-дәрмектер шықты. Осылай жаппай даму болғандықтан, заңдылық бойынша, аурулардың саны кемуі керек қой.

Өкінішке қарай, аурулардың саны азаюдың орнына керісінше көбейіп кеткен. Отыз жылдың ішінде қырық жеті жаңа ауру пайда болған, оны төртеуіне әзірше ем жоқ. Сол төртеудің ең ауыры - СПИД. СПИД-пен ең алғашында тек гомосексуалистер мен нашақорлар ғана ауырған екен. Кейін солар арқылы басқа адамдарға тарады. Гомосексуализм мен нашақорлық - күнә, СПИД - күнәнің жазасы.

Медицина ғылымы бірде-бір аурудың шығу тегін (этиологиясын) дәлелдеп айтып бере алмайды. Мысалы, нанның тегі қайда? Біз жерге бидай себеміз, бидай өсіп шығып, масақ байлайды. Масақты үгітіп алып, дәнді диірменге тартып ұн жасаймыз да, ұннан нан пісіреміз. Нанның шығу тегі жерге түскен дәннен басталады.

Ал аурудың шығу тегі (этиологиясы) қайда? Бұл сұраққа ғылым жауап бере алған емес. Бұл сұраққа жауапты Киелі Кітаптан табамыз. Заңның қайталануы кітабының 28-тарауынң 15-16-аяттарында: «Егер Жаратушы Иенің, өз Құдайыңның айтқандарын тындамайтын болсаң және бүгін саған Мен өсиет етіп отырған Оның барлық шарттары мен Оның барлық нұсқауларын орындауға тырыспасаң, онда осы қарғыс атаулының барлығы сенің басыңа үйіледі және саған өз кесапатын тигізеді. Сонда сен қалада да далада да қарғысқа ұшырайсың» делінген. Заң 28:15-16.

20-аят: «Жер бетінен құрып кеткенге дейін өзің қандай іс істесең де, өз қолымен жасалатын шаруаның барлығында да Жаратушы Ие саған абыржушылық пен бақытсыздық, қарғыс жіберетін болады – сөйтіп, Мені тастап, теріс бұрылып кеткенің үшін көп уақыт өтпей қаза табасың».

21-аят: «Өзің иелену үшін қазір келе жатқан сол жердің бетінен сені мүлде құртып біткенге дейін Жаратушы Ие саған жазылмас жара қаптататын болады».

22-аят: «Жаратушы Ие саған желікпе дертін, безгек, қабыну дертін, құрғақшылық, аңызақ індетеді, сөйтіп, мүлде құрып біткенге дейін осы жамандық атаулы сенің соңыңнан қалмайтын болады».

27-аят: «Жаратушы Ие сені Мысыр алапесі мен іріңді жара, қатерлі ісік, қышыма-қотырды жаппай жұқтырып, солардан жазыла алмайсындар».

28-аят: «Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді ақыл-естеріңнен айырып, соқыр қылып, абыржытатын болады».

35-аят: «Жаратқан Ие тізелерің мен сандарыңа жаман алапес жұқтырып, ол басыңнан аяғына дейін тұла бойларыңа қаптап кетіп, содан сауыға алмайсыңдар».

38-аят: «Егістіктеріне мол тұқым себесіңдер де, шегіртке жайпап кететіндіктен өнімдерің аз болады».

41-аят: «Ұл-қыздарың болғанымен, олар тұтқынға түскендіктен қастарында болмайды».

58-59-аяттар: «Сонымен, егер сендер осы кітапта жазылған Таурат заңының барлық ережелерін мұқият орындамасаңдар, әрі Құдай Иелеріңнің ұлы да айбынды атына мойынсұнып, Оны құрметтемесеңдер, онда Жаратқан Ие сендерді және кейінгі ұрпақтарынды сұрапыл азаптарға ұшыратып ұзаққа созылатын ауыр індеттерді, қорқынышта да созылмалы, ауру-сырқауларды жібереді».

60-аят: «Осылай Ол сендер Мысырда жүргенде қатты қорқатын індеттердің бәрін де жібереді. Солар сендерге ұзақ уақытқа жабысады».

61-аят: «Бұған қоса, Жаратқан Ие осы Таурат кітабында айтылмаған басқа да кез-келген ауру-сырқаулар мен індеттерді сендер әбден құрып біткенше жіберіп отырады».

Қымбатты бауырлар, осынша көп аяттарда тізіп жазғаным үшін сіздер мені кешірініздер. Өйткені, бұл аяттар біздің Киелі Кітабымызда жоқ. Сол себепті сіздер ізденіп әуре болмасын дедім.

Киелі Жазбаның осы аяттарынан өмірде кездесетін барлық қиыншылықтар (проблемалар) мен ауру-сырқау атаулы Жаратқан Иенің өсиеттерін, шарттарын, нұсқауларын орындамағандықтан болатынын көреміз. Жаратқан Иенің өсиеттерін бір сөзбен «Құдай заңдары» деп атайды.

«Күнә жасаған әркімнің Құдай заңын бұзғаны, себебі күнә – Құдай заңын бұзғандық». 1Жох. 3:4.

Демек, біздің өмірімізде кездесетін барлық қиыншылықтар (проблемалар) мен аурулар жасаған күнәларымыз үшін жіберілген жаза екен. Ауру-сырқау мен проблемаларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды (Заңның қайталануы 28 тарау).

Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деген мақал бар. Шынында да денсаулығы нашарлаған адам үшін бұл дүниенің бар қызығы құнын жоя бастайды. Мына бір болған оқиға денсаулықтың адам баласына қаншалықты қымбат екенін көрсетеді. Ұлыбританияда Елизавета есімді әйел королева болған. Ол тұрмыс құрмаған, перзентсіз жалғыз басты әйел еді. Ол кезде Ұлыбританияның құрамына Үндістан, Малайзия, Индонезия, Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Аляска, Канаданың жартысы кіретін. Сол колониялық аймақтардан қыруар қаржы салық түрінде Королеваның қазынасына құйылып жатады. Королева Елизавета дүниеде ең бай адам еді. Қатты ауырып әл үстінде жатқан королева патшалығындағы барлық дәрігерлерін, емшілерін, тәуіптерін жинап: «Кім маған өмірімді бір күнге ұзартатын денсаулық сыйласа, сол адамға бар байлығымды мұраға қалдырып кетемін» деген. Бірақ бірде-бір емші, дәрігер оның дертіне шипа тауып, «Өміріңізді бір күнге ұзарта аламын» деп айта алмаған. Осы оқиғадан кейін төрт сағат өткенде Елизавета жан тапсырып марқұм болған. Бұдан шығатын қорытынды – «Денсаулық - зор байлық».

«Ұры ұрлап, сойып, құрту үшін келеді...». Жох. 10:10.

Қандай ұры болса да заттың ең құндысын ұрлайды. Сондықтан шайтан біздің ең құнды мүлкімізді - денсаулығымызды, тыныштығымызды, қаунышымызды ұрлайды. Ал бұл аурулар мен проблемалардан қалай құтыла аламыз? Киелі Кітапта:

«Ол бар күнәларымызды кешіріп, дерттерімнің бәрін сауықтырады, Өлімнен жанымды аман қалдырып, Рақымы мен мейірімен сыйлайды. Тілегімді жақсылықпен қанағат қып, Қырандай мені қайта түлетеді» делінген Заб. 102:3-5.

Демек, күнәларымыз кешірілсе, барлық дертімізден сауығып, проблемадан арылады екенбіз.

Дәрігерлердің ауруларды емдеп жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Олар білімдеріне сәйкес, қолдарынан келгенінше адамдарға көмектесуде. Алайда медицинанын атасы деп жүрген Гиппократ: «Медикус курат, натура санат» - депті, яки «Медицина емдейді, табиғат сауықтырады» деген сөз. Яғни медицина емдегенімен ешуақытта сауықтыра алмайды екен. Мұндағы табиғат деп отырғанымыз Құдайдың Өзі, өйткені бізді қоршап тұрған табиғат Құдайдың туындысы. Олай болса, бізді сауықтыратын - тек Құдай!

«Ал мен сендерді қабылдаймын. Мен Әкелерің, сендер ұл-қыздарым боласыңдар» дейді құдіреті шексіз Жаратқан Ие». 2Қор. 6:18.

Біздің Көктегі Әкеміз - көп балалы Әке! Ол - біздің әрқайсымызды Өзінің құдайлық сүйіспеншілігімен сүюші Әке! Ол Өз ұл-қыздарының ауырып, қиналып жүргенін, қиыншылықтарға тап болғанын қаламайды! Сондықтан Ол біздің қайғы-қасіретімізді, ауру-сырқауларымызды Өз Қызметшісінің (яғни Иса Мәсіхтің) мойнына артты.

«Шынында Құдайдын Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді. Оның ұрылып, азап шегуін Құдай бұйырған жаза деп ойладық! Алайда, Құдайдың Қызметшісі біздің күнәларымыз үшін түйреліп, біздің әділетсіз істеріміз үшін құртылды. Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз сауықтық. Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз беттерімізбен жүрдік. Ал Жаратқан Ие бәріміздің күнәларымызды Қызметшісінің мойнына артты». Иш. 53:4-6.

«Біз күнәнің құдығынан құтылып, әділетті өмір сүре алуымыз үшін Мәсіх айқыш ағашта күнәларымызды өз тәніде көтеріп тұрды. Осылай Оның жаралары арқылы дертімізден сауықтық». 1Петір 2:24.

Осы аяттардан біз ауруымыздан арылып, дертімізден сауыққанымызды білеміз. Бұл қашан болды? - Әрине, Иса Мәсіх біздің күнәларымызды Өз мойнына алып, киелі қанын айқыш ағашта төккен сәтте, яғни 2000 жыл бұрын. Демек біз екі мың жыл аурудан арылып, барлық дертімізден сауығып қойғанбыз. Бұл өткен шақ, келер шақ емес. Сондықтан біз сауығуды келешекте болады деп күтуге тиіс емеспіз.

Мен бұл шындықты былай қабылдадым: 1941 жылы бір қазақ отбасында ер бола дүниеге келетінін, оған Сарыбай (Бұл - мен) деп ат қоятынын, оның өз өмірінде өте көп күнә жесайтынын, қанша және қандай күнә жасайтынын Иса Мәсіх білді. Сарыбай күнәларына бола жазаланбауы үшін Иса Мәсіх оның күнәларын Өз мойнына алып, оның күнәларының айыбын айқыш ағашта Өз тәнінде көтеріп тұрды. Демек, мен өтеуге тиісті қарызды Иса Мәсіх өтеп қойды. Мен қарыздан толық құтылдым. Олай болса, мен аурып, қайғы-қасірет шегіп азаптануға тиісті емеспін! Енді маған сауығу қажет емес. Мен әлдеқашан, осыдан екі мың жыл бұрын сауығып қойғанмын. Маған сауығуды күту қажет емес. Иса Мәсіхтің жаралары арқылы толық сауыққанмын деп мен рухымда сендім. Санамда емес. Егер бұл шындыққа санамызд сенетін болсақ, онда санамызда күмәндана бастаймыз. Біздің санамыз күмәндануға аса бейім. Ал болмашы күмәндансаң болғаны сауығуды жоғалтып аласың.

2004 жылы Алматы қаласындағы «Нұр» қауымының қызметшісі Жүсіп деген жігіт мынадай бір керемет куәлік айтты: ол мектепті бітіретін жылы көктемде сол жақтағы қабағы ісіп ауыра бастаған. Ташкентке томография жасатып тексерткенде, дәрігерлер баланың миының қатерлі ісік дертіне шалдыққанын және алты айдай ғана өмірі қалғанын айтып, баланың көңіліне тимей, жағдайын жасап, күтіңдер деп кеңес беріп қайтарады. Ата-анасы оны біраз көңілі сергіп, қыдырып қайтсын деп Алматыға жездесінің үйіне жібереді. Жездесі оны өзі барып жүрген Мәсіхке сенушілердің «Нұр» қауымына апарын ауруынан айықсын деп дұға еткізеді. Қауымдағы бауырлар оған 1Петір 2:24 аятын қайталап айта бер деп кеңес береді. «Алғашқы күндері со аятты жиырма, отыз рет қайталап жүрдім, бірте-бірте күніне бес жүз ретке дейін қайталадым» дейді Жүсіп.

Екі жарым айдан кейін қайта медициналық тексеруден өтіп, томография жасатқанда қатерлі ісіктен тіпті белгі де жоқ боп шығады. Қазірге ол жігіт «Нұр» қауымында қызыметші. Осы куәлікті естігенде «Бұл қалай болды екен?» деген сұрақ ойымнан шықпай қойды. Ишая 53:4-6 және 1Петір 2:24 аяттарының мәні ашылғанда Жүсіп 1Петір 2:24 аятты қайталау барысында өзінің екі мың жыл бұрын сауығу алып қойғанын рухта қабылдағанын түсіндім.

Киелі Кітапта сауығу жайында бірнеше жерде айтылған:

1. Ишая 53:4-6 және 1Петір 2:24 аяттарына сәйкес сауығуды рухыңда күмәнсіз қабылда.

2. Аурудың өзіңді тастап кетуін талап ет. Себебі ауру мен проблеманың этиологиясын схема түрінде көрсетсек былай болады:

Ауру мен проблема
Шайтан
Күнә
Ауру мен проблема
Шайтан
Күнә
3-сурет
2-сурет
1-сурет
Масақ
Бидай дәні
Иса

Жоғарыда айтылғандай нанның біздің дастарқанымызға келуі үшін, жерге бидай дәні түседі. Одан бидай өніп шығып масақ байлайды. Оны үгітіп алып, ұн жасап нан пісіреміз. Бұл 1-суретте көрсетілген.

Оған ұқсас біздің болмысымызға күнә енсе (немесе біз күнә жасасақ), күнәдан проблемалар мен ауру өніп шығады. Ал біздің болмысымызға күнә тек шайтан арқылы келеді. Олай болса, шайтансыз күнә жоқ, күнәсіз аурулар мен проблемалар жоқ. Демек, шайтан, күнә және ауру мен проблемалар үшбірлік түзіп тұр. Немесе шайтан, күнә және ауру мен проблемалар біртұтас. Олай болса, 10047 ауру түрі мен бүкіл адамзат өмірінде орын алып жүрген проблема атаулының себебі біреу-ақ. Ол - күнә.

Егер біз күнәдан арылсақ, өмірімізде орын алған барлық проблемалар мен ауру атаулыдан арыламыз. 3-суретке назар аударсақ, Ишая 53:3-6 және 1Петір 2:24 аяттарға сәйкес біздің күнәларымызды Иса 2000 жыл бұрын алып кеткен. Демек, ауру-сырқау мен проблемаларға нәр беріп тұрған «күнә» жойылса, аурулар мен проблемалар қурап, солып жойылып жоқ болып кетуі тиіс қой. (3-сурет)

Мысалы, танысым Әбләкім менен 1000 теңге қарыз алды делік. Бір күні мен берген ақшанымды алуға барсам Әбләкім үйінде жоқ екен. Бірақ баласы 1000 теңгені қайтарып берді. Әбләкім қарызының өтелгенін естіген жоқ еді. Келесі бір жолыққанда «Қарызымды бер» десем, ол «Қалтамда бары бес жүз теңге еді, соны ала тұр» деп бес жүз теңге берді. Тағы да бір кездескенде Әбләкім баласынан қарызының толық өтелгенін естіген еді. Енді ол маған:

- Ей, суайт, алдамшы менен алдап алған ақшаны қайтар, әйтпесе өзіңді сотқа беремін, - деп қарсы дау айтуы мүмкін ғой. Және онысы өте орынды болар еді. Солай емес пе?

«...Ол өтірікті өз болмысына сай айта береді. Себебі ол – өртікші, өтіріктің бастауы» . Жох 8:44.

Бұл аят шайтанның болмысын көрсетіп тұр. Ол – өтірікші, өтіріктің бастауы. Ол суайт, бізге: «Сен күнәкарсың, сол жасаған күнәларың үшін мынау аурулармен ауырып, мына проблемаларды қабылдауың керек» деп бізді алдай бастайды. Сол кезде біз былай дұға етуге тиіспіз: «Ей, шайтан! Сен мені алдама, менің күнәларымның құнын екі мың жыл бұрын Иса Мәсіх өтеп қойған. Енді менен алатын ешқандай үлесің жоқ. Мен сені өте жақсы білемін. Сен екі мың жыл бұрын Голгофада айқыш ағашта Иса Мәсіхтен жеңілгенсің. Ендігі сенің орның - тозақ. Иса Мәсіх - жеңімпаз. Оған көк пен жердің барлық билігі берілген. Лұқа жазған Ізгі хабардың оныншы тарауының он сегізінші аятында: «Иса оларға: - Шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім. Естеріңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып, жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім. Енді сендерге еш нәрсе де зиянын тигізе алмайды, - деді» - деп жазылған ғой. Ей, шайтан! Менде сенің барлық күшіңді жеңетін билік бар. Сен маған ешқандай зияныңды тигізе алмайсың. Енді мен саған ашық соғыс жариялаймын!

Марқа жазған Ізгі хабардың он алтыншы тарауының он жетінші және он сегізінші аяттарында: «Сенушілер Құдайдың құдіретін көрсететін мынадай кереметтерді істемек: Менің атыммен жындарды қуып шығарып, жаңа тілдерде сөйлейді. Егерде қолдарыңмен улы жылан ұстап не у ішіп қойса, содан ешқандай зақым көрмейді. Ауру адамдардың үстіне қолдарын қойса, олар сауығып кетеді» - деп жазылған ғой. Ей, шайтан! Мен сені қуамын!

Матай жазған Ізгі хабардың он сегізінші тарауының он сегізінші аятында: «Сендерге маңызды шындықты айтамын: сендердің жер бетінде байлағандарың Көкте байламбақ жерде рұқсат еткендерге Көкте рұқсат етілмек» деп жазылған ғой. Ей, шайтан, қазір мен сені байлаймын! - деп шайтанға мандаттарымызды көрсетеміз. Сонда шайтан қалтырап, сасқалақтай бастайды.

Сөйтіп: «Ей, шайтан! Иса Мәсіхтің атымен бұйырамын, шық менің болмысымнан, қайтып енді маған қолыңды тигізбе! Менің болмысыма қайтып келуіңе, маған қолыңды тигізуіңе Иса Мәсіхтің атымен тыйым саламын. Менің өміріме жүргізіп келген билігіңді Иса Мәсіхтің атымен бұзып, тас-талқан еттім. Енді сенің ешқандай билігің маған жүрмейді. Менің өмірімдегі сенің байлауыңды Иса Мәсіхтің атымен шештім. Сенің өзіңді Иса Мәсіхтің атымен байладым. Менің болмысымнан алып жүрген үлесіңді Иса Мәсіхтың атымен кестім. Енді менің болмысымнан алатын ешқандай үлесің жоқ!

Ей, ауру мен проблемалар, сендер шайтанмен біртұтассыңдар. Сендердің мені азаптап жүрген күштеріңді Иса Мәсіхтің атымен тас-талқан етіп жойдым. Енді мені тастап кет! Ей, шайтан! Мен саған Иса Мәсіхтің атымен бұйырамын, менің болмасымдағы аурулар мен проблемаларыңды ал да кет! Қайтып менің өміріме тиме! Мен бәрібір сені қабылдамаймын! Сенен де, ауруың мен проблемаларыңнан да түгелдей бас тартамын» – деп ауру мен проблемаларды болмысымыздан қуамыз, бізді тастап кетуін Иса Мәсіхтің атымен талап етеміз.

«Ей, шайтан! Сен менің денсаулығымды, тыныштығымды, қуанышымды, сүйіспеншілігімді, ақшамды, абыройымды, жұбайымды, перзенттерімді, туыстарымды, достарымды, уақытымды, жұмысымды т.б ұрладың. Енді Иса Мәсіхтің атымен бәрін кері қайтаруыңды талап етемін. Қайтар кері!» – деп талап етеміз.

Бұл дұға әрине, догма емес. Мен өзім осылай ерінбей барлық мандаттарымды көрсетіп, дұға етемін. Нәтижесі керемет. Ал сіздердің басқаша дұға етуіңіз де мүмкін. Кімді қалай жетелеуді Киелі Рух Өзі біледі. Сондықтан жоғарыдағы дұға тек үлгі ғана.

Қалай дұға етсеңіз де болмысыңыздан жынды, ауруды, проблемаларды қуғанда, шайтанға Исадан алған мандаттарыңызды көрсетіп, қаймықпай, Иса Мәсіхтің атымен өктем бұйырып сөйлеңіз.

«Иса жынға:

- Үніңді өшір, шық одан! – деп қатаң бұйырды. Сонда жын ауру адамды қалшылдатып, қатты дауыспен айқай салып, денесінен шығып кетті. Барлық жұрт үрейлері ұшып:

- Бұл немене? Не қылған жаңа ілім? Ол тіпті жындарға билікпен бұйрық беріп, олар Оған бағынады ғой! – деп өзара сұрасып таңғалысты»

Марқа 1:25-27.

Шайтан мен жынмен сөйлескенде біз де Иса Мәсіх сияқты «қатаң бұйырып» сөйлеуге тиіспіз. Шайтанға ешуақытта жылы шырай көрсетіп, жұмсақ сөйлеуге болмайды.

Мұхаддин бауырымыздың екі иті бар. Үйіне барғанда екеуі де еркелеп, аяғыңа оралып, киіміңді былғап, соңыңнан қалмайды. Мәкең «А ну-ка, на место!» - десе екеуі де үйшігіне кіріп бастарын шығарып қарап тұрады. Сәл ғана жүзіңді жылытып қарасаң бітті, екеуі де үйшіктерінен атып шығып, қайтадан аяғыңа оралып еркелей бастайды.

Шайтан да сол сияқты шақыруды күтпейді. Сәл ғана жылы шырай танытсаң, ол болмысыңа кіріп келеді де азғыра бастайды.

Қырғызстанда сенушілердің конференциясына барғанымызда Аманқұл деген бауырымыз «Анау Шәкең, Шәкең» деп ізетпен сөйлеп отыр. Ыңғайсыз болса да оның сөзін бұзып: Ей, Аманқұл. шайтан сенің кімің еді? Құдаң ба, құдағиың ба? Соншама ізет көрсетіп «Шәкең» дейтіндей. Исаға ұқсап оған қатаң бұйырып сөйле», - дедім.

Сонымен, шайтанның, жынның, аурудың, проблемалардың өзімізді тастап кетуін талап ету арқылы ауру мен проблема атаулыдан толық арыламыз.

Егер біз шайтанның құлдығында өмір сүре берсек, ол бізді ауыртып, проблемаларды үйіп-төгіп, қайғы-қасіретке душар етіп, тіпті қаңғытып («бомж» етіп) жіберуі ықтимал. Дүние жүзінде қаншама баспанасыз қаңғыбас бар екенін бір Құдай ғана біледі. Кез келген күнәкар адам - шайтанның үйі немесе шайтанның баспанасы.

Біз Құдай берген билікті пайдаланып шайтанды болмысымыздан қусақ, ол баспанасыз қалып «бомжға» айналады. Бұрын ол бізге проблема туғызушы еді, енді біз оған проблема туғызамыз.

Сен де шайтанға проблема туғыз! Ең жақсы корғаныс – дұға ету. Өзің шабуыл жаса, сонда ол қорғана алмайды.

«Жын адамнан шыққаннан кейін шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды. Сонда ол: «Шыққан үйіме қайта оралайын» дейді. Қайтып келгенде қараса, үй сыпырылып, жиналыпты, алайда бас тұр екен. Сонда жын барып, өзінен бетер жауыз тағы жеті жынды ертіп келіп, үйге кіріп, сонда тұрып қалады. Осылайша әлгі адамның кейінгі жағдайы бұрынғысынан да мүшкіл болады. Біліп қойыңдар, осы күнәкар ұрпақтың жағдайы да сол секілді болады!». Мат. 12:43-45.

Баспанасыз қаңғып қалған шайтан қайта-қайта үйіне оралып, жағдайды біліп тұрады. Ал біз не амал істейміз? Біз шайтанға қарсы тұруымыз керек. «Сонымен Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді». Жақ. 4:7.

«Безіп кетеді» яғни қашады, алды-артына қарамай зытады. Біз шайтанға , оның құрған торларына қарсы тұрып, оны «бездіріп» жіберуіміз керек.

3. Біз Иса Мәсіхтен алған сауығуымызды, проблемасыз өмірімізді сақтап қала аламыз.

«Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр. Сенімдеріңе берік болып, оған төпеп беріңдер!». 1Пт 5:8-9.

Бұл аяттағы «...сергек болыңдар!» деген сөз күні-түні ұйықтамай отыр дегенді білдірмейді. Шайтан кез-келген уақытта әсер ете бастауы мүмкін. Мысалы, мен өте ұзақ уақыт буын ауруымен (полиартрит) және тыныс жолдарының қабынуы (бронхит) т.б. ауруларымен ауырғанмын. Дұға етіп, жын-шайтанды қуғаннан кейін алғашқы кездері жиі-жиі буындарымды ауыртып, маған шайтан әсер етуге тырысты. Осылай тиіскен сайын жоғарыдағы дұғаны қайталап шайтанға, оның шабуылдарына қарсы тұрдым. Алғашқы кездері шайтан жиі шбуылдағанымен, кейін бірте-бірте әсер етуі сирей бастады. Алғашқыда әрбір жарты сағат сайын, кейінірек әрбір сағат сайын жоғарыдағы дұғаны қайталап, шайтанға қарсы тұрдым. Осылай ауру қайталаған кезде «Ох, мен ауруымнан сауықпаған екенмін ғой» деп ойласаңыз бітті, шайтан қайтадан сізге кіріп алады.

«Сауықпаған екенмін ғой» - деген ой шайтанға есікті ашқанмен бірдей. Сол сәтте біз кір демей-ақ ол өзі кіріп алады. Өйткені ол арсыз, «Жаңа ғана «Кет!» деген еді» деп өкпелемей-ақ кіріп келеді.

Осылай шайтан әрбір әсер еткен кезде қарсы тұрсақ, біздің «салауатты да сергек» болғанымыз.

4. «Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді. Бұған дейін дейін Менің атымнан ешнәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер». Жох. 16:23,24.

Яғни, «О, Әке! Исаның атынан сұраймын, мені ауруларымнан сауықтырып, өмірімдегі проблемаларды алып тасташы» деп өтіну керек. Бұл жердегі бір құпия: Әкеден бір нәрсе сұраудан алдын, Исаға келіп: Тәңірім Иса, Сен кешіруші Құдайсың! Саған кешіру билігі берілген. «Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігім бар екенін білулерің үшін...» - деп жазылған ғой (Мат. 9:6). Менің күнәларымды кешірші» деп дұға етуіміз керек. Ал содан кейін: «О, Тәңірім Иса! Менің күнәларынды кешіргенің үшін рахмет!» деп алғыстаңыз. Енді сіз Әкеден Исаның атынан не сұрасаңыз соны аласыз!

5. «Мына бір маңызды шындықты айтайын: жер бетінде екеуің келісіп, қай нәрсені болса да көктегі Әкеден сұрасаңдар, Ол соны бермек, Өйткені екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде орталарына боламын». Мат. 18:19.20.

Бұл жағдайда екеуің ниеттес көңілде Исадан күнәларың үшін кешірім сұра. Сосын ниеттес көңілде Әкеден қай нәрсені болса да сұра.

«...Мен де сол жерде орталарында боламын» - яғни біздің ниеттес көңілде сұрап тұрғанымызға Иса өзі куә болып тұр. Сондықтан тілегіміздің орындалуын өзі бақылап тұрады. Ниеттес көңілде келісіп сұраудың нәтижесі өте керемет. Біз жұбаймыз екеуміз дұға еткенде қол ұстасып отырамыз. Әрине қол ұстасып дұға жасау шарт емес, бірақ қол ұстасып дұға ету ниеттес екенімізді білдіреді.

6. «Қайсыбіреуің ауырып қалса, қауым жетекшілерін шақыртсын. Олар маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынсын. Сеніммен сиынғандарыңа бола Иеміз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтіріп сауықтырмақ. Егер ол күналар жасаған болса, кешірілмек». Жақ. 5:14-15.

Әрине, жаңадан тәубеге келген адам - әлі рухан сәби. Ол жоғарыда көрсетілген әдістермен сауыға алмауы ықтимал. Сондықтан оған қауым жетекшісін шақыртуына тура келеді.

7. «Сенушілер Құдайдың құдіретін көрсететін мынадай кереметтер істемек. Менің атыммен жындарды қуып шығарып, жаңа тілдерде сөйлейді. Егерде қолдарымен ұлы жылан ұстап, не у ішіп қайса, содан ешқандай зақым көрмейді. Ауру адамдардың үстіне қолдарын қойса, олар сауығып кетеді». Марқа 16:17,18.

Әрбір сенушіге берілген бұл билікті біз әрқашан қолдана білуіміз керек. Науқастың үстіне қолыңызды қойып дұға етсеңіз, оның сауығып кететініне ешқандай күмәніңіз болмасын!

Осы суықтыру әдістерінің бәрі - біздің аурусыз, проблемасыз өмір сүруімізге арналған Құдайдың жоспары. Осы әдістерінің ішінде біз үшін аса маңыздылары - алғашқы үш әдіс. Себебі:

«... өткінші пендеге арқа сүйеулерінді доғарыңдар! Оның қолында тұрған не бар?». Ишая 2:22.

Әрине кейбір сенушілерге сауықтыру дарыны беріледі. Ол дұға еткенде сауығатынымыз да рас. Бірақ біршама уақыт өткен соң адамның қайталап ауырып қалуы мүмкін. Сонда өмір-бақи әлгі сенушінің соңынан ілесіп жүресіз бе? Басқа біреу арқылы алған сауығу, майлану, біреу машинаңызға бір рет толтырып жанармай құйып бергеніне ұқсайды. Біраз жүрген соң машинаңыздағы жанармай таусылады ғой, сонда не істейсіз?

Ал егер сіз өзіңізде бар мандаттарды пайдаланып шайтанды, ауруды, проблемаларды қуып машықтанып, билікке сәйкес өмір сүре бастасаңыз, сіз ешкімге мұқтаж болмайсыз. Сіз тек Иса Мәсіхке ғана мұқтаж болып қаласыз.

Сауықтыру дарыны берілген адамдар үшін де Құдайдың арнайы Өз жоспары бар. Олар арқылы Құдай Өзінің құдіретін көрсетіп, көп адамдарды сауықтырғысы келеді. Сіздің де сауықтыру дарыныңыз болуы мүмкін. Сынап көріңіз. Тіпті ондай сауықтыру дарыны берілмегеннің өзінде сізге құдайлық билік берілген (алты мандат). Сол мандаттар арқылы шайтанды, жынды өзіңізден, жұбайыңыздан, перзенттеріңізден қуыңыз!

Ондайда: «Ей, шайтан! Иса Мәсіхтің атымен талап етемін, менен, менің жұбайымнан, менің балаларымнан қолыңды тарт! – деп дұға етіңіз. Содан кейін басқа бауырларыңызға достарыңызға көмектесіңіз, оларды да тек қана Иса Мәсіхке мойынсұнып өмір сүруге үйретіңіз.

«Ауруларды сауықтырып, өлгендерді қайта тірілтіңдар, алапестерді құлан таза айықтырып, жындарда қуып шығарыңдар. Тегін алдыңдар, тегін беріңдер де!». Мат. 10:8.

Егерде Құдай бізге бір дарын берсе, немесе бір құпиясын ашса, немесе бір аяттың мәнін ашса, бұл жеке басымызға берілген сый емес. Құдайдың бергенін тез арада басқа адамдарға тегін таратып беруге тырысу керек. Неғұрлым тез таратып берсек, неғұрлым көп таратып берсек, Құдай да бізге соғұрлым тезірек басқа сыйын береді және бұрынғы бергенінен әлдеқайда көбірек етіп береді. Осылай біздегі бар мандаттардың күші арта түседі. Ал біз жеңімпаз болып Құдайға жақындай түсеміз.

«Жеңіп шыққан әркім осы игіліктердің бәріне ие болады. Мен оған Құдай, ол Маған рухани бала болады. Алайда қорқақтар, сенімсіздер, зұлымдар, кісі өлтіргендер, азғындер, сыйқыршылар, жалған тәңірге құлшылық етушілер мен бүкіл өтірікшілердің үлесі күкірт жанып тұрған отты көл болмақ. Бұл «екінші өлім». Аян 21:7,8.

Мен осы аяттағы «сенімсіздер» деген сөзге мынадай мән беремін: егер мен сенімсіздік көрсетсем Исамен бірге еңбектенгенде ешқандай табысқа жете алмаймын. Сондықтан Киелі Кітаптың әрбір сөзіне күмәнданбай сол қалпында Рухымда сене беремін. Мен сенемін!

Себебі: «Өйткені аспанда үш куә бар: Әке,Сөз және Киелі Рух; және осы үшеуінің мәні бір» 1 Жх 5:7. Осы аяттағы «Сөз»- дегеніміз Иса Мәсіх.

«Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді». 1 Жх 1:14.

Яғни Киелі Кітаптың әрбір Сөзін оқығанда рақымдылық пен шыңдыққа толысып тұрған Иса Мәсіх сөйлеп тұр деп рухымызда қабылдауға тиіспіз. Солай қабылдаған жағдайда Киелі Кітаптың әрбір сөзіне рухымызда күмәнсіз сене аламыз.

«Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын». Жох. 14:12.

«..Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді...». Демек Исаның істегенінің бәрін мен де істей аламын. Сондықтан қорықпай, сеніммен, жігермен Исамен бірге еңбектену керек!

2008 жылдың он бірінші мамырында Алматыда «КЕКС» семинариясының бітурішілеріне осы тақырыпта семинар-сабақ өттік. Келесі күні Рабиға деген студент-әйел мына куәлікті айтты: Он жылдан бері аяқтарым тырысып ауырушы еді. Әр түні кем дегенде алты-жеті рет тұрамын. Төсектің жанына орындық қойып қоямын да, түнде тұрғанда соған сүйенін тұрып аяғымды ұқалап, тырысқаны жазылған соң қайтадан жатамын. Солай қатты азаптанып жүретінмін. Және жиырма жылдан бері аптасына алты килограмм топырақты базардан сатып алып жеймін. Кеше сабақтан барған соң сіздер үйреткендей билікпен дұға еттім. Содан соң жеп жүрген топырақтың қалғанын далаға алып шығып: «Ей, шайтан, мә, мына топырағыңды енді өзің же! Сенен де, сенің ауруларыңнан да, топырағыңнан да бас тартамын!» деп топырақты лақтырып жібердім.

Таңертең асханада балаларыма таңертенгі ас дайындап жүріп, аяғымның ауырмай тұрғанын сезіндім. Ойланып қарасам, түнде бір рет те тұрмаппын. Және топырақ жеуге деген құштарлық жойылды. Исаның осындай кереметін көрдім.

Әдетте көп адамдар: «Мен де бір осылай дұға етіп көрейінші» деп жасайды. «Көрейінші» деген соң ешқандай нәтиже болмайды. Себебі көрейінші деген «болса болар, болмаса қояр» деген оймен жасалған дұғада ешқандай да сенім жоқ. Сондықтан «көрейінші» деп емес, сеніммен әрекет етіңіз! Нәтижесін өзіңіз көресіз!

Менің болмысымда (тәнімде) көптеген аурулар болған: бронхит, гастрит, радикулит, панкратит, полиартрит, простатит және т.б., оның үстіне грипп, суық тиіп, температура көтерілу т.б. қосыңыз. Жылына екі рет көктемде, күзде міндетті түрде ауруханаға жатып емделетінмін.

Билікке сәйкес өмір сүре бастағаннан бері ауруханаға, дәріханаға апаратын жолды ұмыттым. Себебі қазір бүкіл болмысымда ешқандай аурудың белгісі де жоқ. Өзімнің жеке өмірімде, жанұямда, перзенттерімнің өміріндегі барлық проблемалр жойылды. Проблемалар бола қалған жағдайда Құдайдың арқасында тез оң шешімі табылуда. Осындай құдайлық билікті берген және сол билікке сәйкес өмір сүруді нәсіп еткен Құдайға шексіз алғыс айтудамын.

Билікке сәйкес ауру-сырқаусыз, проблемасыз өмір сүруге сіз де лайықсыз және оның кілті сізге 2000 жыл бұрын берілген. Тек сол кілті пайдалансаңыз болғаны.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Америкада бір кісі өледі. Медициналық зерттеу жасағанда оның аштан өлгені анықталады. Ол бүкіл өмірінде газет сатып, күл-қоқыс төгетін контейнерлерді тінтіп, өте нашар екі бөлмелі пәтерде тұрғаны анықталады. Тексеру барысында оның белінен ақша сақтайтын қалталары бар белбеу табылған. Белбеудегі қалталардың ішінен жиырма бес мың АҚШ доллары табылған. Оған өзінде бар сол ақшаны еркін жұмсап, жақсы баспанада тұрып, тоя тамақтанып өмір сүруіне болар еді. Өкінішке қарай, ол қолындағы бар байлығын пайдаланбай аштан өлді.

Егер бізде өзімізде бар мандаттардымызды пайдаланып, ауру-сырқаусыз, проблемасыз қуанышта, шаттықта өмір сүрмей, ауру-сырқау, проблемамен, өмірімізді қайғы-қасіретте өткізсек, жоғарыдағы айтылған кісіден айырмамыз қайсы? Сондықтан Исаның берген сыйын молынан пайдаланып, өз өміріңіздің қожасы болыңыз! Билікке сәйкес өмір сүре бастасаңыз, ерекше еркіндікті сезінін, шаттық күйге енесіз.

«Сол сияқты, Құдайдың шексіз рақымы мен әділдіктің тегін сыйын қабылдағандар бір Кісінің – Иса Мәсіхтің арқасында өмірде билік құрады».

Рим. 5:17.

Демек бізге, яғни «Құдайдың тегін сыйын қабылдағандарға» өмірде билік құру құқығы берілген!

Лайым сізге Иеміз Иса Мәсіх жар болып, рахымын жаудырып, «билік құрып» өмір сүруді нәсіп етсін! Аумин.

Бауырым, молшылықта өмір сүрші!

Осы тақырыпқа назар аударсақ: «Бауырым, молшылықта өмір сүрші!» - деп өтініп тұр. Егер молшылықта өмір сүруге мүмкін болатын болса, онда неге молшылықта өмір сүрмеске?!

Біздің осы дүниедегі материалдық өмірімізге деген Құдайдың жоспары қандай?

Киелі Кітаптық ақиқатқа назар аударсақ, Көне өсиетте мынадай қағидалар бар екен:

«Осылайша Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. Оларға ақ батасын беріп: «Өсіп-өніп, көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға иелік етіңдер!» - деді. Жар 1:27,28.

«Құдай Ие Шығыста Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жасаған адамды сонда орналастырды». Жар 2:8.

Осындай кемелденген молшылық – Адам мен оның ұрпақтарына деген Құдайдың жоспары еді. Теңізде, аспанда және жер бетінде Адам мен Хауаның иелігіне берілмеген ешнәрсе де қалмап еді.

Оларда ауру-сырқау, не ішіп-жейміз, не киеміз деген сияқты уайымдар болмады. Себебі, Құдай Ие оларға ақ батасын беріп, жарылқаған еді. Сондықтан да олардың жұмақтағы өмірі Құдайлық сүйіспеншілікке, Құдайлық қуанышқа кемелденген, қайғы-қасіретсіз, керемет жақсы өмір болды. Себебі Адам Құдайдың еркіне сай, Құдаймен үйлесімді өмір сүрді.

Алайда, шайтанның азғыруына сеніп, Құдай тыйым салған ағаштың жемісін жеген кезде Құдай мен Адамның арасындағы үйлесімділік бұзылды.

«Адамға Құдай Ие былай деді: Әйеліңнің тілін алып, мен тыйым салған ағаштың жемісін жеген сенің кесіріңнен жердің топырағын қарғыс атты! Бұдан былай тамағыңды өмір бақи бейнет шегіп, топырақтан өсіріп жейтін боласың. Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың...Сонымен, Құдай Ие Адамды пейіш бағынан қуып шығып, оған өзі жаратылған жердің топырағын өңдетіп қойды». Жар 3:17, 19, 23.

Құдай мен Адамның арасындағы үйлесімділік жойылған сәттен бастап Адамның өміріне барлық түрлі проблемалар мен қайғы-қасірет, ауру-сырқау келіп кірді. Өйткені, Адамның істеген ісі Құдайдың көңілінен шықпады (немесе Құдай наразы болды).

«Жаратқан Ие Ыбырайымға сөзін арнап былай

деп бұйырған еді: - Сен еліңді, туған-туысқандарыңды және әкеңнің үйін тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш! Мен сен арқылы ұлы халық жасаймын. Сені жарылқаймын да атыңды шығарамын...

Сондықтан, Ыбырайым Жаратқан Иені айтуымен жолға шықты».

Жар 12:1, 2, 4.

Осы аяттардағы Ыбырайымның іс-әрекеттеріне назар аударсақ:

1. Ыбырайым Жаратқан Иеміздің сөзін естіді.

2. Жаратқан Иеміздің жарылқаймын деген уәдесіне күмәнсіз сенді.

3. Сондықтан Ыбырайым дереу Жаратқан Иенің әмірін орындауға кірісті.

Ыбырайымның ниетіне, іс-әрекетіне разы болған Құдай, оны молынан жарылқады.

Қызметші сөйлеп кетті:

« -Мен Ыбырайымның қызметшісімін. Жаратқан Ие қожайынымды молынан жарылқады: оған көп қылып қой мен ірі қара мал, күміс пен алтын,

құл-күң, түйе мен есек берді». Жар 24:34, 35.

Ыбырайымның өмірінен орын алған осындай жағдайлар оның ұлы Ысқақтың өмірінен де орын алғанын көреміз.

Ал Жаратқан Ие Ысқаққа аян беріп:

«Мысыр жаққа көшпей, Мен айтқан жерде қоныстанып, сол жерде кірме ретінде тұра бер! Саған әрдайым жар болып,батамды қондырамын ...» - деді. Жар 26:2, 3.

Құдайдың даусын естіп, Оның жар боламын деген сөзіне күмәнсіз сенген Ысқақ Мысыр еліне көшпей, Құдайдың сөздеріне құлақ асып, Герар қаласында тұрып қалды. Ысқақ та Құдайдың сөзін естіді, сенді және құлақ асып дереу орындады.

«Ысқақ осы жерге егін салып, сол жылы одан жүз есе өнім алды,

себебі Тәңір оны жарылқаған болатын. Ол байи берді, оның дүние-мүлкі

көбейген үстіне көбейіп, Ысқақ нағыз бай адамға айналды». Жар 26:12,13

Осы аяттардан ұғынатынымыз:

1. Құдай біздің молшылықта өмір сүргенімізді қалайды.

2. Молшылықта өмір сүруіміз үшін біз Құдайдың ақ батасын, жарылқауын алған болуымыз керек.

3. Құдай ақ батасын, жарылқауын Өзі разы болған адамына ғана береді.

«Өйткені, Ыбырайым Менің тілімді алып, Берген бұйрықтарыма, ережелеріме және өсиет сөздеріме түгел құлақ асып, жүзеге асырды» - деді. Жар 26:5.

«... сөздеріме түгел құлақ асып, жүзеге асырды». Яғни, Ыбырайым құлақ аспаған Құдайдың бірде-бір сөзі болмаған!

Құдай Ыбырайымды, Ысқақты істеген іс-әрекеттеріне сәйкес тікелей Өзі жарылқап отырған.

«Лабан:

- Сенің маған істеген жақсылығың сол болсын, осында қал. Жаратқан Иенің мені сен үшін жарылқап жүргенін байқап жүрмін». Жар 30:27.

Өйткені, Лабанның Жақып қызметші болып істей бастағанға дейін азғана дүние-мүлкі, азғана малы ғана бар болатын.

Жақып қызметші болып істей бастағаннан кейін, Лабанның дүние-мүлкі де, малдары да әлдеқайда көбейген еді. Себебі, Құдай Жақыпқа ақ батасын, жарылқауын берген болатын:

«... Өзің және ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға батам қонады. Біліп ал, Мен саған жар болып, қайда барсаң да қорғаймын...».

Жар 28:14, 15.

Солай Құдай Лабанды Жақып арқылы жарылқады.

«Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін». Жар 39:2.

«... себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды». Жар 39:23.

«Қожайыны Жүсіпке сарайын, барлық дүние-мүлкін сеніп тапсырғаннан

бері Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі және даладағы барлық иелігін де Жүсіпке бола жарылқап, батасын қондырды».

Жар 39:5.

Құдай Лабанды Жақып арқылы жарылқағаны сияқты, Потифарды да Жүсіп арқылы жарылқаған еді. Демек, Құдай адамдарды өзінің таңдап алған сүйікті адамдары арқылы да жарылқайды.

Құдайды сүйетінімізді біз еш уақытта да эмоциялық деңгейде (немесе көңіл-күй деңгейінде) көрсете алмаймыз.

Құдайды сүйетініміздің көрінісі – Оның айтқандарын Құдайлық үрей деңгейінде бұлжытпай орындау.

Құдайлық үрей дегеніміз - Оның алдында қалтырап қорқу емес, Оның заңдарын, талаптарын және өсиеттерін бұлжытпай сол сәтінде орындау.

Ыбырайым тіпті Құдай талап еткенде өзі жүзге келгенде көрген ұлы Ысқақты құрбандыққа шалып, өртеп жіберуге дейін барды.

Иеміз былай дейді: «Сен осылайша істеп, жалғыз ұлыңды Менен аямағаның үшін өз атыммен ант етемін: саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып ...». Жар 22:16,17

Ыбырайым Құдайдың қаһарынан қорыққандықтан, Ол Құдайдың сүйіктісіне айналды. Сондықтан да, Құдай Ыбырайымға ақ батасын шүбәсіз үйіп-төгіп берді.

«Тура әділетті жолмен жүремін, Мені сүйетіндерге байлық сыйлап,

Қазыналарын толтыра беремін». Нақыл 8:20.

Құдайдың осы уәделері Ыбырайымның өмірінде орындалып, ол молшылықта өмір сүрді.

Қорытынды: біз молшылықта өмір сүруіміз үшін басты шарт: бізге Құдай ақ батасын беріп, жарылқаған болуы керек.

«... ал надан (білімсіз) халық босқа қырылады». Ос 4:14.

Наши рекомендации